МӘДЕНИЕТ МАЙТАЛМАНДАРЫ Х.ЕСЕНОВАНЫҢ ҚЫЗМЕТТЕН КЕТУІН ТАЛАП ЕТТІ

мәдениет Қоғам
711 Views

Шымкент қаласының әкімі М.Әйтеновтің назарына!

МӘДЕНИЕТ МАЙТАЛМАНДАРЫ Х.ЕСЕНОВАНЫҢ ҚЫЗМЕТТЕН КЕТУІН ТАЛАП ЕТТІ

Шымкент қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Ханзада Есенова қызметке келгелі орын алып жатқан олқылықтарды айтып, мұң шаққан бір топ мәдениет қызметкерлері, майталмандарының хатынан соң, біз басқарма басшысын ашық алаңға шақырған болатынбыз.

«Есеновадан қудалау көргендер аштық жариялаудың алдында тұр!» атты мақала газеттің 2022 жылдың 11 наурыздағы №07 (158) санында жарияланған соң, біз ҚР Бұқаралық ақпарат құралдарының заңына сәйкес екінші тарапты – яғни басқарма басшысы Ханзада Есенованың жауабын тыңдау үшін оның көмекшілеріне, басқарма қызметкерлеріне бірнеше мәрте хабарлассақ та жұмыс орнынан таба алмадық. Мұнан соң қос тарапты тең шақырып, брифинг өткізілетіні әлеуметтік желіде хабарланды. Сондай-ақ, Х.Есенованың қызметкерлері мен көмекшілеріне телефон соғып, баспасөз жиынына бірінші тараптан мәдениет саласының бір топ қайраткерлері, мәдениет майталмандары жиналып тұрғанын, енді бұған қатысты Ханзада Есенованың сөзін естігісі келетінін ескерттік. Алайда мәдениет басшысының брифингте төбе көрсетпеуі, мәдениет саласы қайраткерлерін көзге ілмеуі күдікті одан әрі қалыңдата түскендей.

Бетпе-бет кездесуге Есенова неге келмеді?

Бұл дау қоғамдық резонансқа айналып бара жатқан соң, Шымкент қалалық ішкі саясат басқармасының араласуымен Ханзада Есенованы қайтадан ашық диалогқа шақырылып, мәдениет саласының қызметкері және бұқаралық ақпарат құралдарымен кездесу сәті белгіленді.

Алайда Есенова бұл жолы да кездесуге келмеді. Бірақ жергілікті БАҚ-тың біріне видеосұхбат берді. Мұнда бір сағат бойы өзінің сүттен ақ, судан таза екенін баяндап, айыптаударға келіспейтінін, игерілген қаржы заң аясында орындалғанын айтқан.

Дегенмен, Есенованың бұл уәжіне мәдениет және өнер қайраткерлері мүлде келіспейді. Орыс драма театрының директоры Игорь Вербицкий, Көрме орталығының директоры Зухра Қарабекова, Саяси-қуғын сүргін музейі директорының орынбасары Гүлмира Серікбаева, мәдениет қайраткерлері Сейдуалы Темірбаев, Күлия Айдарбекова, Құралай Сәтмұхамбетова, Гайдар атындағы балалар кітапханасының директоры Жанар Сауғанбаева, мәдениет саласының кәсіподақ төрағасы Руслан Шерімов, Абай атындағы кітапхананың бұрынғы директоры Гүлсім Шатырбекова, Әл Фараби атындағы ғылыми әмбебап кітапхана директоры Анар Жаппарқұловалар бастаған азаматтар басқарма басшының жауабын жоққа шығарады. Олар айтуынша, Есенова қызметке келе салысымен мәдениет саласындағы техникалық қызметкерлерді қысқартып, олардың қызметін аутсорсингке беруді талап етеді. Алайда кешегі жеке берген сұхбатында аутсорсингтің мекеме басшыларының ұсынысы бойынша жасалды деген ақпараттың жалған екенін растайтын нақты құжаттар бар.

Х. Есенова Наурыз мерекесіне 2021 жылы 70 миллион теңге ғана бөлінді деді, алайда мемлекеттік сатып алу порталында 9 келісімшарт жасалып, 616 376 000 қаржы жұмсалғаны орындалған жұмыс актілерімен дәлелденген.

Модернизациялау бойынша мекеме басшылары өздері ұсыным беріп, тиісті қаржыны жаратқан деген сөзі де шындыққа жанаспайды. Өйткені, ҚР Бюджеттік кодексінің 31,32, 67 баптары бойынша, бюджеттік өтінімді мемлекеттік бағдарламаның әкімшісі жергілікті мәслихатқа ұсынады және қорғайды.

Сондай-ақ, Ханзада Есенова мәдениет мекемелерінің табыс табу KPI бойынша міндетті жоспар қойғанын да мойындамай отыр. Бұл жерде де мекеме басшыларының бастамасымен іске асып отыр дейді. Ал жоғарыда аттары аталған азаматтар мұны өтірік деп отыр. Ақылы табыс табуды мекеме басшыларына міндеттегенін дәлелдейтін құжаттар бар екенін айтып шырылдайды.

Басқарма басшысының өтірік сөзі мен қысым жасауы, Шымкенттің мәдениет саласында орын алып отырған басқа да жағдайларға қатысты олар Ханзада Есенованың қызметтен кетуін талап етті!

«Халық қаласа хан түйесін сояды» дейді халық даналығы. Сондай-ақ «Алланың бір аты – халық» деген де сөз бар. Біз Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов халықтың сөзін тыңдайды, үнін естиді деп сенгіміз келеді.

Әкім мырза! Кеше ғана Президентіміз Қ. Тоқаев «Мен азаматтарымыздың ертең емес, бүгін бақытты болғанын қалаймын» деді. Мойнына 19 миллион халықтың жауапкершілігін алған Президентіміз Шымкенттегі мәдениет қызметкерлерінің шырылдағанын естісе не дейді деп ойлайсыз? Басынан дау арылмаған Шымкенттің мәдениет басқармасындағы мәселені түбегейлі шешетін кез жетті. Ойланыңыз!

«Кадрың жақсы болса, қадірің жақсы» деген бар!

Нұр-Қасым ӘЛІМБАЙ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *