Қазақты мыңжылдық арманымен қауыштырған мақала
І. ӨЗІ СЕНГЕН, ӨЗІНЕ СЕНГЕН ЕЛ-ЖҰРТПЕН СЫРЛАСУ
Өмірінде бір кітап та оқымағандар бар болса керек. Осыған керісінше мың кітапты тауысса да, оны місе тұтпай, оқуын ары қарай құлшына жалғастырып жүргендер де жетерлік.
Біз осы екі топтың ортасындамыз. «Аз» деп ауызды қу шөппен сүрткеніміз жараспас. Көп деп те мақтана алмаймыз. Қалай дегенде де талай шығармадан талай-талай әсерлендік қой. Дегенмен, ойлап отырсақ, мына бір мақаладан алған әсеріміз солардың бәрінен асып түседі екен. Себебі бір мақаланың өзі қазақтың бүкіл тарихын көктеп өткен. Автор саясатын да, мемлекеттілігін де, кешегі, бүгінгі, болашағын да ой-қиялмен шолып шығып, жүректің елегі мен тезінен өткізген. Барымызды да, жоғымызды да, тапқанымыз бен жоғалтқанымызды да елеп-екшеп, шегелеп тастаған. Елдің ұмтылуға тиіс биігін, ол биікке апарар жолдарын да саралап берген. Асықпай, сөз, сөйлемдердің мағынасына тереңдей еніп отырса, Ұлы Даланың ұзына бойғы өмірі, тіршілігі көш керуендей тізіліп, көз алдыңнан шұбатылып өте береді. Басқаша айтқанда, газеттің екі бетін ғана алатын дүниені жарты сағат та, жарты күн де оқуға болады. Бір ай оқысаңыз да таусылмас әңгіме бар. Түйіп-түйіп тасталған философиялық тұжырымдарда талай ғасырлардың сыр-сипаты жатыр. Тіпті алдағы уақыт көріністері де ап-айқын болып елестейді. «Қыр астында тұрған коммунизм» дей алмаймыз. Керісінше ізденіске, бәсекеге, өрлеуге, ең бастысы еңбекке толы жарқын болашақ менмұндалайды. Жатсаң алыстай береді, ақылыңды, білімің мен білігіңді, қабілет-қарымыңды іске қоссаң жақындай түседі. Қысқасы, бәріміз жұмыла кірісіп, өз қолымыздан жасайтын, баршамызға қолайлы ашық қоғам. Мәңгілік ел!
Кеше ғана тым алыстағы жұлдыздай жылтыраған идея сияқты көрінген жағдай біраз уақыттан бері іске аса бастапты. Өзіміз де байқамай екі жаңғырудан өтіп, үшінші негізгі жаңғыруға қадам басыппыз. Негізгі дейтін себебіміз, алдыңғы экономикалық және саяси жаңғырулардың іргетасы осы рухани түлеу екен. Бұл жаңғырудың орасан үлкен, ауыр әрі абыройлы жауапкершілігі негізінен «мың өліп, мың тірілген» қазақтың иығына түспекші. Елбасы сондықтан әңгіменің ауанын ұлтына, халқына қарай бұра береді.
Жұрт күткен де, күтпеген де бұл ерекше мақала «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланды. Осыдан біраз уақыт бұрын Біріккен Ұлттар Ұйымының басқосуында қазақша сөз сөйлеп, қазақ сөзін сол халықаралық беделді, мәртебелі мекеменің ресми тілдері болып саналатын ағылшын, орыс, қытай, испан, араб және француз тілдерінің қатарына қосып еді. Енді міне…
«Егемен» «Егемен» болғалы, тіпті оның арғы жағындағы «Егеменді Қазақстанда», одан да әріректегі «Социалистік Қазақстан» мен «Социалды Қазақстанда», «Еңбекші қазақ», олар да аз десеңіз, қазақ баспасөзінің бастауында тұрған «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінде де дәл осындай салмақты мақала басылмаған шығар, сірә. Олай болатын жөні де бар. Елбасы сонау VI-VII ғасырлардан, яғни «Орхон-Енисей жазулары» заманынан бастап жалпы қазақ қоғамының көрген-білген, жиған-терген өмірлік тәжірибесін таразылап, екшеп, жүректің көзі мен тезінен өткізіп, жүректің жалғандыққа жүрмейтінін сөзімен қағазға түсіріп отыр емес пе. Біз білетін Ұлы даланың қаншама азуын айға білеген хандары, хандық институты жойылған тұстағы правительдері, датқалары, социализм кезеңінде пайда болған Компартия мен Үкімет басшылары да дәл бүгінгі Елбасы сияқты ешкімге жалтақтамай, жалпыламай, елді ұйыстырушы ұлтқа деген сеніммен, ризашылықпен және жанашырлықпен сол ұлттың бір перзенті екеніне мақтана отырып, бар шындықты осылайша жайып салғаны есте жоқ.
Рас, жеке дара ұлы билер, «Алаш» партиясының көсемдері, басқа да елім деп еңіреген ерлер туған халқының болашағына қатысты көрегендік ой-пікірлерін өз сөздеріне арқау еткен. Батыл да айтқан. Ащы да айтқан. Жеріне жеткізе де айтқан. Бірақ олардың ешқайсысында дәл Назарбаев биігіндей феодализмді де, социализмді де, арманда кеткен коммунизмді де, мерзімінен кешігіп жеткен капитализмді де саралап, сараптап, кеше мен бүгінгі жайларды сабақтап айтарлықтай тәжірибелік алаң, биік мінбер, жан-жақты мүмкіндік болған емес. Түрлі-түрлі кезеңдерде өмір кешкен талай таутұлға, он-сан сұңғыла ақылмандардың ой-пікірлерін бір жерге жинақтап, жүйелеп, қорытып барып тұжырымды сөз айту және оны нақты жүзеге асыру бақытын Алла тағала Нұрсұлтан ағаның маңдайына жазған екен ау өзі.
Енді кемерінен асып-тасқан эмоциямызды (басқаша болуы мүмкін бе!) тізгіндеп, мақаладағы ой-тұжырымдардың ізімен жүріп көрейік. Айтпақшы, шағын мақаладағы «ұлт» деген сөзден туындайтын түсініктер, ұғымдар қаншама: ұлттық бірегейлік, ұлттық сана, ұлттық сана-сезім, ұлттық болмыс, ұлттық салт-дәстүр, ұлттық тіл, ұлттық музыка, ұлттық әдебиет, ұлттық мәдениет, ұлттық рух, ұлттық код, ұлттық әліпби… Бұл сөз тіркестерінің нақты проблемаларға қатысты шынайы ой-пікірді тұспалдамай, орағытпай, жабуламай, ашық жеткізу үшін керек болғаны түсінікті. Бұл ұлтшылдық емес. Бұл ұлтжандылық. Мұны автордың өзі де жасырмайды. Ол дүниенің барша бояуын жүректің көзімен көріп, жүректің елегінен өткізіп, өзі сенген, өзіне сенген ел-жұртына айтарын жүректің сөзімен жазып отыр. «Жүрек» демекші, ұлы Абай осы бір кілтті сөзді қалай-қалай түрлендіреді десеңізші. «Ыстық жүрек», «қорғансыз жүрек»… тіпті «Жас жүрек жайып саусағын…» деп те өлеңдетеді емес пе. Ендеше, жүректің көзі, тезі, сөзі дегенімізді де ойлы оқырман тосырқамай қабылдар деген сенімдеміз.
Мақала, біздіңше, бүгінгі күн шындығынан, уақыт талабынан, қазақтың мыңжылдық арманынан туындап отыр. Елбасы көлемі шағын бұл еңбегін бірер күнде емес, ойында талайдан бері пісіріп, саралап жүргені көрініп тұр. Өйткені бұнда талай-талай бағдарламаларда жылт етіп көрінген, Жолдауларда жұқалап айтылған, сондай-ақ жарыққа шығу сәтін күтіп жатқан, пісіп-жетілуі үшін уақыт қажет болған салмақты мәселелер алға шығады. Нұрсұлтан Назарбаев мақаланы жазу және жарыққа шығару барысында өзінен-өзі түсінікті болуға тиіс бірқатар маңызды жайларды емеурінмен білдіріп өтеді. Мысалы, ол мақаланың ә дегенде тек қазақша жариялануы. Ұлтжандылар көптен арман етіп жүрген құтты қадамның бірі осы еді. Себебі Елбасының сөзі, баяндамасы, Жарлықтары елге ылғи да қабаттаса екі тілде бірдей, бір сәтте жарияланатын дәстүр қалыптасқан. Бұндай жағдайда қазақ тілін үйренуге деген ұмтылыс, құлшыныстың төмен болатыны белгілі ғой. Көреген саясаткер және елшілік қасиеттері мол көшбасшы осы қадамы арқылы да айналасына үлгі-өнеге көрсетіп отырғаны анық. Күні кеше БҰҰ-ның биік мінберінен бүкіл дүние жүзі мемлекеттерінің марқасқалары алдында не үшін қазақша сөйлеп еді? Соның сырын ұға алдық па? Ұғынсақ, сол үлгіні пайдаланып жүрміз бе? Әлде төбеден тоқ еткізіп ұрғанша ескі әдетімізден арылуға құлықсыздық таныта береміз бе? Ендігі күдік – осынау алғаш рет ашық айтылған ақиқатты да құзырлы, әлеуетті органдар мен жергілікті билік өкілдері жаппай, жарыса талқылау барысында бетінен қалқып, сылдыр сөзден нақты іске көше қоймай, жай бір спектакльге айналдырып жібермес пе екен?
ІІ. АЙТЫЛУЫ ҚИЫН МӘСЕЛЕЛЕРДІҢ ОРЫНДАЛУЫ ҚАЙДАН ОҢАЙ БОЛСЫН
Мақала жарық көрген соң артынша жаппай талқылау басталды. Облыс, қала, аудандарда, түрлі оқу орындары мен еңбек ұжымдарында жиын-жиналыстар өтті. Жеке адамдар да өзара әңгімелерінде, сірә, бұған тоқталмай өтпесе керек. Интернетке біраз уақытқа жетерлік азық табылды. Әркім өз деңгейінде пікір білдіруде. Жалпы көпшілік қолдайды. Алайда Елбасы тереңнен толғап отырған түйінді мәселелердің орындалуын оп-оңай көретіндер де жоқ емес. Ең өкініштісі сол, жергілікті билік өкілдерінің өзі мәселеге тереңдеп ене алмай отырған сияқты. Жалпылама, жайдақ сөз көп. Алматы қаласында өткен талқылауда атағы жер жарған көкеміз: «Латын тіліне көшу туралы мәселенің дұрыс қойылғанын» нықтады. Тіл мен әліпбиді ажырата алмағаны ма? Мүмкін, қателескен шығар. Атақтының осы сөзін бүкіл елге таратқан республикалық телеарна мамандары ше? Олар байқауы керек еді ғой. Қысқасы, талқылаудың жалпы деңгейі кей-кейде осылай да болып келеді, өкінішке орай… Қазірше, бейнелеп айтқанда, жел биік ағаштардың ұшар бастарын ғана қозғап тұр. Төменде тып-тыныш. Мынадай әңгімеден кейін дүние демей-ақ қоялық, Қазақстан, жарайды, тағы да төменірек түсейік, Оңтүстік, Шымкент бір серпіліп, ұйқысы шайдай ашылып, сергіп, түлеп, түрленіп қалуы керек еді. Байқалмайды. Талқылаулар да бетінен қалқып жатыр. Жиын-жиналыстарда қанша алыс кетсе де, қанша биікке көтерілсе де төбесі көрініп тұратын сол баяғы кезекші сөзуарлар басқаға сөз берер емес. Алға! Алға! Ура! Ура! Ал алдымызда урамызға мызғи қоймас, сан жыл, ғасырлардан бері қалыптасып, қатып қалған жартастар тізіліп тұр. «Жартасқа бардым, Күнде айқай салдым. Одан да шықты жаңғырық» деп, Абай айтпақшы, жаңғырықса жаңғырығар, алайда жаңара, өзгере қоймайды. Сондықтан біз ойлаймыз: мақаланы талқылау, ондағы ой-пікірлер мен нақты тапсырмаларды жүзеге асыру барысында сол істі қолға алмастан бұрын-ақ аталған дүниені тағы да тағы жақсылап оқып алу керек. Автор өзі айтқан жайлардың орындалу жолдарын да көрсетіп отыр емес пе. Ендеше, бізге велосипед ойлап табудың қажеті жоқ, міндет те, шешім де, қозғалыс барысында ұстанатын саясат та, бәрі де бәрі мақаланың ішінде рет-ретімен орналастырылған ғой.
Елбасы бұрын да өзі жиі айтып жүрген бәсекелік қабілет туралы бұл мақаласында арнайы тоқталыпты. «Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін» – дейді ол. Осы бірер сөйлемнің арғы жағында қаншама ойлар жатыр десеңізші. Соларды шетінен қағазға түсіре бастасақ, ұшы-қиырсыз әңгіменің тиегі ағытылғалы тұр. Біз ежелден жылқы баққан елміз, «жылқыны алғаш рет қолға үйреткен халықпыз» деп айтуға да жақын тұрмыз. Шығыс Қазақстанда табылған жылқы сүйектері соның бір айғағы болып та отыр. Бірақ бізде қазір дүние жүзі қызығатындай өзіміз өсіріп, сақтап, көбейтіп отырған асыл тұқымды жылқылар бар ма? Сол сияқты шетел нарығына ұсынатындай өнімдер ше? Басқа ел оқырмандары мен көрермендерін баурап алатындай кітаптарымыз бен кинотуындыларымыз ше? Жоқ деуге болмас. Әсіресе кино саласы қарқынды дамып келеді. Өнеріміз де өрге өрлеп барады дей аламыз. Алайда алдыңғы қатарлы 30 елдің қатарына қосылу үшін бұндай жетістіктердің аздық етері анық.
Халқы еңбекқор және талантты Оңтүстік Қазақстанда шетелдіктерді тамсандыратындай қандай дүниелер жасалды немесе жасалып жатыр. Рас, атқарылып, қолға алынып, басталып та кеткен шаруалар көп. Әңгіме сапа турасында ғой. Кеше ғана Шымкентте шығарыла бастаған кілемдеріміз облыс нарығын билеп алды десек, артық айтқандық болмас Ендігі жерде сол өнімдеріміз парсы, түркімен кілемдерімен иық тірестіре ала ма, басқа елдерден келіп жатқан тоқыма дүниелерді базар, дүкендерден ығыстырып шығара ала ма? Шетел нарығына қашан шығады?
Нұрсұлтан Әбішұлы қабілеттілік жайында айтумен шектеліп қалмай, оны іске асыру жолдарының қолға алынғанын да еске сала кетеді. Айталық, қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына сай етудің іс-шаралары жүргізіліп те жатыр екен. Біздің міндет – сол үлкен қозғалыстан шет қалмау, өз үлесімізді қосу.
Мақала авторының прагматизм туралы ой-пікірлері көпшілік діттеген жерден шыққаны анық. Әсіресе оған үлгі боларлық мысалдарды қайсыбір оқымысты ғалымдарымыз бен депутаттарымыз, министрлеріміз сияқты алыс шетелдерден іздемей, өзіміздің ата-бабаларымыз өткен жолдардан, өмірден, ұлт болмысынан табуы жүрекке жылу береді, сенім ұялатады. Сондай-ақ өткен ғасырда елімізде орын алған экологиялық апаттың шын сырын ашуы да көңілге қонымды. Әсіресе «Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес» – деп қанағатшылдықты, үнемшілдікті, қарапайымдылықты алға шығаруы көпшілік күткен сөз еді.
Біздіңше, мақалада ұлттық бірегейлікті сақтау туралы мәселенің көтерілуі көкейде көптен бері жүрген, бірақ қозғалмай жатқан түйінді жайлардың бірі еді. Сең қозғалды. Біз де қозғалып, осы бағытта өзгеріп, жаңғыруға тиіспіз.
Мақаланың бұдан кейінгі «Білімнің салтанат құруы» және «Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық жолмен дамуы» деген бөлімдерінің мазмұны тақырыптарынан анық көрініп тұр. Содан кейінгі «Сананың ашықтығы» бөлімі негізінен «Неге біз жаппай ағылшын тілін үйренуіміз керек?» деген сұраққа жауап береді.
«Таяу жылдардағы міндеттер» деп аталған негізгі бөлімде, атынан-ақ көрініп тұрғандай, ел көлемінде атқарылуға тиіс жұмыстар нақты атап өтіледі. Соның бірі – 2025 жылы латын әліпбиіне көшу мәселесі. Бұл көптен бері талқыланып келе жатқан проблема. Соған Елбасы нүкте қойып отыр. Сол сияқты «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы да білім саласында зор серпіліс тудырса керек. Әсіресе ұлттық құндылықтарымызды шетелдерге таныстыру идеясы біз үшін елдікті, егемендікті көрсететін ерекше қадам болып көрінеді.
Захардин ҚЫСТАУБАЙҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі