(Жалғасы. Басы өткен сандарда).
Даланы ат бауырынан келетін қалың қар басып, ой мен қырды тып-типыл тегістеп, тіршілік тынысын тарылтқан сәттердегі Жібектің айналысатын ермегі – осы. Бала мен байдан, бауыр мен басқасынан өлідей де тірідей айрылған баспақшыл болған Жібектің тірлігі. Уақытты өлтірудің бір амалы. Арасында Аллаға мінәжат етуді де ұмытпайды.
Қу моланы пана ғып өтемін бе, А-Құдай,
Өзің иіп, көктемге жетемін бе, А-Құдай?!
Көздің жасы көл болды етегімде, А-Құдай,
Әлі тірі келемін жетегіңде, А-Құдай!
Көрерімді көрместен өлемін бе, А-Құдай,
Бір өзіңнен басқаға сенемін бе, А-Құдай?!
Тағдырына налығанымен, бір Алладан күдер үзбейтіндігін мәлім еткен Жібектің жыры еді бұл! Қалың қайғы, қою мұңнан «Бір Құдайдың» ғана құтқара алатындығына сенгісі келеді. Сенеді. Құдайым қарғамайды.
Иінінен су кетіп, ащы ішектей бұратылып жатып алмай, өз кедуесіне өзі дем беріп, еңсесін тік ұстау – ата-бабаларынан келе жатқан әулетке тән қасиет еді. Оның бір парасы осы Жібектің кеудесінде тіріліп, қайта көктегендей. Зұлматтың құйынын үйіріп, бақытсыздыққа тап қылған залым уақыттың өтерін де біледі Жібек. Омбы қар жіпсіп, жер тамырын қуалай ағып, қара жерге қуат бітіп, жер қарайып, күн жылынғанда, қу кепені тастап, елге қосылып, адамдардың бет-жүзіне армансыз қарап, емен-жарқын әңгіме тиегін ағытармыз-ау деген сенімге де еріп кетеді кейде Жібек.
Күміспен әдіптелген, сүйекпен беттелген сырлы сандықтың үстіндегі қаздай тізілген жібек көрпелерді сырғытып түсіріп, ішек-қарнын ақтарды. Ішіндегісін төгіп жатып тағы да ойға беріледі. Марқұм әжесі жеңіл әрі жұмсақ, жылы болады деп, үкілі үмітпен бар өнерін салып, әдіптеп сырған көрпелердің күні біткен.
Міндетін мерзімінен бұрын тоқтатқандай. Ендігі жерде сән-салтанаттың, сұлулық пен әдеміліктің Жібекке түкке де қажеттілігі жоқ! Бір кездері – үй ішіне әр беріп, жан бітірп тұратын көнеден келе жатқан көркем дүниелер – ұстағанның қолында, тістегеннің аузында, жарымаған большевиктердің қанжығасында кеткелі қашан?!
Төрге сән беріп ілулі тұратын қалың кілемнің қаздиған шегелері ғана қалыпты.
Көмектің арғы аталарынан мұра боп, атадан балаға жалғасып келе жатқан жалғыз жалаңаш қылышты сандықтың түбінен алып, тым болмаса, көлденеңге көз ғой деп, жалаң қабырғадағы шегенің біріне іліп қойды. Кешегіден, кешегіден дейміз-ау, көне әулеттің бүкіл тарихынан хабар беріп тұрған жалғыз жәдігер осы ғана.
Аз уақыттан соң он шақты көрпеден сыпырылған тоқтының торпақ жүні – тұлақ пен сабаудың арасында әбден түтіліп, толқынның көбігіндей шудаланып жатты.
* * *
Көрінбеген күнін түнге ұрып, түнін күнге ұрып, қараңғы тамда ұршығын иіріп, зарлы дастандарын қайталап айтып көктемді күткен тәубешіл Жібек отыра берер ме еді?!.
Иірген жібі үзілмесе де, ойы үзіліп-үзіліп кетеді. Онда желі жоқ. Жүйе жоқ. «Осы мен алжасайын деген жоқпын ба?!» деп, өз-өзінен сұрап та қояды. «Жоқ, алжасқан жоқпын!» Алжасқан адам алжасқанын білмейді… Дүниеде кемде-кем адам өзімен-өзі, осыншама уақыт оңаша қалып, өзін-өзі жақсылап танымаған шығар…
Ара-тұра жасынан жадында қалған «Мұңлық Зарлықтан» есіне түскенін әндетіп айтып қояды. Жанынан шығарып: «Мен де сендей Мұңлықпын. Бірақ та ағаң жаныңда. Дәмін де таттым қорлықтың, перзентім – Хақтың қолында, өлмедім, көрдім басқасын. Маңымның бәрін жалмадым, тарыдай тағдыр шашқасын! Қоршаған сан-мың сұрақтың бірі де кірмес миыма, тасбауыр еттің, жылаттың, бұл да бір Алла сыйы ма?!» деп, қоңыр даусымен әндетіп отырғанда, біреу қосыла кеткендей болды. Елең ете қалған Жібек орамалын құлағының сыртына қайырып, тыңдай қалды. Әрі-сәрі, әлтек-тәлтек ойоын аш қасқырдың ұлыған үні болды. Құлағы анық есітіп тұр. Аулақтан емес, дәл төбесінде ұлып тұр.
Тұла бойы дір етіп, құйқа тамыры шымырлап қоя берді.
– Ей, Алла, көрсетпегенің әлі алда екен ғой! Менен бір төмпешігіңді аяғаның ба, енді қасқырға жем етпексің бе?! Осыншама зауалды үйіп-төгетіндей қандай күнәм бар еді?! Ішкі дүниесі жанып бара жатқандай қозғалды-ау! Іштей белгісіз қуат тепті. Жүгіріп сенекке барды. Бетіне қаймақтанып мұз қатқан бақыраштағы судан сіміріп салды. Ішіндегі өрт басылғандай. Қабырғадағы қаланып тұрған сексеуілден құшақтап әкеліп ошақтың алдына тастады.
Қасқыр ұлуын үдетіп барады. Үй төбесіндегі қамыстың сыбдыры естілгендей. Сіре мұзды қос аяқтап суырып, аршып жатыр.
– У… у… у!.. Ұлыған сайын үні аянышты әрі қорқынышты.
– Ей, сорлы-ай, сенде жазық жоқ, менде азық жоқ демексің бе?! Әлде, ұяластарыңды шақырғаның ба?! Мына боранда тіске басар нәпақа таппай, иісшіл танауың осында қорғансыз, шарасыз жемтіктің барын сезіп келіп тұрсың ба?!
Іште тұрып төбедегі қасқырмен тілдескен түрі осылай. Сөзі аузында, қолы жұмыста: сенектегі сөрелеп қойған сексеуілді төсеніштерді жиып тастап, үй ортасына үйіп жатыр. Тамызықпен отынды тұтатты. Төрдегі ілулі тұрған жалаң қылыштың жүзіне қол жүгіртіп көрді. Бабында екен. Жазда келген Тайтелінің көзі осыған түспей, ер-тұрманға түскені қандай жақсы болды!
– Тапқан екенсіңдер езілетін, мүжілетін адамды! Қораланып келсеңдер де, қой демеймін! Бальшебектерден ала алмаған кегімді сендерден қайтарайын! – дегенінде жылаудан босамаған жанары ұшқын атып, қайратқа мінді.
Жібектің қайраттанбауға амалы қалмаған еді. Өмірден көрген, заманнан көрген, адамнан көрген қорлығы кеудесіндегі сарытап болып қатқан кегінің шығарға жол табуы бүгін, дәл бүгін болмақ!
От айналасына қызуы мен жарығын таратып, сатырлап жана бастады.
Жібек жоғары көтерген қылышын жалынға жанып-жанып алып, отты шыр көбелек айналып:
– Түсіңдер, қане, түсіңдер,
Бұны да Құдай ісім дер!
Түсіңдер, қане, түсіңдер,
Қанымды қақтап ішіңдер! – деп, әруақтана айғайлайды.
Бала кезінде ауру меңдеген адамды емдеу үшін, бақсы-құшнаштар елді жиып, киіз үйдің ішінде екпіндеп, зіркілдеп, екі иығын жұлып жеп, зікір салушы еді. Жібек те мәжбүрліктен көргенін қайталауда. Тек қолында қобызы мен дабылы жоқ, жалаң қылыш оларын жоқтатпайтын сияқты.
Түсіңдер, қане, төбеден, қанымды қақтап ішкенмен,
Етімді ешкім жемеген, түсіңдер, қане, түсіңдер!
Түсіңдер дедім, түсіңдер, сендерде менің ісім бар! – деп, қылышын қоя салып, жанып жатқан сексеуілдің шоғын уыстап-уыстап босағаға қарай шашады. Қолы күйер емес!
Жібектің зікірі басталғаннан қасқырдың үні өшіп еді. Оған мән берер емес. Тоқтам жоқ. Үй ішінде алқынып жүрген өз сөзінен басқа дыбыс естілмейді.
Үйді басып қалың қалың қардың түсі өзгеріп, бозамық тартыпты. Қасқыр болмағандай да, келмегендей де. Екпінін басып, шашылған оттан қашықтау барып өкпесін басты. Есіне әлдене түскендей алақанын жазып қарады. Үлбіреп-күлбіреп, күйгендігі байқалмайды. Ауырмайды да! Бұл құдірет маған қайдан пайда болды?! Өз-өзіне түсінбей, сөніп бара жатқан қоламтаның жанына отыра кетті.
Адам төзбес қорлық беріп, сол қорлықтың қарасын бұзып шығар қайрат берер бір тылсымның барын ойлануға дәл сол сәт мұршасы болмады.
Жанынан айрылған бақсыдай басын төмен салып ойланыңқырап кетті. Нәр татпағанына біраз бопты. Қарын ашқандай. Адымдап барып, сененктегі мейіздей қатқан сүрді әкеліп қазанға салды. Молынан салды.
Ендігі оның арманы – тойып-тойып тамақтану және ертетңгі шабуылға әзірлену. Қасқырдың қайта соғуы мүмкін…
* * *
Көптен өзіне бағынбай қалған балғын денесіне қан жүгіргендей, жүрегі де қанасына сыймай, алда әлі қуанышты күндердің болатынын сезінгендей әдемі әсерге бөленді. Өзін табиғаттан бөліп тұрған жалғыз көзді терезеге әлсін-әлсін көз тастап қояды. Үйқамаққа отырғызған мына қар қашан ериді екен?! Тым болмаса даланы көретін… Құтырынған желдің уілі естілмегенмен, алапат дауыл соғып тұрғандай. Оны пештің мұржасынан шығатын түтіннің ішке үйірілуінен байқады.
– Ей, Алла, өзің жарылқай көр жаратқан пендеңді! Аяй көр, Алла!
Кенет терезенің алды жап-жарық боп кетті. Ұйытқыта соққан долы боран үйді көміп тастаған сіре қарды суырып әкетіп барады. Әп-сәтте, соқырдай болған қараңғылықтың көзі ашылып, терезеден түскен алтын шапақ күңгірт бөлмеге сәулесін молынан шашып тұрды.
Терезенің алдынан қорбаң еткен бір дене өте шықты. Бұл не болды? Адасқан сиыр ма, бошалаған түйе ме? Не де болса, жаны бар нәрсе.
Түйе жүнінен тоқылған сырма шапанын киіп, белін буынды. Басына өзі тоқыған аппақ түбіт шәлісін салып, далаға беттеді. Есік сықырлап, сыртқа қарай оңай ашылды.
– Уай, жарық дүние-ай! Сені де көрер күн бар екен-ау! Мына моладан шыға алмаспын деп едім… Езу тартқандай болды.
Есік алдынан аңның ізін байқады. Төрт аяқты, ірі аң. Сол жақ алдыңғы аяғы жараланған, ізінен қан дақтары байқалады. Бұл ненің ізі болды екен? Төңірекке көз жүгіртіп қарап еді, көз ұшына ештеңе ілінбеді. Кешегі боранда ықтап келген мал дейін десе, мұндайда ешкім малын бейсауыт жібермейді. Әрі ауыл іргесі алыс. Қатқақтап, үюлі мая шөпке жақындады. Шөп іргелігінен көргені – үйелеген ірі қараның орны. Бұл не болды екен деп біраз бас қатырып тұрды да, күнмен шағылысқан күмістей жылтылдаған қарды уыстап біраз тұрды. Қой, мына Құдайдың тегін қарынан су ерітіп алайын. Ішерге, кір-қоң жууға керек. Есік алдында қаңсып тұрған қазанын ашып, аппақ қарды барынша нығыздап толтырды. Үйге кіріп отын алып шықты. Тұтатты. Көк темірді балқытар қас сексеуіл қойсын ба, нән қазан лезде шүпілдеген суға толды.
(Жалғасы бар).
Ханбибі ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ,
ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері