Айтулы ақын, парасатты педагог Роза Сапарбекқызы Тұрдалиева – Бәйдібек ауданының тумасы. Филология ғылымдарының кандидаты. Ақжол Қалшабекше айтсақ, «Шаяннан шыққан шайыр». Әдеби ортадан алыстау жүрсе де қаламгер туындыларын іштей таразылап, талғамынан өткен туындыны сахна төріне шығарып, өрімдей қыздар мен өндірдей ұлдарды сырлы сөздің сырын ұқтырып, муза тілінде сөйлететін.
Кейде маған Роза Тұрдалиева ақын емес, актриса сияқты көрінетін.Оның жан-дүниесінен муза құдіретіне деген іңкәрлік, рух салтанатына айналдыратын театр сахнасына деген ғашықтық сезілетін.
Роза Тұрдалиеваның «Көзотаға», «Сәуір самалы» атты жыр жинақтары ойлы оқырманның көзайымына айналды. «Сәуір самалы» атты жыр жинағына алғысөз жазған жазушы Мархабат Байғұт бұл жыр жинағын – махаббат жинағы, мұң жинағы деп атапты. Талант табиғатының тамыршысындай сезімтал жазушы «Роза ақындық қолтаңбасының даралығы – сезімнің адалдығы», – деп бағалаған.
Сәуір самалы. Ол өмірінің мазмұны. Сәуір самалы – жан аңсары. Сәуір самалы – алғы күнге сенімі еді. Өмірдің желпіп өтер, жан жадыратар жақсылығы. «Сәуір самалы» жыр жинағының атауы туралы ақын жүрек: «Мен сәуір айында туғандықтан емес, жалпы өзім өмірді осындай сәуір самалындай қабылдағым келді. Тағдырдың қатты аязынан соң міндетті түрде сәуірдің саялы самалы соғарын естен шығармаған жөн», – деп жазған тұғын.
Сезімнің адалдығы дегенде ақынның лирикалық кейіпкері ақындық меннен өрістеген.
«Жыр жазу сәтіндегі көңіл-күй толқынын суреттеп отырған кейіпкер-ақынның өз бейнесі болып табылады», – дейді сыншы Тұрсынжан Шапай лирикалық кейіпкер болмысы жайлы.
Ақын Розаның лирикалық кейіпкері тұтасымен өзі, ғұмырбаяндық сәттері нақты, яғни ақын өмірімен өзектес. Ақынның махаббат жайлы жырлары сезім жайындағы өлеңінде албырт сезімнің бүгінгі естияр қалпында естелік күйінде өріледі. «Есімде» деген өлеңінде тағдыр жолы басқа сүйікті бейне теңіз болып есіп өтіп, алыстап барады.
Көл бетінен алыстады қайық тым…
Өмір – өзен ағысымен тағдыр жолы екі айырылған сүйгеніне кінә артпайды, әдемі сәттердің де көмескі тартып, жанды сыздататынын жасыра алмайды.
Қайықпенен қалқып кеткен бейнең де
Көмескі боп барады….
Арадағы жылдар алшақтығы, кеудедегі сағынышы мен мұң жүректі сыздатып, ауыртпады десек, ақын жүрегіне қиянат жасағандай болармыз.
Ақын жаны сарғайған күзде, ақ бұрқасын боранда, жылауық күзде сезім арпаласын, жалғыздықтың зарын тартады. Терезеден телмірген дертті көңіліне ем іздейді.
Пенде-тірлік жүрегімді айнытты,
Ұшықташы әйнегімнен су бүркіп.
Өлеңдерінде өмірге деген шексіз сүйіспеншілік те, наз да , қыз балаға тән нәзіктік те жан-дүниедегі жалғыздық та, жесір қалған әйелдің мұңы да шынайы қалыпта жырланады. Ол өмірде ой еркіндігін, көңіл биіктігін аңсады. «Жас жесірдің монологы», «Күнделік», «Сол бір сәт», «Жалғыздық», «Сағыныш», «Бір есім», «Махаббат құдіреті» өлеңдері де лирикалық кейіпкердің жан-дүниесіндегі буырқанған сезім арпалысынан құралады.
Сен арқылы ертеңіме құмартып,
Асығамын, қайтем босқа кінә артып.
Атақ, мансап қуып ғұмыр кешкенше,
Махаббаттан азап шеккен күн артық.
Махаббаттың азабын шеккен шығар, бірақ жан пендеге мұң шақпады. Сатқындықты да сезген шығар, бірақ сыр шашпады. Жалғыздықтың мұңың кешті, мұңайғанын ешкімге сездіртпеді. Сұлу жырмен ғана сырласты. Күліп тұратын жанарының түкпіріндегі бір мұң тұратын. Оны кез келген адам байқай бермейтін. Тек сезімталдарға ғана сезілетін. Роза ақын дабыраға да, дақпыртқа да құмартпады. Бір күні маған:
– Осы біздің ерніміз ғана күледі, көзіміз күлмейді ғой! – деп таң қалдырған.
Жан-жағымда тек ерні күліп, көзі мұңға толы жандардың көптігін аңғартты.
Ақынның «Жарты» өлеңінің жазылуына куә болғанмын. Ол өлең де өмірдің шымқай шындығынан туындаған. Жоғары оқу орнында сағаты қысқартылып, жарты жүктемемен қалған кездегі күйзелісінен туындаған өлең. Бүтін болмыс, бүтін жаратылысты аңсайтын, үйдің азаматы да, әйелі де өзі ақынның жанына жара салады. Бұл қиянатқа жаны ауырды. Сол күні «Жарты» деген өлең жазды.
Күнім де жарты,
түнім де жарты, не етермін,
Мұңдылау кейпім,
білдірмей сыртқа өтермін.
Арманым көп қой,
Әйтеуір соның біріне
Біресе жылап,
біресе күліп жетермін.
Өмірдің барлық қиындықтарын, арпалыстарын айқайлап жұртқа жайып, жария салуға ішкі мәдениеті жібермейтін ақын барлығын ішіне сақтайды.
Сыңсиды ішім өзіме аян
Қайырмасы боп күрсініс..
Ақынның кей өлеңдері аурухана төсегінен мына дүния тіршілікке көз салғанда туындаған. Ол өлеңдердің тінінде қайғыру, құлазудан гөрі өмірге деген құштарлық, түйсіну мен өмірді тереңірек тани бастаған өршіл рух сезіледі.
Роза Тұрдалиева сұлулыққа, әдемілікке барынша ғашық болатын. Аты жаман дертпен талай мәрте алысса да еңсесін тік ұстап, дертіне дауа тауып, қатарға қосылатын рух биіктігі байқалатын. Екі рет ауыр ота алса да қос перзентінің алдында күлімсіреп, қабақ шытпай отырғанын көргенімде
– Менің қамыққанымды көрсе, перзенттерім жасық болып қалады ғой! – деп күлімсірейтін ділінің мықтылығын ұқтырып.
Роза Тұрдалиева қалада тұрса да керексіз қағаздарда көміліп, бір орынға жіпсіз байлану, тымырсықтау тіршіліктен қашып, ауылға асығатын. Ауруханадан шыққан соң ауылына барып күш-қайрат алатын. Әпкелері мен інілері бәйек болып қарсы алып, хан қызындай күтетін.
Тірлігі қауырт қаланың
Тарылып тыныс барамын.
Ауылға кеткім келеді,
Сағындым сәуір самалын.
Ауылға арналған жырларында торығу емес, бағалау, құрметтеу басым.
Ақынмын деп сұхбат беріп, ғалыммын деп баяндама оқып тұрған кездері кем. Көптеген думан-кештерден де алыстау жүретін. Мерейтойында жыр кешін өткізбек болғандарға да келісімін бермеген. Тек Шаян ауылында өтетін жыр кешіне ғана баратын. Туған жерге деген шексіз сүйіспеншілігінің көрінісіндей. Ол сол кештерден келген соң сезіммен сырласқандай әдемі көңіл күйде жүретін.
Ақынның «Сенің барың» атты өлеңі бауыры Сембек Тұрдалиевке арналған. Өзінің бауырына деген шынайы көңілін өлеңмен өрнектеген. Балалық шақ, өткен күндердің елесін сағынышпен жырға қосқан ақын бауырының «тағдырдың сан айласында» сүйеніш болғанын айтады.
Сенің барың қандай жақсы, бауырым,
Бұрымымнан тартып өскен тетелес.
Роза ақынның ауылға, бауырға деген жүрек елжіретер жырлары көп. Еңсесі түспей өмір кешуін бауырларының жақсылығынан, қамқорлығынан деп біледі. Қарагөз қызымен сырлас, Сырым ұлымен рухтас, келінімен жақсы сыйласты. Немере сүйді.
Роза Сапарбекқызы жанындағы мұңын тіс жарып ешкімге айта бермейтін. Сездіргісі келмейтін, жылануға жаны қас тұғын. Мұң құрсанғанда жақсы ой айтып, жығылып жатса да жанарындағы жасты көрсетпеуге қайсарлық танытатын оның жан-дүниесі табандылықты, тұрақтылық тұғыр етті.
Оған бірнеше ота жасалды. Орнынан тұруы мұң болып қиналып жатқанда жағдай сұрасуға бардым. Екеуміз ұзақ сөйлесіп, сырластық. Сонда мұң шақпады, налымады, күйзелісін көрсетпеді.
Енді бір сәтте қолымдағы гауһартасты сақинаға көзі түсті. Әдемі екен деп қуанды. Құтты болсын, жарқырап жүрші. Бар қиындықты жеңген Зықасың ғой, – деп күлімсіреді. Ол әпке ретінде еркелеткісі келсе: Зықа, Зықа, – деген дауысынан тым жақын тартқан жылылық сезетінмін. Роза Тұрдалиева да мұндай асыл тастар көп болатын. Әрі талғаммен тағатын.
– Сырқатымды жеңген соң, орнымнан тұрған соң зүбәржат тасты сақина аламын. Сен де алсаңшы. Екеуміз бірге алайық деді. Қуанып қалдым. Ол сөз маған Роза әпкемнің қазір мынау сырқатты жеңіп, көктемге шейін айығып кетемін, қатар жүреміз дегендей естілді. Есіме алғашқы жыр жинағы «Көзотаға» түсті, «Көзотаға» деп патшалар, ханзадалар, ханшалардың бас киімінің маңдайына тағылатын гауһар тасты айтады екен. Бұл гауһар тас, яғни көзотаға – патшалықтың белгісін білдірсе керек. Кітап атауынан ұққаным, Роза Тұрдалиева – өлең өлкесінің ханшасы, парасатты поэзияның періштесі. Розаның «Көзотағасы» – оның жырлары», – деген екен кезінде ақиық ақын Әбілда Аймақ.
Шынтуайтында да оның жаны гауһардай әсем, гауһардай асыл екен ғой. Сол себепті де болса керек, ол «Жылылыққа орайықшы жүректі» деген сөзді жиі айтатын.
Қош бол, аяулы Роза әпке! Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болсын! Пейіште нұрыңыз шалқысын! Жаныңыз жәннатта болсын!
Зылиха ЖАНТАСОВА,
филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Жұмабек Тәшенев атындағы университеттің кафедра меңгерушісі, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Р.S. Ғалым, ақын Роза Сапарбекқызы Тұрдалиеваның рухына бағышталған қырық күндік асы 15 ақпан күні сағат 12:00-де Шымкенттегі Бәйдібек би даңғылының бойындағы 246/3 ғимаратында орналасқан «Шымкент Холл» мейрамханасында өтеді.