ЖІБЕК (ДЕРЕКТІ ПОВЕСТЬ)

Әдебиет
576 Views

(Жалғасы. Басы өткен санда).

1948 жылы Сталиннің бұйрығымен елінен өзге жаққа қашқандардың ұрпақтарын тағы да бір науқаны басталып кетеді. Тағдырлас достарының айтуымен Ташкентке жақын орналасқан Сарыағашта бір ауылдың мектебінде мұғалім болып, кешке қарай халықты сауаттандыру курсынан сабақ береді.

Жібекті іздеп келген сіңлісі Гүлриза қалып қоямын деп ойлаған жоқ еді. Қыздың сауаттылығы мен ойын-сауыққа біртабан жақындығын байқаған ауыл атқамінерлері оған Қызыл Отауды басқартуды ұйғарады. Өйткені, ол жанына жастарды тарта білетін, өзі ақындығы бар, әншілігі де ешкімнен кем емес, оның үстіне айтыс өнерінен де хабары болатын.

Осы кез – басы бос, үйленбеген әрі сауатты мұғаліммен бас қосады.

Ай аралатып ат ізін салып тұратын апасының үндемей жатып алғаны, Гүлризаның қалғыған көңілін түртпектеп оятқандай болды. Жүрек қуысының бір түкпірінде сағыну ма, аңсау ма, жоқ әлде шер тарқату ма, әйтеуір, ұялаған бір сезім мазалай берген.

Таңертеңгі шай үстінде апасын сағынғанын, барып қайтқысы келетінін Ескенге жайлап жеткізді.

– Екі көзі төрт болып күтіп жүрген шығар, өткенде өкпелеп кетіп еді… Баянды ала кетейін, басқа балаларға бас-көз боларсың!

Баянды айтқанда, әлі біте қоймаған жарасының аузына тұз сеуіп жібергендей. Гүлризаға ежірейе қараған Ескен:

– Сол кемпір десе, шығарда жаның бөлек! Ендеше, бар балаңды алдыңа сал да, жөне!

– Жөнесем, жөнеймін, – деді Гүлриза да қалыспай, – қал, ендеше, жалғыз басың сопайып. Әлі күнге есігінің қалай ашылатынын да көрген жоқсың. Сенің әуеніңе төңкеріліп, жалғыз бауырымнан қол үзем бе, қайтем енді?!

– Есік болған соң ашылады, жабылады, немене, мен есік көрмеппін бе? – дейді, айтылған сөздің төркініне бойламай. – Балаларыңды ерт, ол аз болса, анау тарғыл сиырды да жетелеп алып кет! Оны сауатын жан жоқ!

Гүлриза күліп жіберді. Бір қора балаларын алдына салып, тарғыл сиырын жетектеп кетіп бара жатқандығы көзіне елестесе керек. Жымиып, еркелей қарады.

– Сен аш қаласың ғой. Жұмыртқа пісіріп жеуді де білмейсің.

– Барсаң, барып кел, – деді Ескен сабасына түсіп.

*   *   *

Ол кезде көлік жоқ, бірін көтеріп, бірін жетектеп, апасына алған сый дорбасын қоса арқалап, «Ударникке» тартып келеді.

Үйі төменде үйіліп отыратын он-он бес шақты үйден оқшау қыр басында. Шошым каналының бойында. Онда апаратын сара жол жоқ. Мақталы алқапты кешіп өтуі керек. Мақта суарылып жатыр екен. Аяғымен жүретін кішкентайлар түгілі, өзі де батпақтап маңдайынан тер шып-шып шығады.

Итшілеп жүріп жетті-ау, әйтеуір. Итінің үргенінен тапырақтап далаға шыққан Жібек, үбір-шүбір, жалаңаяқ батпақтап келе жатқан сіңлісін көргенде көңілі босап:

– О, қу бауыр-ау, қу бауыр! Сағындың-ау апаңды! Әйтпесе, күннің мына шыжыған шілдесінде бір Құдай айдап, бір Құдай жетелесе, адам келер ме еді? Құдайыма мың шүкір, сені қалдырғанына! Шүкірім-ау, бауырың езіліп, елжірегеніңнен айналайын, іздегеніңнен айналайын. Сен болмасаң, мына мені кім іздер? – деп бірауық аңырап жылап алды.

Азапты жолдан тырсылап, терісіне сыймай келген Гүлриза ә дегеннен:

– Апа-ау, бақсының моласындай жалғыз шошаймай, етектегі елге неге қосылмайсың?

– Әу баста етектегілеріңнің де қонысы осында болған. Басқармадан бұйрық келгенде, еркегі бардың бәрі шама-шарқына қарай үй тұрғызып, сонда көшіп алды ғой. Менің қай байым бар, қай балам бар дейсің?! Арқа сүйерім жалғыз сен болсаң, бала туудан қолың босамайды.

– Апа-ау, бірге тұра берейік деп талай айттым. Өз үйіңді бізге тастап, тұра қашатындай не күн туды басыңа?!

– Ол ұзақ әңгіме. Аузымды қышытпа! – Сары самаурынын көтеріп сыртқа беттеді. – Жайғаса беріңдер!

Самауырдың оттығы гүрілдеп жанғанынша бүкіл ғұмыры көз алдынан сырғып өткен.

«Кәмпеске. Ағайын-туғандарының тайлы-тұяғы қалмай түн жамылып үдере көшкені, Құдай қосқан дімкәс күйеуін қалдырып кетуге дәті жібермей, алты жасар баласымен жапан түзде жалғыз қалғаны, көп ұзамай қосағы мен баласын жер қойнына тапсырғаны, қыс бойы соқа басы сопайып ит пен құсқа жем бола жаздап, көктем шыға орталыққа жаяу-жалпылап жеткендігі, «байдың құлағы, қашқындардың тұқымы» деп, колхоз мүшелігіне қабылдамай, ен Тәшкенге аман жетсем әулетті табармын деп жаяулатқан, әйтеуір, тағдырдың жазмышы осы Сарыағаш өңірінен дәм-тұз бұйырып қалып қойғандығы, көз алдынан елес болып өтті.

Шай қайнатым уақыт жылағаны есінде, қайнаған самауырды үйге алып кіргенде екі көзінің қызарып кеткенін байқаған сіңлісіне:

– Мына самауыр құрғыр тұтанбай, бар түтін көзіме кіргені, – деп сыдырта салды.

Сәске мезгілінде бұйырған астан дәм татып, шайланып болғанша күн бесін тартты.

– Апа, мен қайтайын. Күйеу балаңыздың кешкі асын… – дей бергені сол еді, апасы:

– Немене, бір күн ас ішпесе болмай ма? Қарны ашса, қазанды арқалап кетпеген шығарсың!

«Момыным, момақаным» деп еркелететін апасына қарсы жауап қайыруға дәті жібермеген сіңлісі «қалсам қалайын, азарлығы бір таяқты артық жермін» деп, сол күні апасының үйіне түнеді. Іші сыланбаған, саз балшықтан құйылған кесек қалпы тұрған үйге көз тастап:

– Апа, үйіңізді әктеп берсем қайтеді?

– Әуре болма. Есекті тағалағандай… Оның үстіне қотыр тамға әк тұра ма? Қысқа қарай басқарма етектегі елге қосамын деп отыр.

Мына жаңалық Гүлризаның жанына жағып барады.

– Иә десеңші, бізге біртабан болса да жақындағаныңыз жөн ғой. Оның үстіне елге қосыласыз.

– Көрерміз! – деп, Жібек апа келіскен сыңай танытты.

Ілуде кездескен апалы-сіңлілі қос мұңлық өткен өмірлерін еске алып, бір жылап, бір күліп жаздың қысқа таңын көзбен атырды. Ертеңіне ертемен:

– Сүдігер араламай, мына Шошымның жағалауымен жүріп отырсаңдар, әп-сәтте барып қаласыңдар, – деп, оларды жарты жолға дейін шығарып салды.

Баян шешесінің жалынғанына қарамай, үлкен апасының жанында қалды.

*   *   *

Алақандай есік-тесігі бар қотыр там түн баласы қапырықтанып кететін-діктен, апасы төсекті далаға салып, масахана құрды.

Күн ұясына қонса да, бітіп болмайтын шаруасын жайғап жүрген апада тыным жоқ. Ебелектеп жанында жүрген Баянға:

– Бар, құлыным, төсек салып қойғанмын. Жата бер, мен де келемін қазір.

Құлдыраңдап масаханаға қарай жүгіріп келе жатқан қыздың кенет жан даусы шықты.

– Апа-а-а, жылан!

Лезде жанынан табылған әжесінің дауысы анақырандай саңқ етті.

– Қане, қайда?

– Жатыр ғой мына шұбатылып…

– Ой, Алла-ай, – атқақтаған жүрегін қолымен басып, – бұл жылан емес, арқан ғой. Жылқының қылына ешкінің жүні қосылып иірілген. Міне, көрдің бе, түгі сыртына теуіп тұр. Әдейі масахананы айналдырып қоршап шықтым. Бұл ала арқаннан бақа-шаян түгілі, құрт-құмырсқа өте алмайды. Баяғыда бабаларымыз алыс сапарда түнеген жерін осылай арқанмен қоршап қойған. Өйткені, жын-шайтан ала жіптен аттай алмайды деп ырымдаған.

– Қане, ұйықтайық енді. Қалғып үлгермей таң атып қалады.

Қу мекиен, дүз дала. Екеуден-екеу. Бірі – қартаң тартқан ана болса, екіншісі – жасына сәйкес емес, көп білмекке ұмтылған, күзде мектепке бармаққа дайындық көріп жатқан қыз бала.

Жамырай шыққан баданадай жұлдыздар аспанды жаулап алған. Күн батыстан соққан майда жел, масахананы кеменің желкеніндей керіп қояды. Желдің жұмсақтығы сондай, маңдайдан, бетіңнен сүйіп, кекіліңді еркелете желпіп қояды.

– Әже, – деді, манағы үрейден ұйқысын қашырып алған Баян, – неге сіздің балаларыңыз жоқ?

– Әй, жазған балам-ай, оның несін сұрайсың? Бар. Болған… біреу-екеу емес – он. Өзі берген Құдай – өзі ала берді. Бұ дүниеде жанымда болмаса да, о дүниеде мені күтіп жатыр. Алладан әмір келген күні мәшһәрде балаларыммен қауышамын.

«Осымен әңгіме бітті» дегендей, жастығын биіктетіп, ұйқы мәзірін жасағанымен, ұйықтай алмай, әлсін-әлсін терең күрсінгенінен сезімтал қыз тағы сұрау қоюға әжесін аяды.

…Араға жарты ғасыр уақыт салып, сондағы әжесінің ауыр күрсінгенін, ол кешкен азапты өмір туралы жазатынын, қалың оқырманға ұсынатынын Баян білмеген еді…

ҚАРТ КҮЙЕУ

1960 жыл. Баян 4 класс оқушысы. Оқу озаты. Көктемгі демалыста өзімен оқитын Жиенкүл, Үміттермен бірге бір күнге болса да «Ударникке» барғысы келетінін айтқанда анасы «барсаң барып қайт, апаңды сағынған шығарсың» деді.

Жібек бұл кезде бала-бақшасын тапсырып зейнетке шыққан. Үй шаруасымен айналысады.

Жер бетіне тіршілік нәрін таратуға, қыс ызғарын ысырып тастауға келіп жеткен, алтын күректің жылы лебі қара жерді бусандырып жатқан кезең.

– Өзімде ойлап едім, Баяным көктемгі демалыста келіп қалар деп. Екі көзім көшеде. Қайта-қайта шығам, – деп апасы сөйлеп келеді.

Бұл кезде Жібек шағын ауылдағы көшенің бас жағындағы шеткі үйге көшіп алған. Бір бөлме, бір дәлізі бар тоқал тамның кісі қызғарлықтай әуселесі болмаса да, баяғы қотыр тамнан көш ілгері. Іші-сырты ақталған.

Наурыз мерекесі жақындап қалған соң ба, үй-ішін тазалап, жинап жатқанының үстіне түсті, Баян. Үйдегі басы артық кәкір-шәкірді далаға шығарып, бөлмелерді адыраспандап жатыр екен. Шалы қоқысты аулаққа апарып өртеуде.

Есіктің алды асфальттағандай тап-тақыр. Айнала кең жазықтық. Дүниенің төртбұрышы осы арадан көрінетіндей. Егістік пен үй алдындағы алаңшаның түйісетін жерінде тамыры ырсиған ескі томар көзге түседі.

Күрегі күнде шағылысқан қарт сол томардың түбін қопсытып, ескі жаңқаларды сылып жатты.

– Жібек бір шелек су әкелші, – деп онсыз да етегіне сүрініп тірліктен босай алмай жатқан кемпіріне тіл қатты.

Баянтай мына шелектегі суды атаңа апарып бер!

Әлгі шалды «Ата» деп атауға болатынын білген соң, Баян зыр жүгіріп барып шелекті ұсынды.

– Ата, міне су.

– Бәрекелді, көп жаса!

– Жібек, қызың жұмсауға жарап қалыпты ғой деп қуандырғысы келгендей тіл қатты.

Томардың шорланып біткен бұталарын отап болып түбіне су құйды. Бар қимылын жіті бақылап отырған Баян:

– Ата не істеп жатырсыз?

– Балам бұл диқан құпиясы.

– Айтыңызшы, білгім келеді, ешкімге айтпаймын.

Кіп-кішкентай қыздың әр нәрсені суыртпақтап сұрап, қызға тыңдайтынын байқаған ата:

– Айтсам айтайын. Неше жылдар бойы күтім көрмей, қурап қалған бұл томар – жүзімнің тамыры. Буындары қыс суығына үсіп кетуі де мүмкін ескі бұталарын алып тастағанымды көрдің. Су құйылды томар өзегінен қурап қалмаған болса, өз буымен, жылы ауамен демалған шыбықшаларға бір жетіде жан бітіп, көгеруге тиіс. Тіршілік белгісін берер деп ойлаймын. Өйткені жүзім ағашының тамыры ұзаққа кетеді.

Не нәрсе болсын тамырдан нәр алады. Күтімсіздік – жабайылыққа әкеледі. Жабайы бұтақ өнім бермейді. Қазір өзің көргендей жабайы бұтақтарды шырпып тастадым. Жаңа кесілген бұталарға ауа тисе, көтере алмай қалады, сондықтан да қазанмен жауып қойдым. Ол ішке суық ауа жібермейді бар құпия осы.

Алла қаласа, жазда тәтті жүзімге тоятын боласың.

Атаның диқаншылық туралы ұзақ пәлсапасын ынталанып тыңдағанмен, қу томардан «тәтті жүзімге тоясын» дегеніне сеніңкіремеген.

Көзді ашып жұмғанша жазда сырғып келіп қалды. Мектеп оқушылардың жазғы демалысы басталды. Баянның есіл-дерті апасының үйіне жету.

– Айдалада не бар? Ішің пысса пионер лагеріне жіберейін, – болды, қатал әкенің үкімі. Жібектен осы қызын өлердей қызғанады. Араға ақтаушы ретінде тағы да анасы Гүлриза кірісті.

 – Әлі алда үш ай демалыс бар ғой, лагеріңе келесі аусымда-ақ барар. Кейін бір өзі қалып қойса қайтіп барады, кластас қыздарымен жетіп алсын да, – деп отағасына қиыла қарады.

Әйелінің жылы сөзіне сылқ түскен, ақкөңіл Ескен үнсіз басын изеді.

Жеті-сегіз шақырымды бұйым көрмейтін Жиенкүл , Үміт, оның сіңлісі Ақшакүл төртеуі әңгіменің қызығына түсіп, әр нәрсенің басын бір шалып қара жолда жортып келеді. Бұл шақырымдарды олар күніне екі басып өтеді. Әбден шыныққан. Көндіккен. Балпаңдап әлгілерге ілесе алмай келе жатқан Баянның маңдайынан шып-шып тер шықты. Байқатпауға тырысады. Екі көзі алдынан шығар ауылда. Жеткізбейтіндей. Батып бара жатқан күн қызуы да дәл Баянды көздегендей қыздырып барады. Жанындағылардан қалыспайын дегендей бұл да сұрақ қояды.

– Ауылдарыңның аты неге «Ударник»?

– Бір кездерде осы ауылда қандай жұмыс істесе де тек алда болған бір апа бар екен. Ол кісі бар шаруада ударник болыпты. «Бұл қай ауыл?» деп сұрағандарға, «Ударник әйелдің ауылы» деп жауап береді екен, содан «Ударник» аталып кетіпті.

– Қазақшасы – «екпінді» деген сөз ғой ә? – деп Ақшагүл де қосылып қояды.

Баян үшін, әзер дегенде кішкентай ауылдың сұлбасы көрінді-ау, әйтеуір. Көшенің басына жете бере: – Апа-а-а, – деп айқай салған Баянның дауысынан құлағы түрік – Жібек, өзі де көше бойына қарайлай жүр екен, анадайдан жүгіріп келеді.

Мен келе жатырме-е-ен! Жібектің жанынан бір елі қалмайтын иті-Майлан иесінен бұрын жетіп, екі аяғын иығына салып, бетінен жалап-жалап алды. Тәлтіректеп құлай жаздаған Баянды құшағына басқан күйі, итіне ұрсып жатыр.

– Әй, кет ары, құлатасың ғой, өзі сіңіріне ілініп әрең жүрген қызды. Апасының кең құшағына құлай кеткен қыз да еркелеп әлек.

Аулаға кіргенде есік алдын танымай қалды. Көктемдегі қу томар– сөрелермен өрмелеп аспанды көрсетпей тұр. Жап-жасыл жапырақтарының ар жағынан кішкентай-кішкентай моншақтар сығалайды. Сөренің астына әдемілеп сыпа жасап қойыпты. Бұл – топырақпен үйіліп, үстін, айналасын сылап қойған қолдан жасалынған «Тапчан». Күндіз көлеңке, кешке салқын, таза ауада тамақ ішуге, ұйықтауға ыңғайлы.

– Ата қайда, – деді ақсақал көзге түсе қоймаған соң.

– Ой, ол байғұс менің төркініме «қайындап» кетті. Бөген-Шаянға. Оны біреу күтіп отырғандай-ақ, – деді апасы, – жақтырмаған сыңай танытып. Жас бала сияқты қыдырғанды, жақсы киінгенді ұнатады ғой.

Апасының Гүлризадан өзге тағы бір Шаркүл есімді сіңілісі бар. Бекежан барған сайын, қойын сойып, қолын қусырып қарсалатын көрінеді. Ағайын-туыстан тұлдыры жоқ шал, қайын-жұртының құрақ ұшып қарсы алатындарына дән риза.

Кәмшіл Шәркүл «әпкемнің жанындағы жалғыз қара қой» деп құрметейді. Қарт күйеуді «жезде» деп қылжақтасқысы келгендерді тиып тастайды. Осының бәрі амалсыздығынан жасалынатын тірлік. Шәркүлдің тілімен айтқанда – «Сүймегенді сүйгізген – сүйгенімнің арқасы». Өз мақалын өзі күрсініп айтады. Көз алдына баяғы шалқыған, дәулетті шағы жиі елестейтін Шәркүл шын мәнінде ,«жездесін» қомсынады. Бірақ байқатпауға тырысады.

– Атам қашан қайтады?

– Кемінде бір жеті, кейде он күннен аса жүреді ғой, сол жақта.

Күн бесіннен ауып барады. Ішке кіріп киім аустырған Баян қолына зілдей ауыр «Батырлар жырын» ұстай шықты.

Жібек сыпыраны жайып жіберіп қаттама істеуге кіріскен. Ошақтағы от маздап жанып тұр. Қара қазандағы сүттің беті парашюттің желкеніндей көтеріліп, асты шымырлап қайнауда.

Жібек ел сияқты ас әзірлегенде отынды ошаққа көмейлетіп салмайды. Екі-үш тал қураған бұтақты айқастырып тұтатады да, кез-келген тамақты әп-сәтте әзірлеп ала қояды. Қара қазанның қайнату нүктесін дәл тапқан, сарабдал аспаз. Көз ілеспес жылдамдықпен қаттаманың қамырын илеп, иін қандыруға жеңіл қымтап қойды. Иі қанған қамырды еттің нанындай жұқалап жайып, сары май мен майлап алады. Содан соң шиыршықтап орап бірнеше бөлікке бөледі. Әр бөлігін қайта жайып шығады да, көлемі тәрелкенің бетіндей болған кезде, қазанға бір қасық сары май салып, қаттаманы аунатып ала береді. Иісі мұрныңда жаратын қызыл күреңденіп піскен жүқа нан, дастарханда сылқ етіп түседі. Әр қабатында май болған соң, жеке-жеке қапталып тұрған бұл нанды қаттама деп атайды. Жібек осының бәрін үндемей жүріп істейді. Сөйлесе – жүрісінен жаңылып қалатындай. Жоқ, әлде жалғыздықтан қалған әдеті ме, оны өзі де білмейді.

Қазандағы сүтті қотарып жатып, ошақтағы оттың көмескіленіп бара жатқанын байқап:

– Әй, Майлан, – деп итін шақырады.

– Мына қаттаманы пісіруге үш-төрт тал отын әкел!

Мынадан мөлейіп отырған Майлан зыта жөнеледі. Кеткенінен қайтқаны жылдам. Үш-төрт тал бұтақты тістеп әкеліп ошақтың жанына тастайды да, иесіне, «тағы да әкелейін бе?» дегендей сұраулы көзбен қарайды.

– Жоқ, жетеді, есіктің алдын босқа ыбырсытпай, – деген сөзінен кейін, жатқан жеріне қайта барып жайғасып, көсілген аяғына басын қойып Жібектің жаңа әмірін күткендей. Ыстық сүт құйылған кәрлен кесені қаттамамен Баянның алдына әкеліп қойғаннан кейін барып, тілдесуге мұршасы келген Жібек:

– Үй іші аман ба?

– Аман.

– Ыстық быламықтай жабысқан әкең сені мұнда қалай жіберді?

– Жіберді ғой, – деді Баян, соңғы буынға екпін түсіріп. Әкесін ыстық быламыққа теңегені онша ұнай қоймай:

– Апамның айтуынша көкем демалысқа шыққан соң бірге келеді екен.

– Келсе келер, – деп, немқұрайлы айта салғанымен, олардың ренжісуінің басты себеп – Баян екені еске түсті ме, жоқ әлде Баянды шынымен жақсы көре ме, күс басқан алақанымен маңдайын сипап арқасын қақты.

– Жей ғой, жеп ал, – деп, қаттама мен ыстық сүтті аузына тосты.

– Өзек жалғап ал. Сосын кешкі асқа әзірленеміз. Қандай тамақ жегің келеді?

Баян үнсіз. Әкесі туралы айтқанымды көңіліне алып қалды ма дегендей:

– Баянтайым менің. Сен өскенде ерекше адам боласың. «Тоғыз ұлым бір төбе, Ертөстігім бір төбе» дегендей сен басқалардан өзгешесін. Сені өзім туғызып алғанмын. Алғаш көзіңді ашқаныңда көрген адамың – менмін. Мен сені әке-шешеңнен бұрын көргенмін, сондықтан да ықыласым саған ауған. Өткен өмірімді былай қойғанда, мен – ырысты-несібелі адаммын. Ырыс ауысады деген сөз бар. Менің ырысым саған қонатын болады. Өміріңде қарның ашып ас ішпейтін, «жоқ» дегенді білмейтін боласың. Өзіңнің де қолың ашық болады. Өйткені, көп балалар туылғанда жұдырығын түйіп туады, ал сенің алақаның ашық болған.

– Мына ыстық сүттен сораптап-сораптап іш, ішегіңнің алақандай жері ағарады. Ағарғанның адам ағзасына тигізер пайдасы мол. Ал мына кітапты мал жайғап болған соң, кешкі астан кейін, сен оқып, мен тыңдайтын боламын, мақұл ма?

Орнынан жылдам көтеріліп, жүзім сөрелерінің арасынан сығалап тұрған күнге қолын қалқалап қарады да, итіне дауыстап:

– Майлан-ау, күн қонақтауға жақын, өрістегі малды қайырып кел!

Жалқау баладай бөксесін еріне көтерген Майлан есік алдынан алыстап бара жатты.

Бір сәттік тыныштық. Аспан демін ішіне тартып тұрғандай үнсіздік орнады. Баянның ту сыртынан әлдене сықыр-сықыр еткендей. Мойнын бұрып қанша қарағанмен, ештеңе көрінбейді.

– Апа, артжағымда бірдеңе сықырлайды. Шайтан емес пе, ол не? – деп үрейлене қарады.

(Жалғасы бар).

Ханбибі ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ,

ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *