ТҰТАСБІР ҒАСЫР КУӘСІ БОЛҒАН ЖАН ЕДІ…

Өмір-өзен
406 Views

Өткен сенбі – ақпанның 5-і күні 98 жасқа қараған шағында қаламынан қазақтың қоңыр үні сезілетін классик жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов дүниеден озды. Бір ғасыр жасаған, сол бір ғасыр ғұмырын түгелдей әдебиетке арнаған жазушының жамбасы дүйсенбі күні жерге тиді.

Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстан мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов 1924 жылы 22 қазанда Қызылорда облысы Арал ауданының Құланды ауылдық кеңесіне қарасты Үшкөң деген жерде туған. Жалынды жастық шағының төрт жылын (1942-1945 жылдары) Ұлы Отан соғысында от пен оқ арасында барын да, жанын да сала Отанды қорғауға жұмсаған Ә. Нұрпейісов әдебиетке 1947 жылдан араласқан. Әйгілі «Қан мен тер» трилогиясының, «Соңғы парыз» дилогиясы авторы 1974 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты болды. 2001 жылы Мәскеудегі Халықаралық Әдеби қордың «За честь и достоинство», 2003 жылы Халықаралық М.Шолохов атындағы сыйлықтардың лауреаты атанды. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің заман зары мен жүгін көтерген романдары дүниежүзі халықтарының көптеген тіліне аударылған.

Әдебиетте ғана емес, күллі дәуір тарихында да аты қалған дарынды қаламгер, классик жазушы «Қызыл Жұлдыз», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы» (1984 жылы), «Отан» (1994 жылы) ордендері және медальдармен марапатталған. Оған 1985 жылы Қазақ КСР Халық жазушысы құрметті атағы берілді. Әбдіжәміл аға 2019 жылы Қазақстанның құрметті жазушысы болды.

Жазушымен қоштасуға қала тұрғындары, марқұмның жақындары мен әдебиеттегі әріптестері, мемлекеттік хатшы Ерлан Карин, мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, Алматы әкімі Ерболат Досаев пен саясаткерлер Бақытжан Сағынтаев пен Қырымбек Көшербаев, Иманғали Тасмағамбетов қатысты. Мемлекеттік хатшы Ерлан Карин президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту жеделхатын оқып, оны марқұмның туыстарына табыстады.

Жазушы аға Алматыдағы «Кеңсай — 2» зиратына жерленді. Әйткенмен өзі арман еткендей, туған жері – Беларанның топырағы бұйырыпты: қоштасуға Сыр елінен барған бір топ жерлесі ағаның арманын ұмытпай, арнайы топырақ ала барған.

Әбдіжәміл Нұрпейісов – тұтас бір дәуірдің куәсі, әдебиеттің алтын ғасырының көзі, өзі, ізі болатын… Жаңа белесті бағындырған қазақ әдебиетін шетелге танытқан, ұлт руханиятының көшбасшысы болған заңғар жазушының қазасы әр қазақтың қабырғасына батқаны анық.

«Әділет. Рухани жаңғыру» газеті ұжымы үшін де абыз ағаның орны бөлек. Біз ұлы жазушымен Қазақстанның Еңбек Ері атағын алу қарсаңында бетпе-бет сұхбаттасып, ол туралы газет бетінде жарасымды жазбамызды жариялағанбыз. Аса көрнекті қаламгер, Қазақстанның еңбек ері, халық жазушысы, Ұлы Отан соғысының ардагері Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісовтің дүниеден өтуіне байланысты барша қазаққа қайғыра көңіл айтамыз.

Қош бол, Әбе!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *