ҚАЛИЛА ҚОЖАНЫҢ ХИКАЯЛАРЫ

Әдебиет
35 Views


ҚАЛИЛА ҚОЖАНЫҢ ХИКАЯЛАРЫ

(Жалғасы. Басы өткен сандарда).

ҚУАНЫШ АТАМАН

Қалила мен Рыскүлдің тұңғышы, Ниматулла көкеміз бен Хадиша анамыздың алғашқы немересі болғандықтан, Қуаныш батыр еркін өсті, бүкіл әулеттің еркесі болды. Төбесінде ойнақтағанды кім жақтыра қойсын, шектен тыс сотқарлығы үшін атасы мен апасы жоқта немере ағалары Бауыржан мен Абдулладан таяқ жеп, ботадай боздап, туыстарына жұдырық түйіп:

– Мен өскен соң, сендердің әкелерің кім екендігін танытамын! Көр де тұр, екеуіңнен де өш алатын боламын, – деп сес көрсетуші еді.

Қуаныш бірінші сыныпты аттаған күннен бастап, бүкіл мектепті шулатты. Сәл жақпай қалса, өзі қатарлас кішкентай ер балаларды қуып жүріп сабайды, қыздардың бұрымдарынан тартып, шыңғыртып қуып ойнағанды жақсы көреді. Сынып «атаманынан» бәрі қорқады, мені ұра көрмеші деп біреуі шоколад, кәмпит, енді біреуі пряник береді. Дань бермей көрсін, таяқ жейді. Мұғалімге шағым айтқан балаларды аямайды, көздеріне көк шыбын үймелетеді.

Қуаныш үшінші сыныпта оқып жүргенде томпиып қалған баламен бір партада отырды. Оның да есімі – Қуаныш, фамилиясы – Омаров. Ниматулла ақсақалдың немересіне қарағанда екінші Қуаныш Омаров есепті семішкіше шағады, жазуы да жақсы, маржандай тізіліп тұрады. Үй тапсырмасын орындамай келетін Қуаныш «атаман» парталасының дәптерін тартып алып, мұғалімге тапсырып, кілең бес алады. Ал, томпақ Қуаныш үнемі екілік алып, мұғалімнен ұрыс естиді, үйде мамасынан таяқ жеп, үнемі көзі бозарып жүреді. Шындықты айтайын десе, «атаманнан» қорқады. Бір күні екінші Қуаныш Омаровтың атасы мектепке келіп, үлкен шу шықты. Атаман Қуаныштың бопсалауы әшкере болып, басына пәле болып жабысты. Атасы Ниматулланың беделінің арқасында ғана шу әрең басылып, екінші Қуаныш Омаров басқа сыныпқа ауыстырылды.

Қанша тентектік жасаса да, Ниматулла атасы: «Жауды шаптырмай тыныш отырыңдаршы, өздеріңнің бала болғандарыңды ұмыттыңдар ма? Түбінде осы қара тентегімнен бірдеңе шығар», – деп айналып-толғанып, немересінің үстіне шаң жуытпайтын.

«Көрінген таудың алыстығы жоқ» демекші, Қуаныш атасының сенімін ақтады. Мектеп бітірген соң, Алматы политехникалық колледжінің кино-видео факультетін ойдағыдай бітіріп, әкесі Қалила Омаровтың үлкен тәжірибесінен өтті. Бүгінде Қуаныш інім нағыз сегіз қырлы, бір сырлы жігіт. Өзі кинооператор, монтаж жасаудың шебері, режиссерлігі де әкесінен кем емес. Біраз жыл Астанада Қазақ теледидарында қызмет етіп қайтты. Қазір өзінің жеке телестудиясы бар. Оля келін екеуі сүйкімді ұл-қыз сүйіп отыр. Әзірше Монғол көшесіндегі әкесінің ескі үйінде тұрып жатыр. Келешекте үлкен үй салу жөнінде жоспары бар. Қолы босай қалса, Айқожа бастаған ұл-қыздарын ертіп, қызыққа толы балалық шағы өткен Жаңақорғанға асығады.

Бала кезінде қысым жасап, күн көрсетпейтін парталасы – Қуаныш Омаров бүгінде полиция полковнигі, аудандық Ішкі істер басқармасын басқарады. Сыныптастар бас қоса қалса: «Бұл қызыл көз бәледен көрмеген қорлығымыз жоқ, шетімізден сабады. Полковник Қуаныш Омаров, қолыңнан келіп тұр ғой, мына «атаманды» екі-үш күнге қамап қойып, өшімізді алыпш», – деп әзілдейді.

…Өткен жазда Қалиланы іздеп, Монғол көшесіндегі үйіне қаңғалақтап бара қалдым. Омаровтар жан-жақтан жиналып, мәз-мәйрам болып отыр екен. Қуанышқа кішкентай кезінде «қорлық» көрсеткен Бауыржан мен Абдулла балаларымен, немерелерімен алыстағы Жаңақорғаннан келіпті. Резинадан жасалған бассейнге суға түскен кішкентай қожалар асыр салуда. Бауыржанның жанында отырған Қуаныш немере ағасының баласы Баймұратты шап беріп ұстап:

– Бауыржан көке, кішкентай кезімде құйрықтан сабағаныңды ұмытпаған боларсың, кек алатын кез келді. Мына балаңды қазір суға лақтырамын, – деп орнынан тұра берді.

– Қой, қой, Қуаныш! Балалығың әлі қалмаған ба? Баймұраттың бір жерін майып қыларсың мына түріңмен! Айыбымды төлейін, Алматыны аралатып, қалағаныңша сыра алып берейін, – деп Бауыржан баласына ұмтылды.

Қуаныш жанында отырған көкесі Әбдрахманға көзін қысып, Абдулланың немересі Асланға қарай бет алды.

– Мына сап-сары кім өзі? Ә, Абдулланың немересі екен ғой. Сенің атаң бала кезімде күн көрсетпей, көзіме көк шыбын үймелетуші еді. Сол өшімді алып, атаң үшін қазір сені сабаймын.

Жайбарақат темекісін шегіп отырған Абдулла: «Ойпырмай, менен таяқ жегеніңді әлі ұмытпаған екенсің-ау, Қуаныш! Айып шапаның менен», – деп қалтасынан пұлын шығара бастады.

Жарасымды әзіл-қалжыңға бәріміз мәз болып күліп жатырмыз. Үлкен үйдің кіре берісіндегі есіктен Рыскүлдің басы қылтиды.

– Шеттеріңнен бала-шаға болып кеткенсіңдер ме?» – деді Қалиланың бәйбішесі жымия күліп – үйге жүріңдер, шай суып қалатын болды.

Бәріміз орнымыздан тұрып, ішке бет алдық. Рыскүлдің қолынан шай ішпегелі көп болды.

ӘЙ, ПЕНДЕШІЛІК-АЙ!..

(Қалила айтқан мөлтек сырлар)

Мағжанның көзін көргендерді іздейтіндер маған дән риза, арнайы хабарласып, алғыстарын айтты. Олар Мағжан туралы зерттеу жүргізіп, ішкі жан дүниесін ерекше сезінгісі келген Дулат Исабеков және Мұхтар Әуезов театрында «Мағжан» спектаклін қойған әйел режиссер.

– Қалеке, мен Мағжан туралы ЮТУБ-қа салынған барлық материалыңызды қарап шықтым. Ішіндегі ең тұшымды қазынасы – тірі куәгерлердің естеліктерін «концервациялаған» сіздің «Мағжан» деректі фильміңіз болып шықты. Сол үшін сізге рахмет айтамын! – деп режиссер келіншек телефон соққанда, тақыр төбем көкке бір елі ғана жетпей қалды. Ең қызығы, дәл сол кезде, үйде бүкіл дүниеге өкпелеп, теріс қарап жатқанмын.

– Сендей шаршаған шалдарға түсірілетін кино жоқ! – деп Әсет Ерназаров «Қазақфильмнен» есігін көрсеткен болатын.

– Сонша атақты болсаң да, сен кімге керексің? – деп келіншегім Рыскүл де отқа май құйған-ды.

«Мағжан» деректі фильмін түсіру кезіндегі жан дүниемнің арпалысын, мен туралы драмалық пьеса жазған Нұрлан Қами және Дінмұхаммед Әбжаппаров түсінді, солар мені іздеді… Замандас суреткерлердің іздегені – аштықта жеген құйқаның дәмі сияқты, жүрекке тәтті сезім ұялатады.

1993 жылы Мағжанның 100 жылдық тойына Солтүстік Қазақстан облысының әкімі мені арнайы тойға шақырып, екі рет жедел хат жіберіпті. Студияның директоры Әбжан Жақсыбеков бұл телеграммаларды газеттердің арасына тығып, қоқысқа таста деп хатшы қызға берген. Сол қоқысқа тасталған газеттерді оқитын жаман әдетім бар еді, бір газетті ашқанымда сол қос жеделхат сусып жерге түсе берді. Не жыларымды, не күлерімді білмедім, жан-жағыма жаутаңдап, жетім баланың хәлін кештім. Жер жатып жамандамасын, директорымыз ішегіне пышақ айналмайтын қызғаншақ, пендешіліктен аса алмайтын адам еді.

Көзімнен үзіліп түскен бір тамшы жас қолымдағы телеграммаға тамып, хатшы қызға бардым. Гуляның көзі жыпылықтап:

– Қалила аға, екі телеграмманы да директордың өз қолына бергенмін. Өзім Қалиланың қолына беріп қуантайын деп алып қалған, – деп шыр-пыр болды.

Құдай сыбырлағанды да естиді деген.

– Режиссер Омаровтың телефонын беріңіздерші, өз қаржымызға шақырып, сый-сияпатымызды жасайық, – деп солтүстік қазақстандық ағайындар жалынғандай болып, телефон соғыпты. «Қалила жолсапарда еді» деп бұл жолы да директор екі беті былш етпей өтірікті соғыпты.

Өнер, кино саласына жеті қайнаса да сорпасы қосылмайтын бұл шала директор бір Қалила ғана емес, өсіп келе жатқан талай талантты қазақ жастарын зар қақсатып, қоңыз тергізіп жіберді.

Әбжан Жақсыбековтың алдында «Қазақтелефильмді» басқарған Кәрім Танаевты, Мұса Рахманбердиевты есіме алғанда Қалиланың жүрегі елжіреп жүре береді. Парасатты, жомарт, кең пейілді, кино саласының бүге-шігесіне дейін білетін тұлғалар еді ғой олар!

Ғаділбек Шаяхметов, Шерхан Мұртаза ағаларымның жасаған қамқорлығын, жақсылығын өмір бойы ұмытпаймын.

Ұлттық мүдде қылкөпіріндегі Қазақ интеллигенциясының Саяси Реализмі:

Әбіш жолы, Шерхан жолы және Алтынбек жолы. Басқаның бәрі ДАЛБАСА тұйықтан шығатын жол деп айта алмаймын.

Шер ағамның мың ғасырлық Шері жеті қабат аспанға да сыймас… Абызымның жұдырықтай жүрегіне қалай сыйып жүр екен шер атаулы. Көріңде өкіргір Голощекинге жылап көрісетін заман тумасына кім кепіл?!

Біз капиталистік Қазақстанның қара халқымыз! Әккі капиталистен адами опа күту – салафитке Аруақты мойындатқаннан да бос әурешілік. Олардың бет пердесі 30 рет Ата Заңды бұзғанда-ақ ашылған. Қазақ зиялы қауымы Ұлттық тарихи міндетін қорғасын оққа, халық үмітін арқалағандары атақ пен ақшаға айырбастады! Бұл олардың мәңгілік соры! Бақ ұшты!

Енді әлемдік деңгейде жазатын классик Қазақ осы құйтырқы ҚАЗАҚ ТРАГЕДИЯСЫН жазып шығуы тиіс. Аштықта жартысын жалмаған қазақтың 360-тай көтеріліс пен дүмпулері өтіп, қаймағының бәрі тоз-тоз болып құрып кетті. Эфирден түспейтін сайқымазақ – бүгінгінің қаймағы! Қанша жылда қазақ жұтылады? Мамандар айтсын. Біліп өлейік!

Шерағаңа тиіспей-ақ қойыңдар. Шамасы келгенше күресті, алданды, жеңілді. Бірақ ешкімнің қолын сүйген жоқ! Ең бастысы, кейбіреулер сияқты мұнай вышкасына сатылмады. Ол кісіні дозақтан қорғайтын жалғыз пропускасы – осы.

Барлық залалды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жалғыз өзінен көру дұрыс болмас! Ол кісі де пенде емес пе?! Оның үстіне жағымпаздар: «Алып империялар жасаған Наполеон мен Моисейсің» деп мақтап, мадақтап, далақтатты.

Шынымен, мүмкін болашақты болжаған Пайғамбар шығар? Мына топырлаған абыздың бәрі бірдеңені сезгесін шулап жүрген болар. Бізге олардың орнында болып, жақыннан сезіну қайда?!

Айтпақшы, Масимовтың жолы өрлейтініне күмәнім жоқ. Қытайдың мүддесіне қол сұқпайтын сумақай емес пе ол?

Менің осы көзқарасымды теріс деп дәлелдеп беріңіздерші. Мен де адам құсап мәңгүрттенейін. Мен сорлы адамға да, сорлы ұлтқа да еш күлген адам емеспін. Оңашада Ноғай зарын есіткендей боламын…

Қазақ теледидарының Бас директоры, қазақтың көрнекті жазушысы Дулат Алматыдағы біраз елшілерді жинап, ашаршылық туралы түсірген «Нәубет» деректі фильмді көрсетті. Жан түршігерлік ақиқатты жайып салған туынды ешкімді бей-жай қалдырған жоқ. Батыс Германия құлшыныс танытып, деректі фильмді сатып алатын болды. Сөйтіп, жалпыеуропалық премьера жасауға жол ашылды. Менен асқан бақытты жан жоқ, екі езуім екі құлағыма жетіп, Міржақыповтың мәйітін әкелуге Беломорканалға кеттім. Алматыға оралып, өзім жұмыс атқаратын «Қазақфильмге» кірмей жатып, тағы да нокдаун алдым. «Балаларды жеген әйелдерді көрсету арқылы режиссер бүкіл қазақ халқын қорлады» деп, құнды кадрлар қайшыға ілініп, қоқыс тастайтын жәшікке лақтырылыпты. Шындық пен ақиқаты жоғалып, шонтиып қалған деректі туындыны сатып алудан немістер бас тартты.

Қазақстан Кинематографистер одағының төрағасы Ораз Рымжановтан факс нөмірі арқылы жарнама буклетімді жіберуді сұрадым. Ораздың көзі ақырайып, кабинетіне кіргізбеді.

– Қалила, саған факс жоқ! Шет елге бір шықсаң, сені ешкім тоқтата алмайды. Өзімізге валюта жетпейді, айналайын, басымды қатырмай аулақ жүр! – деп ат-тонын ала қашты.

Кезекті қылыш жүзіндегі киномды худсоветке көрсетуге бара жатқанымда, христиан дініндегі монтажер келіншектер: Наталья Кривенцева мен Нина Овсянникова маған байқатпай, арқамнан крестеріне шоқынып, дұға оқитын. Наталья Соломонованың:

– Қалила, сенің екі-ақ жолың бар. Саған Мемлекеттік сыйлық береді, не өлтіреді, болмаса алқаш қылып, қаңғытып жібереді. Монтаж кезінде арақ ішетін болсаң, мен сенімен жұмыс істемеймін, – деп ультиматум қойғаны әлі есімде. Осының арқасында, талай кином сәтті шықты.

Сондай құз шетіндегі суицидтен талай құтқарған психологиялық тәсілім болды. Өз «тупик состояниямды» кино кейіпкерлерім Міржақып пен Мағжан тағдырындағы аналогпен салыстырамын. Түнек серпіліп, күн шайдай ашылады! Мені әлі түрмеге отырғызып, атқан жоқ қой! – деп шүкіршілік етемін. Тым қиналсам, Хадиша анама ренжимін, мені неге дүние парқын ажырата алмайтын сәл ақымақтау етіп туа салмадыңыз! – деп. Бірақ, Хадиша анама ренжуге еш қақым жоқ еді, өйткені, он перзентін қалай жеткіземін деп, қанша намысқой болса да, қара жұмыстан қашпады. Қазақстанға, туған жерімізге оралған соң, өмір бойы еден жуды. Үлкен ишанның тұқымы еді, қуғын-сүргіннің диірменінде оқуға шамасы болмады. Әкем Нематулла өмірге еркелеп өткен әулие кісі еді. Бірақ турасын айтатын қырсық мінезін халық сыйлайтын. Анам мен Әкемнің маған берген тектілік тәрбиесі осы болды.

ЗИМАНОВ НЕГЕ СҰХБАТ БЕРМЕДІ?

2004 жылы атақты актер Жұмабай Медетбаевтың ұлы Дәурен екеуміз «МИР» телекомпаниясында түсіріліп жатқан «Философ Нысанбаев» деректі фильміне Салық ағадан сұхбат алатын болдық.

Тіп-тік еңселі, әр сөзі мірдің оғындай дәл, нақты сөйлейтін Салық ағаны алғаш 1991 жылы жазушы Рақымжан Отарбаев сценарийі бойынша түсірілген «Мұхамед Салық мырзаның өмірі мен өлімі» атты туындының премьерасына Ғаділбек Шалахметов ертіп келді.

Патшалық Ресей империясының шовинистік саясаты құрбаны туралы түсірілген фильмге академик эфирлік жолдама берген еді.

Арада біраз жылдар өтіп, атақты академикпен тағы кездесіп отырмын. Жоғарыдағы Герб пен жанындағы көзі байлаулы юриспруденция богинясының қолындағы таразыны меңзеп, столында жатқан «Қазақстан Конституциясын» көрсетіп:

– Қалай? – деп үнсіз телмірдім.

Академик «Бетакам» кино камерасына қарады.

– Ол өшірулі, – деп теріс бұрдым.

Салық ағаның айтқаны:

– Жердің асты-үстіндегі байлығы қазақтың өзіне бұйырмайтын әлемдік құқылы Конституция жасап бердім. Әр жерін өшіре-өшіре шұрқ тесік болды.

Академик үнсіз қалды. Көз жанарынан:

«Құйрық сүртетін қағазға да жарамайды-ау!» – деген ойды анық оқуға болатын еді.

– Енді сол процесті Қазақтың Ұлттық мүддесімен байланыстырып айтып берсеңізші. Жазып алайын, – дедім батылданып.

– Қалила, айналайын! Ұйқың тыныш па?

– Иә.

– Олай болса, тыныш ұйықтап, киноларыңды түсіре берсеңші.

Әрі қарай сұхбат өрбімеді.

«Қазақфильм» киностудиясының директоры Сергей Азимовтың тапсырмасымен Қастеев музейінде Әбдіжәміл Нұрпейісовтің ауыр тағдырлы суретші қызының көрмесінде академик Салық Зимановпен кездесіп қалдым. «Жығылған күреске тоймайды» демекші, бұл жолы да жаңадан қабылданған Ата Заң туралы сұхбат беруін өтіндім.

– Қалила, айттым ғой саған…

Академик қатулы жүзін бұра берді.

…Философ Нысанбаев туралы түсірген деректі фильмім сәтті шығып, «Это твой последний фильм. Тебе крышка!» дегендердің аузына құм құйылды. Басыма төніп тұрған бәле-жаладан құтқарған сол кездегі Қазақ теле-радио корпорациясының төрағасы Ғаділбек Шалахметов еді. Эфирден соң, киношниктердің ырымы бойынша, Бас директор Фидельдің кабинетінде, Бесарықтан енем беріп жіберген «Москваның айрықша арағымен» жудық. Тіс басарымыз банкідегі тұздалған қияр болды…

* * *

Нұрсұлтан Назарбаев алғашқы рет Президент болып сайланды. Бата беретін адамға жасырын кастинг жарияланады. Өте жауапкершілікті миссия!

Иманғали Тасмағамбетов ұсынған Салық Зиманов шақырылады.

Президент аппаратының жігіттері қалыптасқан протокол бойынша алдын ала батаның текстін сұратады.

Аузыма Құдай не салады, соны айтамын! – деп жауап берді академик Салық Зиманов. Осы жауаптан соң, оның қонақ үй нөмірі есігі қайтып қағылмады…

Нұрсұлтан Елбасы болып қайта сайланғанда бірінші сөз Салық Зимановқа беріледі.

– Нұрсұлтан інім, Сізде барлығы бар: денсаулық та, тақ та, бақ та бар! Тек бір-ақ нәрсе жоқ! Ол менде бар! – деп атақты ғалым пауза жасады.

Сілтідей тыныштықта кімнің не ойлағанын бір Құдай біледі. Иманғалидың самайы жіпсіп қоя берді.

– Айналайын Нұрсұлтан! Сізде мендегі қарттық жоқ! Соны саған тілеймін! – деп Зиманов сөзін жалғады.

Өмірден көргені мен түйгені көп зиялы жанның сөзі – нағыз абыздың сөзі. Өкінішке орай, Нұрсұлтан әдемі қартаю бақытына жетпеді. Сұңғыла ағамыз Зиманов осыны алдын ала біліп, меңзеп тұрған екен. Қылшылдаған отызға жетпеген жасында соғыста полк командирі болған Салық өмірде ешкімнен ештеңе сұрамай дүниеден өтті. Окопта ән салғаны үшін Халық Қаһарманы атағы бұйырған Роза Бағланова сияқты «Ақ патшам менің!» деген бір ауыз сөзді айтқанда, кеудесінде Алтын жұлдыз жарқырар ма еді, кім білсін! Салық Зиманов мен үшін тәкаппар асқақ бейнесімен қымбат.

(Жалғасы бар).

Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының

 лауреаты, жазушы, журналист

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *