НАЗАРБАЙ БИ

Таным Тарих
1 771 Views

Назарбай ата бейітінің қай жерде екені жайлы осыдан біраз жыл бұрын Ақабай мен Куә ағалар айтқан болатын. Ақыры бірде сәтін түсіріп әдейілеп барып, Алматы – Бішкек автожолының Ұзынағашқа бұрылар жеріндегі төбе жанындағы қалың жусан көмкерген үлкен қорым-бейіттерге Құран оқытып қайтқан едік. Тәуелсіздігіміздің туын тіккен тұңғыш Елбасымыз есімін алып жүрген атасы Назарбай кім болған, атақонысы қайда екен деген сауалмен жақында арнайы тағы бардық.

Биылғы жылдың көктемі кеш шықты, түн әлі салқын, күнде аспаннан жауын себелеп, жер қызбай, көк көтерілмей қалды. Жылда бұл мезгілде көрпекөк жайқалып, үлпілдек қызғалдақ қаптап кететін қырқаларда көк жусан жаңа ғана бүрлей бастаған.

Күннің ашылғанына шаттанғандай дала мамырлап, саф-саумал леп, көктем лебі көкірегіңді шәйдай ашады. Бәріміздің уысымызда көк жусан, бұрқыраған иісіне елітіп, құшырлана иіскейміз. Қайран қазақтың қасиетті даласы-ай!.. Бұл жолы жанымызда осы өңірдің әр түп жусаны, әр сай жырасы жайлы телегей – теңіз әңгіме айтатын, шежіре көңіл сексендегі қариялар Төрехан аға, Көшек және оның ұрпақтары жайлы жазып жүрген Ахабай Молдахметұлы қария, қырық жыл мектепте ұстаз болған Батырхан ақсақал секілді ел ағаларын әдейілеп қолқалап, ертіп алып шыққанбыз. Бәрі де Көшектің ұрпақтары.

Назарбай бейіті қоршалған, төңірегіндегі ағайындарына да белгі қойылып, аты-жөндері жазылыпты. Ақсақалдар Құран оқыды. Бейіттің қарсы бетіндегі жотада Айдар атаға белгітас тұрғызылған. Оның ескерткішінде Көшектің бәйбішесі Қарашаштан Айдар, ал екінші әйелі Тайлаққаннан Дулат, Шәуен, Майлы, Жаулы, Ерназар деп жазылып қойылған.

Айдардың қазақ әйелі – Жұлдыздан – Байкүшік, Найманбай, Байтөлек, Мырзатай, Байсал, ал өзбек әйелінен Байбура, Теңізбай тарайды. Мырзатайдан – Кенбаба, одан – Еділ, Еділден – Сапақбай, одан – Назарбай.

Назарбай бейіті тұрған сай Қарабұлақ деп аталады, ал мына шығыстағы екінші сай Төңірекқұршын өзені. Бұл жерлер – Мырзатай әулетінің ата-баба қонысы, – деп Төрехан аға Назарбай атаның қыстауының орнына апарды. Бейітінің батыс жақ шетіндегі қырқадағы тепсеңде Назарбайдың бөрене ағаштан қиып салған қыстайтын үйі болыпты. Кейін кеңес өкіметі орнағаннан соң бұл үйді көшіріп алып, Куйбышев атындағы ұжымшардың орталығына, қазіргі Қарасай ауылына апарған екен. Біз әдейілеп барып ол үйді де көріп, суретке түсіріп алдық.

Осы үйде болашақ Елбасының әкесі – Әбіш дүниеге келіп, 11 жасқа дейін тәрбиеленген.

Назарбайдың жайлауы Қарақияда, күздеуі – Жиренайғыр, қыстауы осы Қарабұлақта болған екен.

Қыстау жанында Назарбайдың бастауы болыпты, кейін мал аяғымен көзі бітеліп қалған. Бастаудан әрі Тоғайбайдың тасты өзені басталады.

Осы төңіректі Назарбаймен бірге, Егінбай, Байсал, Жиренбай, Құрмансопы қыстайды екен. Назарбай би, Кәлен, Төлеген Кенбаба, Тоғайбай, Изенбай, Жиренбай, Егінбай әулеттерімен осында жерленген.

Назарбай бүкіл Мырзатай әулеті болып осы Қарабұлақ өңіріне тары еккен, ол үшін өзенге тоспа жасатып, қияны кеуделете арық қазып, суды үстірттегі жазыққа алып шыққан. Осы жердің ақталған тарысын кейін қысқа қарай арғы-бергі жүргіншілер қап-қабымен түрлі затқа, малға айырбас жасаған. Бұл арадан атақты Ұлы Жібек жолы өтеді, күндіз-түн жолаушылар, керуеншілер арылмайды.

Осы өзеннің бойында Мырзатай әулетінің су диірмені болған. Қазір ол жер биік ақ жар.

Назарбайдың жақын араласқан ағайыны әрі көршісі – Құрман сопы Оразұлы (1832-1902 жылдар). Әулие, көріпкелділігімен аты ерте шыққан бұл кісі туралы аңызға бергісіз әңгімелер қалған.

Көшектен шыққан Құрман сопы атамыз қазір сол өзі мекендеген қырқада жатыр. Соңғы жылдары басына ұрпағы Мейрамбек Таймерденов кесене тұрғызды. Құрман сопы бейітінің жанындағы әулиебастаудан барып, қос уыстап рақаттана су іштік. Тау қойнауын жарып шығып жатқан оншақты бастау көзінен мөлдіреп ішсең тоймайтын, сап-салқын мөлдір су құлдыраңдап бір бұлаққа айналып, сайдағы өзенге құяды. Әулиебұлақ төңірегі көкпеңбек, түрленіп тұр. Ауасы да ғажап. Бұлақ басы жалбыз, қойбүлдірген, ал өзен бойы көк ермен иісі бұрқырап есіңді алады.

Бұл араға Назарбай ата талай келіп, бал суын ішіп, дем алған болар. Бала Әбіш асыр сап анау былқылдаған көкорай сазда ары-бері жүгіріп ойнаған болар. Әулиебұлақта биік-биік аппақ бәйтеректер өседі екен. Соны біреу үй саламын деп ел-жұрттың ескертпесін тыңдамай кесіп алады. Аяқасты үйі өртеніп, кестірген ағашын су алып кетіп, қырсық шалып, берекесі қашыпты.

Құрман сопы атамыздың әулиелігі жайлы бір-екі әңгімені ортаға салайық.

Бұл кісі аппақ киім киіп алып, ауыл-ауылды аралап, болашақты болжап айтып жүреді екен. Көшектер бір жылы тауда қыстап қалады. Бір түні Құрман сопы елді түгел дүрліктіріп, оятып: “Бүгіннен қалмай далаға көшіңдер, бұл жерден қан ағады” дейді. Қыстың күні қырауда жолға шөп, күл төсеп, үй-жайды артып, ылдимен көшіп, осы қыстауларға келіп жетеді. Үш күннен кейін жер қатты сілкініп, тау қарс-қарс айырылып, қар-мұз көшкіні болып, ғаламат апатқа ұшырайды. Сопы атаға сенбей, көшпей қалған Қосмойнақ, Жаманқара, Мұсаның төңірегінде қар көшкіні жауып, жер айырылып, сонда отырған ел тып-типыл боп жоғалып, қазірге дейін ақсор болып шөп өспей қалыпты. Аман-сау қалған ел біткен сопының әулиелігіне разы боп “Садағаң кетейін, сен болмасаң босқа құрбан болатын едік” деп ақсарбас атапты.

Тағы бірде таңертең елге айқайлайды:

– Бәрің қырға шығып отырыңдар. Қарабұлақтың жанына аулаққа көшіңдер, үлкен тасқын болады, тез көшіп алыңдар,– деп хабар береді.

Мына кішкентай ғана момақан Қарабұлақ қалай тасиды деп ойласа да Құрман сопының әулиелігіне сенген жұрт тұтас қырға көшіп қонады. Екі күннен кейін керемет нөсер жауады да таудан үлкен тасқын сел арғы жар мен бергі жарды түгел топан суға толтырып, көзді ашып-жұмғанша жолындағыны өзімен бірге алып өте шығады. Сонда сонау етекте Қарасазда мал жайып жүрген үш адамды бір отар қойымен ағызып, ұшты-күйлі жоқ, алып кетіпті.

«Құрман сопы атамның әулиелігіне қатты сенемін. Соғыс кезінде мал жайып жүрсем ақсақал келіп:

– Балам қамшыңды екі бүктеп лақтыршы, – деді. Лақтырып кеп жіберсем, қамшымды құйын ұшырып алды да кетті. Қайта көзімді ашсам, ақсақалды шал жоқ. Аян берген сол кісі – Құрман сопы атам екен. Мына қамшым түскен жерге, міне, Назарбай атама, Айдар бабаға, Құрман сопыға күмбез-кесене тұрғызылып жатыр. Бұл ата-бабаларға ескерткіш-кесене тұрғызған Қайрат Сатыпалды, Мейрамбек Таймерденов деген балаларыма мың да бір рахмет, нұр жаусын! Өзім өсіп-өніп, 71 адамға жеттім, – дейді сексендегі Қарасай ауылының қариясы Төрехан ақсақал Құрман сопы атаға қатты сыйынатынын, сол кісі тоғыз перзент бергенін, әр жұмада басына келіп, Құран оқып тұратынын тебірене әңгімелейді.

– Ал осы жерден Мырзатайлар неге көшті? – дегенімізде:

– Осы жазықта соқа салып, тары сеуіп жүрген жігіттерге казак-орыс әскерлері келіп, бесеуін атып тастап, аттарын алып кетіпті.

Апалаң-топалаң төңкеріс кезі, ел шошып, Мырзатайлар Шұбаратқа көшіпті, – дейді ақсақалдар.

Ал, қайтыс боларында Назарбайды ел айтқан өсиеті бойынша өзінің ата-бабалары жатқан бейітке әкеліп қойыпты.

Ел іші – алтын бесік. Кәрісі бар елдің – ырысы бар, – дегені рас сөз. Көнекөз қариялардан ел мен жер жайлы жазып алған әңгімелер әлі талай-талай шығармаларға арқау болары хақ.

Назарбай сөзге ұста, ескі қисса-әңгімелерді жақсы білетін, ара-тұра өзі де шешендік сөзбен айтқанын тіліп түсетін, ауызекі өлең де шығарып жіберетін елге қадірлі, сыйлы жан болған екен. Жасынан билікке араласып, атқа мінген, болыс сайланған Алпысбай деген замандасына айтқан мына бата-тілегі ел аузында қалған:

Алпысбайым, сөзім бақ,

Астыңа міндің алтын тақ.

Зорлықпенен істесең,

Жарата ма жаппар хақ?

Кім халалға Алла жақ.

Ел арасын егер етіп,

Ер ісінен жазар ма?

Болыс болсаң, бүтін бол,

Елдің құты әзалда,

Тепсінетін жөнің жоқ.

Мәжілістесің Назарға,

Жасың үлкен демесең,

Менің де ата-жолым бар.

Бектер барған базарға

Ынтымағы жарасса,

Берекелі ел азар ма?

Берген төрең оң болсын,

Ғаріп – қасер, жалпыға

Шапағатың мол болсын,

Билер өсиет айтыпты деп

Кейінгіге жол болсын!

Алпысбай Тасболатов деген арғы-бергіні танитын, алымды да шалымды тарихи тұлға, айтулы бай. Назарбайдан үлкен, сонысына қарамай осылай наз – тілек айтуы екеуінің де салмақты, сөз ұғар қатарлас – замандас екенін аңғартады.

Алпысбайдың бауыры Мәлібек, баласы Мұсахан да ел басқарған, патшаға жаққан, ұлықпен тіл табысқан жеті атасынан байлық үзілмей келе жатқан кеуделі жандар

Назарбайдың тілек – батасы елге жайылып кеткенін шам көріп, Алпысбай бірде інісі Мәлібектің үйіндегі бір жиында сөз бастап:

– Қане, Назарбай, сенің үйіңнен ақын-жыршылар үзілмейді, шаңырағыңнан домбыраның үні кетпейді. Қисса-дастаншыл дейді сені. Мына жұртқа айтшы, Қырымның қырық батыры деген кімдер осы? Мына жұрт білгісі келеді сенен,– деп сөзден сүріндірмек болыпты.

– Қырымның қырық батырын білмеген қазақ қазақ емес шығар, бала кезімізден жаттап өстік емес пе? Екі ауыз сөз ұғатын әр адам айта алады. Ал, білмейтін болсаңыз айтып берейін:

Бірінші батыр – ала райлы Аңшынбай батыр,

Екінші батыр – оның ұлы Бабатүкті шашты Әзиз,

Үшінші батыр – Парапария батыр,

Төртінші батыр – оның ұлы Құттықия батыр,

Бесінші батыр – оның ұлы Едіге батыр,

Алтыншы батыр – оның ұлы Нұралы батыр,

Жетінші батыр – оның ұлы Мұса батыр,

Сегізінші батыр – оның ұлы Мамай батыр

Тоғызыншы батыр – оның ұлы Орақ батыр

Оныншы батыр – Қарасай батыр, – дегенде Алпысбай қолын көтеріп:

– Болды, Назеке, – бәрін біледі екенсің, тоқта, сұңғыла екенсің ғой, тіпті, – депті.

– Жоқ, Алып-еке сіз сұрадыңыз, мәкірік. Мен жауап бере алмасам, болармын әңгүдік. Жолаушы орта жолдан қайтпас болар, ер жігіт бір сөзін екі айтпас болар, – деп қалған Қырымның қырық батырын мүдірмей айтып беріпті. Сөзінің соңында:

Екі тентек кездессе,

Төбелеспен тарайды.

Екі мылжың кездессе,

Ерегіспен тарайды.

Екі шолжаң қосылса,

Жаудай болар.

Екі ақылды қосылса,

Таудай болар.

Алып-еке, ауыздан бірде өрт, бірде су шығар, бірі жандырса бірі сөндірер, Сіз Алатаудың күнгей-теріскейін түгел билеп отырған ақылмансыз, бізге жақын жансыз. Мұндайды бүкіл ел-жұртқа әңгімелемей-ақ, жеке-дара сұрап алсаңыз, қайтеді? – депті.

–Болдым, Назеке, болдым. Сұңғыла екенсіз, – деп Алпысбай шапан жаптырып, Назарбайды қошаметтеп аттандырған екен.

Сәт, Мәңке деген екі болыс Назарбаймен көршілес отырыпты. Сәт – жомарт, қолы ашық, алды берекелі екен де, Мәңке бір қулығы ішінде, үйіне адам жолатпайтын, сараң байдың бірі көрінеді. “Сәтке барсаң – етке тоясың, Мәңкеге барсаң – кепке тоясың” деген мәтел тарап кеткен біздің елде.

Мәңке жылда көршілерінің сыбағаларын жеп алады да өзі шақырмайды. Қатарластары Назарбайға келіп, осыны бір жығып беруін сұрап қоймапты. Мәңкемен Назекең әрі құрдас көрінеді. Қасына Сәт, Алпысбай, Түргенбай, Бердалы, Маралбай сияқты сол өңірдің игі жақсыларын жинап алып, күтпеген жерден Мәңкенің үйіне сау ете түседі.

Әйелі қазанға өздеріне ғана шақтап ет асып жатыр екен, соны пісіріп, қонақтардың алдына тартыпты.

– Бұйырған асқа тап келдіңіздер, тамақ алыңыздар. Бұйымтайларыңызды да айта отырыңыздар. Қырғыз жаққа жол жүргелі жатыр ем, – деп Мәңке қулыққа салады.

Бәрінің үйіне барып қойын сойдырып, бас мүжіп, ауыздыға сөз бермей есіп сөйлеп, екі-үш күн жата қонып аттанатын Мәңкенің өлі етпен бір қора сыйлы қонақтарды қайта аттандырайын дегенін ұғып, бәрі Назекеңе қарайды. Ол кісі тамақ алмай, сіресіп, үндемей отырады.

– Ал, ас қайырайық, мен де жүріп кетейін,– деп Мәңке бипаздай бастағанда, Назарбай би сөз бастапты:

– Әр әңгіменің сіз-бізі болады,

Әр келістің бір шыж-быжы болады,

Құлының желіге толыпты,

Малың өріске толыпты.

– Иншалла, Құдайдың бергені да! – деп қалыпты Мәңке.

Назарбай сөзін мақамдап ары қарай жалғастырыпты:

– Жақсының сөзі ақыл шақырады,

Жаманның сөзі ашу шақырады.

Күнәң көп жандарға өтіпті,

Суық хабар жандаралға жетіпті.

Мәке қулығыңды әбден асырыпсың,

Малыңды спіскеден жасырыпсың.

Жандаралдың қабағы жаман,

Асап қояр тамағы жаман.

Сенетініміз мына сіз деді,

Мәңкенің бар малын тіз деді,

Кәміссә шығарып бізді жіберді

Мәңкені мұрнынан тіліп, сүз деді.

Соған мына жігіттермен келген жайымыз бар. Бірер жұма жатып, санақ өткіземіз бе деген ойымыз бар. Сіз жолдан қалмаңыз. Сіз қайтқанша біз де тізімді толтырып, хаттап қоярмыз, – депті даусын қатқылдап. Манадан бері сызданып отырған Мәңке жел айдаған көбелектей ұшып кете сақтайды.

– Ой, күнде мұндай құтты қонақтарым келе бермес. Әй, әпкел бері анау қысыр емген буырыл тайды. Бата сұраймын! Мұндай қадірлі меймандарымды күтіп алмай, жібермеймін! – деп бір тай, екі қой сойып, үш күн сыйлапты.

Мәңке сөйтіп ақ түйенің қарнын өмірінде тұңғыш рет жарып, көл-көсір дастарқан жайыпты.

Назарбайдың осындай тауып сөйлейтіні, шешендігі Еділ атасынан жұқса керек.

Ел арасында Еділ айтқан деген әңгімелер көп-ақ.

Енді тарихи дерек, құжаттар не дейді? Профессор П.Румянцев өзінің 1913 жылы шығарған жинағында Айдар Көшектер (Шамалған Көшектері) ауылы Бұрғантоған мен Шұбараттың арасында деп көрсетілген.

Бұл ауыл ертеден егіншілікке бейім болған. Дегенмен, патша әкімшілігі қазақ шаруаларын құнарлы жерден ығыстыра берген. Ресейден қоныс аударғандар Самсоновка деген поселке салмақ болып, елді ығыстырады. Назарбай бидің де жері есепке алынады. Бұл кісі шаруаға ығы бар, іскер болған, тіпті, су диірмені болған. Құжатта былай делінген: “… Зимовка, телятник.., мельница… и арык проведенный к ней 100 сажен длиной” (19-қор, 1238-іс, 131-бет).

Назарбай атамыз би сайлауында үш мәрте түскен. Бұл жөнінде ақын, зерттеуші Тортай Сәдуақасов “Назарбай би және туған өлке тарихы” («Астана», 2000.) жинағында терең зерттеп жазғанын атап айтуға тиіспіз. Архив қазынасын ақтарып, нақты дәлел, бұлтартпас құжат арқылы Тортай Назарбайдың қалай би болғаны жайлы құнды мәліметтер келтіреді.

Міне, 1909 жылғы сайлауда болыстыққа Тұрлыбек Шүрепов сайланып, Алпысбай кандидат болып тіркеледі. Ал, Назарбай Сапақбаев осы №4 ауылдың биі болып сайланады. Кандидаты, өз ағайыны Маралбай Бабаев.

Үшқоңыр жайлауында 1909 жылы 11 шілдеде өткен Шамалған болысындағы болыс пен билер сайлау парағында көрсетілгендей, Назарбай Сапақбаевтың жасы – 52-де, қолдап шар дауыс бергені 27-і, қарсы бір дауыспен №4 ауылға би сайланған. Ал бидің кандидаты Маралбайға бес адам қарсы дауыс беріпті.

Назарбай би қашан қайтыс болғаны жайлы да архивте тіркелген. Міне, Верный уезі басшылығының жазып қалдырған құжаты:

“Г.Военному губернатору Семиреченской области РАПОРТ: Чамалганский волостной управитель рапортом от 26 октября сего года. за №836 донес мне, что народный суде №4 аула Чамалганской волости вверенного мне уезда Назарбай Сапаков умер (12-?) октября с.г.

Донося обь изложеного, прошу распоряжения Вашего превосходительсвто обь исключении из списков должностных лиц уезда Сапакова и о поручении должности народного судьи №4 аула Чамалганской волости кандидата по нем киргизу Маралбаю Бадину” (44-қор, 3089-іс, 103-бет).

Қазақ сахарасында би атауына ерекше көңіл бөлген. Әз Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Алшын Әйтеке билердің бүкіл қазақты біртұтас біріктірудегі, ел ынтымағы үшін атқарған қыруар істері, шешендігі мен көсемдігі, көрегендігі мен тапқырлықтары жайлы ұрпақтан ұрпаққа аңыз етеді. Оның бастауында – Жиренше шешен, Аяз би секілді аңызға айналған алып тұлғалар тұр.

ХХ ғасырдың басында би сайланған Назарбай би – сол ата жолын, бабалар дәстүрін алға апарушы қоғам қайраткері, дәуір күрескері. Би дегеніміз кім деген сауалға ғұлама ғалым Шоқан Уәлиханов былай деп анықтама беріпті: “Би атану үшін, қазақ халық алдында әлденеше рет шешендік сайысқа түсіп, өзінің заң-жораны білетінін, шешендігін танытатын болған. Мұндай адамдардың есімі желдей есіп, әлейім жұртқа таралып, біріне емес, бәріне де танылған. Сөйтіп, би атағы сот пен адвокаттық істегі патентке айналды да бидің балалары заңнан тәлімі болғандықтан, әке орнына мұрагер болып қала берді”.

Жуырда Алматыдағы Орталық мемлекеттік музейде Верный уезі билері мойнына тағатын мөрді арнайы барып көрдім. “Көшбасшысы жоқ болса – ел оңбайды. Құралай бастаған киік оңбайды” – дейді халық даналығы.

“Ел қауымдасса – ер болады. Ер қауымдасса – ел болады”. Назарбай бидің немересі – еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақ елін бүкіл әлемге танытты. ХХІ ғасырға нық бастырып, бірлік пен береке жолына тура бастап барады.

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, Алматы облысының құрметті азаматы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *