ОҚМПУ ҚАШЫҚТЫҚТАН ОҚЫТУДЫ ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗУДЕ?

Білім
2 396 Views

Елдегі жаппай карантин жағдайына байланысты ОҚМПУ да басқа отандық білім ордалары сияқты «Webex» платформасына бакалавриат бағдарламасындағы білімгерлерді де толықтай қосып, қашықтықтан оқыту форматын тәжірибе жүзінде сәтті пайдалануда.

Университетіміздің жаратылыстану факультетінің химия кафедрасы карантин кезеңінде 16 наурыздан бастап қашықтықтан оқыту жүйесіне толығымен өтіп, студент, магистрант, докторанттар осы жүйе бойынша білім алуда. Университетімізде 34 бакалавр, 22 магистратура, 11 докторантура білім беру бағдарламасы бойынша жұмыс істеуде.

Қашықтан оқыту деген қазіргі таңда білім саласындағы өте маңызды ұғым. Оны білім алушы мен оқытушы алыстан өзара ақпараттық-коммуникациялық технологияларды және телекоммуникациялық құралдарды қолдана отырып, жүзеге асырылатын оқыту түрі ретінде түсінеміз. Нақтырақ айтсақ, оқытушы мен студент арасында қашықтан интернет ресурстарының көмегі арқылы өтілетін оқытудың формасы, яғни интернет желілерінің көмегімен белгілі бір ара қашықтықта оқыту. Қашықтықтан оқытудың әдіс-тәсілдері – студентке жеке талап қоюмен қатар оқытушымен тікелей қарым-қатынаста болуын іске асырады.

Қашықтықтан оқытудың артықшылықтары:

— Оқытушының да, студенттің де оқытудың уақыты мен орнын тиімді таңдай білуі;

— Білімнің тиянақтылығы, оқытушы мен студенттер арасындағы қарым-қатынастың қажеттілігінше болуы;

— Білім берудің дифференциасы мен индивидуализациясы, уақыт пен қаржының үнемділігі жатады.

Мақсаты мен міндеттері:

— Халықаралық тәжірибеге сәйкес үздік отандық білім беру жүйесінің негізінде ҚР МБМБС және оқу жұмыс бағдарламаларының негізінде студенттер білімінің жоғары деңгейге жетуі;

— Қашықтықтан оқытуды пайдаланушылардың әлеуметтік-мәдени және психологиялық жас ерекшелігін ескере отырып, теориялық, ғылыми-психологиялық арнайы әдістемелер құрастыру;

— Оқу үрдісі мен ЖОО-ны басқаруда пайдаланылатын ақпараттық технологияларды дамыту;

ОҚМПУ-да қашықтықтан оқыту жүйесі Moodle платформасы негізінде іске асырылады. Moodle жүйесі оқу үдерісіндегі міндеттерді ортақ шешуге және өзара білім алмасуға мүмкіндік береді. Қарым-қатынас жасауға шексіз мүмкіндіктер тудыру – Moodle жүйесінің ең ұтымды тұстарының бірі. Moodle жүйесі оқытушы мен студент, студенттер мен оқытушылардың кез келген форматтағы ақпараттық файлдармен алмасуын жүзеге асырады.

Қарым-қатынас жасаудың мүмкіндіктеріне форум, электронды пошта, оқытушылармен құжат алмасу (чат, жеке ақпаратпен алмасу), тағы басқа қызметтер жатады.

Moodle жүйесінің негізгі оқу бірлігіне оқу курстары жатады:

– Студенттердің оқытушымен өзара бірлескен іс-әрекеті. Олар мынадай элементтер арқылы іске асырылады: форум, чаттар блогтар және жеке ақпараттық алмасу;

– Файл, архив, веб-парақтар және бейнедәрістер арқылы электронды түрде өзара білім алмасу;

– Тесттер мен арнайы тапсырмалар арқылы оқыту және білімін тексеру. Орындалған тапсырмаларды студенттер мәтін түрінде немесе файл түрінде жібере алуы;

– Ендірілген wiki, семинар, форум сияқты механизмдер арқылы арнайы тақырыпта бірлескен оқу және зерттеу жұмыстарын жүргізу.

Бүгінгі күні әлемде болып жатқан эпидемиялық жағдайлардың алдын алу шараларына байланысты барлық жерде оқу процесі қашықтан өткізіліп жатыр. Қашықтан білім беру технологиясы сабақтарды “online”, “offline” режимінде жүзеге асыруға негізделген. Онлайн оқыту кезінде білім алушы мен оқытушы арнайы келісілген бағдарламалар арқылы байланысқа шығады. Елімізде онлайн сабақ өту үшін “Skype”, “Zoom”, “Microsoft teams” және “What’s up” көп сұранысқа ие. Онлайн сабақтар келісілген уақыт бойынша жоғарыда көрсетілген бағдарламалар көмегімен жүзеге асуда. Офлайн оқыту сабақтары студенттердің өзіндік жұмысы деп айтсақ болады. Оқытушылар электронды пошта немесе электронды порталдар “Platonus”, “Univer” бағдарламаларында тапсырмалар жіберу арқылы жүзеге асады.

ОҚМПУ оқытушылары студенттерге сабақты “Zoom” қосымшасы бойынша өтуде. “Zoom” қосымшасы бойынша дәріс, тәжірибелік және зертханалық сабақтарды онлайн оқыту ыңғайлы әрі тиімді.

Онлайн сабақтарды өту барысында тақырыпқа қатысты бейне (видео) дәрістер, сызба, диаграммалар сонымен қатар зертханалық жұмыстардың жасалуы түсірілген бейне таспаларды қолданудамыз.

“Zoom” қосымшасының артықшылығының бірі – студентпен тікелей байланыста болу, яғни студентке сұрақтар қою, тапсырма беру, олардың түсінбеген сұрақтарына оқытушының жауап беруі арқылы олармен кері байланыс орната білуде.

Университет жүйесіндегі «Қашықтықтан оқыту» сайтына әр аптаға оқытушылар тапсырма салады, студенттер тақырыпқа байланысты жауаптарын орындап сол жерге жібереді. Оқытушылар оны тексеріп, жауаптарына байланысты студенттерге тиісті балл қояды.

Студенттерге «Межелік 1, 2», «Қорытынды емтиханның» сұрақтары мен билеттері университет сайтына салынады. Жазбаша түрде жіберген жауаптарын оқытушылар тексеріп бағалайды.

Студенттердің үлгерімі университет жүйесіндегі «Platonus» сайтына қойылады.

Химия кафедрасы университеттегі алдыңғы қатарлы кафедралардың бірі. Профессор-оқытушылардың құрамы білікті оқытушылардан тұрады – ғылым докторлары, кандидаттары, магистранттар және Қазақстан Республикасының үздік оқытушылары. Химия кафедрасында білім алушыларға химия, химия-биология мамандықтары бойынша бакалавр, магистратура және докторантура бойынша білім береді.

Химия бакалавры – химия ғылымы, химия өнеркәсібі және химиядан білім беру салаларында жұмыс жасай алады. Кафедра заманауи зертханалармен жабдықталған, білім алушылар онлайн түрде білім алып зертханалық жұмыстарды жасауына толық жағдай жасалынған. Білім алушыларға мемлекеттік және облыстық гранттар көптеп бөлінуде. Студенттер академиялық ұтқырлық бойынша шет мемлекеттерде білімдерін жалғастырып келуде, сонымен қатар шетел университеттерінің профессорлары осы жүйе бойынша бізге келіп студенттерімізге қызықты дәрістер оқып жаңа технологиялармен таныстырды.

Білім алушыларға заманауи талапқа сай жатақханалар беріледі. Университетте студенттік, Халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар жиі ұйымдастырылып тұрады. Сонымен қатар білім алушылардың демалуына жақсы жағдайлар жасалған, университеттің спорт комплексінде әртүрлі секциялар жұмыс жасайды. Университетте көптеген студенттер арасында пікірсайыстар, дөңгелек үстелдер, мерекелік күндерге байланысты мәдени іс-шаралар жиі өткізіліп тұрады.

Карантин жағдайында да осы іс-шаралар онлайн түрде жалғасын табуда.

Нағима Сейдуллақызы ҚЫБРАЕВА,

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті химия кафедрасының доценті, химия ғылымының кандидаты.

Шолпан Сагидуллақызы ШЫНАЗБЕКОВА,

Химия ғылымының кандидаты, доцент.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *