Астана қаласындағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай ғылыми қауымдастық, жаңа технологиялар және IT саласының өкілдерімен кездесу өткізді.
Кездесу барысында сенатор елімізде талқыланып жатқан жаңа Конституция жобасының мазмұнына тоқталып, оны Әділетті Қазақстан құруға бағытталған реформалардың жалғасы ретінде бағалады.
Оның айтуынша, жаһандық геосаяси және геоэкономикалық өзгерістер жағдайында саяси жүйені жаңғырту – уақыт талабы. Жаңа Ата заң елдің ұзақ мерзімді даму бағдарын айқындап, тәуелсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға негіз болмақ.
Сенатор Конституция жобасында адам құқықтары мен бостандықтарына басымдық берілгенін атап өтті. Атап айтқанда, өмір сүру құқығын қорғау, сөз және шығармашылық еркіндігі, жеке өмірге қол сұқпаушылық, цифрлық кеңістіктегі құқықтарды қорғау, өлім жазасына тыйым салу нормалары заңнамалық деңгейде бекітілетіні айтылды. Сонымен қатар отбасы институтын қорғау, тұрғын үйге қол сұқпаушылық және экологиялық жауапкершілік мәселелері де конституциялық деңгейде қарастырылған.
Бибігүл Жексенбай жаңа Конституцияда Ұлттық құрылтай аясында көтерілген бастамалар көрініс тапқанын жеткізді. Атап айтқанда, білім мен ғылымды дамыту, инновацияны қолдау, цифрландырудың құқықтық негізін қалыптастыру, ұлттық бірегейлік пен қоғамдық келісімді нығайту мәселелері қамтылған.
Кездесуде мемлекеттік басқарудың жаңа моделіне де назар аударылды. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге бағытталғаны айтылды.
Жиын соңында қатысушылар Конституциялық реформаның маңызы жөнінде пікір алмасты. Сенатор алдағы референдум ел болашағы үшін маңызды шешім екенін атап өтіп, азаматтарды белсенді қатысуға шақырды.
Әділет ақпарат
