Шиеленіскен дағдарыстар мен қарама-қайшылықтар өз шешуіне асыға алып келген «Қаңтар-22» уақиғалары артта қалғанына да толық екі жыл өтті.Осы уақытпен ілесе елімізде көзге көрінетін саяси және экономикалық, қала берсеәлеуметтік жаңғырулар мен өзгерістер, орын ала қойған жоқ деп ниеті түзу,санасы таза жан айта қоймас. Өткен жылдың ортасына дейін кейбір өз сөзініңәділетсіз екенін біліп тұрып, әдейі жаулықпен айтатын арампиғылдылар менбілгішсінген топастар болмаса, айтылмыш «Қаңтардың» нәтижесіне «жаны күйгендер»өте азайған сияқты. Десек те, алдағы мақсаттарымыз толыққанды айқындалды, жолымыз сенімді сараланды деп те марқая да алмайтын сияқтымыз. Неге? Тілшімізосы сұрақпен және осыдан туындайтын қоғамдық проблемалармен Оңтүстік Қазақстанмедициналық академиясының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Сапарбек САХОВ мырзаға жолыққан еді…
С.С.: Ойыңыз өте дұрыс. Ешқандай дамушы қоғамда да, бүгінгі күнгі бағалаумендамыған деп мойындалған қоғамда да, адамдардың бәрі түгел бірдей көзқараста,түсінікте, өмірге деген позицияда болуы мүмкін емес. Себебі, қоғамның дамузаңдылығының өзі қарама-қарсылықтың күресі мен оның шешілу бірлігіненегізделген. Осыған байланысты өмір сүру идеологиясының өзі мифологиялықтандіни идеологияға, одан азаматтық идеологияға алуан түрлі екпінде жылжуменмазмұндалады. Біз де әлемнің ерекшелігі өзінше бір қоғамымыз. Өз мақсатымыз, өзпроблемамыз, өз ұтымды және ұтымсыз тұстарымыз бар. Сондықтан да, шешугеұмтылған бүгінгі мақсаттарымыз да, болашақтағы өмір-тіршілігіміздегіұмтылысымыз да тәтті ертегідей болмайды. Әр заман өз талабын тудырып, оған бейімделуге итермелей түседі.
Тілші: Соңғы кездерде бұқаралық ақпарат құралдары негізінен билік органдарының, үкіметтің алдағы жоспарлары мен іс-шараларынан хабардар етсе, тірліктері, меніңше, «майдаланып кеткен» әлеуметтік желілер көбіне қоғамдық пікір аясын өткен-кеткенге, майда-шүйдеге бұра бастаған сияқты. Әрине, келелі қоғамдық мәселелермен салыстырғанда. Неге?
С.С.: Арғы жыл негізінен саяси-әлеуметтік оңтайландыруға, модернизацияға бағытталды. Бұл бағытта білгішбектер, өзінше данышпандар көптеу көрінді. Көкейінде реваншизм түрткілегендер де солардың айқайын пайдаланып қалғысы келді. Ал өткен жылдың басты бағыты болып әлеуметтік-экономикалық модернизацияның кіріспесіне кезек келді. Бұл салада білгішсіну үшін жалпылама болса да экономикалық сауаттылық қажет. Сол себепті көзі қарақты азаматтар түсінеді. Түсінбегенін компетенттілерден сұрайды. Қайткен күнде де көзге желілер, не сымсыз телефон арқылы өзінше пиарлатқысы келген боскеуделер көбіне өткеннен шаршамай «ескі әңгімені» айналшақтай береді.
Бұл күндері біздің азаматтарымызға, әсіресе жастарымызға, тіршіліктің қай тұрғысынан болса да, жарияланған болашақ мақсаттардың мәнін мейлінше тереңдеу сіңіріп, алдағы жақсылықтарға қол жеткізу мүмкіндіктерін талқылаған шексіз пайдалы деп түсінемін.
Әрине, біздің көшпенді феодализмнен колониализм, сталинизм, трайбол-корруп арқылы жол түскен седентеризация үдерісі тым созылып кеткен қоғамымызда әлі де «өткендегілерді дәріптегеннен» басқаға бас жетпеу – не құрып бітпейінше, не аборигендік сананы толық ысырмайынша, алдыңнан шыға береді.
Тілші: Әлемдік үлгілі заман талабына сай дамуымызды жеделдету үшін ең алдымен қандай проблемаларға ден қоюымыз қажет?
С.С.: Әрине, барлық қоғамдық күрделі дамудың немесе қайта құру ерекшелігінің өз алгоритмі болатыны сөзсіз. Бірақ ол қатып қалған «кезектілік»» емес қой. Бірі-біріне өзара байланысты мәселелер салыстырмалы түрде ғана жалпы алгоритмге сүйенеді. Мысалы, ел халықтың қалауымен, дамудың заңдылығымен бір қоғамдық-экономикалық түрден келесісіне бет алғанда міндетті есебінде «идеология» категориясы алға шығады. Қарапайым тілмен айтқанда, «қиялдағы махаббат – қияндағы махаббаттың» кері келмеуі керек. Сондықтан да халықтың басым көпшілігінің санасында қос заманның өларасында алдағы жақсылықтардың қиялы емес, ғылыми конструкциясы сенімді орын алуы керек. Олай болмаған жағдайда не артқа қайта алмаймыз. Тарих заңдылығы жібермейді. Не алға адымдап баса алмаймыз. Өткеннің ауырлығы тежейді (аборигендік, бодандық, корруптрайболдық мүдде). Нәтижесінде: Ұзаққа созылған өтпелі дәуір; өткен ғасырдың 91-жылы аяқталған эволюцияның мақсатына жетпеуі; еселеп өрлеуге табиғи да, тарихи да мүмкіндіктер бола тұра, үш онжылдықтан соң, арты қылмыстық бүлікке ұласқан революциялық ахуал; азаматтардың қалың ортасында ашық орын алған қылмыстық, моральдық, әлеуметтік-психологиялық, қоғамдық-саяси деградация…
Міне, заман талабына сай қоғамдық-мемлекеттік идеологияның өз функционалдық міндетіне сәйкес ел мүддесіне пайдаланылмағанының, «күні туған» саяси күштердің, қоғамдық ұйымдардың ел идеологиялық мақсаттарының салтанаты үшін күресудің орнына, жеке адамның, жеке мүдделі аз топтың пайдасына «қызмет еткенінің» нәтижесі. Біздің осы ең жаңа тарихымыздың тайға таңба басқандай көрсеткені: қанша жерден әлемдік тарихи даму заңдарын бұрмалағанмен, бізден бұрын өткен үлгілі елдердің тіршілік ережелерінің негізін қабылдамағанмен, қоғамның алдынан жалпыға бірдей тарихи, әлеуметтік-экономикалық заңдар легі бәрібір алдыңнан шығады. Текке халық үшін бекер уақыт кетеді. Пайдасыз проблемалар туындайды.
Тілші: «Идеология» деген қоғамдық категорияның бізде барына күдікпен қарайтындар, тіптен, оны жоқ деп ойлайтындар да аз емес сияқты. Бұл қоғамдық-ғылыми категорияны насихатпен синонимдестіріп қойғандар онан да көп емес пе?
С.С.: Иә. Солай. Жоғарыда айтып отырғанымыздың бәрі «бір өлең». Мұның бәрі идеологиялық және саяси мәдениетіміздің талаптан төмен, толыққанды еместігінің дәлелі емес пе? Егер біздің қоғамымызда жоғарыда айтылған «идеологиялық конструкция» болмағанда, онда оның бос орнын әлдеқашан клерикалдар немесе жиырма шақты жыл бұрынғы иісі шыққан «казахский султанат» алып қоюы әбден мүмкін еді.
«Мың өліп, мың тірілгенбіз» деп мақтана беретін қазақ соңғы отыз жылда да тағы үлкен сыннан өтті. Біреуі құдайына, біреуі ата-бабасына сүйенген көп қазақ оны байқамай да қалған сияқты. Енді тарихи тағдырдың да басқа салған сындары шексіз бола бермейтінін түсінуіміз керек. Шексіз болса, онда бүгінгі күндердегі әлемдегі тірі 800-дей тілдің неге 200-інің ғана елі, жері бар?! «Тілің құрыса, оған қосыла елің де құриды!» деп, ел-жұртты басты ұлттық-тарихи проблемалардан білгішсіне бұрып әкетуге үлес қосып жүрген «ура-патриоттардың» да нақты орнын білуіміз керек.
Бұл күндері өздері ұлттық түгелі жергілікті саясаттың өзінде «пустое место» болып жүрген қандастарымыз сынап-қарғайтын, ХХ ғасырдың қоғамдық идеологиясы мен саяси ілімінде өшпестей атын қалдырған В.И.Лениннің «Қоғамдық басты мақсаттар жиынтығын шешкенде «басты звеноға» ден қою керек» дегені бар. Себебі, аталмыш басты звеноны «жұлып алу» үдерісінде қалғаны өзі-ақ ілесіп шығады дегені де есте.
Сол айтқандай, тағы да назарыңызды аударайын: Бізде өркениеттілікті мақсат тұтқан идеология бар. Оның негізгі конструкциясынан жинақталған, азаматтар даусын білдірген конституциялық басты құжат та бар. Одан дифференцияланған заңдар шоғыры да бар. Енді не керек, осы құқықтық талаптарды сақтағандарға ризашылық білдіргеннен және сақтамағандарға заңдарда көрсетілген шаралардан басқа!
Тілші: Әңгімеміздің негізгі арқауы болып отырған осы қоғамдық идеологиямыздың атауын айтсаңыз?
С.С.: «Жаңа Қазақстан»!
Тілші: Оны толығынан жүзеге асырудың басты жолы?
С.С.: Әділеттілік. Қоғамдық, мемлекеттік, әлеуметтік-топтық және адамаралық қатынастар әділеттікке сөзсіз негізделуі керек. Әрине, жеке адам – ең алдымен табиғаттың туындысы. К.Маркс айтып кеткендей: «Индивидтік – әр тұлғаның қайталанбас бейнесі». Сондықтан да, қоғамдағы әр адам, бәрі бірдей, барлық жағдайда әділеттіліктің міндетті носителі болуы керек деп ойламау керек. Қай уақытта, қандай қоғамда болса да, азды-көпті, үлкенді-кішілі әділетсіздік фактілері түрлі себептермен орын алуы әбден мүмкін. Бірақ, әр орын алған әділетсіздік фактісі, не уақиғасы, міндетті түрде іс-қимылдағы құқықтық тәртіппен, мойындалған қоғамдық-идеологиялық талаппен өз бағасы мен тиісті шарасын алуы керек. Міне, менің пікірімше, толыққанды әділеттілік көрінісі.
Тілші: Дәл осы тәртіп-талапқа қол жеткізу үшін не істеу керек деп есептейсіз?
С.С.: Ол үшін елде, мемлекетте толыққанды құқықтық қатынас және оның тікелей әсерімен қалыптасқан моральдық-адамгершілік құндылықтар жиынтығы салтанатына қол жеткізу керек. Қазіргі уақытта бізде құқықтық қатынастың, діни талаптардың, ертеде қалыптасқан этнодәстүрлік құндылықтардың және кеңестік кезеңнен келіп жеткен «социалистік идеологияның» кейбір тұстарының, басқа да түсініктердің симбиозы – қоғамдық (ұлттық) санамызда идеологиялық «құндылықтар» жүйесінің орнында. Кейбір сәттер мен әсерлі уақиғалар тұсында аталғандардың бірі екпін алып, кейін ауысып жатады. Әрине, ішіндегі ең болашағы заман талабына сәйкесі – құқықтық қоғамдық талап. Қалғандары, әсіресе трайболизм мен коррупиялық «ұлттық аурулар», дамуды аяқтан кері тартудан оңайлықпен шаршамайтын факторлар.
Енді не істеу керек деп сұрап отырсыз? Әрине, мен тек өз ойымды айтамын. Мүмкін, жалпы керекті де, пікірлестерге бұрыннан белгілі ой-ұсыныстардың бір тобына жатып та қалар: БІРІНШІДЕН, ең алдымен, бүгінгі күні қолда бар идеологиямыз бен Конституциямыздың туындылары болып табылатын ҚҰҚЫҚТЫҚ қатынас; талап; тәртібімізді; қатайтып, бұл үрдістерді толыққанды, сөзсіз орындатуға қол жеткізуіміз өте қажет. Қашанғы осы басты мақсаттарды жүзеге асыруды соза береміз?!
«Аяқтан кері тарту» механизмдеріне қарсы шаралардың көңілге қона бермеу тұстарын әлеумпікірлерде біреулер әлсіздікпен, біреулер «демократиялықпен» бағалайды. Ежелгі Грекиядан бастап-ақ қабылданған заңдар мен шешімдердің түрі демократиялық та, олардың орындалу толыққандылығы «демоның» мүддесіне сәйкес болмай, бұрмалаушылардың, жеке топтардың, заңбұзушылардың да пайдасына кетіп жатса, онда оның несі демократия? Халыққа берілген уәделер арқылы сайланған, өздері бастамашылдық еткен, ресми идеология рухында және Ата заң аясында қабылданған құқықтық және саяси шешімдерді кіршіксіз орындата алмаса, онда несі демократиялық билік жүйесі? Толыққанды тұрғыдағы классикалық демократия не бар, не жоқ!
ЕКІНШІДЕН, әрі қарай жалғастырсақ, ғылыми-техникалық прогресті ту еткен, прагматизмді қару еткен дамушы елдің идеологиясы, құқықтық талаптары, экономикалық-әлеуметтік жүйесі біздің заманымызда тұрақты жаңғырып, қажеттілік болса, жаңарып тұрады. Мұндай ел тіршілігінің халық мүддесіне сәйкес реалды өзгеру үдерісі – обьективті процесс. Ол «аяқтан кері тартқыштардың», ескілікті қайтаруды армандаған консерваторлардың, өмір талаптарынан қалып кеткендердің қалауына сай келмейді, бірақ қоғам дамуының талабы. Бұл – «Жаңа Қазақстан» идеологтарының ішкі күрестегі артықшылығы. Мысалы, клерикалдар күшеюі, не әлсіреуі мүмкін, бірақ өз идеологиялық мазмұнын өзгертеміз деп айта алмайды. Ескі билік тұсында біз белгілі болған әділетсіздіктер мен қылмыстарға қарсы қайтпай күрестік деп те айта алмайды. Трайболдар мен корруптардың әзірдің өзінде мазалары қашты. Алда да ондайларға комфортты жағдай бола қоймас. Тек, оларға қарсы күрес екпіндей бергені керек. Өткен заманғы «құқықтық комфорттың» орнына кешікпей олар үшін құқықтық және моральдық дискомфорт жайлауы керек. Халықтың және жеке азаматтардың бүгінгі мен ертеңгі мүдделеріне сүйенген, жаңғыру, жаңару арқылы келетін, идеологиялық, рухани эволюция дегеніміз осы емес пе!
ҮШІНШІДЕН, халық арасындағы негізі ұлттық болып табылатын қоғамдық идеологиямыздың және оның құрамдас бағыттарының насихаттық ұтымдылығын тиісті деңгейге көтеру қажет. Бұл кемістікті өткенде бастан кешкен «Қаңтар трагедиясы» тұсында, онан кейін де, көзбен көрдік. Жалпы насихаттық та, ақпараттық та әлсіздік бұл уақиғадан кейін де орын алып тұрды. Журналист Вера Захарчукке осыған байланысты берген сұхбатында бұны іс-қимылдағы мемлекет басшымыз да осыны айтты.
Бұл проблеманы қаласақ та, қаламасақ та, азды-көпті айтылып жүрсе де, қолға алатын уақыт өтіп бара жатқан сияқты. Онсыз болмайды. Неге біз өткендегі тарихымыздан өтімді эпизодтарды пайдаланбаймыз? Кеңестік кезеңдегі партократиялық биліктің ең басты қоғамдық та, мемлекеттік те, ең басты функциясы – социалистік идеологияны әр азаматтың санасына сіңіру емес пе еді? Бұл «идеялар жиынтығы» көп жағдайда адам табиғатымен үйлесе бермегенімен мемлекеттік, саяси және қоғамдық ұйымдардың насихаттық-тәрбиелік, саяси-ақпараттық іс-әрекеттін мейлінше мобилизациялау амалымен көпшілікке, әсіресе жастарға тұрақты түрде жетіп тұратын. Әрине, қазіргі уақытта бұл тірліктің мазмұны басқа. Бірақ, жарияланған болашақ мақсатқа қол жеткізу түрінде сәйкестік көп емес пе?
Қоғамдағы насихат алаңында ел қабылдаған идеологиялық құндылықтар жүйесі билік құрады. Немесе әлсіздік көрсеткен тұстарды басқалар (клерикализм, мифологиялық идеялар) басады. Ондай жағдайда секуляризация мен лаицизмге жету ұзаққа созылады, не мүмкін болмай қалады. Ондайда толыққанды этатизм көзден ұшады. Басында көпшілік қолдаған идеология біртіндеп «тозып», жұртшылық сенімінен айырылып, алдыңғыларының кебінін киеді.
ТӨРТІНШІДЕН, егер жалғастыра түссек, «Жаңа Қазақстан», оның туындысы «Әділетті Қазақстан», мейлі, кейбіреулер айтып жүрген «Таза Қазақстан» болсын – жаңа сайлау жүйесінсіз жақын арада орнауы екіталай. Әсіресе, қазақтың қазіргі менталдық ерекшелігінде. Біздің тарихымыздың өзі – билікті меншіктеген топтардың қайтпай, жаппай таққа таласуымен «мың өліп, мың тірілгендердің» тарихы. Бүгінгі күндері ХХI ғасырдың үлгілі елдеріндегідей өте жоғары саяси мәдениетіміз бар деп еш мақтана атай алмаймыз. Сондықтан да, жаңа, әрі өткен жақын-алыс тарихымыздың нәтижесімен қалыптасқан әлеуметтік-психологиялық өзгешеліктеріміз бен ерекшеліктерімізді терең ескеретін; статусы жөнінен заңнан шығып кеткен жағдайда ғана Бас прокурор мен Жоғарғы сотқа тәуелді; форс-мажор жағдайында бүткіл халық сайлаған ел Президенті ғана реттеуге құқығы бар; жұмыс нәтижесі сайлаушылардың белсенділік көрсеткішімен ғана өлшенетін демократиялық құрал өте керек болып тұр.
Аталмыш демократиялық сайлау құралы халықтың билік функциясын қамтамасыз етудің маңызды түрі ретінде барлық басқа мемлекеттік құрылымдармен, қоғамдық-саяси ұйымдармен, жеке сайлаушылармен және үміткерлермен тең, әрі бірдей қарым-қатынаста өз парызын атқаруы керек. Аудандықтан бастап, мәжіліске дейін үміткерлерді тіркеу, таңдауды ұйымдастыру, нәтижесін шығару мен жариялау – осы сайлау инстанцияларының тәуелсіздігі мен заң үстемдігінің салтанаты жағдайында өтпесе болмайды. Жекелеген бір инстанцияның жұмысына ресми қатынасы бар жеке тұлғаның басқа бірде-бір не вертикалды, не горизанталды сайлау ұйымында көрінуіне қатаң тыйым салынғаны ләзім.
Бұл ұсынылғандар үрдісті мазмұндағылар. Үдерісті мазмұндағы болашақтағы сайлау дүниесі – осы салаға маманданған заңгерлердің компетенциясы. Тек, білмесе де білгішсінетін «білгішбектердің» немесе біліп тұрып, арамдықпен бұрмалайтын тапсырыс орындаушылардың емес.
БЕСІНШІДЕН, соза бермей жинақтасақ, осы айтылған және даму барысында туындайтын мақсат-мұраттарымызды – қоғамдық идеологиямызды, құқықтық қатынасымызды, экономикалық-әлеуметтік мәдениетімізді, демократиялық құндылықтарымызды елге көрсетіп, жұртты сендіріп, азаматтарды рухтандырып, алға жылжуымыз қажет. Ол үшін жоспарлы түрде Мәжіліс пен мәслихаттардың функциялық мүмкіндіктерін кеңейтіп, ролі мен жауапкершіліктерін арттырып, өздерінің таңдаған депутаттарының танымалдығы мен еңбегінің ашықтығын, болса кемістігін, халық біліп отыратындай жағдай жасау керек…
Тілші: Құрметті Сапарбек Мұсаханұлы, осы, меніңше, пайдалы да қызықты сұхбатыңыз үшін Сізге біздің оқырмандарымыздың атынан ризашылығымды білдіремін. Алдағы уақыттарда да пікірлестігіміз жалғасын таба беруіне тілеулеспін.
С.С.: Менің де жақсы пейіл-ниетімді қабыл алыңыз!
Сұхбатты жүргізген журналист
Қуанышбек БОТАБЕК.