(Жалғасы. Басы өткен сандарда).
Кеңсесіне келісімен Бармақовты оңаша шақырып алып:
– Сен ағаңның бір ашуын кеш. Әнеукүнгі ісіме өзім қатты өкіндім. «Бас сынса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» – дегендей бұрынғыдай тату-тәтті бірге жұмыс істей берейік! – деп орнынан тұрып барып құшақтаған.
– Жарайды. Ғалымжан Жартыбаевич! – деп шегір көзімен жымсия қарап кешірген болған сияқты көрінгенімен, мына жоғарыға түскен арыздардың артында осы жыланкөз тұрғаны анық.
Жақан Сарбасов қалта телефонмен кешке сөйлесіп, мұның жер-жебіріне, жекен суына жеткізе әбден сыбап алды.
– Әй, Ғалымжан сен әлі шикі, көшенің есуас бұзақы баласы екенсің ғой. Сен төбелескіш қоразсың ба? Қораз да емес, сен шірік жұмыртқасың. Министр көкеміз сен үшін мені таяқтады, айтпаған сөзі жоқ. Қызметіңнен алып тастамақ еді, әзер сұрап қалдырдым. Сен кеуіп, пісіп жарылайын деп тұрған асқабақ екенсің. Қалай саған сенеміз енді? Талай нәрсені былықтырған көрінесің. Крахобор, коррупционер деген арыздар үстіңнен қаптап түсіп жатыр. Министр көкеміздің адамын ұрып-соғуға, кім право берді, а? Біз болмасақ сен кім едің, әлі сол институтында қағазбасты болып жүрген жалаңаяқ қайыршы, көк тиының жоқ кіші ғылыми қызметкер едің. Міне, төбемізге көтеріп, бәрін жасадық саған. Ал, сен мені әбден ұятқа қалдырып, масқара еттің, өзіңнің әлі піспеген шикі екеніңді, бәрінен де тәрбиеге көнбейтін бұзақы екеніңді көрсеттің! Әй, Ғалымжан сен үшін күйіп кететін болдым ғой. Ана арыз тексерушілерге сақ бол, абайла! Қазір ешкімді ешкім аямайды, құрып кетесің. Біз көмектесе алмай қаламыз. Есеп-қисап жағына ерекше қара, өзің тексеріп тұр деп қанша айттым! Өлетін жеріңді біл, бәлелі жерді баспа. Дым түсінбейді екенсің. Өзің жаққан өртті өзің өшір. Ана Бармақовқа қарсы келме, аузын жап, дос бол, бірігіп істе бар шаруаны. Иен даланың байлығы бәрімізге де жетеді. Ісіңмен ақтап, жаңа кен орындарын тездеп тауып, көкеміздің көңілінен шықпасаң жағдайың ауыр. Сені бәрін білетін, адамның ауанын дәл басып, сезіп отыратын білікті басшы деп жүрсем можантомпай екенсің ғой, – деп ұрысып, зіркілдегенде қара жерге кіріп кете жаздады.
Қыс бойы тексерушілермен әуре болды. Қанша жерге арыз жазылса, сол жерден алтын табардай топ-тобымен едіреңдеп, қылмыскерді ұстайтындай сұрланып жан алғыштай жетіп-жетіп келеді. Шұқшиып әр қағазды микроскоппен қарағандай бәле іздеп, апта отырып, ай отырып, қолға ілігетін факт таба алмай ақыры қабақтары ашылып, түрі жылиды. Актілерін жазып, кетерінде бұған тазалығы үшін риза болып аттанып жатты.
Күн жылынып, қар көбесі сөгіліп, қырқа-қырқа ашылып, сай-салада сылаңдап жылжып қызыл су ақты.
Экспедиция мүшелерін жинап алып, сапарға аттанды. Кең далаға шыққан кезде сарайы ашылып, күш-қуат құйылып, көңілі аспандап, көтеріліп кетеді. Жанығып таудан тау кезді, жақпар-жақпар тас тесті, құм суырған төбелерді үйіп, құдық ұңғыды, дала төсін шарлап, барлап тыныш таппады.
Көктем шығар-шықпаста Сыр бойын жағалап, құмды өлкенің құпия болып тығылып жасырынып жатқан көл-көсір қазыналарын тауып, белгіледі. Аптап жазда маңдайын күн тесіп, табанын тас тіліп, қалың орманды, зеңгір-зеңгір шыңдары мұз қалпақ киіп, аймен аймаласқан, сай-саласы бұрқыраған қалың сулы, арқар нулы Алтайды аралады. Жанынан жылан көзін сығырайтып, зәрлі күлкісін жымситып Бармақов бір елі қалмайды. Академик-геолог Бобровтың картасындағы құпия нүктелері бойынша қаншама кен орындарын тапты десеңші! Тіпті бара-бара басқа да руда қоры бар тау жыныстарын анықтап, Жақан Сарбасовқа ғаламтор арқылы үсті-үстіне жіберіп жатты. Іші жылыған Сарбасов баяғы жер-жебіріне жетіп ұрысқаны есіне түсіп, енді жылы лебіз білдіре бастады:
– Ғалымжан, сен шынында да нағыз ғалым болдың! Зерттесең, ізденсең таппай қоймайсың! Барлаушы-геологтардың мыңнан бірінің ғана басына қонатын бақыт құсы болады. Міне, бұл сенсің. Кезінде алтынның дәл қай жерде жатқанын дәл басып, жер бетіндегі өскен шөп, шашылған тас-топырақ, құмына қарап білетін Дүйсенбеков деген кісі болған. Қазіргі «Ақбақайды» да сол кісі тапқан, ешқандай ғылыми атағы да жоқ, нағыз геолог әне сол кісі! Міне, енді ХХI ғасырда сен шықтың! Жарайсың! Министр көкеміз де жақсы пейіл білдіріп, райынан қайтты, – деп министрдің орынбасары жылы-жылы сөйлесіп, жиі хабарға шығатын болды.
Құлшынып, қуанып өзіне де өзгеге де тыным бермей адам аяғы тие бермес шың-құздарға, жанама сайларға, ну қорыс тоғай-ормандарға да қарамай асқақ Алтайды әбден шарлады. Іздей білсең – қазақ жерінің асты толған не деген қазына, қат-қабат жатқан ен байлық.
Шаршап, көп жүріп қалса жонарқасы сырқырап, ауыратынды шығарды.
Кетарал деген ауруын басатын дәріні жағып алады, қасынан тастамай жүріп Райханға уқалатып, құрысқан-тырысқанын жаздырып, массаж жасатады.
– Дәрігерге қаратсайшы, асқынып кетеді ғой, – деп Райхан қанша қиылып сұраса да:
– Қысқа қарай жұмыс саябырсиды. Сол кезде көрермін, – деп өрекпіп бой бермейді.
Жыланкөз Бармақов орынбасары да қамқорсып, бұл бірер күн жатып қалса халін сұрап қалаға жөнелтейік деп елпек қағады. Жырынды қу нені ойлап тұр, қарша бораған арыздардың бәрін жаздырған осы зымиян деген әңгіме қаулап, құлағына шалынса да сыр бермегенсіді. Іші жібімей, қара тас ашуы қанша алқымына келіп тұрса да, өзін-өзі сабырға шақырып әзер тежейді. Бірдеңені ушықтырса министр көкесі мұны қалпақша қағып жіберерін, орнына мына сілімтік орынбасарын қоя саларын сезіп жүр.
Шөп буыны қатып, қурай бастаған тұста түнге қарай таудан салқын ұрады. Алты ай ақ тер, көк тер болып жүріп тапқан кен орындары жайлы материалдарын іріктеп, қорытып жазып министрлікке жеткіз деп Жақан Сарбасов телефон шалды.
Бүкіл экспедиция мүшелерін жинап, он күнге ауылдарына барып келуге демалыс берді. Өзі жол-жөнекей Шу өзенімен құлдилап, қамысты-шилі болып кететін төменгі ағысы тұсындағы ауылға ат басын тіреді.
Данышпан Бобров шалдың картасын бергенде «Өте мол қор бар бұл жерде. Тек кейін жанына моноқала, жол салып барып ақтарып, зерттеп аларсың» – деген соң құпия ұстап, жан баласына айтпаған.
– Уранға – қазақ елі өте бай. Ерінбей зерттеп, іздей білсең – шаш етектен байлық жердің астында жатыр. Көзін тауып, игілікке жұмсасаң – бұл телегей теңіз қазына. Бүкіл Еуропа, Америка АЭС-тер салып, энергия қуатына қарық болып отыр. Ал, асығып шалағайлықпен шатпақтап, өлермендікпен қомағайлана бәрін ашып-шашып тастасақ – ол тажал. Қаншама ел – осы байлыққа қол жеткізе алмай армандап, жерін қанша піскілеп, тескілесе де дым таба алмай, енді сырттан сатып алғысы келіп алақан жаюда. Ал, оларға сатуға, беруге болмайды, бірден ядролық бомба жасап, қоқаңдап, доқ көрсетіп, жаңа жойқын қаруға ие болмақшы. Бұл ядролық бомбалардың қазір көптігі сонша жер шары секілді жүз планетаны от-жалынға оратып, өртеп, жоқ қылып жіберердей орасан қуаты бар. Міне, бірнеше мемлекет ядролық қаруға қол жеткізіп, бомбаларды қат-қат сан жетпес текшелеп жинап қоюда. Бір тал шырпы бір орманды өртеп жібереді, егер бір ел мұндай бомбасын жарса қарсыластары дереу кірісіп, әлем әп-сәтте айықпас дерт, өшірілмес өрт, түп-түгел күйіп, тіршілік атаулы жоқ болып, мәңгі-бақи өшіп галактикамыздан ауып, тоз-тоз болып бөлшектеніп, радиациялы шаң-тозаңға айналып бітеміз. Біз тіршілік үшін емес, өлім үшін, өшу үшін жер қойнауларын ашып, осы бір кенді жанталаса іздеудеміз. Мен өзім академик Сахаровпен сөйлескеннен кейін бәрінен бас тарттым. Қаншама жерден осының қазынасын таптым, бірақ олардың бәрін құпиялап, жасырып ұстадым. Қазған ұңғыма құдық аузын шегендеп, цементтеп жауып, шыммен бекітіп, үстіне сол өңірде өсетін тікен, табиғи ши өсіріп кеттік. Өте құпия ұстадым, тек сия қарындашпен ғана картама түсіріп қойып отырдым. Бұл картаны саған бердім, енді өзің абайла, ойыңа салып салмақтап көр, – деп ескерткен ғұлама Вася ағай сөзі көкейінде сайрап тұр. Дегенмен де Бармақовқа қол жұмсағаны өзіне пәле болып жабысып, құрып кете жаздады. Басшылар алдында жиған абыройдан жұрдай болып, қатты күйінді. Көкелерінің сенімінен шығу үшін жанын салып, күн-түн демей қаншама кен құдықтарды тауып, қайта зерттеп, дәлелдеп министрлікке электр поштамен үсті-үстіне қуанышты хабарларды жеткізіп жатты. Бастықтарының көзіне түскісі келіп, тек өзі ғана біліп ішіне сақтап жүретін біраз құпия, құнды деректерді жайып салды.
Министр көкесінің мұның қырық беске толған туған күніне орай Мәскеуден ғылым докторы атағын алғанын айта келіп, жаңа табыстарға әлі де жете беретініне кәміл сенемін деген құттықтау жібергенін оқып, мәре-сәре болғаны бар.
Бұл жерді бір келіп көру көптен көкейінде жүретұғын. Алатаудан жұлқына құлдилаған Шу өзені иен далаға жеткен соң байыз тауып, кенересін толтыра жайлап ағады да, Мойынқұмның тұсынан өтер тұста қопа-қопа қара суға айналып, ары қарай тарамдалып, жылап ағар көлшіктер болып барып-барып, құмға сіңіп жоғалады. Үкілері желбіреген қалың қамыстан жылтыраған су көрінбейді, қопа сазда сымпылдап ұшқан қалың құс шуы мен кешкілік бақалардың бақылдағаны басылмайды.
Қопалы жерден көлбей көрінген жота аясындағы аз түтінді ауыл тым жүдеу. Көп үйлер иесіз, көшіп кетсе керек, есік-терезелері алынған, қирап жатыр. Аңызақ аптапта көшеде жан жоқ. «Дүкен» деп жазылған шатырлы үйдің алдына келіп тоқтап, ішіне кіріп еді бұрышта екі еркек бөшкеге сүйеніп бір бөтелкені ортасына қойып, арақ ішіп тұр. Ар жақтан жасы келіп қалған мосқал әйел: – Қане, үйлеріңізге барыңыздар, шығыңдар магазиннен – деп ана мыжырайған, ұсқыны кеткен екі мүскінді қуып шықты. Дүкен сөрелері арақ-шарап, сыра, түрлі сусынға толып тұр. Бұрышта бау-бақша өнімдері жерде төгіліп жатыр.
– Иә, сері жігіт, не алайын деп едіңіз? – деді сатушы әйел көзін қылмитып. Ақшалы жан екенін байқап, дереу түрін өзгертіп, сөйлеп жүріп берді. – Аңшылық құруға келдіңіздер ме? Бізде бәрі бар, мылтық та, оқ-дәрісі де, қармақ, ау да табамыз. Мына қамыстың ішінде аңның түр-түрі өріп жүр. Жол сілтеп апаратын адам да дайын. Үйдегі ағаларың нағыз аңшы, көктал, шашлык, аң-құс етінен неше түрлі дәмді тамақ жасап бере алатын бесаспап маман. Тек ақысын төлесеңіз болды.
– Маған бір жәшік минералды су беріңізші. Содан кейін «Жер кіндігі» деген жердегі бақсы кемпір қай жерде?
– Ә-ә, сол кісіге келдіңіздер ме? Ол анау қырқаның астындағы сайда тұрады. Білмейтіні жоқ әулие жан. Памир тауынан келген дәуріш. Төрт жыл бұрын пайда болды да «Тура осы ара – жер кіндігі» – деп сол сайда тұрып қалды. Сайдың қабағында ібілістің үңгірі бар.
– Жеңеше, бір үндік сойып сорпа, картөшке қосып, қуырдақ жасап қойсаңыз. Қайтарда сіздің үйден шәй ішіп қайтайық, – деп қалтасынан бес жүз долларды бергенде сатушы күлмең қағып, елпек қақты.
– Ағаң үйде, қазір-қазір бәрін дайындаймыз. Сүтпен шәй береміз, ағаң балық ұстап әкелген ерте тұрып, соны сізге қуырып жіберемін. Үйде мұздатқышта виски, коньяктың неше түрі бар, – деп етжеңділігіне қарамай ұршықша үйірілді. – Бұрын мұнда қаракөл совхозы болған, қырық мың қойы бар еді, бәрі тарап, міне ауылда небәрі отыздай ғана түтін қалдық. Мына дүкеннің артындағы көк қаңылтырлы біздің үй, күтеміз, – деп далаға дейін шығарып салды.
Шу жағалай салынған жолдың рәсуасы шыққан, ойдым-ойдым, әбден тозған. Ал, сатушы нұсқаған жаққа қарай қостабан ізді дала жолының шаңы бұрқырап жатыр. Селк-селк еткен машина әбден зықысын кетіріп, арқасын удай ашып, қиналғаны-ай. Ит өлген бұл жерге кейін бір келуге болатын еді, жоқ жеке өзі ғана көріп кеткісі келіп аңсары ауды да тұрды.
Күйген терідей қарайып кеткен қырқаларға қарай созылған қос табан дала жолының үлпек шаңы кабинаға бұрқ-бұрқ кіреді. Дөңес үстіне шыға келгенде арғы сайдың өзегінде тұрған төрт-бес машина, бір-екі жатаған там көзге шалынды.
Ақ шаңды бұрқыратып соған қарай төмен түсті.
Машиналар тұрған жерден бір топ адам жотаға қарай жалғыз аяқ жолмен көтеріліп барады, бұл да солардың соңынан ілесті. Жақпар-жақпар күнге қақталып, желге қағылған қызыл жартастар қаптаған тұсқа келгенде бәрі иіріліп тоқтады. Ғалымжан ентігіп, белі ауырып жайы болмай қара шүмек тер көміп, жейдесінің арқасы шылқыған су болып кетті.
Үлкен жартас түбіне тоқтағанда бәрін бастап келген ұзын көйлек, басына айыр телпек киген, қолына өзінен ұзын қоңыраулы ақ таяқ ұстаған қара шұбар кемпір:
– Уа, пенделерім! Жер кіндігіне сендерді әруақтар бой бермей айдап әкелді. Әруақтарың өте күшті! Қазір міне мынау дәу жартастың бұрышында үлкен үңгір бар. Қасиетіңнен айналайын қара жердің демін білемін, емін аламын, шипасы бойыма дарысын деген Алланың пенделері, Сендерді мен түс көріп кім екендеріңді біліп алғанмын. Жер-Ананың қасиетті босағасы бұл, оған сиынып, ешбір артық-ауыс сөз айтпай, жаман ойлардан түгел ада-күде болып, оң аяқтарыңызбен аттаңыздар. Сол жақтарыңыздағы темір қобдишаға жеке ой-тілектеріңізді айтып, садақаларыңызды тастайсыз да, ары қарай ақырын сабырмен қырық қадам аттайсыздар. Жер – Ана сол жерде Сіздерді көріп, біліп, сезіп, тілектеріңізді қабыл етеді, — деп қарабұжыр кемпір қолындағы ақ таяғын көтеріп-көтеріп қойғанда, ондағы ілулі тұрған ешкінің құлағындай бес-алты кішкентай қоңыраулар шылдырлап, денеңді тітіркендіреді.
– Сіз кім боласыз? – деді Ғалымжан ентігін баса алмай.
– Мен Жер-Ананың қақ ортасы, кіндігінің көріпкел шырақшысы, Адам
Атаның атап қойған бақсы-балгері Рузаханум апаңмын. Түнде айқара айға қарап болжаймын, күндіз жер кіндігіне кірген пенделердің бар ой-тілегін біліп, жолын ашамын, бәле-жаладан қорғаймын, ауру-сырқауынан айықтыратын тұмар беремін, – деп бұған дәу ала көздерімен ата қарағанда мұздай өткір суық жанарынан жасқанып, ары қарай үндемей тұрып қалды.
Рузаханум қоңыраулатып сыңғырлатып, дәу қара жартасты айналғанда бетін шарбақпен бекітіп қойған үңгірді көрді. Шарбақты ашып, бәрі ішіне бірлеп-бірлеп кіре бастады.
Ғалымжанның жүрегі атқақтай соғып, ашуға булығып, қаражартасқа арқасын сүйеп, дереу доземетрін алып қарай бастады. Мәссаған радиация шатқаяқтан көтеріліп, ұрып тұр. Үңгірдің опырылған аузынан салқын сызды леп еседі. Бұл ғұлама геолог Бобровтың әспеттеп, жасырып, әзірге ешкімге білдірмегің деп табыстаған атақты «Шу» кеніші ғой. Осында айлап жатып, тауды көлденеңдей үңгіп, тасты тесіп бұрғы салғанда тапқан олжасы. Бұл қазынаны келер ұрпаққа табыстарсың деген өсиетін бойтұмардай етіп қадап айтып, уәдесін алып, тек сырттай ғана анда-мұнда көз салып бақылап қоярсың дегені бар. Әулие шалдың сол тілегі бойынша осынау шыжғырған басыңдағы шашың жидіп түсер өрттей ыстықта арнайы келген беті. Енді мына сұмдықты көріп есі шықты.
– Қайтыңдар! – деп тапырақтай тұра ұмтылып еді, бел омыртқасы үгіліп түсердей күтірлеп, қиралаң етіп, шоңқиып отыра кетті. Екі ұмтылып белі сынған түйедей қиралаңдап тұра алсашы.
Іші қап-қара үңгірден сап-салқын леппен радиация ұрып тұр. Қалта телефонмен төмендегі шоферін шақыртты. Ол келіп мұны көтеріп, жартасқа сүйентіп тұрғанда ішке кіргендер де біртіндеп шыға бастады. Бәрі бет-ауыздарын жуған, қолдары су-су.
– Қырық қадамнан ары қарай қабырғаның бәрі көк ала мұз.
– Содан мөлдір тамшылар тамшылап тотияйындай көкшілдене көл пайда болыпты. Соткамды жағып көрдім.
– Жаңа шаршап, жабырқап келіп едім, енді ұшатын құстай көңілім алып ұшып, шаттанып тұрмын.
– Мен де бір асқақ қуаныш, зор сенім пайда болды.
– Ауруымды ұмытып, таяқты тастап, беліме қыстырып шыққанымды айтсайшы!
Жиырма шақты адамның көбісі шал-кемпір, тек бірлі-жарым жастар жүдеу-ауру. Бәрі де әсерленіп, жүздеріне күлкі ойнап, шаттанып тұр.
