(Жалғасы. Басы өткен сандарда).
ТАРҒАПТАҒЫ ТАЛҚЫ
Күрең ат әбден тау-таста жүріп үйренген жануар. Ылдиға түсетін жайсыз жүріске де машықтанған. Иесі тізгін бұрмай-ақ, жолды өзі табады. Бірі – адамның, бірі – жылқының мықтысы – күрең мен Омарбек үш сағаттай жүрістен кейін жазыққа аяқ іліктірді. Жазық дегеннің өзі тау-тасы жоқ демесең – қырлы-жоталы. Омарбекке бұл өңірдегі сай мен қырдың бәрі таныс. Әне, анау қырдың астында Ырғайты болыстығына қарайтын Тарғап ауылы. Діттегені – сол ауыл.
Қырдан асып, Тарғап көзге түскен кезде, Омарбек ауыл шетінде бір жерге жиналып, құжынап тұрған адамдарды көрді. Аттылы-жаяулы адамдардың бәрі ер кісілер сияқты. Біреулері қолдарын сермеп, әлдене айтып тұр. Басқалары да сөйлегендерді қоштап, гу-гу етіседі. Олардың тек дабырлаған дауыстары ғана естілгенімен, не айтып жатқандары құлаққа анық келмейді. Мұның не жиын екенін ұқпаған Омарбек, қыр басында тізгін тартып, аңтарылып тұрып қалды. Бәлкім, ауылға барымташылар шапты, бәлкім, ауыл арасындағы ағайындар арасында үлкен дау ушықты. Қайткенде де, мынау тегін жиын емес. Үлкен дау болмаса, ауыл жұрты бұлай жинала бермейді.
Қыр басынан жиынға тағы жіті көз салды. Жиналғандер тек қазақтар екен. Араларында солдаттар да, бөтен киімді орыстар да жоқ. Осыған қарап, бұл ауыл арасындағы дау болды ғой деп ой пішті Омарбек.
Арттан бір тықыр естілді. Бұрылып қараса, бес атты кісі төмен жақтан тура өзіне қарай көтеріліп келеді екен. Әп-сәтте олар жетіп те үлгерді. Басын қара орамалмен шарт тартқан алдыңғы аттылы қамшысын алға созып, даусын көтере сөйледі:
– Ой, Омарбекпісің?! Ой, пәлі деген! Ой, батырым-ау, жерден шықтың ба, көктен түстің бе?! Көзіме сенбей тұрмын… Уай, не дейін.. Уай, міне, керек кезде жетіп келген нағыз ерім!..
Алғашқыда даусынан, кейін жүзінен таныды. Жоғарғы Боралдайдағы Ескермес деген шабандоз жігіт екен. Өзі мұнымен қатарлас, отыз-қырық шабандоз додаға лап қойғанда, ешкімге дес бермейтін нағыз көкпаршы палуан. Төрт-бес жыл бұрын бір көкпарда атымен бірге жығылып, жамбасын сындырып алған еді. Омарбек содан бері оны енді көріп тұр.
– Өй, сенбісің, Ескермес?! Уа-һа, хал-ахуалың жақсы ма? Қайдан келесің?
– Қайдан келесің дерің бар ма? Біз ауыл арасындамыз ғой. Өзің тірі екенсің ғой. Қайдан сау ете қалдың? Біреулер сені қырғыз асып, қытай өтіп кетті деп өсектеп еді…
– Орыс солдаттарының қудалауымен қырғыз барғаным рас, ал қытайға өткенім жоқ. Жүрістерің суыт қой, ал анау не жиын?
– Естіген жоқсың ба, Омарбек, ел ақ патшаға қарсы дүрлігуде. Жер-жерде өзің тәрізді мықты жігіттер қол жиып, Бернойдағы орыс ұлықтар мен ояздарға қарсы соғысқалы жатыр. Ана жиын да сондай мақсатта өтіп жатыр. Жүр, сонда баралық. Елге керек батыр азаматсың ғой, дер кезінде жақсы келдің.
Омарбек алғашқыда түкке де түсінбеді. Ескермес күшке мығым, әлге берік болғанымен тасыр емес, тұйық, кез келген жерде омырауламай, сөзге сараңдығын көрсетіп, айтар ойын нақпа-нақ айтатын жігіт-тін. Бұл жолы да сондай әдетіне басып, ауыл арасындағы ахуалды тәптіштеп жатпады. Қалғанын бара естірсің, болмаса өзің түсініп аларсың дегендей, атын ауылға қарай бұрды.
Тарғап шетіндегі жиналған топқа жақындағында «Ескермес келді, Ескермес келді» деп қауқылдасқан ауыл адамдары оған жарыла жол берді. Ол бәріне дауыстап амандасып, адамдар арасын кимелей төрдегі атты кісілерге таяды. Омарбек аттағыларды бірден таныды. Кертөбел атқа мінгені Тарғаптың биі – Орынбай ақсақал. Қасындағылары – Жақсыбек, Әбдәлі, Шүкір сынды бидің оң және сол қолдары, былайша айтқанда, ауылдың сөз ұстар қариялары.
– Жиған жігіттерің қайда, Ескермес? – деді Орынбай қария. – Уәдең бойынша, елу жігіт жиып келем деп едің ғой.
– Елу жігіт қазір келмесе де, ертең келеді осында. Ал қазір бір өзі елу жігітке татитын Омарбекті ертіп келіп тұрмын.
– Қай Омарбек?! Жантайдың Омарбегі ме?! Құдай-ау, қайда ол?! – деді Орынбай даусын дірілдете. – Ай, ол аман-сау бар ма екен?..
– Өтеп Омарбек пе?
– Банды ма?
– Батыр десеңші!
– Нағыз ер Омарбек қой! – деп ел қауқалдасып кетті.
Орынбай да, басқалар да Ескерместің тасасынан алғашқыда Омарбекті байқамапты. Оның үстіне ол келіп қалады деген ой ешқайсында болмаған да ғой. Ескермес оның атын айтқанда жұрт: «Пәлі, Омарбек келіпті», «Қайда, қайда өзі?», «Бәсе, өзін таныған сияқты едім…» деп күбірлесіп кетті. Орынбай қария атынан жылдам түсіп, көріспекке ұмтылды. Басқалары да сөйтті. Омарбек те аттан секіріп түсіп, Орынбайдың және өзгелердің де қолын алды.
– Анадағы оқиғадан соң, сені солдаттар атып тастады деп естіп, уайымдап жүр едік. Құдай сақтап, аман екенсің, қарағым. Сен тәрізді батыр тап қазір керек-ақ боп тұр. Естіп жатқан шығарсың, елге бір зұлмат төнді ғой. Енді ұлық-ояздармен жасырын емес, ашық күресетін күн туды, – деді Орынбай қария көзіне жас алып.
– Мен бір айдан аса тау ішінде жалғыз болып, елдегі жаңалықтан мақұрым қалдым. Қазір ғана Белтаудан түсіп едім, жолда мына Ескермес кездесіп, осында ертіп келді. Елді бүлдірген, дүрліктірген қандай жағдай, қария? Айтып түсіндірмесеңіз, бар нәрседен бейхабармын.
– Ойбүй, қарағым, ақ патша қазақтан әскерге солдат алуға жарлық шығарыпты. Елдегі он тоғыз бен қырық үш жас аралығындағы жарамды ер-азаматты батыстағы майданға аттандырмақ екен. Баяғының ақ патшалары қазақтан ешқашанда солдат алмаймыз деп, ант берген екен ғой. Мына Некалай патша сол антты бұзыпты. Оған бүкіл Жетісу қазақтарының игі жақсылары наразы болып, «Ақ патшаның жарлығына көнбейміз! Әскерге жігіт бермейміз!» деп бұлқынып жатыр. Бүгіндері барлық ауыл осылай дүрлігу үстінде. Барлық ауыл бірігіп, патшаға арыз хат жазбақшымыз. Керек болса, бас көтеріп, қарсылық білдірмекпіз. Осы мақсатта жиналып тұрмыз, Омарбек қарағым.
– Қазақ жігіттерін солдатқа емес, қария, – деді Ескермеспен келген бір жігіт, – батыста орыстар соғысып жатқан майдандағы қара жұмысқа алмақшы. Ол жаққа барған қазақ жігіттері оқ астында жүріп, өлік жинайды екен, жер қазады екен, теміржол жөндейді екен. Жұрт жігіттерімізді қару ұстайтын солдатқа емес, неге қара жұмысқа алады деп наразы.
– Ойбай-ау, шаруаға жарамды жас жігіттеріміздің бәрін жиып алып кетсе, елде егін егіп, орақ оратын, жұмыс істеп, үйді асырайтын кім қалады? Құрысын, жібермейміз балдарды майданға, – деді Жақсыбек шал.
– Балдарымыз ол жақта орыстың жаралысы мен өлігін жинап жүріп, қаңғыған оқтан өліп қалса, қайтпекпіз? – деп жалғады оның сөзін тағы бір қарт.
– Тарғаптың болысы мен старшындары осы ауылдан елу жеті жігіт майданға алынады деп қағаз қаттап қойыпты.
– Біз бармаймыз ешқайда!
– Егер зорлап алып кетпек болса, зорлықшылармен алысып бағамыз!
– Ит арқасы қиян жерде сүйегіміз қалғанша, туған жерде өлгеніміз жақсы, – десіп шуласты жастар жағы.
Жиналғандар кезек-кезек жамырасып, патша жарлығына қарсылықтарын білдіріп жатты. Шуды басуға ниеттенген Орынбай би қолын көтерді:
– Шиеннен Нүке мен Мойнақ, Ақшиден Қарабай мен Жаманбай, Самсыдан Қасабек пен Сырғабек, Үшқоңырдан Бекболат пен Мыңжасар, Түргеннен Оңғар мен Алсай, Теректіден Қосбол мен Арапбай тәрізді ел ағалары патша жарлығы ел құлағына тиісімен, өздеріне қарасты ауыл адамдарын ұлықтардың бұйрықтарына көнбеуге ұйыстырып жатыр. Олар басқа да ауылдардың адамдарын өздеріне қосылуға шақыртып, шабарман аттандыруда. Мына Ескермес те, ауылындағы елу жігітті жарлыққа қарсы болуға дайындап кеп отыр. Біз де соларға қосылып, патша жарлығына көнбейміз ғой-ә, халайық?! Бәріміз осыған келісеміз бе?
– Келісеміз! – деп жиналғандар шу етісті.
(Жалғасы бар).
Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,
жазушы, қоғам қайраткері,
«Әділет. Рухани жаңғыру» газеті
редакциясының алқа төрағасы