ЖОЛДАУ ЖҰРТ КӨКЕЙІНЕН ШЫҚТЫ МА?

Билік
820 Views

«МЕН ЕЛІМІЗДЕ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТ ҚҰРУДЫ ҰСЫНАМЫН. БАС ПРОКУРОР МЕН АДАМ ҚҰҚЫҒЫ ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛГЕ ДЕ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТҚА ЖҮГІНУ МҮМКІНДІГІН БЕРГЕН ЖӨН. БҰЛ БАСТАМАЛАР ӘДІЛ ӘРІ ҚҰҚЫҚТЫҚ МЕМЛЕКЕТ ҚҰРУ ЖОЛЫНДАҒЫ МАҢЫЗДЫ ҚАДАМ БОЛАДЫ ДЕП СЕНЕМІН».

Бекет ТҰРҒАРАҰЛЫ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері-заңгері, заң ғылымдарының докторы, профессор:

«КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТ ӘДІЛДІКТІҢ ТУЫ БОЛСЫН ДЕП ТІЛЕЙМІЗ»

Бұл Жолдау – бойында Отан деген оты бар азаматтың бәріне қуаныш әкелетін Жолдау болды. Өйткені, мұнда айтылған саяси өзгерістер мен жаңаша құрылымдардың барлығы халықтың көкейінде бұрыннан жүрген арман-тілектері еді. Кезінде облыстарды біріктіріп оңтайластыру қажет болған шығар, ал қазір қайтадан көңіл бөлу — сол өлкенің тарихына, халқына, әлеуметтік-экономикалық жағдайларына игі әсерін тигізетіні сөзсіз. Сондықтан бұл оң шешім болды, жаңадан территориялық өзгерістер — Ұлытау, Абай, Жетісу облыстарының болғанын қолдаймыз.

Ел басқарып отырған Президентіміз өзінің бір сөзінде «мұны халыққа жағыну үшін жасап жатқан жоқпын» деп айтып кетті, елдің саяси экономикалық жағдайын өркендету мақсатында жүзеге асырып жатырмыз деді. Мұның барлығы игі бастаманың басы екеніне сенемін!

Сондай-ақ, Президент Қ.Тоқаев бұл Жолдауында Конституциялық сот жүйесін құру туралы әңгімені өрбітті. Бұл орынды. Конституциялық сот сонау 1991-92 жылдары құрылған, оны конституцияға енгізіп, жаңа заң аясында жұмыс істей бастаған шақта түрлі кедергілер кесе-көлденеңдеп ақыры құрылымнан алып тастады.

Бұрын сот саласында, билік органдарында келеңсіздік дүниелер туындағанда конституциялық сотқа шағымдану, арыз түсіру бар еді. Бірақ ел басқарып отырған азаматтарға бұл ұнамады. Негізінде ең жоғары сот жүйесінің биік баспалдағы конституциялық сот болып табылады. Бұрын конституциялық сот алғаш құрылғанда Мұрат Баймаханов дейтін қара қылды қақ жарған академик, орынбасары Сабыр Қасымов деген азаматтар басқарды. Бүгінде осы азаматтар «Қаһармандар» қорының төрағасы. Нағыз Отанға берілген, әділдікті ту еткен тұлғалар еді. Олар сол кездің өзінде биліктің ықпалына көнбей, конституциялық сотты заңға сәйкес жүргізе бастағанда тез арада ел басқарғандар есіп жиып алып, «мемлекетке лайықты жүйе емес екен, сондықтан бұдан құтылайық» деген байламға келді.

Яғни, конституциялық сот олардың өзіндік құқығына шектеу жасайтындай көрінді, қалайда өзінен үстем мемлекеттік құрылымның болғанын қаламады. Мемқұрылым атаулының бәрі бір адамның қолына шоғырлануы тиіс болды. Сөйтті де конституциялық сотты жойып, қолдан құртты, конституциялық кеңес дегенді құрды. Кеңестің аты кеңес, соттың аты сот!

Ал енді Конституциялық кеңес бұған дейін не бітірді? Баяғыда партиядан қызметтен алынғандарды обком профсоюзға апарып орналастыратын еді. Далада қалмасын дегендей. Бұл жерде де осындай үрдіс белең алды, заң саласында жүрген кейбір азаматтарды басты тұлға ретінде басқа жаққа сырғытып жіберу керек болса, соны конституциялық кеңеске апарып орналастыратын әдет пайда болды. Бұған бірнеше мысал келтіруге болады, бір кездері бас прокурорды, жоғары соттың төрағасын кеңеске ығыстырған жайттар болған. Бір сөзбен айтқанда, конституциялық кеңес мемлекетімізге пайдасы аз, реформалық өзгерістерге қарсы тұра алмайтын салмағы жоқ жәй кеңес болып қалды. Конституциямыз қым-қиғаш өзгерістерге түсіп, ел басқарған ел басы нені қаласа, соны өзгертті, ал конституциялық кеңес соны мақұлдап отырды. Шынын айтқанда, конституциялық кеңес өз міндетін атқара алмады.

Дегенмен, біздің көршілес экономикалық әл-ауқаты төмен деген Қырғызстан, Түрікменстан сияқты елдерде конституциялық сот сақталып, тәуелсіздік алғаннан бері жұмыс істеп келе жатыр. Біз екі жыл өтпей үнін өшірдік. Осынымыз әділетсіздік болды. Халыққа жақпаған, десе өзімбілермендікке салынған жүйе түбінде ертелі-кеш өзгеріске ұшырайды.

Қазіргі құрылатын конституциялық сот әділдіктің туы болып көрінеді. Конституциялық сот құрылымы дұрыс деп есептеймін. Қара қылды қақ жаратын Отан деп отқа түсе алатын, жүрегінде әділдіктен басқа ештеңе жоқ адамдар ғана соның мүшесі болу керек деп ойлаймын.

Асарыңды асаған, жасарын жасаған, не болмаса елді ұрлаған, тонаған азаматтар бармау керек. Мен ойлаймын президент кадр саясатына қатаң көңіл бөліп, таныс-тамырлық сыбайластыққа апарып соғатынын біліп отыр. Мемлекет басшысының тума-туыс, жақындары биік лауазымды қызметтерде болмау керек дегенді өзі де шегелеп айтты.

«ЗАҢ ҚАБЫЛДАУ ҚҰҚЫҒЫ МӘЖІЛІСКЕ ҒАНА ТИЕСІЛІ БОЛАДЫ. СЕНАТҚА МӘЖІЛІС ҚАБЫЛДАҒАН ЗАҢДАРДЫ ТЕК МАҚҰЛДАУ НЕМЕСЕ МАҚҰЛДАМАУ ҚҰҚЫҒЫН БЕРЕТІН НОРМА ЕНГІЗГЕН ДҰРЫС».

Нұржан ӘЛТАЕВ, Қоғам қайраткері, тіркелмеген «Ел тірегі» партиясының жетекшісі, экс-мәжіліс депутаты:

«ҚАЗАҚСТАНҒА ҚОС ПАЛАТАЛЫ ЕЛ БОЛУДАН ҚҰТЫЛАТЫН КЕЗ КЕЛДІ»

Біз Сенат таратылады деп күткенбіз. Біздің мемлекетімізде Парламент екі палаталы болмау керек. Өйткені екі палаталы Парламент федеративтік мемлекеттерде болады. Мәселен, Ресей Федерациясы – оның ішінде Татарстан, Шешенстан секілді автономды аймақтар бар. Сондай мемлекеттерде Парламент екі палатаға бөлінеді. Сөйтіп әрбір округтен сайланған адам төменгі палата депутаты болады да, екінші – Жоғары палатаға (Сенат сияқты) федеративті округ, аймақтардың өкілдері кіреді. Олар сондықтан 2 палатаға бөлінеді.

Біз – Қазақстан Федерация емеспіз. Біз унитарлық мемлекетпіз. Унитарлық мемлекеттерде Парламент 2 палатаға бөлінбейді.

Бұл кезінде Назарбаевтың ел басқарып тұрған тұсында шығарғаны болатын: егер Мәжіліс бір ыңғайсыз шешімдерді қабылдап жатса, Сенат оны тоқтатып қоятын, соған тойтарыс беретін Палата етіп жасақтады. Бұдан арылатын уақыт жетті. Негізінде біздің мемлекетімізге Сенаттың түк те керегі жоқ. Біздің партияның позициясы – Сенат жойылу керек.

Бір жағынан, Президент Тоқаевтың Мәжілістің мүмкіндігін арттырып, құзіретін күшейтуі дұрыс шешім. Жаңа Қазақстанда Мәжілістің беделі биік болмақ. Өз басым, мұны болашақта қос палаталы ел болудан құтылудың алғашқы қадамы деп қабылдаймын. Осы үдерістің жалғасы болады деп үміттенеміз, соны күтеміз.

Бұл ғана емес, Мемлекет басшысының кешегі Жолдауында бірқатар оң шешімдер қабылданды. Біріншіден, Президент партия қатарынан шығатын болды. Бұрынғы «Нұр Отан», қазіргі «Аманаттың» облыстық, аудандық филиалдарын енді әкімдер басқармайды. Олар партия жұмысына араласпайды. Бұл өте дұрыс шешім.

Парламент Мәжілісі 30 пайыз мажоритарлық жүйемен сайланатын болды. Яғни депутаттардың 30 пайызын халық тікелей өзі дауыс беріп сайлайды деген сөз. Және ол қандай да бір партияның мүшесі болуы шарт емес. Міне, тиімді тұсы осы!

Бізде қазір партияға дауыс береді. Жеткілікті дауыс жинаған партия өз ішінен біреуді таңдайды да, депутат етіп қояды. Яғни нақты кімнің депутат болатынын халық білмейді. Қазіргі жүйе сондай.

Бұрын – 2007 жылға дейін басқа жүйе болатын. Ол кезде халық өзі қалаған, сенетін адамға – жеке тұлғаға дауыс беретін. 30 пайыз осыған келеміз.

Осы жерде псевдобелсенділер, популизмге бой ұрғандар жалған ұраншылар мұндай сәтті тиімді пайдаланып, Мәжіліске сайланып кетуі мүмкін деген пікірлер бар. Әбден алданып, аузы күйген ел билікке сенуден қалды ғой. Және ол бекер емес, жалған белсенділер депутат болып шыға келуі әбден мүмкін, оны жоққа шығармаймыз. Бірақ бұл алаңдайтын нәрсе емес. Өйткені ісі көңілге қонбайтын депутаттың өкілеттілігін тоқтатып, оны кері шақырып алуға мүмкіндік беріледі. Міне, Президент Жолдауының маңызы, биліктің халыққа бет бұрғанының белгісі!

Қазіргі депутаттарды көріп отырсыз – халықтың мұң-зарын тыңдап отырған бірі жоқ. Халықтың көңілінен еш шығып жатқан жоқ, елдің жағдайын көтерейік деп шырылдап жатқан бірін көрмейміз. Неге?

Өйткені оларды халық сайлаған жоқ. Оларды партиялар сайлады! Сондықтан олар партия басшыларынан ғана қорқады. Сол үшін үндемей отырады. Ондай депутаттардың не керегі бар? Кеше өзіңіз көрдіңіз, қаңтар оқиғасында бір де бір депутат алаңға шығып, халыққа басу айтып, талабын тыңдаған жоқ. Біреуінің де абыройы жоқ, ашулы халықтың алдына шықса таяқ жеп қалатынын біліп, бұғып қалды. Ал егер халық депутаттарды өзі сайлайтын болса, олар халық үшін жұмыс істейді, билік пен халық арасында алтын көпір болатыны анық.

Білесіздер, мен өзім де Мәжілісте депутат болды. Мені де халық сайлаған жоқ, партия… тағайындады деуге болады. Сосын халықтың, әсіресе шымкенттіктердің проблемаларын айтайын десем айтқызбайды, тоқтау салады. Бәрібір де партия басшыларының айтқанын тыңдамайтын ең «бұзық» депутат мен болдым: халықтың көкейіндегі мәселелерін мінберде айтып жүрдім. Қазір «утильсборға» қатысты заң талқыланғанда, қарсы шыққан жалғыз депутат мен едім. Дауыс беруге 92 депутат қатысты, 1-еуі қарсы болды, ол – мен. 91-і сол «утильсборды» қолдады. Оның соңы неге әкелгенін көріп отырсыздар. Енді солар жағдай өзгерген соң утильалымдарға қатысты «мынау дұрыс емес» деп сөйлеп жүр. Кезінде – заң қабылданған кезде қайда болды? Бізге осындай депутаттардың керегі бар ма?!

Осы себепті мен Мәжілісте мажоритарлық сайлау үлесі 50/50 болғаны дұрыс деп санаймын. Әзірге бұл үлес 70/30 болып тұр.

Жаңа Қазақстанның бетбұрысы, ұстанған жаңа бағыты өте дұрыс. Қараңыз: бұдан былай Президенттің туысқандары мемлекеттік лауазымды қызмет атқармайды.

Одан кейін, енді облыс әкімі лауазымына Президент екі кандидатты ұсынады. Қайсысын тағайындау керек екенін Мәслихат шешеді. Аудандық, қалалық Мәслихатта депутаттар мажоритарлық жүйемен сайланатын болды. Яғни депутаттарды тікелей халық өзі сайлайды. Ал облыстық Мәслихаттарда аралас үлес сақталады.

Тек енді Ассамблеяны тарату керек деген тілегіміз бар. Оның ешқандай қажеті жоқ.

Партияларға қатысты да ел күткен ерекше қадам жасалды. Соңғы 11 жылда ешқандай саяси партия тіркелмепті. Мысалы, біздің «Ел тірегі» партиясы бір жылдан бері тіркеле алмай жүрген еді. Президент партияларға қатысты да оң қадам жасады: мүшелер санын 20 мыңнан 5000-ға азайтты. Партияны ресми түрде тіркетеміз деп үміттеніп отырмыз.

Альбина ЕЛШИЕВА, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты:

«ЖЕР ЖҮЗІ ҚАЗАҚТЫ «АБАЙДЫҢ ЕЛІ» ДЕП ТАНИДЫ

облысқа Абай атауын беру ұлтымыздың рухын көтеру!»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Жаңа Қазақстан – жаңару мен жаңғыру жолы» атты кешегі жаңа Жолдауы еліміз үшін аса құнды өзгерістерге толы, бетбұрыстағы Жаңа Қазақстанның жолын айқындап берді. Әсіресе, территориялық әкімшілік аумаққа қатысты қабылдаған ұйғарымдары өте оңтайлы шешім.

Жер бетінде қазақ халқын ұлы Абай арқылы таниды, Абайдың елі деп біледі. Бұған дейін Жамбыл атамызға облыс атауын бердік, енді Абайдай дана, дара тұлғаға облыс атауын беру үлкен құрмет, ұлтымызды ұлықтау жолындағы жетістік.

Жаңа Абай облысын құру – көптен бергі ел тілегі мен ықыласы. Ұлытау мен Жетісу облыстарын құру да ел көкейінен шықты. Жаңа облыс құрылса, жергілікті халықтың әл-аухатына, экономикасына, басқару жүйесіне оң септігін тигізеді. Бұған дейінгі қордаланып қалған мәселелер енді тез шешімін табатын болады. Бұрынғы жер шалғайлығына байланысты әр алуан құжат дайындау және рәсімдеу, баспана, балабақша кезегін күту, әрі-бері жол тасымалы барысында біршама шығындар азаяды.

Қазақтың жер жәннаты Жетісу, ұлттың ұстыны – Ұлытау. Екеуі де тарихқа тұнып тұрған қасиетті, қастерлі мекендер. Алматы облысының аумағы да, халқы да көп. Сондықтан өз алдына бөлек облыс атануы әбден лайықты іс.

Алматы облысының орталығын Қапшағайға көшіру, қаланы – Алматы облысының орталығын ұлтымыздың біртуар азаматы, ел тарихында ғана емес, бүтін бір ұлттың – қазақ халқының жүрегінде мәңгі өшпес орын алған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев атамыздың атымен атау – өте дана іс, құптарлық қадам, қуанарлық жаңалық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кешегі Жолдауы еліміздің шынында да Жаңа Қазақстанға қадам басқанының айғағы.

Осы жерде мына бір жайды ерекше атап өту керек – биыл қатар айында Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев 110 жасқа толды. Сондықтан бұл қадамды өз басым ұлт ұлысының мерейтойына үлкен құрмет.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қазір болып жатқан халықаралық ахуалдың қазақ халқына да оңайға соғып жатпағанын, кейбір елдер санкция арқылы тіресіп жатқанын, адамзат алда не күтіп тұрғанын білмесе де, республикамыздың тұтастығы мен бірлігін сақтап қалудың маңыздылығына тоқталды. Әсіресе Президенттің заң баршамызға ортақ екендігін, биліктегі атқамінерлер де бағынуы тиістігін, саяси өзгерісті жергілікті өзін-өзі басқарудан бастағанды жөн екенін еске салды. Жолдауда айтылған саяси өзгеріс арқылы саланы жайлаған тамыр-таныстықтың жойылатынына қуандым. Дегенмен, ел басқарушысы мұны жалғыз өзі атқара алмасы анық. Сондықтан қоғам болып біз де атсалысуымыз керек.

Ал Жаңа Қазақстанның жаңа бағыты – әлеуметтік-экономикалық өзгерістер, жаңа реформа бүкіл жұрттың көңілінен шыққанына сенемін.

Ноян ТӨЛЕГЕНОВ, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты:

«ӨЗ ӨКІЛІН ӨЗІ ТАҢДАУ ҚҰҚЫҒЫНА ИЕ БОЛҒАНЫ – БИЛІКТІҢ ХАЛЫҚҚА БЕТ БҰРҒАНЫ!

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі Жолдауында Жаңа Қазақстан саяси жаңармайынша, елдің әлеуметтік ахуалы мен экономикасын жақсарту мүмкін еместігін нақты айтып өтті.

Президент халыққа ең керекті деген реформаларды жүзеге асыру басты міндеті екенін жауапкершілікпен сезінеді, кешегі Жолдауы соның дәлелі.

Елімізде жаңадан үш облыс құрылғаны, оның ұлт тарихы мен әкімшілік-іскерлік басқару үшін маңызы ерекше екені белгілі.

Президент жыл соңына дейін жиырмадан аса заң қабылдайтынын айтты. Бұл әрине жауапты әрі көп уақыт алатын міндет. Әлемде болып жатқан ахуалдар да елімізге әсер етіп жатыр. Алайда Президент халықты қазіргі кезең қаншалықты қиын болса да мойымауға, келешекке сеніммен қадам басуға шақырып отыр. Ортақ әрі басты мұратымыз егемен елдің болашағын сақтап қалу екендігін, жаңа саяси мәдениет деңгейіне көтерілуімізді айтып, көкейімізге мықтап сенім ұялата білді.

Бастысы, Президент заң қабылдау құқығы Мәжіліске ғана тиесілі болады деп, Мәжіліс депутаттарының құзіретін күшейтті. Бұл үлкен жауапкершілік. Тәуелсіз де Жаңа Қазақстанда заң халық үшін жұмыс істеуі тиіс – халықтың құқын қорғау керек. Осы тұста алдағы уақытта қабылданатын заңдарды Мәжілістің мақұлдауы көкейге дөп қонған мәселе.

Ендігі жерде депутаттардың белгілі бір бөлігін халық сайлайды. Яғни халық өзінің үнін, мұң-мұқтажын жоғарыға жеткізетін, соған сай шаралар қабылдайтын өз өкілін өзі таңдау құқығына ие болғаны биліктің халыққа бет бұрғаны!

Бұдан бөлек, Жолдауда тұрмыстық кикілжің, отбасындағы күш көрсету мәселесіне шара қолдану керектігін, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық көрсеткендерді қатаң жазалау үшін бас прокуратураға тапсырма берілді. Бұл да ел ішінде қаны тамып тұрған өзекті мәселенің бірі еді. Алдағы уақытта осы мәселенің оңды шешілгенін күтетін боламыз.

Қорытындылай келгенде, Жаңа Қазақстанды жаңа белеске шығаратын қадам басталды. Құт болғай!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *