ЖЫЛДАМ ИНТЕРНЕТ ҮШІН 11 БАЗАЛЫҚ СТАНЦИЯ ОРНАТЫЛУДА

Қоғам
701 Views

Шымкентте цифрландыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Шымкент қаласының Цифрландыру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Досан Әлібеков баспасөз брифингінде атқарылған жұмыстардан хабардар етті.

Досан Биназарұлының айтуынша, биыл білім саласы қызметі жаңа оқу жылына орай толық цифрлы жүйеге көшті. Балалардың онлайн режимде сабақ алуын қамтамасыз ету үшін қаладағы барлық білім беру ұйымдары жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілуде.

– Білім саласы – ең маңызды әлеуметтік саланың бірі. Биыл білім саласы толық автоматтандырылды. Балаларды білім ұйымдарына қабылдау толық электронды форматта жүзеге асты. Сондай-ақ, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына қабылдау, отбасы және балаларға қатысты қызметтер, тағы басқа қызметтер толық автоматтандырылды. Осы жылдың оқу маусымында балалардың онлайн режимде сабақ алуын қамтамасыз ету үшін қаладағы барлық білім беру ұйымдары жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілуде. Бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту мақсатында қала аумағы бойынша 11 базалық станция орнату орындары айқындалып, бүгінде тиісті жер телімдерінің координаталары белгіленді және мемлекеттік актілері рәсімделді. Яғни келесі аптаның соңына дейін нысанның жұмысы толық іске қосылады. Сонымен қатар қосымша 43 орын бойынша талдау жұмыстары жүргізілуде. Аталған қосымша нысандарға қыркүйек-қазан айларында базалық станциялар орнатылады немесе белгіленген тәртіптердегі модернизациялау жұмыстары жүргізіледі, – деді Д.Әлібеков.

Досан Биназарұлының сөзіне сүйенсек, Шымкент қаласы сапалы интернет жүйесімен 80 пайызға қамтылған. Ал орнатылып жатқан базалық станциялардың жұмысы аяқталған сәтте бұл көрсеткіш 100 пайызға жетеді. Нәтижесінде, қала аумағына қосылған елдімекендердегі интернет желісінің мәселесі толық шешіледі.

Айта кетейік, қалада AR-shymkent, 2-ГИС және Тру-Конф жобалары іске асуда.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *