КЕК (РОМАН)

Әдебиет
372 Views

(Жалғасы. Басы өткен сандарда).

Бұл асқа Омарбекпен бірге бала кезден бері бірге өсіп, біте қайнасқан ажырамас достары – Адырбай мен Толымбай да келген еді. Әр күрес арасындағы демалыс кезінде екі жақтап Омарбектің денесін тез-тез ысқылап, уқалап терін сүрткіштеп екі жақтап сес бере, демеу көрсетіп тұрды. Соңғы күреске шығар кезде де, екеуі оған жігерлі сөзбен әрі денесін ширатумен барынша қолдау білдірді. Сыбырлай түсіп:

– Мына ұйғырың осал көрінбейді, бауырым. Әйтеуір қол-аяғыңа абай болғайсың. Бағанадан бері байқадым, бір жерден шап берсе, оңайлықпен айырылмайды екен, қолы кемпірауыз! – деді Адырбай.

– Денесі де әйдік, түрі де жаман екен, найсаптың. Сірә, ол болыстың сенген адамы-ау. Құдай біледі, олар саған бір жаманшылық жасауды ойластырған тәрізді. Қайткенде де, Құдай жар болсын, өзіңе, сақ бол, – деді Толымбай.

Осы сәтте палуандарды ортаға үшінші рет шақырған қазының дауысы естілді. Сабылтайдың қасында соның қайрауымен еліріп тұрған ұйғыр палуаны да әлі шаршаңқы көрінбейді. Екі қолын, алақандарын екі жаққа жая айналдырып, бар денесімен бурадай шабынып жүгіре басып, күрес алаңына шықты. Омарбек те төбешік басына ананы өз бойына тоғытпаған тәкаппар қалпында шиыршық ата көтерілді. Әп дегеннен-ақ қос палуан өңкиген денелерімен тарп-тарп басып, бір-біріне үш-төрт қадамдай жерге келіп тоқтады. Шиыршықталған ұзын қара мұрты бар, жүн кеуде жалпақ бетті ана жігіттің қарасұр жүзі қатулы. Алақандай зәрлі, суық көздері ойнақшып қан ішердей боп тұр. Еңгезердей алып, алпауыт денелі ертегінің қара дәуіндей дерлік. Жалаңаштап алған жүнді білектері келсаптай. Қыпша бел келген кеуде жағы даладай; бұқа мойын, бура сан дейтіннің өзі. Ол Омарбекті әп-сәтте мытып тастайтындай сыңаймен «һа-аһ» деп ақырып, екі қолын ойнақтата алға сермеді. Дауысы да жер жарардай күркіреген. Омарбек оңтайлы сәтті күтіп, сәл артқа шегінді. Тынып тұрған көпшіліктің ішінен. «Қағып таста, Омарбек! Ақырғанның бәрі арыстан емес!» деп біреу айқайлады. Омарбек алға жылжымады. Есесіне, атан тұлғалы ана жігіт қолдарын жан-жағына жазып жіберіп, бұған қарай ентеледі де Омарбекті жауырын тұстан бірден бассалды. Екеуі ұстасып қалғанда жұрт гу етті.

Ұйғыр палуан мұны құшақтаған күйі бірден ырғауға кірісіп, сол бойда лақтырып жіберуге талпынды. Алайда ол құшақтаған кезде Омарбек денесін бірден сірестіре ширықтырып, ұйғырдың ойлағанын болдырмады. Анау екінші рет жұлқып, ырғай бергенде, Омарбек оның аяғынан шалып қап, артынша жамбасқа алуға тырысты. Анау да тәсілге осал емес, мұның әдісіне жауап ретінде бір шетке қисайып, білекке жармасуға ұмтылды. Омарбек көріп тұрған, бағанағы күресте бұл осындай тәсілмен қарсыласының қолын қайыра шынтақ буынын шарт еткізе сындырып жіберген болатын. Енді әріптесі әсіресе содан сақтанып, білегін бермеуге тырысып белінен шап берді де, атып ұрды, бірақ… денесінің ірілігіне қарамай ұйғыр сондай епті екен. Шалқалай құлап бара жатып, ішіне аунап үлгерді. Содан көз ілеспес жылдамдықпен атып тұрды да, тағы бір рет «һа-айт» деп ақырып, мұны бүкіл денесімен көмкере құшақтады. Сірә, осы жолғы ұмтылысына бар күшін салды-ау, бір қолымен Омарбектің жауырынын, бір қолымен мойнын қысып, сол жаққа қисайта баса берді. Пәлекеттің мойынды ораған оң білегі құдды бір темірдей қатты да әлеуетті екен. Омарбек сәл босаңсыса, өзінің мойны жұлынып, басы жерге қадалардай сезінді. Ұмар-жұмар сәт амалы болмай, тегеуірінді күштен жаны қиналып, қабағы шытынып, маңдайынан шып-шып етіп тер шығып кетті. Сондай сәл ғана уақыт өткенде аңғарса, басы кілемге жақындап қалыпты.

Осы бір мезетте ұйғыр жеңіс менікі деп ойлады ма, оң қолын мойыннан босата салып, мұның сол жақ білегіне жармасты. Сосын ілезде сол қолды артқа қарай қайыруға талпынды. Сірә, сол бойда оны сындырып жіберуді ойласа керек, екінші қолын мұның иық тұсына салды да, қайырылған қолды бар күшімен заматта артқа қарай қатты шірей тарты. Омарбек те аса жылдымдық қылып, оң қолымен ананың қауіп төндірген қолына жармасты. Ойлағаны болмай қалған ұйғыр, ілезде мұның екі білегінен шап берді.

Омарбек бұлқынып қалып, оған олай-бұлай серпіген білектерін жөнді ұстатпады. Қайта осы мезет өзі шабуылға шығып, лездегі бір шапшаңдықпен ұйғырдың қос тізесіне жабысты. Анау екі тізесін бірдей қарматпауды ойлап, бір аяғын жылдам кері жұлқып алды. Омарбек қолында қалған оның бір тізесін ышқына өзіне тартты. Келесі сәтте ананың бар денесін ұстап тұрған екінші аяғын шалып жіберіп, шалқасынан түсірмек еді. Кілемге қос жауырынымен құлап бара жатқан ұйғыр тағы да ептілігін көрсетіп, бір жағына қарай қисайып үлгерді де, кілемге бір иықпен түсті.

Ол жерге құлағанда Омарабектің тілеуін тілеген қалың көпшілік жер-көкті бастарына көтеріп, шулап кетті. Омарбек ұйғырды үстінен баса қалып, сығымдай түсті. Бірақ қанша мыжғылап қысып басса да, ол еш берілмей, екінші иығын кілемге тигіздірмеді. Омарбек енді басқа әдіске көшті. Дереу жартылай көтерілді де, оның екі аяғының ортасына отыра қалды. Ұйғыр кеудесін көтеріп тұра бергенде, оның екі аяғының тізе тұстарын бүйіріне ала құшақтап, лып етіп орнынан тұрды.

Ұйғыр бұлқынып, қарсы әдіс көрсетем дегенше, аяқтарын екі қолтығына қысқан күйі шанаға ұқсатып, сүйрей жөнелді. Күрес алаңы үстінде бірнеше мәрте айналдыра жауырынымен дырылдата сүйреді де, кілемнің бір шетіне апарды. Сосын «Уа, Қарасай бабам! Әруағыңмен жар бола көр!» деп ұран сала айқайлайлады да, ұйғыр палуанын қаңбақтай шыркөбелек айналдырып-айналдырып алып, ұлықтар отырған тұсқа серпе лақтырып қалды. Ірі денелі ұйғыр бір қап жүн секілді ұшып барып, тура болыстың алдына дүрс етті.

Халықтың жаңағы шуы түк емес екен. Салмағы ауыр палуанды қаңбақша иіріп, допша лақтырған Омарбектің күштілігіне таң қалған, тәнті болған жұрт күллі Алатау атырабын дірілдете айқай мен ұранға басып, Дегерес аспанын дабырға толтырды. Омарбектің мына дүлей қайратына тіпті ұлықтардың өздері де разы болып, езулері ыржия қол соқты. Мұны көрген Сабылтай жынданардай халге жетіп, көпшілік пен төбешік ортасындағы алаңды бет алды кезіп кетті. Сірә, шын намысы қозып кетсе керек, аздан соң тура алаң ортасында тұра қалып, үстіндегі тойға арнап киген сәнді боз көйлегін шешіп лақтырып тастады. Сол жалаңаш күйі төбешік басына атып шығып, ышқына сөйледі:

– Осы күнге дейін Сабылтай екі сөйлеген емес! Астағы бір бас бәйгені өзім алам! Және оны мына Омарбек сияқты бетімен кеткен, адамдық тәрбиесі жоқ жабайымен күресіп, жеңіп алам! Әй, қарақшы, шық бері!

Орыс ұлықтар бір-бірімен сыбырласып, бірі – бас изесті, бірі – бас шайқасты. Қара халық манадан бетер шулап, бірі Сабылтайға дем берді, бірі мұқата сөйледі. Енді біреулері Омарбекке жақ болып гуілдесті.

Бағанадан бері күреске қатыспаған Сабылтай тың еді. Сондықтан да, ол бір жағы – осының алдында қатарынын төрт сайысқа шыққан Омарбектің қапысын тауып жеңу қиын болмас деп ойлады. Ал шаршаңқы жанды жеңу оңай. Екінші жағы – болыстың да күш-қуаты ешкімнен кем емес. Онша-мұнша жігіттерге бой бере қоймайды. Асау үйретуге, тарпаң жылқылармен алысуға жаны құмар. Аты шығып жүрген шабандоз. Өжеттігі мен төбелеске қаны қызып тұратын тентектегі тағы бар. Бір ерегісте Ұзынағаштың күштіміз деп жүрген үш жігітін бірден сілейтіп салған. Верныйдағы былтырғы бір жиында екі пұттық кір тасын бір қолымен отыз мәрте көтерген.

Шынтуайтында, Сабылтайға Құдай бақ пен дәулетті, ырыс пен несібені, күш пен айланы қатар берген. Әттең, оған текті әкенің тектілігін қондырмапты, одан соң мейірім мен жомарттықтан, ақыл мен парасаттан кем қылып қойыпты. Әйтпесе өз жиынында болыс басымен пайда үшін өзі күреске түсіп, мұндай абыройсыздыққа бармас еді.

Кілем шетінде қақпақтай жауырынын күжірейтіп, қолдарын төмен салбырата, ал, бойын сәл еңкейтіңкіреп, екі аяғын екі жаққа талтайтып қасқиған Сабылтайдың қарсысына кіндігінен жалаңаш Омарбек келіп тұрды. Қазы белгі берісімен-ақ, екеуі де аңдыспай бірден ұстасуға, күреске кірісті.

Сабылтай әп дегеннен-ақ жылдамдық танытып, Омарбектің белінен шап берді. Қарсыласы оның жауырынының сыртынан қапсыра құшақтай алды. Содан бір-бірін ала алмай, жұлқыласып біраз тұрды. Әлден соң Сабылтай сәл шалқалады да, Омарбекті ішімен көтеріп, басынан асыра лақтырам деп көтере бергенде, ананың зіл салмағымен өзі шалқалап құлап бара жатты. Шалқалай түскенімен, кілемге жауырынымен құламады. Қырынан түсті. Енді екеуі жатқан күйлері алыса бастады. Бір сәтте Сабылтай дүлей Омарбектің құрсауынан босанып, мұның үстіне шығып алды. Сөйтті де, еріндерін тас жымқырған, көздері ақшырайып, реңі ашудан түтігіп кеткен Сабылтай бұл сайыстың күрес екенін ұмытып кетті ме, қарыласын төбелес тәсіліне салып, бас-көз демей соққылай жөнелді. Не істесе де өзінікін жөн дейтін зорлықшыл әдетіне басқан.

Ойламаған жерден беті мен маңдайына тиген соққылар Омарбекке қатты батып, алғашқыда қорғанып та үлгере алмады. Сабылтай болса: «Ойнайтын адамды тапқан екенсің, ақымақ қарақшы! Саған белдесетін белді емес, жұдырықтасатын төбелесті көрсетейін. Бет-аузыңнан қан ағызып, майып қылып тастамасам, қанеки!» деп төпелеп жатыр. Баста басың, көзің демей беттен, бастан ұра жөнелгені аздай, бір сәттен кейін қылғындырмаққа кірісті.

Ол «ә» деп тамағына темірдей қолдарын батырғанда жаны көзіне көрінген Омарбек екі қолымен оның білектерінен шап берді де, қатты күшпен, қолдарын екі жаққа кере созды. Анау да күшеніп, қолдарын қарыстыра түсті. Оқыстан тиген соққыдан Омарбектің ерні жарылған еді, енді аққан қан аузынан ағып тамағына құйылды. Таңдайы қанның жылымшы дәмін сезгенде бұл дүлей ашудан өз-өзін мүлдем ұмытты. Мұндай сәтте Омарбекті ешкім ұстап тұра алмас-ты. Мұндайда оған өзінің еркінен тыс мінез бен жайшылықта болмайтын күш бітетін. Әлде – ғайыптан, әлде әруақтан, қайткенде де, тосыннан өн бойын өзгеше тылсым күш кернейтін. Ондайда өз қалпынан шығып, қаһарланып тулайтын бұған нақақтан қол жұмсады. Сабылтай сорлы енді не өліп тынады, не жарымжан халге түсіп тынады.

(Жалғасы бар).

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, қоғам қайраткері,

«Әділет. Рухани жаңғыру» газеті

редакциясының алқа төрағасы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *