АСЫЛ ЖЫРДЫҢ АЛДАСПАНЫ

Әдебиет
641 Views

Сүйінбай – ғажап дарындылығы, керемет өлең-жырларымен ел есінде қалған ерекше ірі тұлға.

Тіпті қолына домбыра алып, албырттанып ақындыққа құштар болған бала Жамбылдың талантын дәл танып, бата беріп, ғұмыр бойы тәрбиелеп, баптап, бағыттп отырды. Есімі әлемді шарлап кетсе де ұлы Жамбыл ұстазын ешуақ есінен шығармады.

Менің пірім – Сүйінбай

Сөз сөйлемен сиынбай

Сырлы, сұлу сөздері

Маған тартқан сыйындай… – деп тәңіріндей табынды. Жыр – дастан, айтыстарын кейінгі ұрпаққа айтып жеткізді.

Сүйінбайдың атын да, даңқын да шығарған ұлы сүре айтыс – Қатағанмен айтысы. Бұл екі ел арасындағы жыр додасы өте қиын-қыстау кезеңде өтті. Кенесары, Наурызбайдың қырғыздар қолынан қаза тапқаннан кейін қазақ-қырғыз арасы қырғиқабақ болып, мұздап, алыс-беріс мүлде тоқтап тұрған шақ болатын. Бір туғандай бауыр болып кеткен екі ел қайтсе татуласады, бірігеді, аралары тынышталады? Міне, қырғыз манабы Боранбай Ұлы жүз сұлтаны Тезек Төремен ақылдасып, кеңесіп, ушығып тұрған жағдайдан қалай шығу жолын іздейді. Ақыры манап пен Тезек Төре ары-бері көп ойланып, екі елдің игі жақсылары бас қосқан жиын өткізуге бекінеді. Келісілген бұл аста екі жақтан екі ақын айтысуы керек және онда өткен майдан, ондағы қырғын мен Кенесары хан қазасы жайлы айтылмауы тиіс.

Бір жыл бұрын сауын айтып қырғыздар үлкен ас өткізеді.Тезек Төре қасына Албан, Суан, Жалайыр, Дулат, Шапыраштардың белгілі азаматтарын қасына

ертіп апарады. Арнайы Таластың аяғынан Ысты Бөлтірікті шақыртады.

Қырғыздар Қатаған деген аты шыққан қара сөзге дес бермеген өлеңді қара дауыл ғып айтып, айтысқанын шегедей қағып жіберетін өткір сөзді, семсер тілді ақынды күні бұрын дайындайды. Тезек Төре бастаған қазақтар жас қыран Сүйінбайды осы алапат айтысқа арнайы алып барады.

Бұл айтыс өте құнды, саяси-әлеуметтік мәні өте жоғары. Бұрын бітіспей, қырғиқабақ болған Алатаудың күнгей-теріскейін жайлаған екі ел – осы айтыстан сең сөгіліп, жібіп, аралас-құралас басталады. Ал, айтыстың қалай өткені, екі ақынның өлеңдеріндегі өре қуаттылығы, көркемдік дәрежесі бөлек үлкен зерттеуді қажет етеді. Осы ұланғайыр жиында Қатағанды жеңгеннен кейін Сүйінбай есімі дүркіреп, қырғыз-қазаққа тез танылады.

Арада біраз жыл өткенде қырғыздың белгілі бір манабының Жеті өгіздегі асына тағы шақырылады. Осы аста Сүйінбай қырғыздың атақты ақыны Арыстанбекпен айтысып жеңіп кетіп бір тоғыз, қамқа тон, қырғызда бәйгенің алдын бермеген Қойшыбектің қарагер жүйрігі бастаған 74 ат бәйге алады. Бұнда баяғы Кенесарымен соғыс айтысы айтылып қалып, айтыс соңы дау-жанжалға ұласып кете сақтап екі жақтың жақсылары әзер басады.

Бұл айтыстардың тарихи маңызы – екі елді татуластырған мәмлегерлік айтыс болды. Халықаралық осындай ірі айтыстарда жеңіске жеткен Сүйінбай шынында да айтыс өнерінің жарық жұлдызына айналады. «Сүйінбай мен Арыстанбектің айтысы» атты жинақ 2015 жылы филология ғылымының докторы, профессор Бекен Ибраймовтың жалпы редакциясын басқаруымен жарық көрді. Бұл айтысты 1937 жылы Өмірзақ Қарғабаев Жамбылдан жазып алған екен.

Айтыс өнерінде алтын әріптермен жазылатын бұл айтыстар – Сүйінбай дүлдүлдің шешендігін, көсемдігін, суырып салма сұңғыла ақпа ақындығын анық дәлелдейді.

Сүйінбай мен Тезек төре арасы қандай болды, бір-біріне көзқарастары қандай еді? Советтік идеология кезіндегі жарияланымдарында екеуінің арақатынасы жөнінде кереғар жазылып, теріс түсіндіріліп келді.

Сүйінбайдың Тезек Төремен айтысы, төреге айтқан өлеңдері, ертеден белгілі. Тезек Төре Нұралыұлы Абылайханов (1821–1879 ) жайлы зерттеу, зерделеу де жаңа-жаңа басталды. Тезек Төре – Шыңғыс ханның тұқымы, Абылай ханнан тараған Нұралы ханның баласы, Жетісуда сұлтан, хан болған өз дәуірінің ірі тұлғасы. Ел-жұртына қайырымды, шапағатты, айтулы көсем, қырғыз-қазаққа билік жүргізіп, дау-жанжалдарды білгірлігімен шешкен ел тұтқасы. Ол жайлы Шоқан Уәлиханов, П.П.Семенов, Ә.Диваев жазбаларында, Ресей мұрағаттарында көптеген деректер бар. Тезек Төреге патша өкіметі полковник шенін беріп, орден, медальдармен, бағалы сыйлықтармен марапаттапты. Ал Қытай мемлекеті үшінші дәрежелі «Тайджи» атағын берді. Бұл «кіші хан» деген арнайы белгі болатын. Міне, сол аумалы-төкпелі заманда дәргейіндегі елі мен жері үшін атқа қонған Тезек Төренің жанкештілікпен жасаған қаһармандық ерліктерін Сүйінбай, Түбек, Бақтыбай, Құланаян Құлмамбет, Егізбай қатарлы ақындар жырлап, толғады. Осы орайда ерекше атап өтер жайт – Сүйінбай ақын мен Тезек Төре бір-бірімен сыйлас, сырлас, дос-жегжат болған адамдар. 1868 жылы патша өкіметінің қазақ жеріндегі шенділерімен ұстасқан Тезек Төрені алты ай қамауға алғанда, Сүйінбай ақын Жетісудің жақсыларын жинап, өзі бас болып, арызданып жүріп төрені абақтыдан босатып алады. Биыл Тезек Төренің туғанына 200 жыл толып отыр. Тезек Төре 1879 жылы шілде айында қайтыс болғанда, Сүйінбай жоқтау айтып күңіренеді. Бұл жоқтаудың бірінші нұсқасында Сүйінбай Тезек Төре шаңырағында қаза үстінде көңіл айтып, бекзат төренің өнегелі ғұмырын кестелі тіл, кемел оймен жеткізе жырласа, ал екінші нұсқасында төрені жерлеп, молда құран оқып біткен соң бейіт басында дұға ретінде дін-ислам әдет-ғұрпымен жоқтаған.

Сүйінбайдың Тезек Төре қайтыс болғанда айтқан жоқтауларын «Қазақ әдебиеті» газетіне (17 қыркүйек 2021 ж.) жариялаған едім. Міне сонда Сүйінбай Тезек Төрені былайша бағалайды:

Ақылымен биледі,

Он екі ата Тарақты.

Айдаһарым, жолбарысым

Арыстандай талапты.

Ұлы жүздің баласын

Өзіне тегіс қаратты.

Жұрт иесі хан қылып

Құдайым абзал жаратты.

Осы орайда Сүйінбай мен ақын, күйші Тезек Төре екеуінің қарым-қатынасы, айтысы, арнау өлеңдерін қайта саралап, зерттеп, зерделеу керек-ақ.

Сүйінбай Тезек Төре ауылында Шоқан Уәлихановпен бірнеше мәрте кездескен, Сүйекеңнің дастан-қиссаларын тыңдаған. Сүйінбай «Көрұғлы», «Манас» дастандарын айтқанда таңдай қағып, қырғызға барып, түгел жазып алуға құлшынған.

Тұңғыш рет Шоқан қырғыз сапарында осы телегей-теңіздей «Манас» дастанының біразын жазып алады. Кейін Совет Одағы кезінде Мұхтар Әуезов бұл ғажап дастанды қаралап жатқандардан қорғап қалады.

Сүйінбай қырғызша өз тіліндей еркін біліп, Манасты жырлаған ақын. Жалпы жыршылық бізде қазір кенжелеп тұр. Осы орайда қырғыздағы манасшылардың игі ісін ерекше айтуға болады. Дәулет Садық деген манасшы жақында Мәскеуде «Манас» дастанын 6 күн, 5 түн, барлығы 114 сағат жырлаған. Бұл ғажап қой, ұлтының рухани туын биікке көтеріп тұр ғой. «Тұлпарды тұлпар таниды, сұңқарды сұңқар таниды» демекші Сүйінбайдан естіген Шоқан Уәлиханов бұл әйгілі дастанды өзі жазып қалдырады, оны Әлкей Марғұлан іздеп тауып жариялады.

Биылғы жылы туғанына 200 жыл толып отырған Сарыбай би Айдосұлы мен Сүйінбай екеуі жақын ағайын, жегжат-дос болған. Сүйінбай екеуі тізе қосып елінің қамын ойлап, талай игі істерді атқарды. Әсіресе, бытырап кеткен елін жинап, туған жеріне қайтарудағы еңбегінің өзі не тұрады.

Сарыбай би туралы:

Бізден де бір жақсы адам туса деп ем,

Құдайым тілегімді берді маған, –

деген ұзақ жырының үзіндісін ғана білеміз. Алпыс алты жасында қайтыс болған Жетісудың төбе биі Сарыбай биді өз қолымен жерлеп, бір жылдан кейін асын беруді ұйымдастырған да Сүйінбай.

Сүйінбай мен Сарыбай би арасындағы достық, бірге жүрген сапарлары, істеген қайырымды істері жайлы ел аузында деректер көп-ақ.

Сүйінбай ақын өз өсиеті бойынша бүгінгі Қарақыстақ ауылының жоғарғы жағында өзен бойындағы қырқаға жерленген. Талай игі істерге бастамашы болып жүрген қайраткер Қайрат Сатыбалды бауырымыз ақын бейіті басына алыстан көрінетін әсем де биік күмбез салдырды. Бұл кесене архитектурасы жағынан Мәскеуде өткен халықаралық байқауда бас жүлде алды. Осыдан ширек ғасыр бұрын Қарақыстақ ауылында Сүйінбай музейі ашылды. Оның ашылу салтанатына Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев, әлемнің атақты ақын-жазушылары қатысты.

Сүйінбай Аронұлының 200 жылдық мерейтойы да дүркіреп өтті. Осыған орай ақынның өлең жырлары мен жеке зерттеулерінің үш томдығы (құрастырған Рәтбек Терлікбаев) жарық көрді.

Белгілі жазушы Роллан Сейсенбаев жинағын басып шығарды. «Жамбыл әлемі» атты көптомдықтың бір томы тұтас Сүйінбайға арналды. Ол томда профессор Анарбай Бұлдыбаевтың үлкен зерттеу мақаласы берілді.

Сүйінбайдың айтыс-жырларын мәнеріне келтіріп айтатын Хамза қажы Екейбаев, Әсімхан Қосбасаров, Әлімқұл Жамбыловтай ақын-жыршы ағаларымыз еді. Әнші, жыршы Ақан Әбдуәлиев «Сүйінбай мен Қатаған айтысын» радио, теледидарда орындап жүр. Халық артисі Сәбит Оразбаевтай қазына қартымыз Сүйінбай мұрасын жаздырып қалдырды. Белгілі радиожурналист Қошан Мұстафаев қазір Сүйінбай айтыстарын кеңінен насихаттап жүрген бірден бір жыршы. Әнші Ержан Қосбармақов Сүйекеңнің көп өлеңдерін ән-әуенге салып орындап жүр. Дегенмен, бұл өте аз. Сүйінбай мұрасын қазақ радиосы мен теледидарының алтын қорына сапалы, мазмұнды етіп жаздыртып алып, қайта-қайта беріп отыруымыз керек.

Сүйінбайдай дүлдүл ақын, бұлбұл ақынның ұлы ақындығын зерттеу жағы қалай? Бұл салада ақын ұрпағы Сұлтанғали Садырбаев көп еңбектеніп, бірнеше мәрте жинақтарын шығарды, Мүбәрак Үмбетаев кандидаттық диссертация қорғады.. Міне, еліміз тәуелсіздік алғанына 30 жыл болды. Сүйінбай творчествосын бүгінгі көзқараспен жан-жақты терең зерттейтін уақыт келді емес пе? Архивтер мен қорларда, жеке адамдарда Сүйінбай мұралары әлі де кездесуде.

Тек қана орталық ғылым академиясы мен М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының қолжазбалар қорында әлі баспа бетін көрмеген Сүйінбай мен Қатаған айтысының мынандай нұсқалары сақтаулы тұр:

– Әбдіғали Сариевтің 1930 жылы Жамбыл ақынды үйіне үш күн қонақ қылып, өз аузынан жазып алған нұсқасы (386-бума, 3 тізім, ӘӨИ);

– Есмағамбет Ысмаилов пен Бақтыбай Адайбаевтың Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Тюмень, Омбы өңірлерінен жасаған сапарында жазып алған Әбдіраш Оспановтың қолжазбасынан табылған нұсқа (622 бума, 1 дәптер ӘӨИ);

– Ж.Жантөбетовтің Дауалиұлының айтуынан 1945 жылы жазып алған нұсқасы (ОТК, 376 3 дәптер);

– Халық ақыны Әшім Нұрлыбаев нұсқасы (ӘӨИ. 337 бума, 4 дәптер);

– Жамбылдың жырлауы бойынша 2 нұсқа бар.

Бұдан басқа Саяділ Керімбеков, Өмірзақ Қарғабаев, Әлімхан Қосбасаров тағы басқа осы өңірден шыққан ақындар мұрасын зерттеп қарасақ жаңадан мол олжаға кенелер едік.

Қырғызстандағы архивтерде де Сүйінбай мұрасы бар деп естиміз, бірақ қолға түспей тұр.

Міне, сүйінбайтанушылар ұлы ақынның архивтерде сарғайып жатқан бар мұрасын жазып алып, біріншіден оларды жинақтап кітап етіп шығару керек..

Екіншіден, толық мұрасы жиналаған соң оқымысты-ғалымдар зерттеп зерделесе, дарын иесінің сан қырлы құпия талантын ашып танытар еді. Жоғары оқу орындарында магистрант, докторанттарға Сүйінбай жайлы зерттеу жұмыстары тапсырылса қандай ғанибет болар еді.

Үшіншіден, Сүйінбайдың толық академиялық жинағын шығару да керек күттірмес нәрсе.

«Сүйінбай Аронұлы» атты энциклопедия шығаратын уақыт та жеткен сияқты.

Арнайы «Сүйінбай сөздігін» құрастырып, зерттеп шығарсақ қандай жақсы болар еді. Қатағанмен айтысында 92 баулы қазақ руларының бәрін рет-ретімен, батырлары мен жақсыларын тізбектеп айтып шыққанының өзі не тұрады?! «Сүйінбай сөздігінде» – ақын мұрасында кездесетін кестеленген сөздерді түгел қамтып, жазып қойғанымыз жөн. Одан кейінгі зерттеу саласы – Сүйінбай жыр-дастан, айтыстарындағы кездесетін, адам, жер-су, ру, тұлғаларды анықтап зерттеу объектісіне айналдырған жөн.

Сүйінбай – дара да дана ақын.

Қазақ-қырғыз ақындарының айтысын дәстүрлі түрде өткізуді қолға алуымыз керек.

Сүйінбай музейінде Сарыбай би Айдосұлы, Тезек Төре Абылайханов және Қатаған мен Арыстанбектердің ақиық ақынмен қарым-қатынасы жайлы дерек беретін арнайы стенділер ұйымдастырылуы қажет-ақ. Түркі әлеміндегі сүйінбайтанушылардың басын қосып, ғылыми-теориялық конференциялар өткізіп, шетел тілдеріне аударылуына мән беруіміз керек.

Бұл салада Түркияда үлкен маңызды істер атқарылды. Анкара қаласында Сүйінбайға ескерткіш және саябақ ашылды, түрік тілінде жинағы басылып шықты. Бұл істе сол кездегі Түркиядағы елшіміз, филология ғылымының докторы, түркітанушы қайраткер Жансейіт Түймебаев, түркітанушы жазушы, аудармашы Мәлік Отарбаевтардың игі жұмыстарын ерекше айтуға болады.

Сүйінбай – ғұмырында ешкімнен тайсалмаған өткір де батыл, батыр ақын. Айтыскер, мәмлегер, қайраткер, тәлімгер, шежіреші… Суарылған алмас қылыштай жырлары арқылы өз дәуірінде ғана емес күні бүгінге дейін және болашақта да қазақ елінің рухты бөрілі байрағын биікке көтеретін ғұлама ақын жайлы айтылар ойдың бұл бір парасы ғана.

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, ЮНЕСКО-нің мәдениеттерді

жақындастыру орталығының

бас ғылыми қызметкері

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *