Бес жыл жазып, үш жыл күткен кітабыма болар-болмас, шал жылайтындай, кемпір күлетіндей қаламақы алғанымда, атам сияқты жазушы боламын деп жүрген он жастағы ерке немерем ойынан аяқ асты айнып қалды.
– Ой, ата, – деді Әлихан – сондағы алғаның 160 000 теңге ме? Неше жыл күткен қаржың уәде еткен велосипедке де жетпейді ғой. Аташка-ау, жақсы жазушы болғанша, жаман әнші болмайсың ба? Жақында Құрмаш атаның жетпіс жылдығына арнап дүркіретіп той жасағаны есіңде болар. Сонда шашы желбіреген әншінің фонограммамен үш ән айтқанына, ел Майкл келгендей мәз-мәйрам болды емес пе?! Өзің: «Құдай сыбырлағанды да естиді» деп көп айтасың ғой. Сен айтпақшы, естіген құлақта жазық жоқ. Көзілдірік киген әлгі әнші жарты сағат ән айтқаны үшін бақандай 5000 бакс алыпты, ата! Бүгіннен бастап мен жазушы болмаймын деп шештім. Мынауский әнші боламын.
– Әлихан-ау, бесінші сыныпта оқып жүрсең де, әу деп ән айтқаныңды естіген емеспін. Әнші болу үшін дауыс, сонан соң дарын керек, – дедім немереме қарсылық білдіріп.
– Түу, ата, он кітап жазып дардай жазушы болсаң да, дүниеде не болып жатқанынан еш хабарың жоқ. Дауыс, дарын деген Балташ көкем айтпақшы, ерунда. Дәркеш көкем компьютерді шемішкеше шағады. Түкке тұрмайтын әншісымақтарды жарқыраған жұлдыз етіп жүр емес пе? Сол көкеме көзді қысып, уысына бірдеңе қыстырсаң, дауыс, дарын мәселесін шешіп, жұлдыз болып шыға келемін.
– Құлағы қалқиған атаң да бірдеңені біледі, – дедім желпініп отырған немереме қарап. – Халтураға әбден мезі болған халық наразы болып, билік басындағылар әнші біткенге табиғи дауыспен ән айтыңдар деп талап қойып жатыр. Жақында осы жайында арнайы заң шығармақ. Ақсақ қой түс қайта маңырайды. Кешіктің, пойыз баратын жағына кетіп қалды, балам.
– Солай ма, ата? – деп Әлихан кәдімгідей өкініп – енді не істесем екен? Өзің сияқты жазушы болайын десем, әкем айтпақшы, қалт-қалт етіп әрең жүрсің. Пенсияң дәрі-дәрмегіңе де жетпейді. Әнші болып, мамам айтқандай, күректеп ақша табайын десем, оның болмайтын түрі бар.
– Басқа мамандық құрып қалып па? Әкең сияқты дәрігер немесе мамаң сияқты мұғалім бол. Екі мамандық та жақсы.
Немерем маған мысқылдай қарады.
– Адал болыңдар, біреудің ақысын жемеңдер, пара алмаңдар деп әкем мен шешемнің құлағын күнде жеп, ақыл айтасың. Екеуі ақша жетпейді деп күнде ұрсысып, шоқысып жатады. Өзің әперген ескі мәшине әбден шаршап, шиқ-шиқ етіп әрең жүр. Көрші балалардың әкелері шетінен крутой көлік мінеді. Әкемнің шал сияқты күрк-күрк жөтелген машинамен жұмысқа кетіп бара жатқанына қатты ұяламын, – деді немерем ащы болса да шындықты айтып.
Немерем бала болса да, ойындағысын айтып тұр. Не деп жауап берерімді білмей, мұрнымды шұқылап, өтірік жөтелген болдым.
Екі-үш күннен соң немерем мектептен желпініп келді.
– Ата, – деді Әлихан жаныма жайғасып жатып, – мен әкім болуды шештім.
– Талабың дұрыс, бірақ әкім болу кез келген адамның қолынан келе бермейді. Құпия болмаса айтшы, неге аяқ асты әкім болғың кеп қалды? – дедім таңқалғанымды жасыра алмай.
– Әкім болғанда анау-мынау емес, ауданның немесе қаланың әкімі болуым керек, – деді Әлихан мұрнын бір тартып қойып. – Менімен бір партада Марат деген бала отырады. Әкесі қаладағы ең үлкен ауданның білдей әкімі. Мен мектепке алақ-жұлақ етіп жаяу барамын, ал оны әкесінің жүргізушісі қара сүліктей қымбат «Джиппен» әкеліп тастайды. Марат сәл мақтаншақтығы болмаса, жаман бала емес. Бүгін ол сабақ үстінде әкесінің ешкім біле бермейтін құпиясын айтып қойды. Ата, білесің бе, жақында Мараттың әкесі әкім болып істейтін ауданда үлкен жолайырғы мен көпір салыныпты. Сол үшін папасы шытырлатып тұрып, 30 000 000 теңге алыпты. Менің папам мен мамам он жыл өліп-талып жұмыс істесе де, мұндай ақшаны түсінде де көрмейді. Жазушы да, әнші де болмаймын, әкім боламын, ата.
– Әй, данышпан, не болса соны айтып, атаңның басын қатырма. Қолыңды жуып, тамағыңды іш, – деп үйдегі келін әңгімемізді үзіп жіберді.
Арада бір апта өтіп, немерем мектептен көңілсіз оралды.
– Ой, ата, мен әкім болмайтын болдым, – деді асынған сумкасын шешіп жатып.
– О, батыр, шешіміңді аяқ асты өзгерткенің қалай! Не болып қалды?
– Марат досым бүгін сабаққа келмеді, енді басқа мектепке ауысатын шығар. Кеше оның әкесі біреуден пара алып жатып, ұсталса керек. Біреулер қолына кісен салып алып кетіпті. Кеше қалалық теледидардың жаңалығынан көрсетіпті, ата. Бұл туралы бүкіл мектеп шуылдап жүр, – деді Әлихан көңілсіз.
Әлиханды әжесі екеуміз бауырымызға басып, еркелетіп өсірдік. Сондықтан болса керек, әкесі мен шешесіне мұрнын шүйіріп, аттарымен атайды. Өзінше мені жақын тартқаны, сен деп сөйлеседі. Сәл тентектігі болмаса, ақылды бала, сабақ үлгірімі де дұрыс. Батырлығы да бар, анау-мынау деп міңгірлеу жоқ, ойын ашық айтады. Кәдімгі үлкен кісіше мақалдатып-мәтелдетіп сөйлегенді қатырады. Осы үйдегі ең жақын «досы» менмін. Сырын, бар құпиясын маған айтады.
– Ата, – деді ол бірде менің жаныма жайғасып жатып. – Жазушы болайын десем – табысы жоқ, әнші болмақшы едім – талантым жоқ. Әрине, әкім болып шіреніп жүрген жақсы. Өзің айтпақшы, алтын көрсе – періште жолдан таяды. Әкімі құрысын, пара аламын деп түрмеде көзім бозарып отыратын жайым жоқ. Бүгін мысық құсап пырылдап ұйықтап жатқаныңда әкем мен шешем тағы да ұрсып, бір-бірінің миын жеді.
– Өзіңмен бірге дәрігер болып жүрген Кәкішке неге қарамайсың. Көзің соқыр емес қой, көрмейсің бе, үйі қандай, жайы қандай!? Мінген машинасы біз тұрып жатқан төрт бөлмелі пәтердің бағасымен тең. Әйелінің де астында қымбат көлік, үлде мен бүлдеге бөленіп, кердең-кердең етеді. Менің жүрісім болса мынау: бір киген көйлегімді бес жыл киіп… Күзеннің қымбат терісінен тігілген тон алып берем дегеніңе жеті жыл болды. Қайда сол норковый шубаң? Еркек емес, езсің. Анау Кәкіш мойны мен беті тұтасып кеткен келіншегімен жыл сайын шетел асып, демалып қайтады. Бармаған жері жоқ. Ал, сен болсаң, бес жылдың ішінде таяқ тастам жердегі «Көлсайға» апарғанға мәз болып, шегірткенің айғырындай қоқыраясың. Кәкіштен қай жерің кем, басыңды, беліңді ауыртпай қосымша табыс таппайсың ба? – деп екі бүйірін таяған Мейізкүл, тойыс мамам әкемнің екі аяғын бір етікке тықты. Әкем әдетінше үндемей, шайын асығыс ішіп, үйден шығып кетті.
– Ата, айтшы, сен жазушысың ғой, қиялың да керемет, ақылың да жетеді. Басың мен белің ауырмайтындай, түрмеге отырмайтындай жұмыс істеп, қалайша көп-көп ақша табуға болады?
Он жастағы баланың мына сұрағы төбеме жай түскендей әсер етіп, отырған орнымда қаққан қазықтай қатып қалдым. Құйрықты шайтандай арбаған ақша, дәулет, мансап деген кесапат ересектер тұрмақ, сабағын оқып, асығын ойнап, алаңсыз жүретін балалардың да санасын улай бастапты. «Бала не демейді, шошқа не жемейді» деп өзімді алдап, жұбатқым-ақ келеді. Бірақ, небәрі бесінші сыныпта оқитын бадырақ көз, қалқан құлақ Әлиханның сөзінде батпандай шындық жатыр. Балығы басынан шіріген, су қосқан айрандай бұзылған заман осылай жалғаса берсе, шетімізден шошқа тағалап, қоңыз теріп кетпейміз бе? Мен осыны ойлап, кейде қорқып кетемін…
ӘКЕМ ТАҢДАҒАН ҚАЛЫҢДЫҚ
Ауылда Төртқара деген әкемнің құрдасы болды. Сол көкеміздің үйіндегі Қарлығаш апамыз жас кезінде сұлу, көркіне қырық жігіт ғашық болған сылаңдаған бойжеткен болса керек. Жас кезінде ұзын бойлы, көрікті, нағыз серсалдың өзі болған менің әкем де Қарлығашқа қырындап, той-томалақта, алтыбақанда талай ән шырқағанын құрдастары аузының суы құрып айтып отыратын. «Бұйырған кетпейді, жүгірген жетпейді» демекші, әкем 1939 жылы Фин соғысына кеткенде ауылда сиыр бағатын Төртқара талай жігіттің арманы болып, айдай толықсыған Қарлығашты алып қашып кетіпті. Әкемнің ғашығының Қаламқас деген қызы болды. Екеуміз төртінші сыныпқа дейін бірге оқыдық. Екі көзі боталаған сүйкімді, әдемі қызбен бұрымынан тартқылап ойнағанды жақсы көруші едім. Бір өкініштісі, төртінші сыныпты бітірген соң мектепті тастап, сауыншының көмекшісі болып, ерте жұмысқа араласты. Өсе келе Қаламқас та анасы сияқты көрікті болып өсіп, талай жігіттің көз құрты болды, оның үстіне әр сиырдан 3000 литр сүт сауған озат сауыншы, облыстық Кеңестің депутаты болып, газет-журналға шығып, атағы дүркіреп тұрды. Мен мектепті бітірген соң, әскерде болып, одан соң Алматыда бес жыл оқып, біраз сүрбойдақ болып жүріп қалдым. Облыстық газетте тілші болып жүргенімде кезекті демалысымды алып ауылға келіп, әкем екеуміз шөп шаптық. Жаңадан орған пішенді есек арбаға тиеп, ауылға қайтып келе жатқанда әкем соңғы кезде жиі айтатын әңгімесін тағы да бастады.
– Дәркеш балам-ау! Жасың болса жиырма бестен асып барады. Өстіп, қу тізеңді құшақтап, сүрбойдақ болып жүре бересің бе? Қашан үйленетін түрің бар? Шешең екеуміз келіннің қолынан шай ішеміз бе, жоқ па?! Былай нетіп, сөз байласып жүрген қызың бар ма?
– Бірге оқыған Оралдың қызына көз тастап жүрмін, – дедім әбден жауыр болған әңгімеден қашқақтап. – Өзіңіз айтпақшы, құдай қаласа келесі жылы үйленіп қалатын шығармын.
– Балам-ау, Орал қайда, біз қайда? – деді әкем қолын бір сермеп. – Әр елдің салты басқа, иті қара қасқа екенін білмейсің бе? «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» деп бекер айтпаған. Өзіміздің ауыл жақтың қыздары құрып қалды ма? Шешесін көріп, қызын ал деген. Осы ауылда бір қыз бар, өзі жібектей есіліп тұр. Құдай көрік пен сұлулықты аямай бере салған. Айтпақшы, сен ол бойжеткенді танисың.
Кенет әкем ойын аяқтамай, сөзін жұтып қойды. Дәл осы кезде қарсы алдымыздан Төртқараның сауыншы қызы – Қаламқас бізге қарсы ұшырасып, ілтипатпен басын изеп сәлемдесіп, жанымыздан жайлап өте берді.
– Кімді айтсаң сол келеді деген рас. Жаңа айтқан қыз осы, – деді әкем сыбырлай сөйлеп.
– Әке, Қаламқасты жақсы білемін ғой, екеуміз ауылдағы бастауыш мектепте бірге оқығанбыз. Иә, дұрыс айтасыз, Қаламқас сұлу қыз, өзі озат сауыншы. Сізді тыңдап, ол қызды алдым дейін. Бірақ, ол озат сауыншы екен деп облыс орталығынан өкімет сүт өндіретін сиыр фермасын ашып бермейді.
– Байқап отырмын, Қаламқасты сауыншы деп, өзіңше менсінбейсің ә? Түк көрмес, пілді де көрмес. Сен әлдеқандай болма, ол қыз саған қарай ма екен? Сұлу десе – сұлу, сымбатты десе – сымбатты. Депутат, еңбек озаты, ауылымыздың маңдай алды мақтанышы. Әй, ақымақ, көзіңді ашып қарамайсың ба, балтыры балпақтай әдемі қыз ғой Қаламқас!
Әкемнің сөзіне мырс етіп, Қаламқастың артынан қарадым. Шынында да, қос ақ балтыры, түп-түзу, әкемнің сөзімен айтқанда, мынауский екен…
Шөпті түсіріп, жуынып-шайынып, үйге кіргенімізде апам дастархан жайып, бабына келген қымызды күміс ожаумен сапыра бастады. Бір-екі кесе қымыз ішіп, сусынын басқан соң, әкем есек арба үстіндегі әңгімесін қайта бастады.
– Сөйт, шырағым! Алыстағы Оралды қайтесің! Төртқараның сауыншы қызы – Қаламқасты алсаң, жаман болмайсың, қарағым. Ауылымыз аралас, қойымыз қоралас, болашақ келініміздің шешесі – Қарлығаш та жақсы адам.
Төртқараның әйелінің есімін естігенде жаңа ғана жайдары отырған анашымның шекесі тырысты да қалды.
– Әй, Дәркештің көкесі, – деді жақтырмай, – жас кезіңде аузыңның суы құрып, Төртқараның келіншегін мақтаушы едің. Енді қызын мақтай бастадың ба? Қаламқастың қолы күміс, басы алтын болса да, балам оны алмайды. Көп сөйлемей, тыныш отыр!
Сөзден тосылған әкем сасқалақтап: «Балам, шөлің басылсын, қымыз іш» деп, қалтасынан шақшасын шығарып, насыбайын ата бастады…
«ЕКІ ЖАРТЫ БІР БҮТІН БОЛАЙЫҚ»
Анамның дүниеден озғанына бір жыл толып, асын берген соң, жетпістен асқан әкемнің мінез-құлқы бір түрлі өзгере бастады. Күнде сақал-мұртын сәндеп, үстіне орден-медальдары тағылған қара костюмін киіп, «Тройной» деп аталатын әтірді сеуіп әуре. Сонан соң басына қара қалпағын киіп, көк есегіне мініп, бір жаққа тайып тұрады. Еңбек демалысына келген мен алғашқыда бұған онша мән бермедім. Ауылдағы ескі клубтың жанындағы алма бағында әкем қатарлас қариялар жиі-жиі бас қосып, әңгіме-дүкен құрып отыратын. Түскі шайдың уақыты болып, бір-екі рет барсам, алты карта соғып отырғандардың арасында әкем жоқ болып шықты. Бұл шал бірдеңені бүлдіріп жүр деп іштей сезіктене бастадым. Бала кезімде әкем колхоздың бір бөлімшесінің дүркіреп тұрған бригадирі еді. Астында жүгені мен ер-тұрманы күмістелген ақ боз ат, бүкіл ауыл ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында.
– Әй, Гүлжан, бүгін аудан орталығы – Бурныйда өңкей ығай мен сығайлар бас қосқан жиналыс болады. Сенің байың анау-мынау емес, колхоздың білдей бригадирі, өзі майдангер, еңбек озаты. Қара костюмді тазалап, орден-медальдарымды жарқыратып қой. Айтпақшы, әлгі үстіме себетін «Тройной» әтірі таусылып қалыпты. Дәркешті дүкенге жібер, – деп алдын ала ескерте бастағанда, анам: «Кедейдің кербезінен сақтай көр!» деп жақтырмаған күйі күйеуінің тапсырмасын орындауға кірісетін.
…Ертесіне қартайса да кербездігін қоймаған әкетайым күндегі әдетінше сәнденіп, құлағы қалқиып қалған көк есегіне отырып, жолға жинала бастады. Немере ағамның ескі «Урал» мотоцикліме мініп, байқатпай артынан жайлап еріп отырдым. Әкемнің артына қарайтын түрі жоқ, есегін тепеңдетіп, алға тартып барады. Ауылдан сәл ұзап, үш-төрт шақырым қашықтықтағы көрші ауылға бет бұрды. Көп ұзамай-ақ совхоздың екінші бөлімшесіне жетіп, оқшаулау тұрған тоқал тамға жетіп, есегінің шылбырын ескі арбаға байлап жатты. Мотоциклді үйдің артына қойып, аяғымды мысықша аңдып басып, байқатпай үйге кірдім. Төргі бөлмеде жайылған көрпе үстіне жайғасқан әкем ұршықтай кішкентай кемпірмен сөйлесіп отыр.
– Төкентай, қалайсың, ауыл-аймағың аман-есен бе? – деді қалың көзілдірік киген кемпір сампылдай сөйлеп. – Соңғы кезде біздің ауылға жиі келгіштеп кеттің. Жайшылық па, әйтеуір?
– Жібекжан-ау, осындай күн ыстықта адам жайша жүре ме? – деді әкем тамағын кенеп қойып. – Саған сары майдай сақтап жүрген бір сөзім бар еді. Өткен жолы бір-екі келгенде қысылып айта алмадым…
Әкем сөзден тосылып, сәл үнсіз қалды.
– Әй, Төкентай-ай! Жас кезіңдегідей сызыла қалыпсың ғой, – деді кемпір тісі ақсиып күліп. – Ұялмай, сары майдай сақтаған сөзіңді айта бер. Құлағым сенде.
– Жібек, сонау алыстап кеткен отызыншы жылдар есіңде ме? – деді әкем қалтасынан қол орамалын шығарып. – Қызыл отау құрып, ауыл-ауыл аралап, «Қыз Жібек» спектаклін қойғанымызды ұмытпаған боларсың? Өзің де жақсы білесің, алғашқыда Төлегеннің роліне мені бекітті. Бірақ режиссер аяқ асты ойынан айнып қалып, Төлегеннің ролін Әбілтай ойнайтын болды. Іштей келіспесем де, Бекежанның ролін ойнадым. Кейін сен сол Әбекеңе тұрмысқа шықтың. Топырағы торқа болғыр жігіт еді. Бүгінде Әбілтай арамызда жоқ.
– Төкентай-ай! Өткенді еске түсіріп, көңілімді босаттың ғой. Киерге киіміміз, ішерге асымыз жоқ болса да, бақытты едік. Қайран, жастық шақ! Енді ол қайта оралмайды. Қой, орнымнан тұрып шай қояйын, әңгіме бұзау емізер, бұзау таяқ жегізер, – деп Жібек орнынан көтерілді.
– Жібекжан, – деді әкем. – Шай қайда қашар дейсің. Ойым тарыдай шашылып кетпей тұрғанда келген шаруамды айтайын.
– Айт, айт, Төкентай, – деп кішкентай кемпір орнына қайта отырды.
– Жібекжан, «Айран сұрай келген шелегін жасырмайды» деген. Ойымды қалай жеткізерімді білмей отырмын. Қаққан қазықты айналшықтаған ат құсамай, тоқ етерін айтайын. Сенің шалың жоқ, менің кемпірім жоқ, екі жарты бір бүтін болсақ қайтеді?! Сен бұған қалай қарайсың?
– Ойбай, Төкентай! Мынауыңды ешкім естімесін. Ұят-ай! Бетім-ай, бетім. – деп кемпір орнынан тұрып, шошып кетті. – Жасың жетпістен асқанда алжиын дедің бе, әлде құтырайын дедің бе? Асарымызды асаған, жасарымызды жасаған кемпір мен шал емеспіз бе? Мына сөзіңді балаларымыз, немерелеріміз естісе не дейміз? Ұяттан қара жерге кіріп кетпейміз бе?! Бұл әңгіме осы жерде қалсын. Ешкім естімесін, ойбай-ай, ойбай!..
Кемпірдің есі шығып кетті. Қойылатын шай жайына қалды. Кербезденіп, сылқиып келген әкемді ай-шай жоқ, үйден қуып шықты.
«Қалыңдық» айттырудан жолы болмаған әкем бүк түсіп үш-төрт күндей төсек тартып жатып қалды. Бесінші күн дегенде орнынан тұрып, есін жиды. Бірақ бір түрлі, селқос, үнемі сәнді етіп күтіп ұстайтын сақал-мұртына қарамайтын болды. «Тройной» әтірі де себілмей бір орнында тұр. Орден мен медальдар тағылған қара костюм киім сақтайтын жиһаздың бір түкпірінен орын алды. Кезекші көлігі – көк есектің жүгені сыпырылып, ертоқымы алынып, бостандық алды. Екі-үш күннен соң ескі алма бақтың ішінде ауыл қарияларымен әңгіме-дүкен құрып отырған әкемді көріп, жүрегім орнына түсті.
Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,
жазушы-режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері