Қазақта батыр көп деседі. Шынында да солай. Ұлан-байтақ жерінің қарыс, сүйем бөлігін де басқыншыларға бермеу жолында айлап, жылдам емес, жүз жылдап соғысқан ұлтта батыр көп болмағанда ше?! Ол заңды. Ол табиғи. Ұлы даланың бірегей батырларының бірі Қарасай «Уақытты босқа өткізбей, жауға қарсы шабайық!» дегенде айналасындағы базбіреулер «Қыс ортасында жауға жеткізер жол қайда, жауға шабар қол қайда?» деген екен сарыуайымнан шыға алмай. Сонда батыр «Қазақ даласының бәрі жол емес пе, қазақ баласының бәрі жол емес пе!» деген көрінеді. Ал қазақтардың қалай соғысатынын білетін шетелдіктер «Олар соғыста не жеңеді, не өледі. Жеңілмейді» деп, бір-ақ сөзбен түйіндейді деген сөз де тарихта таңбаланып қалған. Өшпестей болып.
Төрт ғасырдан бері аты өшпей келе жатқан атақты батырлардың бірегейі Жақсығұл мерген. Оңтүстікте, Қазығұрт ауданында өмір сүрген. Аққұм ауылының шығыс жағындағы биік жотаның беткейінде кесенесі тұр алыстан менмұндалап. Осы орайда бір нәрсені ерекше атап өткен жөн болар. Жан алысып, жан беріскен жаугершілік заманда шейіт кеткен көп батырлардың кейде қай қорымда, қай жерде жерленгені пікірталас тудырып та жатады. Кейбіреулерінің өмірі туралы жазба деректер сақталмаған. Олардың есімі мен ерлігі халық жадында жазылып, ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырған. Ең бағалы, құнды дерек осы болса керек. Ал біз сөзге арқау етіп отырған әрі мерген, әрі батыр Жақсығұл Шабайұлының мәңгілік тыныс тапқан жері де, жасаған ерліктері де тарих беттерінде айқын бейнеленіп қалған. Оны кезінде ағайын-туғандары, халқы көпшілік қорымға апармай, биік жотаның беткейіне жеке жерлеген. Оны ешкіммен шатастыра алмайсың. Бұның үстіне кезінде Ташкеннен және басқа да қаладан келген археолог, тарихшы ғалымдар батыр ұрпақтарының келісімімен марқұмның қабірін ашып көріп, нақты жайға көз жеткізген. Батыр өте еңселі, алып болған, бойын өлшегенде екі метрден асқан. Жанында жатқан жебенің металл ұштары да оның кім екенін айғақтай түсіпті. Осыларға қоса дәл осында Шабайұлының жерленгені туралы жазба деректер де бар.
Бұл әңгіме неден басталып отыр? Жақында Аққұм ауылына Шымкент қаласы, Түркістан облысы және басқа өңірлерден де батырдың ұрпақтары, ағайын-туған, аталастары, жерлестері, жалпы оны қадір тұтып, қасиеттейтін жұртшылық өкілдері жиналып, батырдың әруағына құран бағыштап, құдайы тамақ берді. Батырға қатысты өткізілген іс-шаралар жоспарын ортаға салып, атқарылған жұмыстарды қорытындылап, осы орайда іскерлік, белсенділік танытқан азаматтардың атын атап, түсін түстеп, көпшілік атынан рақмет айтылды, сый-сияпат көрсетілді.
Көп жұмыс атқарылғанын естіп те, көзбен көріп те, көп жайға куә болып қайттық. Батыр бабамыз жатқан жота тарихи, киелі орынға айналыпты. Алыстан көзге түсетін кесенесі күтімді екені сүйсіндірді. Адам аяғы үзілмейді екен. Кесенеге таяу жерден жиын өткізетін арнайы ғимарат салынған. Оның алдынан жаңадан жазда жиын өткізуге қолайлы етіп төбесі жабық, айналасы ашық бастырма да қатарға қосылыпты. Айналаны абаттандыру жұмысы басталып та кетіпті.
Бәрі жақсы, әрине. Дегенмен өмір өкінішсіз бола ма? Өткен жиында қол алысып, құшақ жайысқан кей ағайындарды бұл жолы көре алмадық. Басқа басқа Ел ағасы Жұмаділла Тілеубергенов бауырымыз көзге түспеді. Не болғаны? Осы сұрақ талайдың көкейінде тұрғандықтан шығар, жиынды жүргізуші Жұмекеңнің денсаулығына байланысты келе алмағанын хабарлады. Ел ағасына көмекке ұйымдасқан азаматтар басталған істің, жоспар-жобалардың орта жолда тоқтап қалмайтынын айтып жатты. Шынында да мүмкіндігі бар, ел мен жер тарихына, бүгініне және болашағына бей-жай қарай алмайтын ұлтжанды азаматтар ортақ іске үлес қосып, ұйымшылдық үлгісін көрсетіпті. Бірі биік жота басына су шығарса, екіншісі ағаш көшеттерін алып келіп отырғызған. Үшіншісі айналасын тазартып, сырлап-әктеп, ретке келтірген дегендей ғой. Қажетті қаржыны жинауға белсенді атсалысқандар… Қысқасы алыс-жақындағы әр ауыл тұрғындары батырды ұлықтау іс-шараларын өткізіп келеді. Қажымұқан ауылында Жақсығұл Шабайұлы атындағы көше пайда болған… Қайсыбірін айтарсың. Менің ойыма осы ауылдың тумасы, Ел ағасы Жұмаділла орала берді.
Біздің Қажымұқан ауылы кезінде шаруашылығы шалқыған бай, дәулетті де сәулетті колхоз болғаны белгілі. Сондықтан да дүние-жиһанды шарлаған Күш атасы тұрақты мекен ету үшін осы ауылды таңдаған. Иә, ауылдан Қажымұқан балуаннан басқа да абыройлы, еңбегімен елге танылған азаматтар, батырлар, республика деңгейіндегі тарихи тұлғалар көп шыққан. Бәрін айтып жатпайын, реті келіп тұрғанда бір-екеуін тілге тиек етейін. Ленин туы колхозы бау-бақшасымен де аты шыққан ұжымшар еді. Атақты екі диқан өмір сүрді. Солардың бірі Тілеуберген көке болатын.
Тілеуберген көкенің ауласына бір көз салмай өткен емеспін. Үй-жайы, қора-қопсылары тап-тұйнақтай. Тап-таза. Бәрі рет-ретімен тізіліп тұрады. Мені ол кісінің бақшасында не өсіретіні қызықтырады. Көше жақтан ол көріне бермейді. Бір жолы ерінбей үйдің сыртынан, мақталық жақтан жағалай өттім. Бұл жақтан бәрі алақандағыдай көрінеді. Көкеміз үйіргелік жеріне тұтастай дерлік картоп егіпті. Онысы жайқалып тұр. Тоқтап, арнайы көз тіктім. Қаз-қатар созылған жүйектердің басындағы оқ арық суға толып тұр. Ал жүйектерде су көрінбейді. Сонда… үңіле түсуге тура келді. Сәлден соң анық байқадым. Кейінірек қолмен ұстап та көрдім. Көкем пістепаяның сабағынан қырқып алып, ортасындағы ақ ұлпасынан тазартып, түтікшелер жасайды екен. Сол түтікшелерді бір-бірлеп, жүйе басына бекітіп, судың сол түтікшелер арқылы ғана жүйектерге таралуын қадағалайтын болып шықты. Басқаша айтқанда ызалатып суару. Қазіргі тілмен айтқанда тамшылатып суғарудың бір түрі. Атасы іспетті. Картоп жер астында жеміс байлайтын дақыл, сондықтан оны көлдетіп суғару нәтиже бермейді. Бұл дақылдың түбіндегі топырақ қатпауы керек… Бұл енді бөлек әңгіме ғой… Жұмаділлаға оралайын. Жалпы Тілеуберген көкемнің жеке үлгі-өнегесі шығар, ол кісінің балалары шетінен еңбексүйгіш болып өсті. Осы Жұмаділланың Алматыда оқып жүріп, ауылды бір шулатқаны бар.
Бір күні ауылда әңгіме гулесін.
Тілеубергеннің баласы бір дөкейдің қызына үйленетін болыпты.
Обком ба?
Одан да мықты.
Министр шығар онда.
Әй, одан да жоғары қызметте дейді.
Әңгіменің шындығы көп өтпей-ақ белгілі болды. Ауылға, құдасы Тілеубергеннің үйіне Алматыдан Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы Саламат Мұқашев келді. Жұрт үлкен кісінің қарапайымдылығына таң қалды. Саламат көкеміз Тілеуберген құдасымен, үй-жай, бала-шаға, шаруашылығымен танысты, тең отырып сөйлесті. Қажымұқан кесенесіне барып, Күш атасына құран бағыштады. Осыдан кейін Түркістан жақтағы Нұртас Оңдасыновтың туған ауылына да барып қайтты. Себебі Оңдасыновпен қызметтес болған, оны ұстаз санайды екен.
Жұрт енді Жұмаділланы Алматыда қалады, Дөкейдің қызы Шымкентке келеді деймісің деп, кесіп-пішіп те қойған. Бірақ дөкейдің қызы Гүлнар келін Шымкентке келді. Шымкент қана емес, Жұмаділламен бірге ауылға да, аудан орталығына да барды. Тектілік танытты. 1976 жылы Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтын ғалым-агроном мамандығы бойынша бітірген жерлесіміз облыстың ауыл шаруашылығы басқармасында қатардағы қызметкерден бастап совхоз директоры, аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, облыстық партия комитетінің жауапты қызметкері, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары, тағы басқа қызметтерді абыроймен атқарды…
Жұмаділламен бір сөйлескеніміз бар еді.
Батыр бабамыздың аты өшпейді, ерлігі ұмытылмайды, — деген еді ол. – Небір қиын, аласапыран күндерде, ұлт тарихына мүлде көңіл бөлінбеген кешегі социализм жылдарында да Жақсығұл мергеннің ерлігін елі, жұрты әрқашан мақтан етіп, үлгі-өнеге тұтқан. Ал тәуелсіздік алғалы бері даңқы қайта шарықтай бастады. Дегенмен жергілікті органдар тарапынан жеткілікті, тиісті дәрежеде көңіл бөлініп отыр деуге болмайды. Өз батырын халықтың өзі ұлықтап отыр. Шымкентте ескерткіш орнату, көшеге атын беру мәселесі сөзбұйдаға салынып, шешілмей келеді. Шенеуніктердің қағазбастылығы көп кедергі келтіріп отыр.
Ел ағасы орынды айтып отыр. Орбұлақтағы тағдыршешті ұлы шайқастың 375 жылдығы қарсаңында республика көлемінде көп іс-шаралар ұйымдастырылды. Шайқас өткен Орбұлақ аңғарында, екі тауды жалғастырып жатқан жотаның төбесінде тарихи нысандар пайда болды. Атақты меценат жерлесіміз Бекет Тұрғараев Орбұлақтағы Жәңгір хан мен оның сарбаздары жатқан зиратты қоршатып, еңселі ескерткіш белгі қойғызды. Сарапхана ауылы тұсындағы тарихи орынға айналған жотаның биігіне Жәңгір хан мен Салқам Жәңгірдің ескерткіші орнатылды. Осы кешенді ескерткішке бірқатар Орбұлақ батырлары қатарында Жақсығұл мергеннің аты-жөні мәрмәр тасқа таңбаланды да. Бірақ…
Жоғарыда аталған Орбұлақ шайқасының 375 жылдығы қарсаңында Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің сол кездегі премьер-министр С. Терещенко қол қойған арнайы қаулысы шыққан болатын. Ол қаулыда ұлы шайқаста ерекше көзге түскен бірнеше батырдың, соның ішінде Жақсығұл мергеннің де есімдерін мәңгілікке қалдыру мәселесі көтерілген еді. Сол қаулыда аты аталған батырлардың Жақсығұлдан басқаларының баршасына жер-жерде ескерткіш қойылып, басқа да нақты іс-шаралар жүзеге асырылған. Тек атақтылардың атақтысы, әрі мерген, әрі батыр, жүз мергеннің қолбасшысы болған Жақсығұл бабаға келгенде үкімет өз қаулысын өзі орындамай келеді. Бұл мәселе де жиында көтерілмей қалған жоқ. Үкімет ойлана жатар. Ал елі, жұрты, халқы Жақсығұл батырға ескерткішті өзіміз орнатамыз деп бәтуаласты. Ең сенімдісі осы ғой. «Бектер кетіп ел қалады, бетеге кетіп бел қалады» демекші, үкімет сан ауысар-ау, халық мызғымас. Ендеше халқы барда Жақсығұл батырдың есімі де, ерлігі де ұмытылмай, жарқырай берері анық енді.
З. ҚЫСТАУБАЙҰЛЫ