Ең соңынан шыққан Рузаханум апай:
– Қара жердің өзегіне жақындадыңдар, қасиетін көріп, байқадыңдар. Қазір үйге барған соң жердің кіндігінен алынған кие-нұрға бөленген шапағатты бойтұмарды беремін. Ол сендерді бәле-жаладан қорғайды. Біз қара жерден жаралғанбыз, кейін бәріміздің де мәңгілік мекеніміз – қара жер. Міне, сендердің арнайы ат ізін салып келгендеріңе разы болған Жер-Ана шипа демін үрлеп, сендердің жүрек-жүйкелеріңді шуақтандырып жіберді. Сендер үш мәрте келесіңдер, бар жабысқан ауру-кеселден құтылып, жолдарың ашылады. Қара жер кіндігіне үш мәрте келіп тағзым етіп қойыңдар, — деп шырақшы бақсы ара-арасында түсініксіздеу бір сарынды – сөздерді қосып, уағызын айта бастағанда бәрі жыланға арбалған торғайдың балапанындай ауыздарын аша ентелеп, қалшиып, бастарын шұлғып, құлдық ұрып тұр.
– Рузаханум апай, сіз кішкене кідіре тұрыңызшы, – деді Ғалымжан кемпірге жақындап келіп.
– Менің мына жерді әспеттеп аялаған жамағаттардан жасырар сыр-құпиям жоқ. Айтарыңды айта бер – деді бұған төбеден шекелей қарап.
– Сізге мына жерді пайдалануға, үңгірді ашуға кім рұқсат берді?
– Қарағым, онда сенің шаруаң болмасын. Анау сайдағы үйлер тұрғаннан осы араға дейін түгел жекеменшігіміз. Онда не істейміз, өзіміз білеміз. Сен өзің қараниет арқалап келген кісәпір жан екенсің. Қай жолмен келдің, соныңмен қайқай.
Қалта телефонымен Райханға бірден тапсырма берді:
– Ауылда Шымкентте үйдемін дейсің бе? Онда тыңдап ал. Бүгін жұма ма, келесі жұма күні комбинаттан құрылысшыларды алып кел, мұнда рудниктің аузын ашып тастапты, соны бекітеміз. Юристі де ерте кел, мына жерді қайтарып, мемлекетке алуымыз керек! – деп айқай салды.
Бақсы кемпірдің оң жақ көзінің алдындағы қап-қара бұршақтай қалы да бадырайып, көзі шадырайып, шытынап айқай салды.
– Сен енді мұнда келе алмайсың! Сен күнәһарды қара жердің киесі ұрады. Мына жер кіндігіндегі үңгірдің анау ішінде алты басты алып қаранардай мойыны иір-иір ібіліс бар. Қаранар ібілісті тілі келмегендер коронавирус деп атап кеткен. Ол анау Шудың шалқар суын жалғыз өзі сорып, балқып сусындап жатыр. Ей, пенделерім! Қасиетті жерді қорламаңдар. Мына міскін жерді тесіп-тесіп, астын үстіне шығарып жүрген, жерді қорлап, зорлап жүрген, адамзатқа жамандық ойлап жүрген жат пиғылды қорқау жан. Сондай пейілдері бұзылған, адамдықтан кеткендерге ашуланған алты басты қара нар ібіліс мына жеті қат жер астынан шығып, күңіреніп, лағнет айтқанда аузымен улы дерт үрлеп, әлемге ажал шашқанда тәубелеріңе келіп, тізерлеп шүкіршілік етесіңдер! Аузынан шыққан ажал лебінен қашқан тірі жан шыбын жанын қоярға жер таппай қуыс-қуысқа тығылып, зәрезеп болар. Қасиетті қара жер адамзаттың қылық-пейіліне наза болып, қаранар ібілісті жұмсағанда бір жұтым таза ауаға, бір шымшым топырағына зар болып, шыбынша қырылып кетер. Асылық айтып, адамдық ар қасиеттерден жұрдай болғандарды қара жер жазалайды әлі, — деп шаңқылдап, бақсы кемпір зар гөй-гөйіне салғанда тұла бойы қалшылдап, шоферінің сүйемелдеуімен төмен қалтылдап, әзер түсті.
(Жалғасы бар).
Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,
жазушы, қоғам қайраткері, «Әділет. Рухани жаңғыру»
газеті редакциясының алқа төрағасы