КАДЕТ СЫНЫБЫНЫҢ БЕРЕРІ КӨП

Білім
1 707 Views

Соңғы уақытта елімізде мемлекеттік деңгейде өскелең ұрпақтың әскери-патриоттық тәрбиесіне жүйелі түрде көңіл бөлініп, нақты қадамдардың жасалып жатқанықуантады. Мәселен, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 12шілдедегі «Бастапқы әскери дайындық қағидаларын бекіту туралы» №347 бұйрығы негізінде Шымкент қаласының білім басқармасы шаһар мектептерінде кадет сыныптарын ашуды қолға алды. Қазірдің өзінде 13 мектепте кадет сыныптары бар.

Солардың бірі – Әсет Сатыбалдиев басқарып отырған №125 жалпы орта білім беретін мектеп. Аталмыш білім ошағының әскери жетекшісі Болат Дәукенов пен директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қайрат Сүлейменовтың атсалысуымен және 7 «е» сыныбы ата-аналарының қолдауымен 2019-2020 оқу жылынан бастап «Жас сарбаздар» сыныбы ашылған болатын. Сыныптың жетекшісі болып өзім бекітілдім. Ә дегеннен бұл сынып 25 оқушымен жасақталды, олардың 13-і – ұл бала,12-сі – қыз бала. Бұл сыныптың ерекшелігі – барлық пән бойынша оқылатын сабақтарды мұғалімдер әскери тақырыппен байланыстырып отырады. Оқушылардың барлығы спортқа бейім, аптасына бір сағат және жетекшінің бос уақытына сәйкестендіріп, кесте түзу арқылы әскери дайындық сабағын өтеді. Музыка пәнінің мұғалімдерімен бірлесе отырып аптасына бір сағат хор айтып үйренеді.

Әрине, кадет сыныптарын ашу бар да, олардың дайындығын таразылау деген тағы бар. Осы мақсатта Шымкент қаласының білім басқармасының және қалалық қорғаныс істер жөніндегі департаментінің мұрындық болуымен қала мектептеріндегі барша кадет сыныптары оқушылары арасында жолдастық кездесулер ұйымдастырылып отыр. Валентина Терешкова атындағы №31 жалпы орта білім беретін мектебінде жуырда ғана Ұлы жеңістің 75 жылдығына арнап Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор Сабыр Рахымовтың туғанына 118 жыл толуына орай, «Қазақтың тұңғыш генералы – Сабыр Рахымов» атты «Жас сарбаздар» әскери-патриоттық сайысы өтті. Шараға «Nur Otan» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты Шымкент қалалық филиалының төрағасы Арман Найманбайұлы Әлібеков, қалалық білім басқармасы әдістемелік орталығының АӘД әдіскері Қ.Есқараев, Шымкент қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің әскери патриоттық қызметінің бастығы Л.Мушанова, Кеңес Одағының Батыры С.Рахымов атындағы Шымкенттегі республикалық «Жас ұлан» мектебі бастығының орынбасары, подполковник М.Мадрахимов, қалалық әскери қызметкерлер – Самат Дербісәлиев, Марат Байбековтер қатысты.

Атап өтерлігі, №125 жалпы орта білім беретін мектебінің 7 «е» сыныбының жас сарбаздары жоғары деңгейде өнер көрсетіп, «Саптық жүрістен» екінші орынға табан тіресе, «Ең үздік командир» аталымымен сыныптың командирі Асылжан Мырзабек марапатталды.

Шымкент қаласы қорғаныс істер жөніндегі департаментінің бастығы, полковник А.Тілеухановтың және Шымкент қаласы білім басқармасы әдістемелік орталығының директоры М.Медетбекованың Алғыс хатына «Жас сарбаздар» әскери-патриоттық іс-шарасына жоғары деңгейде шәкірт дайындағаны үшін мектептің директоры Әсет Сатыбалдиев лайық деп табылды. Ал оқушылары жоғары деңгейде өнер көрсетіп жүлделі үшінші орын алғаны үшін марапатталды. Кадет сыныбындағы оқушылар осы жолдастық кездесуден өздеріне деген сенімі артып, мол тәлім-тәрбие алып қайтты.Болашақта бұл сыныптан елімізді қорғайтын білімді, отансүйгіш азаматтар өсіп шығарына сенімдіміз.

Дина ҚАМЫСБАЕВА,

№125 ЖОББМ 7 «е» кадет сыныбының жетекшісі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *