МӘСІМОВ ІСІ: ЖАҢА ДЕРЕКТЕР ЖАРИЯ БОЛДЫ

Заң Қоғам
584 Views

Кешегі аптадаәлеуметтік желілерде ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовке қатыстыбұрын-соңды ешкім естімеген, еш жерде айтылмаған, естіген жұрт еріксіз жағаұстайтын бір ақпарат тарады. Шындық деуге ауыз бармағанмен, жалған деуге де келмейтін бұл жазба нақты кімнің қаламынан шыққаны беймәлім болып тұр. Бұған қатысты көпшіліктің пікірі де сан алуан. Бүгінгі күннің басты тақырыбынаайналған осы жазбаны біз оқырманмен бөлісуді жөн көрдік, ақ-қарасын өзіңізайырып аларсыз.

Сонымен…

ШЕКАРАДАҒЫ АТЫШУЛЫ ҚЫЛМЫС

«Кәрім Мәсімовтың тергеуі аяқталып, ісі сотқа өткен соң, оның қылмыстары жарияланады. Оның қылмыс жолымен арттырған байлығын, істеген қылмыстарын естігеніңізде, өмірден баз кешіп кетесіз. Қытаймен біздің «Қорғас» бақылау бекетінен түскен табысы Кәрім Мәсімов пен тағы бір кісінің жеке қалтасына түсіп отырған. Кәрім Мәсімов 2016 жылдан бері Ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарып келеді. Сол 2016 жылдан бері, «Қорғас» бақылау бекетінен мемлекетке бір тиын түспеген. Оның есебін сұрайтын бір тірі жан болмаған, білсе де ешкім сұрай алмаған…

«Қорғас» бақылау бекеті, қазіргі тергеудің мәліметінше, мемлекетке 1 жарым миллиард доллар зиян келтірген. Сонымен қатар, әрбір қалада, көлеңкелі бизнестері болған. Кәрім Мәсімовке тиесілі ешбір мүлкіне салық төленбеген. Жалған компания құрып, мемлекеттен 7 миллиард теңге несие рәсімдеген, ол несие төленбеген. Қайта оларға да мемлекеттен субсидия алып үлгерген. Қазіргі таңда, Кәрім Мәсімовтің байлықтары Құлыбаевтан асып түспесе, кем түспейді. Неше жылдан бері ірі жобалармен айналысып, көп ақшаны ұстап көрген мына мен, оның байлығын естігенде, төбе шашым тік тұрып, таңырқап қалдым. 50 мың теңгеге күнелтіп жүрген қарапайым халық естігенде жүрегін зақымдайтыны анық. Ол – ол ма, «Арқанқерген» шекарасындағы қанды оқиға көптің есінен шықпаған болар…

Кәрім Мәсімов Малайзиядан Қытай арқылы есірткі тасылмалдатқан. Елімізге «Арқанқерген» шекарасы арқылы кіріп келе жатқан жүк көліктің жолын солдаттар кесіп, солардың қолына түскен. Әккі қылмыскерлер «біреуге» «бізді іркіп тұр» деп қоңырау шалған. Есірткі тасымалдаушылардың телефон арқылы сөйлескен адамы «атып тастаңдар» деген болуы керек, сол жерде жауынгерлерді жайратып салған. Сөйтіп жалғыз В. Челахты алып қалып, ұрып-соғып, «мойныңа алмасаң шешеңді өлтіремін» деген соң, бала байғұс мойнына алған. Ал әлгі қанды қол қылмыскерлер оқиға орнына өрт қойып, ізін суытқан.

Одан соң В. Челахтың соты басталды. Оның белгілі, танымал, Серік Сәрсенов деген қорғаушысы болды. Сол адвокат Серік Сәрсенов жұмбақ жағдайда қайтыс болды. Ол өліп қалған соң Челахтың шешесі ұлына тағы бір қорғаушы жалдады. Ол қорғаушы соттың бір процесіне қатысты, ал екінші сот процесінде Челахты қорғаудан бас тартты. Челахтың соты әлемдік деңгейде көтерілді, шешесі байғұстың жылап, етегі жасқа толып, бармаған жері қалмады.

«Челахтың бір өзі 14 солдатты өлтіруі мүмкін бе?» – деген сұрақпен Астанаға Шымкент қаласынан шекарада қызмет істеген бірнеше полковник, подполковниктер, генералдар барды. Астанада жиында: «Бұлай болу мүмкін емес, бір адамның қолынан келмейді» – деді. Сол сөздері Кәрім Мәсімов пен оның арқа сүйеген адамына ұнамай қалды. Сөйтіп бәрін бір ұшаққа отырғызып жіберіп, қолдан апат жасап, оларды өлтірді. Оған әуежай диспетчерін кінәлап, оны да бірнеше жылға соттады.

Кәрім Мәсімовтің Астанадағы Қосшы ауылындағы саяжайында есірткі шегіп, қазақтың өрімдей жас қыздарын іш киімдерімен бөкселерін бұлтыңдатып билеткен бейнетаспаларын мен екі жылдан бері сақтап жүрмін. Бір көшірмесін тергеушілерге бердім, ал түпнұсқасы өз қолымда. Өлмесем, мен оның сотына міндетті түрде қатысамын!

ШЫМКЕНТТЕН ДЕ ШУ ШЫҒАТЫН ТҮРІ БАР

Бүгін бірнеше тың ақпараттар жинадым. Ұлттық қауіпсіздік комитетінде істейтін Кәрім Мәсімовтің «сол қолының» бауыры Шымкент қаласының әкімдігінде істейді екен. Сол туысы тендер мәселесін осы күнге дейін шешіп отырған. Оның басқа да қылмыстары бар екенін анықтадым. Жақын күнде оның да қолына кісен салдырамын. Осы жазбамды ойланып отырып жаздым. Демек, бұл жәй сөз болып айтылып қана қалмайды. Алла қаласа, міндетті түрде жүзеге асырамын!

Айтпақшы, К. Мәсімов Ұлттық қауіпсіздік комитетіне керекті қару жарақтарды саудаға шығарған. Қысқасы, оның істемеген қылмысы қалмаған. Генерал Нұрлан Жоламанов пен Нартай Дүтбаевты да қаматып отырған осы. Шымкенттік сыра королі Тоқтар Төлешевті де қамаған сол. Миллиардтарды жеп қойған кейбір министрлер бір жылда түрмеден шыға келеді, ал Нұрлан Жоламанов, Нартай Дүтбаев, Тоқтар Төлешевтер түрмеден шықпайды. Бұлар берілген мерзімінің тең жарымын өтеп қойды. Біздің заңдағы «колония поселение», «исправительная работа», «досрочное освобождение» – осы мүмкіндіктерді аталған үш тұлғаға неге қолданбай келеді?! Өйткені Кәрім Мәсімов шығармауға, босатпауға бұйрық беріп отыр! Осы үш тұлғаны алдағы жақын күндерде мен түрмеден шығарып аламын! Бұл уәде!

Ал енді Кәрім Мәсімовке келетін болсақ, Президент Тоқаев кішкене асыққан сияқты. Өлім жазасын жақында ғана алып тастап еді. Президент Тоқаевтың бұлай істеуінің себебі – ит болса да, Қазақ өлмесін деген шығар. Ал Өзбекстанның қазіргі Президенті Шавкат Мирзиеёв Өзбекстанның тұңғыш Президенті Ислам Әбдіғаниұлы Кәрімовтың тұңғыш қызын қамауда ұстап отыр. Кәрімовтің дәуірінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің орынбасары болған Ғұламовты өмір бойына бас бостандығынан айырды. Кеңесшілерінің екеуін қамауға алды, біреуі халықаралық іздеуде. Ал Кәрімовтің байлықтарын түгел тәркілеп алды.

Байқасаңыздар Президент Мирзиеёв үнемі: «ол дәуір өтті, бұл жаңа Өзбекстан», – деп сөйлейді. Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеёв Кәрімовтің кезіндегі ішкі істер Министрін 18 жылға соттады. Сонымен қатар, Ұлттық қауіпсіздік комитетінен күшті алып, сол күшті облыс әкімдері мен аудан әкімдеріне берді. Қазіргі таңда Өзбекстан Республикасы бойынша аудан әкімдері Ташкентте қыдырып, санаторийда дем алып жатыр.

Біздің қазіргі жағдайымыздың осыған ұқсастығы бар. Тоқаев күні кеше: «Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа рақмет, осындай компанияларды байытқаны үшін», – деді. Тоқаев атаған компаниялардың бәрі Назарбаевтың отбасына тиесілі еді. Президент Тоқаев өткендегі баяндамасында сыпайы және дипломатиялық тұрғыда: «Сол компаниялардың енді халыққа көмектесетін уақыты жетті, бұл – жаңа Қазақстан!» – деді. Сондықтан «Тоқаев – мебель», – деген сөзді ұмытатын уақыт жетті.

Қазір көпшілік «Неге Нұрсұлтан қаласының атын өзгертпейді?» – деп даурығып жатыр. Кешегі қақтығыс мемлекетке айтарлықтай зиян келтірді, осылардың бәрі реттелген соң Нұр-Сұлтан қаласының атауы өзгертіледі. Ол өз-өзінен өзгермейді, қомақты қаржыны талап етеді. Сондықтан «сабыр түбі – сары алтын, сарғайған жетер мұратқа» деген ұғымды ұстана тұрайық, ағайын!»

…Авторы белгісіз жазба осылай аяқталады. Ондағы әңгіменің бір ұшы Шымкент әкімдігіне тірелетіндей. Қалай ойлайсыздар, ол кім болды екен? Кез келген ортада айтыла бермейтін батыл пікір мен кім көрінгеннің қолынан табылмайтын жеке архив бейнежазбасын қолына түсірген жазба иесінің өзі кім деген сұрақ та көпшілік көкейінде.

LRT ҚАРЖЫСЫН ДА ҚАЛТАҒА БАСҚАН БА?

Кезінде егемен елдің жетінші премьер-министрі атанған Кәрім Мәсімов жайлы жаңа деректер шығып жатыр. Соның бірі Президент Қ. Тоқаев «Сыбайлас жемқорлықтың иісі мүңкіп тұрған жоба» деп атаған LRT-ға қатысты.

Кәрім Мәсімов қамауға алынғаннан кейін «Astana LRT» жобасындағы қаржыны жымқырды деген күдікке ілініп, АҚШ-қа қашып кеткен Қанат Сұлтанбеков ол туралы жазба жариялады. Оның да бұрынғы ҰҚК басшысына таққан айыбының салмағы ауыр.

«Кейбірі қолына шексіз билік түскенде құдайдан асып кеттік деп ойлайды. Сен солардың бірісің. Сенің қолың қанда, орның тозақта! Сені заңсыз қудалап немесе алдаған адамдардың қайғы-қасіреті мен көз жасы жібермеді.

Сені ҰҚК тергеу қапасының жылы суы мен тоңазытқышы бар «VIP» камераға отырғызбайды деп үміттенемін. Қамауға алынған басқа адамдар сияқты екі аптада бір рет жалпы душқа түсіп, «тоңазытқышың» далада болады деп сенемін.

Енді сіздің, Мәсімов, неліктен «Astana LRT» жобасын тергеуге қатты кедергі келтіргеніңіз және өзіңізге берілген барлық өкілеттіктермен менің айғақтарыма жол бермей, жобаның ақшасын ұрлады деп маған барлық айыптарды арта салғаныңыз белгілі болды. Сіз 2015 жылдың желтоқсанында осы жобаның несиелік құжаттарына қол қойған кезде Қытай Даму банкінен несие алудың бастауында тұрдыңыз.

Мен ешқандай ұйымдасқан қылмыстық топ құрған емеспін және LRT, BRT құрылысына қатысты ақша ұрлаған жоқпын. Бұл ақшадан бір теңге де алған жоқпын. Қысқаша: 2009 жылдың қазанынан 2014 жылдың желтоқсанына дейін Астана қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқардым. 2016 жылы (әкімдіктен кеткеніме 2 жыл өткен соң) әкімдік «LRT» ақшасын (257 миллион ​​доллар) Астана банкіне аударып, сол жерде жоғалып кетті. Сондықтан құрылыс тоқтап, «жемқорлық ескерткіштері» пайда болды. «LRT»-ның жоғалған ақшасын Жақсыбеков пен Әлиевтен сұрау керек», – дейді ол.

Қ. Сұлтанбековтың атышулы аяқсыз қалған жобаның әлі күнге шуы басылмай келе жатқан қаржысы жайлы жазбаларында сонымен бірге Астана қаласының әкімі, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы төрағасының бірінші орынбасары — ҚР Президентінің кеңесшісі, Индустрия және сауда министрі қызметтерін атқарған танымал тұлға Әділбек Жақсыбековтың есімі де аталады. Елбасының немересі Нұрәлі Әлиев пен танымал саясаткер Иманғали Тасмағамбетовтің де есімін кездестіруге болады.

Айта кетейік, Қанат Сұлтанбековтың бұл жазбасына жоғарыда аталған азаматтардың ешқайсысы пікір білдірген жоқ. Ал оның өзі халықаралық іздеуде.

ІНІСІ ҚЫЗМЕТТЕН КЕТТІ

Қаңтардың 17-сі күні Павлодар облысының полиция басқарма басшысы, Кәрім Мәсімовтің немере інісі Нұрлан Мәсімов қызметінен босатылды. 48 жастағы Нұрлан Мәсімов Павлодар облысының полиция басқармасын 2019 жылдың желтоқсанынан басқарып келген. Өткен жылдың мамыр айында генерал-майор шенін алған ол бұған дейін Алматы қалалық, Алматы облыстық полиция департаменттерінде басшылық қызметтер атқарған.

Ал, жалпы, Мәсімовтің өзіне келер болсақ, 56 жастағы Кәрім Мәсімов – Қазақстанды отыз жылға жуық уақыт басқарған экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көптен бергі үзеңгілесі. Назарбаев оны 2016 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы етіп тағайындаған. Мұның алдында ол 2007-2012 және 2014-2016 жылдары екі рет премьер-министр қызметін атқарған. Бұл азамат ел билігінде отырған кезде теңге құнсызданып, елде дағдарыс шарықтау шегіне жеткен еді. Көпшілік жұрт Мәсімов премьер болғанда оны бұл орында ұзақ уақыт отырмайды деп болжады. Бірақ қалың бұқараның бұл болжамы мүлде қате болып шықты. Ол премьер болып бір емес, екі мәрте тағайындалды.

Қытайда білім алған К. Мәсімов Елбасы Н. Назарбаевтың командасына 90-жылдардың ортасында келді. Кейін оның биліктегі ең сенімді адамдардың біріне айналды. Дегенмен ел ішінде оған деген сенімсіздік, наразылық әлдеқашан-ақ басталған. К. Мәсімовтің елге опасыздық жасауы мүмкін екенін жұрт бірнеше жыл бұрын айтқан. «Халық айтса, қалт айтпайды» деген бар…

Тәуелсіз Қазақстан тарихында Отанына опасыздық жасап, билікті күшпен басып алуды көздеген адам тек Кәрім Мәсімов емес. «Әлиев ісі» ел есінен шықпаған болар. Бұрынғы күйеу бала да биліктің биік посттарында лауазымды қызметтер атқарған болатын. Яғни «жау алыстан келмейді»: биліктің айналасында бүлікшіл басшылар болды деген сөз.

«Іштен шыққан жау жаман» деген осы ғой…

Бетті әзірлеген

Д. ӨМІРБЕК

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *