Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістан қаласын дамытудың 2-кезеңіне жоспарланған жаңа жобалардың барысын пысықтады. Бұдан бөлек, аймақ басшысы көгалдандыру жұмыстарына жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырмалар берді. Түркістан қаласы дамуының 1-кезеңі аяқталғанын ескере отырып, Түркістан облысының 2021-2025 жылдарға арналған жаңа Кешенді жоспары бекітілгені белгілі. Кешенді жоспарда 141 іс-шара енгізілді. Түркістанды дамытудың екінші кезеңінде инвестициялардың көлемі 1,3 трлн. теңге, оның 77%-ы жеке инвестициялар болып табылады.
Түркістанның дамуы 4 аумақта жүзеге асады. Халықаралық әуежай аумағында 12 жоба іске қосылады. Оның ішінде 100 орындық заманауи қонақ үй, 400 га қара өрік бағы, 50 га жерге жылыжай, 10 мың бас ірі қара бордақылау кешені, 1 200 бас тауарлы-сүт өндіру фермасы салынады.
Екінші аумақтағы жұмыстар Әкімшілік-іскерлік орталығында жалғасады. Мұнда 57 жобаның құрылысы жоспарланған. Атап айтқанда теннис орталығы, мұз сарайы, ат-спорт кешені, демалыс орындары және инженерлік инфрақұрылымы. Сондай-ақ, 4,8 млн. шаршы метр тұрғын үй салып, 46 мың пәтер пайдалануға беру жоспарлануда. Денсаулық сақтау саласында 570 төсектік көпбейінді аурухана (МЖӘ), жедел медициналық жәрдем станциясы, және «Ана мен бала орталығы» салынады.
Үшінші аумаққа кіретін Б.Саттарханов даңғылының бойында спорттық кешен, Яссы желілік саябағы, ірі сауда орталықтары, 182 га университеттік ботаникалық бақ, Парк Лайн коттедж кешені пайда болады.
Ал, 4-аумақ — Мәдени-рухани орталық. Табиғи аумақта Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының аумағын абаттандыру жоспарлануда. Бұдан бөлек, «Керуен Сарай» тұрғын үй кешені, «Аманат» коттеджі қалашығы, «Medina Palace» қонақ үйі, «Хилует» мәдени-рухани орталығы салынады.
«КЕРУЕН САРАЙДА» ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН НЕСИЕ БЕРІЛЕДІ
Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен, «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығында «YASSY BUSINESS» жеңілдетілген несие беру бағдарламасы аясында кәсіпкерлерді қаржыландыруға бастау берілді. Бұл — «Керуен Сарай» туристік кешенінде бизнес бастайтын жеке кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндік.
Қаржыландыруды максималды жеңілдікті шарттармен – жылдық өсімі 4% — бен жүргізу жоспарлануда. Яғни, жеке кәсіпкерлерге 27 млн.теңгеге дейін 4 пайызбен 5 жылға дейін несие беріледі. 1 ЖМК-ға қарыздың ең көп сомасы 60 айдан аспайтын мерзімге 8000 АЕК-тен аспайды (айналым қаражатын толықтыруға — 36 ай). Сонымен қатар, кәсіпкерлерге 12 айға дейін демалыс беріледі – негізгі қарызды өтеу бойынша жеңілдікті кезең.
Жобаны іске асыратын не іске асыруды жоспарлайтын микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері болу, сондай-ақ ұлттық стильдегі кәдесый өнімдерін (қолөнершілер, қышшылар және т.б.) өндірушілер болу қаржыландыру үшін қосымша шарттар болып саналады.
Айта кетейік, Түркістанда Орталық Азиядағы ең ірі «Керуен сарай» туристік кешені сәуір айында ашылды. Кешен Түркістанның тарихи орталығында орналасқан. Мұнда заманауи қонақ үйлер, мейрамханалар, фуд-корттар, сауда орталықтары мен базарлар жұмыс істейді.
АЗЫҚ-ТҮЛІК БЕЛДЕУІ ҚАЛЫПТАСУДА
Түркістан қаласы айналасында азық-түлік белдеуін қалыптастыру жобасы жемісін беруде. «Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары» аясында қаланың айналасында 11 мың гектарға азық-түлік белдеуін қалыптастырылды. Жоба шеңберінде құны 35,5 млрд. теңге құрайтын 6 серпінді ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. 11 мың гектарға жаңбырлатып суару технологиясын ендіру көзделген.
Бос жатқан 400 га. жерді суармалы алқапқа айналдырып, бақша дақылдарын қоса егу тәсілі облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен жүзеге асты. Жеміс ағаштары өнім бергенше, сол жерге 150 га бақша дақылдары егілді. Бүгінде қауын-қарбыз ел аумағында және Ресейге экспортталуда. «Ақылды әдісті» қолданған «Dala fruit. kz» ЖШС-ң басшысы 150 жерге егілген қауын-қарбыздан 3 млн. келі өнім өндірмек.
«Түркістан» ӘКК» АҚ-ы мен «Dala fruit. kz» ЖШС бірлескен кәсіпорын — «Turkistan fruit» мекемесі құрылып, Түркістан қаласының әуежай маңынан бұған дейін пайдаланылмай бос жатқан жерлер бау-бақшаға айналды. Бұдан бөлек, аталған аумақта келер жылы сыйымдылығы 20 мың тонналық жеміс сақтау қоймасын салу жоспарланған. Сонымен қатар, өңірдегі «дуальды оқыту» жүйесі енгізілген колледж студенттері егістік алқапта тәжірибе жинақтай алады.
Мұнда Түркия елінен өнімділігі гектарына 40-50 тн. болатын 220 мың дана 7 түрлі қара өрік көшеттері алынып, отырғызылды. Израилдік технологиямен сорғы станциясы орнатылып, жер асты тамшылатып суару жүйесі жүргізілген. 54 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
КӨПІРЛЕРГЕ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРЕДІ
Түркістан облысының аумағындағы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында жалпы 408 дана көпір орналасқан. Жыл сайын тозығы жеткен және жарамсыз көпірлер кезең-кезеңімен орташа және күрделі жөндеулерден өткізілуде.
Қазіргі таңда, жөндеуді қажет ететін 6 көпірге жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуге мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде.
Ағымдағы жылы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен Отырар, Бәйдібек, Түлкібас аудандары аумағындағы облыстық маңызы бар жолдар бойындағы 3 көпірге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Оның ішінде Түлкібас, Бәйдібек аудандарындағы көпірлердің құрылысы мерзімінен бұрын биыл шілде айында толығымен аяқталып, халық игілігі үшін пайдалануға берілді.
Ал, Отырар ауданының «Отырар-Темір» станциясы бағытындағы жолдың бойындағы көпір биыл қыркүйек айында пайдалануға берілмек. Жөндеу жұмыстарының сапасы тапсырыс беруші, техникалық, авторлық қадағалаушы және «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК Түркістан облысы филиалының мамандары тарапынан тұрақты бақылауда болды.
ЕКІ ӨНІМ АЛЫП, ТАБЫСЫН ЕСЕЛЕУДЕ
Түркістан облысы, Ордабасы ауданында ауылшаруашылық мақсатындағы жер телімін тиімді пайдалана отырып, екі өнім алып жүрген ауыл жастарының қатары көбейіп келеді. Міне, сондай жерден ризық-несібесін іздеген еңбекқор жастың бірі – Қараспан ауылдық округіне қарасты Көлтоған ауылының тұрғыны Үмбет Мамытхан.
Бастапқыда 583 400 теңге мемлекеттік грант алып, қияр өсіретін жылыжай кешенін салған іскер азамат, кейіннен өз қаржысымен өндіріс көлемін ұлғайтқан. Қазіргі таңда «Мамытхан Ү» ЖК 8 гектар алқаптан жылына екі рет өнім алып, табысын еселей түсуде. Бүгінде жобалық кұны 2 миллион теңгеден жоғары жылыжай кешенінде ауыл жастары маусымдық жұмыспен қамтылуда.
«Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы бойынша Түркістан облысында 9 мың гектарға жуық алқапқа 3 мыңға жуық жоба жүзеге асырылып, 100 мың тоннадан асатын көкөніс өнімі жиналды.
ЖАҢА ГИДРОЭЛЕКТРОСТАНЦИЯ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ
Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы Қақпақ ауыл округінде жаңа гидроэлектростанция салынып жатыр. Аудан әкімі Арман Абдуллаев «Ынтымақ АШӨК» ӨК-нің шағын гидроэлектростанция құрылысымен танысты.
Шағын ГЭС-тің қуаттылығы сағатына 1,3МВт, жалпы жоба құны 400 млн. теңгені құрайды. Жаңа нысанның құрылысы тамыз айында басталды. Алдағы желтоқсан айында аяқталып, келер жылы іске қосылады деп күтілуде. Станса іске қосылғаннан кейін бес жаңа жұмыс орны құрылады.
Қазіргі таңда бүкіл әлем планета ресурстарын сарқымай-ақ, энергияның балама көздерін пайдалануға бет алған. Әр елдің өз климаттық жағдайларына қарай әртүрлі қуат көздері қолданылады. Шағын ГЭС-тің басты артықшылығы – электр энергиясының өзіндік құнының арзан болуы. Құрылғы қысқа мерзімде жеткізіледі, оны орнату мен іске қосудағы жер дайындау жұмыстары да жеңіл.
Жалпы, облыс бойынша шағын су электр станцияларының саны 5 (Сарыағаш,Сайрам, Төлеби, Қазығұрт), 2014-2020 жылдары іске асырылған.
БАҒАНЫ ТҰРАҚТАНДЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ЖОБАҒА ДӘН РИЗА
Келес ауданы Қошқарата ауылдық округінде «Әлеуметтік базар» кешені жұмыс істеп келеді. Өткен жылы іске қосылған сауда орталығы басқа базарлардан делдалсыз жұмыс істейтінімен ерекшеледі. Яғни, диқандар өздері өнімдерін базарға тікелей жеткізіп, тұрғындарға арзан бағада ұсынады.
Мұндай сауда орнының ашылғанына жергілікті халық та, шаруалар да дән риза. Солардың бірі Ұшқын елді мекеніндегі құс өсірумен айналысатын кәсіпорынның басшылары. Жылдың басында ғана іске қосылған құс фермасында 2000-нан астам тауық өсірілуде. Мекеме басшысы дайын тауарды өткізетін осындай орындардың көп болуы барлығымызға тиімді дейді.
Сондай-ақ, балық шаруашылығымен айналысатын «Жақсылық жасау» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің басшысы да мұндай бастамаға өзінің оң көзқарасын білдірді. Аталған кәсіпорын 2018 жылы негізін қаланған. Жобаның жалпы құны 250 млн. теңге. Бұл қаржының жартысы, яғни 125 млн. теңгесі мемлекет тарапынан субсидияланған. Кәсіпкер мол көлемде өнім шығаратын мұндай кәсіпорындар үшін «Әлеуметтік базарлардың» оң ықпалы көп екенін айтты.