ЖЫЛҚЫ МЕН ҚОЙҒА БӨЛІНЕТІН ҚАРЖЫ НЕГЕ АЗ?

Саясат Қоғам
147 Views

Қашан қойға шошқамен бірдей субсидия беріледі? Негізі қойға 23 есе көп субсидия берілуі керек! 2024 жылғы 24 маусымда ҚР Парламенті Мәжілісінде “Мал шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу мен экспорттауды дамыту мәселелері” тақырыбында Үкімет сағаты өтті. ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров баяндама жасап, депутаттар сұрағына жауап берді. Біз ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Исаның Үкімет сағатында сөйлеген сөзін жариялап отырмыз.
— Құрметті Айдарбек Сейпелұлы, баяндамаңызда бәрін қамтып, толыққанды есеп беріп өттіңіз, рахмет! Өңірлермен жақсы байланыста жұмыс істеп жатқаныңызды да жақсы білеміз.
Біз, “Ақ жол” фракциясы биылғы өткен қыста жағдайы өте мүшкіл болған, көп шығынға ұшыраған жылқы шаруашылығына байланысты дабыл қағып депутаттық сауал жасаған болатынбыз. Сол кезде өткен жылдары жылқыға шошқадан 40 есе аз субсидия бөлінетінін көтергенбіз. Жылқы етін күнделікті тұтыну үшін мемлекеттік сатып алу тізіміне қосуды ұсынғанбыз. Қазір есептеріңізге қарасақ, жылқыға субсидия бөлуде жақсы қозғалыс бар сияқты.
Ал Жылқы етін күнделікті тұтыну үшін мемлекеттік сатып алу тізіміне қосу мәселесі не болғаны әлі белгісіз?!
Енді бүгін Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдауды, субсидиялаудың кестесіне қарайық.
1.Асыл тұқымды еркек шошқалар мен мегежіндерді сатып алу үшін әр шошқаға 100 мың теңге беріледі екен?!! Ал ешқандай жайылымды қажет етпейтін, қарлы-жауынды, аязды-дауылды күндерде соңынан малшы бағып жүрмейтін, қорадан шықпай-ақ қоң жинайтын, қоң жинағанда зор жинайтын шошқаға 100 мың теңге бөлінгенде, қойға қанша бөлінеді? Отандық асыл тұқымды ҚОЙ басын сатып алуға 15 мың теңге ғана беріледі. Айырмашылық — 7 еседей аз!
2.Асыл тұқымды және тауарлық мегежіндер мен шошқаларға селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстар жүргізу үшін әр шошқаға 40 мың тг. Ал қойға қанша? Тауарлық ҚОЙЛАРҒА селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстар жүргізу үшін 2,5 мың тг ғана?!!!! Айырмашылық 16 есе аз. Яғни, сатып алу мен селекциялық жұмыстарды қосып есептегенде, неге шошқаға қойдан 23 есе көп субсидия бөлінеді?
Қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов өткен ғасырдың ортасында қазақ даласына келгені үлкен шу болғанын әшкерелеп, әңгіме жазған “талпақ танаудың” қазір дәурені жүріп-ақ тұр екен?!. Жалпы, ауыл шаруашылығында үкіметтің шошқаға деген ерекше “махаббаты” қайдан шыққан?! Қой шаруашылығы қазақтың негізгі мал шаруашылығы емес пе?
Қашан, керісінше, қойға шошқадан 23 есе көп субсидия беріледі? Қой шаруашылығын қолдау деген ауыл шаруашылығындағы ең маңызды, ең халық көп жұмыс істейтін саланы қолдау, халықты жұмыспен қамтамасыз етіп, тұрмысын жақсарту деген сөз!
Біз Үкіметтен осы өте маңызды мәселенің нақты шешімін күтеміз!

Қазыбек ИСА,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *