ИДЕОЛОГИЯНЫҢ ЖОҚТЫҒЫНАН САБАҚ АЛАТЫН КЕЗ КЕЛДІ

Саясат
384 Views

Біздің халық, ішінде өзім да бар қара халық, көбіне қазір ХХI ғасыр екенін еске ала бермейтін сияқты. Ментальды мазмұнымызға сай тіршілікте үлкенді-кішілі, маңызды-майдалы шешімдер қабылдағанда, қоғамдық қатынастардағы ой-пікірімізді ұйытқанда, тиісті тұжырымсыз, заман талабына сәйкессіз «ақылдылық» көрсете саламыз. Әрине, бәріміз бірдей емес, бірақ басым көпшілігіміз. Соңғы отыз жылдағы «азаматтық қоғам идеологиясы» деген аты да дұрыс, мақсаты да дұрыс ресми құндылығымыз мифологиялық және діни идеологиялардың симбиозымен ғылыми негізде күресудің орнына осылардың тепкісінде «тіршілік кешкендей» болды. Нәтижесінде бізден тұрғындары аз да, көп те, кейбір елдер (мысалы, Сингапур, Малайзия) ширек ғасырда қол жеткізген рухани-саналық және экономикалық прогреске біздер Тәуелсіз үш онжылдықта да жете алмадық.

Бұл күндері ешқандай арнайы зерттеусіз эмпириялық жолмен-ақ қоғамдық та, ұлттық та, рухани-саналық бірліктің орнына шашыраңқылық жағдайымыз көрініп тұр. Сол себепті де қоғамдық өміріміздің қай саласын алсақ та адамзат көшінің алдыңғы тобындағылардан арттамыз…

Иә. Алдыңғы тобындағылардан арттамыз. Екі мың жылғы «мың өліп, мың тірілген» тарихи тағдырымыздың сыйы осы. Бүгінгі күнгі әлемдегі екі жүзден сәл асатын елдердің жағдайы жөнінен бел ортасындамыз. Алда нені аңсаймыз, нені көксейміз? Әрине, ертедегі аталарымыздың «жақсының орны төрде, жаманның орны көрде» деп дөп айтып кеткеніндей, өркениеттілікке, үлгілілер арасына, еңсесін адал еңбекпен көтерген төрдегі елдердің арасына ұмтылуымыз керек! Онсыз да «кешігіп барған азға жолығады» дегендей өзіңнен төмен бір елдерді мақтап, өзіңнен жоғары бір елдерді жамандап, кешігіп, тозған киіздей тоқымға айнала берсек, онда әлгі ата нақылымыздың екінші жартысы көзімізге елестей беруін тоқтата қоймас. Бүгінгі әлемнің тайталастығы, саяси және экономикалық мүдделер күндестігі ешуақытта өз аяусыздығынан арылған емес.

Кешегі күндерде уақыты мен өмірлік маңызы қашшаан өткен «баяғы бай-қожаның таяғын» мақтаумен; қырып-жойып, ұрып-соғып, атып-асып, бірақ ғасырлар бойы мүлгіген саналық ұйқыдан оятып, жартымсыз болса да айлық пен зейнетақы, мектеп пен аурухана, әлеуметтік теңдік пен баспана берген кеңесті жамандаумен замана талабына сай рухани құндылықтар қалыптасатын көп уақытты бос жіберіп алдық.

Бүгінгі күндерде өткен отыз жылды, соның ет қызуымен қазіргі әрекеттерді, жамандаудан да шаршайтын түріміз жоқ. Сонда біздің қоғамдық пікіріміз тек болғанды теріске шығарудан аса алмайтын болғаны ма? «Сөйлей берсең сөз сұйылады, қарай берсең көз сұйылады» деген атамыздың нақылы түбі орындалмауы мүмкін емес!

Соңғы 30 жылда көп және үлкен жақсылықтар да болды. Өкініштер мен әттегенайлар да көп болды. Рецидиві мен жаңғырығы әлі орын алуда. Осының бәрі басқаның таратқан саяси-әлеуметтік ауруы емес. Өз арамыздағы өзіміз тудырған аурулар. Сондықтан да, өткен кезеңдегі жетістіктерге өзіміз марқайып, алдағы даму үдерісіне іргетас еткеніміз дұрыс. Ал кемістіктеріміз — өзімізге тарихи сабақ. Тәуелсіздігіміз тұсындағы айтылмыш кезеңнің тәжірибесі мен ащы сабақтарын зерттеу, түйіндеу, қорытындылау, өсектің және компетенттігі нольден төмен білгішбектердің емес, тиісті сала ғалымдарының, кәнігі саясаткерлердің, белсенділігін проблемаларға арнаған жазушылар мен журналистердің еншісі болуы керек. Қалғандар осы мамандық иелерінің монографияларын, кітаптарын, мақалаларын оқысын, бағасын берсін.

Қазіргі уақытта қоғамымыздың, мемлекетіміздің алдында тұрған ойланатын, шешімін табатын, ұйымдастыратын мәселелер өте көп. Тиісті лауазым иелері, қайраткерлер мен белсенділер көпшілік алдына тұрақты түрде парыз ретінде шығып әлемнің, елдің жағдайы; мемлекеттің, биліктің мақсаты; халықтың қазіргісі мен болашағы туралы түрлі кездесулер өткізіп тұруды жүйелілікке айналдыруы керек.

Мұндай көпшіліктің көзін ашатын, оларды тәрбиелейтін, билік жүйесінің ынта-жігері мен пейіл-ниеті таза екенін халыққа жеткізіп тұратын идеологиялық әдісті бүгінгі күні де қой деп тұрған ешкім жоқ. Бірақ, әттең, біріншіден, «екінші республика» қанатын жая бастағаннан бері көп уақыт өте қойған жоқ. Әлі де болса басшылық корпусының вертикалы мен горизонталында кадрлар ауқымды пайызда ауыса қойған жоқ. Ескіліктің шаңы сіңген «көке-жәкенің» мұрагерлері халықтың қалың ортасына шығуға құлқы да, біразының беті де жоқ болуы керек. Қалың бұқарамен қауыша идеологиялық кездесулерді жеке үлгі ететін, басшы кадрларды осы ұтымды көпшілікпен араласқа тартатын, функционалдық қызметі бойынша ұйымдастыратын «ішкі саясат тарландарының» — заманымыздың «идеологтарының» — мүгедектік сиқы.

Өткендегі ура-патриоттар, білгішбектер жарыса жамандайтын коммунистік билік уақтында халықпен идеологиялық жұмыс нашар, солғын болды деп бүгінде оның шет-жағасын көрген ешкім де айта алмаса керек. «Шабуылдаушы»(наступательный) деп ат қойып, айдар таққан идеологиялық прессингтің нәтижесінде әлеуметтік әділеттілігі көп жағдайда күмәнді болса да, көпшілікті өзіне қарата білуші еді. Ал, Тәуелсіз елдің егеменділікке негізделген, әлемдік даму жетістіктеріне ұмтылған идеологиясының қарқындылығы неге осындай бола алмайды!? Қоғамдық формация басқа, экономикалық әдіс бөлек, әлеуметтік мақсатта да айырмашылық жеткілікті, билік бұрын бір партияның лидерінде болса, қазір бүткіл халық сенген жеке тұлғада, бірақ экономикалық-әлеуметтік даму мәселесі, екі қарама-қарсы жүйе болса да, ортақ мұрат емес пе? Демек, қазіргі біздің даму жолымыз да тұрақты идеологиялық-саяси прессингке тікелей байланысты…

Қазіргі күндері ел Президентінің демократиялық үрдістерді тездете дамыту мақсатында өзінің және орталық, жергілікті атқарушы мемлекеттік органдарының басшыларының ешқандай партиялардың қатарында болмау саясатын заңдастыру әрекетіне байланысты идеологиялық жұмыс пен мемлекеттік, кәсіпкерлік іс-әрекеттің бірі бірімен ара-жігі бөлек болуы керек дегендей де пікірлер кездесіп қалады. Неге!? Демократиялық түрдегі, құқықтық тәртіптегі, көппартиялық саяси жүйедегі қоғамда билік партиясының және өкілді билік органынан өз орындарын ойып алған басқа да партиялардың идеологиялық бағдарламалары өз орнына қарай мемлекеттік идеологияны құрайды. Ал, президенттік елдерде мемлекет басшысының, парламенттік елдерде үкімет басшысының ең басты міндеті қабылданған, Ата заңына сай, идеологиялық талаптарды іс жүзіне асыруды басқарудан басқа қандай одан маңызды міндеті бар? Экономикалық саясаттан бастап, барша салалық тыныс-тіршілік халықтың негізі мойындаған, қолдаған, тапсырған, идеялар жиынтығын орындау емес пе?

Осы идеология деп аталатын қоғамның тыныс-тіршілігін, дамуын, қарым-қатынасын анықтайтын идеялар жиынтығын халыққа насихаттауды, маңызды тұстарын түсіндіруді, жеке шешуші шараларына үгіттеуді, орындалу барысын көпшілікке жеткізуді қамтамасыз етуге арналған біздің елде мемлекеттік хатшы деген биік лауазым иесі бар. «Ішкі саясат басқармалары мен бөлімдері» дейтін мемлекеттен қаржыландырылатын таза мемлекеттік құрылымдар бар емес пе?? Тек оларды халықтың біле бермейтіні, көптеген сауатты азаматтардың өзінің осылардың мемфункциясын ажырата бермейтіні, осы шенеуніктердің жоғарыда айтылған «мүгедіктігінен».

Барлық саяси партиялармен, қоғамдық ұйымдармен, үкіметтік емес дейтін топтармен мемлекеттік басқару органдарының қарым-қатынасын негізінен қамтамасыз етуге міндетті де осы «ішкі саясатшылар».

Бұл күндері қоғамдық пікір аясында Тәуелсіздік жылдарының алғашқы кезеңінде ел басынан кешкен теріс құбылыстар мен кемшіліктерге кінәлі лауазым деңгейлері мен түрлі құрылымдарды алуан себептермен сынау жетіп артылады. Меніңше, қазір ерінбегенің бәрі сын найзасымен түйреуге әрекеттенуі – біздің өткен 30 жылдағы сенім артқан мемлекеттік идеологиямыздың көп ретте жүзеге аспауынан. Осыдан жиырма жыл бұрын-ақ «осы былыққа апара жатқан себептердің бәрі бізде ИДЕОЛОГИЯНЫҢ жоқтығынан» деп ашынған дауыстар жан-жақтан есітіле бастаған еді. Әрине, оған тиісті дәрежеде тиісті деңгейлер тарапынан көңіл бөлінбеді. Мен де үрдісті түрде осы ой-түрткіге қосыламын. Жалпы қоғамдық, немесе ұлттық идеологиясыз ел болмайды. Ондай жағдайда ол алаңды басқа күні өткен, не аяқтан тартар идеялық-саналық «құндылықтар» жаулайды. Біздерге тура осы қоғамдық заңдылықты бастан кешуге тура елді.

Біздің өткен тарихымызда Абылайдың уақытында да, Кенесарының кезінде де, арманымыз – басты идеямыз – Тәуелсіздік болды. Кейінгі Алаш қайраткерлерінің де, сол тұстағы басқа да оқыған, шығармашылық иелерінің де, тілінде болмаса да ойында, жүрегінде Азаттық идеясы болды. Бұл идея ашық түрде Мұстафа Шоқайдың және оны қолдағандардың мақсатында болды. Өткен ғасырдың 80-ші жылдарының аяғы мен 90-шы жылдарының басында көптеген зиялыларымыздың Егемендік идеясы сезімдерін шарпыды. Өркениетті елдердің тәжірибесіне сүйенсек, қоғамның, мемлекет құрушы елдің көпшіліктің көңіліндегі идеологиялық құндылықтарының жыршысы болып ең алдымен саяси партиялар мен олардың белсенді топтары екенін көреміз. Бізде де сол қоғамдық заңдылықтың салтанаты орын алды. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында, жаппай бақытты болашаққа деген сенім қанат жайған тұста, сол кездегі елдегі барша саяси партиялардың ұрандарында «постиндустриалдық қоғам», «демократиялық тәртіп», «құқықтық қоғамдық қатынас», «әлеуметтік мемлекет» және басқа да көпшілікке белгілі ізгі арман, аңсаған мақсаттар көкке көтерілді. Тіпті, кешегі ғана «социалистік идеологияның» жауынгері Коммунистік партияның өзі бүгінгі сөзбен айтқанда «ребрендинге» ұшырап, атын өзгертіп, «Социалистік партия» болып, жаңа идеологияны мойындауға мәжбүр болды.

Нәтижесінде азаматтық идеологиямызды, жаңа қоғамдық саясатымызды, рыноктық экономиканы, тағы басқа да жаңа құндылықтарымызды іс жүзіне асыратын жалпықоғамдық келісім – Қазақстан Конституциясы – өмірге келді. Егер біз Тәуелсіздіктің алғашқы үш онжылдығында Тәуелсіз еліміздің іргетасы қаланғанын мойындасақ, онда алғашқы екі Ата заңымыздың да тарихи маңызын мойындауымыз керек.

Ал енді жоғарыда айтылған «бізде идеология жоқ» деген ашынулардың негізі қайда!? Біріншіден, мемлекеттік идеологиямыздың жоғарыда айтылған шаңырағы мен уықтары анықталып, енді олардың негізіне сәйкес бүткіл елімізді өркендететін екінші тәуелсіз Ата заңымызды қабылдадық деген кездерден соң, осы болашағымыздың бағдаршамы туралы оны жұрттың санасына сіңіруге жауапты мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың біртіндеп дауыстары өше бастады. Кеше ғана ертеңгі күніміздің саяси, экономикалық, әлеуметтік сипаты қандай болуы керек екені туралы дауыстарын аямаған саяси партиялардың өздері саяси-қоғамдық аренадан шеттеп, біртіндеп ғайып бола бастады. Аттарын тізіп жатудың қажеті шамалы. Ол көзі қарақты азаматтарға белгілі. Олардың орнына су жаңа билік партиясы келді. Бірлі-жарым қалғаны мен кейінгілері өз қалауымен билік партиясының «іні-қарындасы» саяси функциясын қанағат тұтты. Жаңа саяси «истеблишмент» жалпықоғамдық десеңіз де, ұлттық десеңіз де, мемлекеттік деңгейде конституция арқылы бекітілген идеологиялық талаптардан гөрі, оны басшылыққа алуға міндетті билік иелерінің «жеке идеологиясын» өлеңге қосып шырқады. Ал, мемлекеттік идеологияның орындалу барысын насихаттайтын, осыған байланысты қоғамдық пікірді үзбей зерттеуге тиісті әкімшілік құрылымдардың жұмыс нәтижелілігінің шет-жағасы туралы жоғарыда айттық. Осындайлардан кейін қоғамда «бізде идеология жоқ» деген ашыныс пікірлердің себебіне ойланбай қалу мүмкін бе!?

Екіншіден, кейінгі онжылдықтың ол жақ, бұл жағында Конституциямыздың ең алғашқы құқықтық талабы мен идеологиялық мәні шексіз бабындағы «демократиялық» түсінік сөз жүзінде бар да, ал іс жүзінде толыққанды қоғамдық өмір практикасына ене алды ма? Азаматтық идеология талабындағы билік халықтыкі дегеннен гөрі діни идеология салтанатындағыдай «билік Алла тағаланың шешімімен жердегі оның сүйікті құлы, әрі көлеңкесі» дегенге ұқсаңқырағандай болды емес пе? Сонда «демократияң» қайда қалды? «Зайырлылығың» қайда қалды? Есесіне «құқықтығыңның» орнына «коррупция» деген жарықтық бәрімізді мойындатып, еш сескенбей гүлдеді. Нәтижесінде «162 олигополия елінің бақытты азаматтары» және «50 теңгелік табысты бейшаралар» деген «әлеуметтік елдің» әлеуметтік сегменті пайда болды. Осыдан соң, «бізде идеология жоқ» дегенге қарсы айтуға шамаң келмей қалады екен!

Кәрі тарихтың заңы қатал. Онымен санаспадың ба, өзіңнен көр. Дағдарысы оңдырмайды. Бәрібір, ерте ме, кеш пе, өз дегенін істетеді. Тек Қасым-Жомарт Тоқаев бұрынғы Одақтағы Михаил Горбачев ролінде ме? Жоқ, әлде, Қытайдағы Дэн Сяо-пин сияқты ма, қазақ үшін? Тарихи тағдырымыз қолдасын! Елі – сол. Туы –сол. Тек идеологиясын жаңартып, ұмтылған жолын реттеп, көшін қозғалтып, болашағына сендіріп, өзі үлкен абыроймен зейнетіне кеткен соңғы ұлы тұлғадай болса игі еді!

Тәуелсіз Қазақстанда азаматтық идеология да, этностар бірлігін айғақтайтын ұлттық идеология да, осылардың құқықтық мазмұны болып табылатын мемлекеттік идеология да, бұдан 25-30 жыл бұрын қалыптасқан еді. Осы мерзімнің ішінде халықтың саяси-идеологиялық белсенді жастағы өзегі толыққа жуық өзгерді. Сондықтан да, Тәуелсіздіктің таңы енді жарқырап шыққан сәттерде көпшіліктің азаматтық идеологияға деген сұранысын қанағаттандыру басты мақсат болса, енді, айтылған идеологиялық проблемалардан соң, жаңарған адами массаның рухани-саналық идеологиялық сенімі үшін күрес алға шықты. Биылғы «Қаңтар трагедиясынан» бергі ұзаққа тартар аз уақыттың негізгі мақсаты да, шешуі күресі де осында.

Әзірге сезім позитивті. Мұраға қалған «билік партиясы» мен ішкі саясат «тарландары» ақсақ жүрістен арыла қоймаса да, азаматтық мазмұндағы мемлекеттік идеологиямызды алға сүйреуге тырысқан мемлекет басшысына, оның алғашқы бастамаларына, алға қойған мақсат-мұраттарына сеніммен қарайтын азаматтар мен жастар өте көп сияқты.

Әлемдегі қым-қиғаш саяси және экономикалық проблемалар, Еуразия кеңістігіндегі қашып құтылу қиын мәселелерден туындайтын қиыншылықтар, шешілуі басқалармен ортақ қымбатшылық «ковиді» қанша кескестесе де шаруашылығымыз соңғы айларда торғай адыммен(4,4 пайызбен) болса да алға жылжуда. Үкіметіміз бұрынғыдай «қалың ұйқыда» емес сияқты. Бәрін цифрлармен, фактажбен дәлелдеп жатудың осы мақалада қажеті жоқ. Саналы да сауаттылар өздері-ақ біледі. Санасы саяз, ойы арам, өткенді аңсаған топтар айтақтағандар қалай дәлелдесең де бәрібір, бос сөзбен жоққа шығарып бағады.

Жаңа Қазақстанның – екінші Республиканың – жылдамдата даму идеясына; демократиялық мемлекеттің, құқықтық қатынастың, әлеуметтік әділеттіктің идеологиясына сенгендер; болашақта этатизмге, лаицизмге, секуляризацияға қол жеткізуді мұрат тұтқандарға ең басты әрекет, сүбелі үлес ретінде 5 маусым күні ел тағдырына бей-жай қарамай, шын пейілдеріңізбен дауыстарыңызды беруді ұсынамыз!

Сапарбек САХОВ,

тарих ғылымдарының кандидаты

Жанат НҰРЖАНБАЕВА,

PhD докторы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *