ЖІБЕК (ДЕРЕКТІ ПОВЕСТЬ)

Әдебиет
317 Views

(Жалғасы. Басы өткен сандарда).

Ол кезде техника аз. Өлкенің әр қиырынан келген белсенділерден жер қайысады. Құмырсқаның илеуінен шыққандай көп халықты Жібектің бірінші рет көруі. Әрбір жиырма адамнан тұратын топқа қазылуға тиісті жерді бөліп берген бригадир арықтың ұзындығы мен енін, тереңдігін тәптіштеп түсіндіріп жүр. Жібектің бригадасының жартысы – әйел, жартысы – еркек. Қолдарында кетпен мен күрек. Тастақты жер кездескен жағдайда деп бір лом қосыла берілді. Тізеге шейін қазу оңайлау болғанымен, арғы жағы қиындық туғызды. Бойыңмен бірдей арықтан топырақты тысқа лақтыру керек. Жұмыс ауыр болғанымен, көңілдері көтеріңкі. Түрлі қысыр әңгімелер толы қаптың аузы да сол жерде ашылады екен. Біртоға тұйық Жібек іске болмаса, әңгімеге жоқ. Бір нәрсе айтайын десе, жарасының аузы ашылып кетер деп сақтанады. Түс мезгілінде біреулері ашық аспан астында, біреулер төбесін қамыспен, кейде брезентпен қалқалаған шайлада тамақтанады. Түскі тамақ – тележкасы бар трактормен тасымалданады.

Кешке қарай топ-топ бөлінген жұмысшылар ән айтып, добырамен немесе баянмен ән салысып, өз көңілін өздері көтереді.

Жұмыс десе жанып түсетін Жібек жігіттерден қалмай кетпен серместді. Бұл жұмыс жерге қар түсіп, тоң қатқанға шейін жалғасады дейді. Ай артынан ай сырғып, қоңыр күз де жақындап қалды. Жазды күнгі ми қайнатқан ыстықтың лебі қайтқан кез. Алда келе жатқан озат бригадаларға сыйлық ретінде кейде шай, қант; әйелдеріне орамал, көйлектік мата таратып, көңіл көтеріп қоятындары да болады.

Өлмесхан он бес бригаданың жұмысын бақылайды. Дұрыс қазылып жатыр ма, нормадан ауытқыған жоқ па дегендей.

– Әпке, сіздің еңбегіңізді мақтап жатыр. Сізге «ударник» атын бермекші жақында. Ақшалай сыйлығы да бар, – деп, көңілдендіріп қойғысы келеді.

Бірде ашық аспан астында түскі ас ішіп отырғанда, мынадай болды. Әлпеш деген әйелдің жандаусы шықты.

– Ойбай, қарақұрт. Жұрт орындарынан атып-атып тұрды. Әсіресе, еркектердің табанымен жаншып өлтіре салмағанына, әйелдерден бетер оқырандап қашқанына ызаланған Жібек зәрлі уын арқасына түймедей ғып арқалап келе жатқан қарақұрттың үстіне мұздай су құйып жіберді. Доп-домалақ болып жиырылып қалған қарақұртты асқан жылдамдықпен аузына салып жіберді де, үстінен бір шөміш су ішіп жіберді. Маңындағылар аң-таң. Тіптен басқа бригададағылар да келіп, Жібекті көріп кетіп жатты. Сол күнгі әңгіме Жібектің төңірегінде өрбіді.

– Өліп қалам деп қорықпадыңыз ба? – деп сұрайды біреуі.

– Ертелі-кеш баратын жеріміз ғой, – дейді байсалды.

– Ойбай, құрдас-ай, – дейді екінші бір келіншек, – ол у ғой. Бойыңызға тарап кетпей ме?

– Мен ішпеген у жоқ! Қарақұртың да менің ішімдегі удан уланып, өліп қалған болар ендігі.

Бұл Жібектің «Тышқан артын көріп жаралы болыпты» дегендей, нәуетек, болбыр еркектерге көрсеткен қыры еді. Дей тұрсақ та, канал қазушылар арасында «қарақұрт жұтқан келіншек» деген қосымша атқа ілікті.

Жер қазушылар небір ғажайыптарға кездеседі. Бірі жыланның басын шауып алғанда, жылан байғұс жандалбасамен құйрығымен жорғалап қашқанын; сарышаянның ордасына тап болғанда, бір шелек ыстық су құйып, жидітіп жібергенді де көрген бұл – Жібек. Жаратқан ием әрбір жәндікке де сүру үшін өмір берген. Құдіреттің көзімен қарағанда, біз де құмырсқалардай әлсіз, дәрменсізбіз. Сондықтан да, ілгерідегілер «Адамның басы – Алланың добы» дегенді тегін айтпаған шығар» деп, кейде Жібектің ішінен пәлсапалық ой түйіндейтіні бар.

Бәрі солай жалғаса берер ме еді, бір күнгі оқыс оқиға болмаса. Өздеріне бекітілген нормадағы жер қазылып, аяқталуға жақын қалған. Тереңдігі иықтан келіп қалды. Ошақтай орнындай топырағы қып-қызыл. «Мұның астында бірдеңе бар, қазып көрейік» деп қызықтағандар тағы да Жібекке үміт арта қарадыОл туралы «ешнәрседен қаймықпайтын батыр» деген ұғым пайда болған. Күректі «кірш» еткізіп, борпылдақ топырақты сыртқа лақтыра бергенде, қайдан пайда бола қалғаны белгісіз, аспаннан үйіріліп келген құйын топырақты Жібектің бетіне қайта шашып жіберді. Бетін басып отыра кеткен Жібек, бір көзінің суырып ауырып бара жатқанын, енді оған ем болмайтынын айтты. Айтты да, жылады. Лезде тысқа шығарылған Жібектің айналасына қалың топ жиналып үлгерді.

Інісі Өлмесхан маңында шыр-пыры шығып жүгіріп жүр. Түскі тамақ алып келген тракторға отырғызып, аудандағы дәрігерге алып кетті.

Өзі айтқандай, ем қонбай, бір көзі көрмей қалды.

Қалған бригада мүшелері қан қызыл жерге қайта кетпен ұрмады. Жан тәтті.

…Колхозшылар қолмен қазған, кейіннен Киров аталған каналдың мүмкін саяз, мүмкін терең бір тұсында ботаның көзіндей мөлдіреген екі көздің бірі қалғанын біреу білер, біреу білмес бұл күнде. Ол – Жібектің көзі еді.

* * *

Ауруханадан шыққан Жібекті қайта канал басына апармаған Өлмесхан тура үйіне тартты.

Өзі қайта жұмыс орнына кеткен Өлмесхан қыс басталып, канал қазу жұмысы саябырлаған кезде, үйіне қайтты Жібек үйде жоқ.

Колхоз бастығы келіп, жақын маңдағы ауылдағы жалғызілікті қарияны қалада тұратын ұлы алып кеткендіктен оның босаған үйне Жібекті қоныстандырғанын қысқаша баяндап берген әйеліне:

– Барып көрдің бе? Қандай үй ол? Бізге ауыртпалығы түсіп жатқан жоқ еді ғой, неге кетті? – деп, сұраудың астына алып бастырмалатты. – Жүр, барып қайтайық. Кем-кетігін толтырайық.

Бұлар кіріп барғанда, аңырап жылаған қалпы орнынан тұрған Жібек:

– Айналайындарым-ау, мені де іздейтін адам бар екен ғой, төркінім келді, төркінім! – деп дауыс салғаны бар.

Адам баласына өткен өмірі жайлы тіс жармаса да, өзін құрбандыққа шалып кеткендей болған төркіндері жайлы бірі жақсы, бірі жаман ойлар ішіне қан болып қатып қалған екен… Мүмкін канал бойындағы жұртты дүрліктіріп, қарақұртты жұтып жібергенде де дәл осындай ой құшағында болды ма екен?!

Төсеніш, пайдалануға жарайтын көрпе-төсекті колхоз ұйымдастырып беріпті. Ыдыс-аяғына шейін.

– Мына бір кастролкесіне тамақ пісіре алмаймын, базарға барып қазан алмасам болмас…

– Иә, әпке, ертең базарға бірге барайық. Керек-жарағыңызды алғаннан кейін, мына Ақлима екеуміз үйді тазартып, әктеп берейік. Бәрібір қайт дегенге бізбен кетер түріңіз жоқ, – деді Өлмесхан.

* * *

Ерте көктемде ел есітіп көрмеген жұмыстың тағы бір түрі шықты. Сіріңкенің қорабына салынған құмырсқаның шымалындай майда құртты – жібек пілласы деп, үйді-үйге зорлықпен таратып жатты.

– Ойбай, шиеттей бала-шаға, өз «құртымызды» баға алмай жатқанда, бұнысы несі?! – деп, ауыл әйелдері шамырқанып жатты. – Өзі өте нәзік болады екен, қорегі тек тұт ағашының жапырағы дейді. «Өлтіріп алсаңдар, өкімет алдында жауап бересіңдер!» дегені тағы бар.

Шындығында, солайы – солай еді. Қайбір даңғыраған үйі бар еді басында. Сол айналдырған екі бөлмелі қоржын тамда үш-төртеуден бала бар. Тіптен Ағабектің алты баласы, Жамбайдың жеті баласы бар.

«Үкімет – зорлық» деп, Абай ата айтып кеткендей, бас-көз демей, үйді-үйге сіріңкелерді таратып, тастап кетті де қалды управляющий.

Жібектің үйі көшенің басында болғандықтан, көшеге шыға қалған Жібек атын борбайлатып қашып бара жатқан управляющийді тоқтатты.

– Айналайын-ау, анау шиеттей бала-шағалары барларды қинай бермесей. Жамбай мен Ағабектің «сыбағасын» маған-ақ тастап кетіңдерші. Адам істегенін – адам істер. Ол үшін иықта екі бас болуы міндет емес шығар.

– Әпке, сіз мүгедектер тобына жатасыз. Колхоз жұмысы деп бір көзіңізден айрылдыңыз. Бұл жұмыс – машақаты көп жұмыс. Екінші көзіңізге салмақ түсуі мүмкін, – деді бастық.

– Қарағым, мені кемсітпе! Бір басқа бір көз де жетеді. Жұртты улыған, шулыған етпей, маған әкеліп бер. Сосын қалай істейді, не істейтінін түсіндіріп кет!

Бастық не қуанғаны, не өкінгені белгісіз, аттың басын кері бұрды.

– Мінеки, әпкесі, ісіңізге береке берсін. Қатты қайырым жұмысы болса, көмектесерміз, – деп, ризалық танытқан көңілмен аттың басын алға бұрды.

Бұл шындығында да қиын жұмыс екен. Құмырсқадай жәндіктер тұттың жапырағына жабысып, шұрқ тесіп жеп қояды, үстемелетіп тағы салуың керек. Күн демей, түн демей жапырақ кеміріп жатқан жәндіктерге қарап, «жібек бұның қай жерінен шығады?» деп күнде үңілгенімен, жауабын таба алмады.

Бөлме толы сөрелер. Өкімет өздері орнатып берген. Жібектің міндеті – тұт ағаштарын бұтарлап әкеліп сөреге тастау. Қырық күн өткенше әлгі ашкөздерге тұт бұталарын тасып үлгермейді. Бір арқасын әкеліп салсаң, қайта барып келгенше үлгертпейді. Ағаш арқалаумен діңкәсі құрыған Жібек, сонда да «бекер алған екем» деп өкінген жоқ.

«Қырық күн дегенде әлекедей жаланған, жыланның басы қайтты-ау деймін, ешбірі жапырақ жемей қалды. Не болды екен? Әлде ауырып қалды ма? Нәзік болады деген еді, қырылып қалып, өкіметке жауап беріп жүрмеймін бе?» деген жұмбақ ойдың шешімін таба алмай отырғанда, управляющий келе қалды.

(Жалғасы бар).

Ханбибі ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ,

ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *