ЖЫРЫҢ БОЛЫП ТӨГІЛЕМІН, ЕЛІМ!..

Саясат
1 229 Views

Біз өз Әнұранымызды мақтаныш тұтамыз, өйткені оның әуені мен сөзі халқымыздың шынайы рухын – еркіндікке деген құштарлығын, Отанға деген шексізсүйіспеншілігін, бірлігі мен болашаққа ұмтылысын танытады.

Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВ,

Қазақстан Республикасының

Тұңғыш Президенті – Елбасы.

Мемлекеттік Әнұран – егемен елдің музыкалық-поэтикалық эмблемасы, әдеби-сазды төлқұжаты. Халық жүрегінің лүпілін тұмар етіп түйген музыкалық сәлемхат іспеттес. Оның сазы мен сөзі өзінің сипаты мен мақсаты жөнінен біртұтас шығарманың қос қанаты тәріздес. Музыка мен поэзияға тән ішкі үндестік, табиғи жарасым (гармония) тіршілікке сұлулық әрін беретін керемет қасиетке ие. Олардың адам жүрегінің қақпасын ашар кілті де осы.

Әнұран (гимн) («hymnos» – ежелгі грек сөзі) – біреуді немесе бір нәрсені қошеметтеуге арналған салтанатты ән деген мағынаны білдіреді. Нысанын даралай отырып, соның төңірегінде қоғамдасуға үндейтін музыкалық және поэтикалық құралдар арқылы жасалатын көркем туынды. Негізінен мадақтау, отаншылдық сарыны басым болады. Әнұран сөзі туралы қазақтың ақиық ақындарының бірі Әбділда Тәжібаев «Әнұран – сөзбен тоқылған ел туы» деген анықтама бергені бар. Ол Ту және Елтаңбамен қатар тұратын ұлттық рәміздердің бірі.

«Кимигайо» деп аталатын ең көне мемлекеттік әнұран – жапон жұртынікі. Оның сөзі ІХ ғасырда жазылған. Ал Нидерланды әнұранының музыкасы дүние жүзіндегі ең көне рәміздік әуен деп есептеледі. Ең ұзақ әнұран мәтіні 158 өлең жолынан тұрады. Бұл – Грекия мемлекетінің рәмізі. «Бостандық ұраны» деп аталады. 1823 жылы жазылған. Авторы – ақын Диониенос Соломос. Ең қысқа әнұран мәтіні – небәрі төрт-ақ жолдан тұрады. Мұндай рәміздер бірнешеу. Жапония, Иордания және Сан-Марино әнұрандарының мәтіні осындай. Тек әуенмен өрнектелген, сөзі жоқ мемлекеттік әнұрандар да бар. Мұндай рәміздер саны – 11. Олардың ішінде ең көнесі – 1770 жылы дүниеге келген Испаниянікі.

Қазақтың «Елім-ай» әні – төрткүл әлемде теңдесі жоқ бөлек болмысты ұлттық әнұран іспеттес көркем дүние. Оны XVIII ғасырда өмір сүрген атақты қолбасшы, ақын, сазгер Қожаберген жырау Толыбайұлы жазған. Әдеттегі әнұрандарда негізінен мадақтау сарыны басым болса, бұл ел әнінің қуаты бүкіл халық басына түскен қайғы-қасіретті боямасыз баяндай отырып, рухты жасытпай, қайта елдік пен ерлікке шақыратын, оптимистік сезім оятатын қасиетінде дер едік. Халық күйлері – «Ел айырылған», «Адай» және дәулескер күйші Құрманғазы Сағырбаевтың «Сарыарқа» күйі де – халықтық әнұран ретінде қабылданып жүрген шығармалар.

1944 жылғы Қазақ КСР-нің тұңғыш мемлекеттік әнұранының мәтіні ретінде Ғабит Мүсірепов, Әбділда Тәжібаев, Қайым (азан шақырып қойған аты – Ғабдулқайым) Мұхамедхановтың өлеңі алынды. Музыкасын жазуға сол заманның ең үздік сазгерлері – Мұқан Төлебаев, Евгений Григорьевич Брусиловский, Латиф Абдулхаевич Хамиди тартылды. Осы ән 48 жыл бойы Қазақ КСР-нің әнұраны қызметін атқарып келді.

Қазақстанның төл тарихында еліміздің рухани тұтастығын білдіретін Мемлекеттік Әнұран екі рет қабылданды. 1992 жылғы 11 желтоқсанда іріктеу конкурсына жіберілген 750 жобаның арасынан жеңімпаз атанып, бекітілген алғашқы Мемлекеттік Әнұранның сөзін – Қазақстанның халық жазушылары, әрқайсысы 300-500-дей ән мәтінін жазған Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Ғинаятұлы Мырза Әли, Тұманбай Молдағалиев пен Мәскеудегі Әдебиет институтының түлегі, қос тілде қатар жыр жазып жүрген Жадыра Дәрібаева екені баршаға белгілі. Ал оның әуеніне Мұқан Төлебаев, Евгений Григорьевич Брусиловский, Латиф Абдулхаевич Хамиди сонау 1944 жылы жазған бұрынғы кеңестік кезеңдегі мемлекеттік әнұран пайдаланды. Сөз орайы келгенде Түркияның Әнұраны 40 тармақ шамасында болса, біздікі 16 жол ғана болғанын тілге тиек ете кетейік. 2000 жылғы 9 мамырда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекеттік Әнұранды өзгерту қажеттігін қадап айтып, Үкіметке нақты тапсырма бергені баршаға белгілі.

Нәтижесінде, 2006 жылдың қаңтар айында «Менің Қазақстаным» әні Мемлекеттік Әнұран ретінде ресми түрде бекітілді. Оның әуенін жазған «Қазақ вальсінің падишасы» атанған белгілі сазгер, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Жастар одағы сыйлығының лауреаты Шәмші Қалдаяқов (1930-1992) Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысының Отырар ауданында дүниеге келген. Ташкенттегі Хамза Хаким-зада Ниязи атындағы музыкалық училищені, Алматы консерваториясын (қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясы) композиция факультетін бітірген (кей деректер бойынша оқуын аяқтай алмаған). Музыкалық туындыларының арасынан «Ана туралы жыр», «Бақыт құшағында», «Бәрінен де сен сұлу», «Қайықта», «Ақсұңқарым», «Сыр сұлуы», «Ақ ерке – Ақ Жайық», «Әнім сен едің», «Ақ бантик», «Кешікпей келем деп ең», «»Қайдасың?», «Сыған серенадасын» секілді лирикалық әндерін бөле-жара атауға болады. Ұзын-ырғасы 300-ден астам әні бар. Оларды егемен еліміздің эстрада жұлдыздары – Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева, Нұрғали Нүсіпжанов, тағы басқа да танымал әншілер орындап жүр. Туындылары «Бақыт құшағында», «Шәмші», «Шәмшінің әндері» атты жинақтарда жарық көрген.

Сөзін жазған көрнекті ақын, жазушы, аудармашы, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері Жұмекен Сабырұлы Нәжімеденов (1935-1983) Гурьев (қазіргі Атырау) облысында дүниеге келген. Құрманғазы Сағырбаев атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының (қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясы) халық аспаптары факультетін, Максим Горький атындағы Мәскеу әдебиет институты жанындағы жоғарғы әдебиет курсын бітірген. Әр жылдары «Жазушы» баспасында кіші редактор, республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші, Қаз КСР баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетте көркем және оқу-әдістемелік әдебиет бөлімінің редакторы, «Мектеп» баспасының редакция меңгерушісі болды. «Жылу мен жарық», «Жоқ, ұмытуға болмайды!», «Ақ шағылдар», «Кішкентай», «Атақ пен дақпырт» кітаптарының авторы. Евгений Александрович Евтушенко, Назым Хикмет, Ахмад Фаиздың көркем туындыларын қазақ тіліне аударды. Ол «Менің Қазақстаным» өлеңін жалындап тұрған 21 жасында жазған екен. 1959 жылы дүниеге келген бұл әннің аса бай тарихы бар. Бұл кезде ақын мен сазгер Алматы консерваториясының төртінші курсында оқитын. Әсем әуенді әннің мәтіні алдымен «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») журналында жарияланған. Оны тұңғыш рет жезтаңдай әнші, Қазақстанның халық әртісі Жамал Омарова Қазақ радиосында орындаған. Кейіннен Ришат Абдуллин мен Сара Тыныштығұлова шырқауында халыққа кеңінен танымал болған. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде әйгілі «Елім-ай» әнімен қатар шырқалғаны да жадымызда. Қазақтардың кез келген басқосуы мен той-жиыны бұл әнсіз өтпейтін.

Мемлекеттік рәміздерді қабылдауда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың рөлі ерекше айрықша болды. Ол осы әннің сөзіне бүгінгі еліміздің мақсат-мұратын айқындайтын түзетулер енгізіп, бірлескен авторлардың қатарын толықтырды. Ол 1940 жылғы 6 шілдеде Алматы облысының Үшқоңыр (Шамалған) ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын Теміртауда металлург, кенші болып бастаған. 1990 жылғы желтоқсан айынан бері Қазақстан Республикасының Президенті. Экономика ғылымының докторы. Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының, Халықаралық инженерлік академиясының және Ресей Федерациясы әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі. «Ғасырлар тоғысында», «Бейбітшілік кіндігі», «Қазақстан жолы», «Тәуелсіздік белестері», «Сындарлы он жыл», «Жүз жылға татитын он жыл», «Еуразия кіндігінде», тағы басқа да көптеген іргелі еңбектердің авторы. Сонымен қатар «Жерім менің», «Елім менің», «Үшқоңыр» деп аталатын әсем әуезді әндердің мәтінін жазған.

Қазақстан Республикасының жаңа Мемлекеттік Әнұранын бекітуде Елбасы осы әнді таңдады. 2006 жылғы 11 қаңтарда «Менің Қазақстаным» әні егемен еліміздің Мемлекеттік Әнұраны сипатында алғаш рет Астанадағы «Ақорда» резиденциясының шаңырағында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына салтанатты түрде кірісу сәтінде орындалды.

Мемлекеттік Әнұран Қазақстан Республикасы Президентінің салтанатты ант беру сәтінде, шетелдерге жасаған сапарлары кезінде, Қазақстан Республикасы Парламенті палаталары депутаттарының сессияларын ашу және жабу, Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мерекелеріне арналған салтанатты жиналыстар мен отырыстарды ашу және өзге де салтанатты шараларды өткізу кезінде; Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтеру, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары және қоғамдық бірлестіктері, тағы басқа да ұйымдары өткізетін салтанатты және спорттық іс-шаралар кезінде; елге ресми сапармен келген шетелдік жоғары мәртебелі қонақтарды (мемлекет, Үкімет басшыларын) күтіп алу және шығарып салу рәсімдерінде, шет ел мемлекетінің Әнұраны орындалғаннан кейін және «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заңда көрсетілген өзге де жағдайда орындалады. Саңлақ спортшыларымыз байрақты бәсекелерде – Олимпиада ойындары, әлем және құрлық чемпионаттары, Халықаралық жарыстары, тағы басқа да байрақты бәсекелерде жеңістің ең биік тұғырына шыққанда көк Туымыз көтеріліп, әсем әуенді Әнұранымыз шырқалады. Әдетте Әнұран барлық ресми іс-шаралар мен салтанатты рәсімдерде мемлекеттік тілде орындалады. Оны түрегеп тұрып, оң жақ алақанды кеуденің сол жағына, жүректің тұсына қойып тыңдау керек. Бұл рәміздік мәні бар қимыл-ишарат жеке адамға ғана емес, тұтастай мемлекетке деген де құрмет пен ілтипатты білдіреді.

1996 жылғы 24 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан Конституциясының 9-бабына сәйкес «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заң күші бар Жарлық қабылдап, мемлекеттік рәміздердің сипаттарымен және олардың қолданылу тәртібін белгілеп берді. Жарлықтың 3-бабында: «Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында жүрген адамдар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы мен Әнұранын қастерлеуге міндетті», – делінген. Ендеше, біздің бәріміз Мемлекеттік Туымыз бен Елтаңбамызды қадір тұтып, құрметтеп, Мемлекеттік Әнұранымызды шалқыта шырқап жүрейік, ағайын!

Айтпақшы, 2017 жылы 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі күні Америка Құрама Штаттарының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Джордж А. Крол мен осы елшіліктің өзге де қызметкерлері домбыраның сүйемелдеуімен егемен еліміздің Әнұранын шырқап, ерекше бір тосын сый жасап, көпшілікті таң қалдырғаны бар. Достықтың күші – бірлікте екенін айғақтайтын бұл жайт арнайы бейнероликке түсіріліп, әлеуметтік желілерде көрініс тапқан.

* * *

Егемен еліміздің үшінші ірі мегаполисі саналатын – шырайлы Шымкент шаһарында Тәуелсіздік деп аталатын тамаша тарихи-монументальдық саябақ кешені бар екенін жұрттың бәрі жақсы біледі. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына орай Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі салтанатты түрде ашқан аумағы атшаптырым жерде қоныс тепкен бұл саябақ бүгінде шымкенттіктер мен қала қонақтарының, әсіресе студент жастардың сүйікті демалыс орнына айналған. Осындағы орналасқан Мемлекеттік рәміздер алаңы мұнда келушілерді отансүйгіштік пен патриоттық сезімге баулитыны айдан анық. Киелі саннан құралған «Жеті найза» туған елі мен жерін жаудан қорғаған батыр бабаларымыздың рухын асқақтатып, аспандатып тұрғандай ізгі де игі әсер қалдырады. Еңселі мәрмәр таста Елтаңба, кең-байтақ еліміздің картасы және Тәуелсіздік Декларациясы бедерленген. Елбасымыздың Тәуелсіздік туралы қанатты сөзі мен Ата Заңымыздан (Конституциямыздан) келтірілген үзіндіні де дәл осы жерден оқи аласыздар. Елу метр биіктікте желбіреп тұрған көк Туымыз Шымкенттің кез келген жерінен көрініп тұрады. Сол арқылы рухымызды көтеріп, мерейімізді асқақ сезімге бөлейді. Тутөбенің төменгі жағында «Жер-Ана» атты Тәуелсіздік монументі бар. Сөз орайы келгенде құрылысының жалпы құны 680 миллион теңгені құрайтын Тәуелсіздік саябағының бой көтеруіне сол кездегі облыс әкімі Асқар Исабекұлы Мырзахметов жетекшілік еткен билік басындағылар, сәулет өнерінің майталмандары мен кәнігі кәсіпкерлер сүбелі үлес қосқанын ыстық ілтипатпен тілге тиек етуіміз керек. Міне, осындай таңғажайып саябақтың дүниеге келуіне аянбай атсалысқан авторлық ұжым мүшелері – Асқар Мырзахметов, Бақытжан Әшірбаев, Насыр Рүстемов, Әмірхан Шүменов, Нұрлыжан Бекебаев егемен еліміздің Мемлекеттік сыйлығын иеленуі көңілге қуаныш сезімін ұялатады.

Облыс орталығында сан түрлі мекеме, ұйым, кәсіпорындар үшін Мемлекеттік рәміздерге арналған стендтер дайындап шығаратын бірқатар фирмалар да баршылық. Еліміздің заңнамасында белгіленген тәртіппен берілетін тиісті лицензиясы бар саны шектеулі кәсіпорындар – «KEREGE» жарнама-өндірістік фирмасы, «ERNIYAZ media group» фирмасы, «Мерей education», «Нурдана LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен жеке кәсіпкер «Д. Ю. Быков» – солардың санатында.

Тәуелсіздік – қазақ халқының сан ғасырлар бойы армандаған ең басты құндылығы, бостандыққа ұмтылған асқақ арманы мен қайсар рухының игі жемісі. Сондықтан Тәуелсіз Қазақстанымыздың көк Туы желбіреп, Елтаңбасы ерекшеленіп, Әнұраны асқақтап, қашанда еліміздің іргетасы берік болып, тұғыры биіктеп, әлеуметтік-экономикалық жағдайы нығайып, дами берсін дейміз. Отансүйгіштік пен патриоттық сезім Мемлекеттік рәміздерді құрметтеуден басталатынын әркез жадымызда ұстайтын біз осындай ғажайып егемен елде өмір сүріп отырғанымыз үшін өзімізді бақыттымыз деп санауымызға толық құқылымыз дер едік.

Әбдісаттар ӘЛІП,

журналист, ақын, аудармашы, Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі.

Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *