(Жалғасы. Басы өткен сандарда).
Омарбек бұрындары қанша күресті, қанша төбелесті, қанша атыс-шабысты көрсе де, айқайлап ақырмайтын. Ол сондай арпалыстардың тек ең қатерлі шағында немесе өзіне аса қауіп төнген кезінде, одан қалды, өте қатты ашуға булыққан сәтінде ғана ақыратын. Ақырғанда бағанағы секілді жеті ата-бабасының киесін, Ер Қарасайдың әруағын шақырып айқайламайды. Өңешінен буранікінен де ащы, өзгеше бір дыбыс шығарып, тау жаңғырта ақырады. Әгәрәки сол кезде біреу мұның аузына құлағын тақап отырса, ананың сөз жоқ, құлағы тас бітеліп, пердесі жарылардай болатын. Оның осынау сырын жанында жүрген жақын достарынан басқалар біле бермейді.
Осы жолы да солай ақырды. Ақырғанының қаһарлы әрі қатты шыққаны сондай, дуылдап тұрған мыңдаған адамның айқай-шуын да басып кетті. Үстіндегі Сабылтай мұнымен алысып жатқан әрекетін сап тыйып, екі қолымен екі құлағын баса, көздері бақырайып, басына шоқпар тигендей есеңгіреп, өз-өзінен шетке аунап түсті. Омарбек тұра салды да, оның беліне қолын салып, иығына көтеріп алды. Содан аямай жерге бір-ақ ұрды. Осы кезде Сабылтайға жан бітіп, қолдарын ербеңдетіп, аяқтарымен тепсіне беріп еді, бір аяғынан ұстай алып, тура тобық тұсын сыртқа қарай бұрап жіберді. Адамдардың шуылынан қытыр етіп сынған сүйектің дыбысы естілмеді.
Енді Сабылтайдың жаны шыға бақырған дауысы жұрттың айқайынан басым естілді. Ал Омарбек оған қарамады. Жерде шыңғырып жатқан қарсыласын тура желкесінен көтерді де, бетіне басымен қойып қалды. Ілезде Сабылтайдың бет-аузын қан басты, өзі естен танды. Ашудан көзі тұманданған Омарбек Сабылтайдың бір қолымен жағасына, бір қолымен ышқырына жармасып, оны кәдімгі тас сияқты жоғары тік көтеріп, жерге былш еткізді.
Сабылтай таяқ жей бастағаннан-ақ орыс ұлықтарының дегбірі қаша бастаған-ды. Омарбек болысты аямай сілкілеуге кіріскенде жандарм бастығы жанындағы солдаттарға Омарбекті тоқтатуға бұйрық берген. Бұйрықты естіген солдаттар сол заматта-ақ төбешік басына қарай жүгіріскен. Бірақ олар жетіп үлгергенше, Омарбек Сабылтайды аз ғана мезеттің ішінде жаңағындай күйге түсіріп үлгерген.
Жерге ессіз сұлаған болысты Омарбек тағы көтеруге әрекеттенгенде бес-алты солдат жанына жетіп келді. Біреуі мылтықтың ұңғысымен тура бүйір тұсынан қадай соқты. Мылтықтың жіңішке ұңғысы бүйіріне қатты батып, ауыр соққыдан бір сәт ес жия алмай қалды. Екінші солдат қаруының дүмімен кеудесінен ұрды. Әлі жыны тарамаған Омарбек тағы бір рет ақырып, бір солдаттың мылтығынан шап беріп, жұлып алды да, өз қаруымен өзін бір ұрып, төбешік басынан домалатып түсірді. Артынша екіншісін де сілейтіп салды. Мұны көрген басқа солдаттар сасқалақтап, мұны не атарларын, не ұрарларын білмей, абдырады да қалды. Омарбек енді солдаттардың өздеріне ұмтылды. Төрт солдат төрт жаққа тым-тырақай қашты. Жандарм бастығы мен өзге ұлықтар орындарынан ұшып тұрып, жердегі солдаттарға ақырды:
– Жабылыңдар, бәрің! Өлтірмей, жарақаттамай, тірі ұстаңдар да, қол-аяғын байлаңдар! Болысқа қол көтерген жабайы киргизды Верныйдағы түрмеге жауып, сазайын тартқызайық!
Ашулы бүкіл солдат Омарбекке жабылды. Алғашқыда бұл әскерилердің келгенін келгендей лақтырды. Бірақ көптің аты қашанда көп.
Оның үстіне солдаттарға болыс-билердің қазақ жандайшаптары да жақтасып кетті. Бір кезде жиырма, бәлки отыз адам жабылған Омарбек те жерге жығылды. Ол жерге жығылғанда қара халық гуілдеп, солдаттарға тап-тап берді. Алайда бүгінгі қазақ жазғанның жүрегі орыстың түсі мен мылтығынан шайлығып қалған. Топ арасындағы небір жүректі де айбарлы жігіттердің өзі сол қарулардан сескеніп, қанша кіжініп, неше ұмтылса да, бәрібір, Омарбекке көмектесе алмады. Бір жағы – орыстың қарулы солдаттарының қарасы мол. Бұдан басқа мұнда мұздай қаруланған арнайы жандармдар тобы да бар-тұғын.
АБАҚТЫҒА АПАРА ЖАТҚАНДА
Солдаттар Омарбекке жай жабылып қана қойған жоқ-ты. Қолдарындағы мылтықтарымен ұрып, құлағанда аяқтарымен теуіп, бүкіл денесін қан-жоса қылған. Сол соққылардан әбден әлсіреген кезінде қол-аяғын матап, арбаға салды. Солдаттар мұнымен бірге жарақаты жанына батып, өкіріп жатқан Сабылтайды да басқа арбаға артқан. Ұлықтардың бұйрығы бойынша, біреуін – Верныйдағы абақтыға, біреуін үйіне апарып тастамақ.
Оларды арбаға артып болғанда жандарм бастаған ұлықтар тобы да атқа қонды. Сабылтайдың жандайшаптары олардың үзеңгілеріне жармасып, астың әлі бітпегенін, әлі екі-үш күн ойын-сауықтың жалғасатынын айтып, әлі де бірер күн қалуларын өтінді. Қасқа бас ұлық ат үстінде шіреніп тұрып, оларды және басқа би-болыстарды кінәлай сөйледі:
– Бізге сол ойын-сауықтарыңның бәрін көрсетіп, жақсы көңіл сыйлаймын деген болыстарыңның жатысы әне, қайдағы бір қарақшыдан таяқ жеп. Ол осы қылығымен ұлы Ресей үкіметінің болыс деген лауазымына кір келтірді. Ал, сендер, шеттеріңнен той-жиындарыңды да, күрес-сайыстарыңды да қалай ұйымдастыруды білмейтін топассыңдар, нағыз надансыңдар! Әйтпесе, ұйғыр палуанды майып қылған, Сабылтайды естен тандырған көргенсіз, жабайы, тағы қарақшыны күрескерлердің қатарына қосар ма едіңдер?!
Сабылтайдың туған інісі Қайырбайдан бастап, барлық жақындарының беттері қызарып, ұлыққа ләм дей алмады. Басқа болыстықтардың сыйлы деген болыстарының да үн шығаруға шамалары келмеді. Бәрінің үнжырғалары түсіп, жандарм бастығы алдында кінәлі баладай, бастарын төмен тұқыртты. Ұлық сөзін қайта жалғады:
– Айтпақшы, айтыңдаршы, руластарың, көп жұрттарың, кедей-жатақтарың осы қарақшыны неге жақсы көріп жүр?! Ауылдағы болыс-старшындар бұл қарақшыға неге ертерек тұсау салмаған?! Неге бізге оның бұзақылығы жайында хабарланбаған?! Ауылдарда Омарбек сияқты әлі қанша бұзақылар бар? Елдерің қарақшыларды жақсы көрсе, халықтарың да бұзылайын деген екен де. Мен алдағы уақытта сендерге елдегі қарақшыларды, шектен шыққан ұры-қарылар мен барымташыларды анықтап, маған хабарлауларыңды бұйырамын! Тағы бір бұйрық: тап қазір жиындарыңды тоқтатыңдар!
Қайран, қазақтың өз билігі өзінен кеткен заман-ай! Бұрындары қазақ әруағына арнап берген асты өз қалағанынша өткізетін. Бүгіндері қазаққа сол әруақты еске алуға да, өз бетінше жиын өткізуге де амал қалмаған.
Жоқ, әруаққа арналған асты дәл орта тұстан тоқтататын мынадай келімсек ұлықтың шешіміне қарсы айтар дәрмен қалмаған.
Алдымен елуге тарта күзетшілер қоршаған бірнеше сәнді күймеге жайғасқан ұлықтардың тобы аттанып кетті. Сабылтай асына жиналған халық өзара шуласты, бақырысты, шақырысты, бірақ ұлықтың сөзінен аса алмай, олар да ерте атқа қонысты. Ал Омарбек байланған арбаны күзеткен қарулы алты солдат та, Верныйды бетке алды.
Омарбектің орыс солдаттарының қолына түсуі бір бұл емес. Алғаш рет осыдан он жыл бұрын түскен. Онда тау асып келген қырғыз барымташыларымен төбелесіп, олардың үш-төртеуін майып қылғаны үшін Верный абақтысында бір ай қамалған. Кейін қазақ би-болыстарының араласуымен босанып шыққан. Одан кейін сол Верныйда орыстың бір атаманын ұрып жығып, істі болған. Онда да оңай құтылып кеткен-ді. Енді, міне, үшінші рет ұсталды. Жастайынан ырымшыл Омарбек не нәрсенің болса да, үшінші кезегі жаман болатынына сенетін. Содан ба, ішкі ойы мен санасындағы ырымы бойынша, бұл жолғы қамалуының арты қиын болып кететіндей көрінді.
Омарбек алғашқыда ет қызуымен байқамады ма, солдаттар айдаған арба ауылдан әудем жер ұзап, Қарақыстақ суынан кешіп өткен кезде ғана бағанағы соққылардан бар денесінің қатты ауырып қалғанын байқады. Алдымен басы, сосын қол-аяқтарының буындары, арқасы мен кеудесі қосылып, шаншып зырқырап берді. Оның үстіне бар денесін орап, қол- аяқтарына шанди байланған арқан да әр жеріне батып, жанын қинады. Сонда да, тумысынан дәті берік, шыдамы мықты боп жаратылған Омарбек ауруын сыртқа білдірмеді, аһ ұрып, солдаттардың көзінше осалдығын көрсетпеді.
Қарақыстақ пен Ұзынағаштың арасы ылғи қырлы-жоталы жер. Верный мен шапыраштылар жайлаған ауылдардың арасына қатынайтын жолаушылар әдетте екі арадағы біресе өрге өрлеп, біресе еңіске ылдилайтын қырлар арқылы өтетін жолдармен емес, көбіне жайлы жүріске ыңғайлы қыр түптеріндегі айналма ойпаңдағы жазықтар арқылы жүреді. Ойпаң, сайлауыт жазықтардың дені сазды, қалың қамысты. Қамыс жағаларында ат пен жаяу жүргіншілер, одан қалды, арбалар салған жол бар. Омарбек шандылған арбаны айдаған солдаттар да сондай жолдармен жүріп отырып, бір төбені айналған кезде өзара қауқылдасып, аттарының басын тартты. Сөздері орысша болғандықтан, солдаттардың не айтқандарын және неліктен аялдағандарын бұл түсінбеді.
Біреулері аттағы қоржындарынан ет-пет, сүйек-саяқ, дәу шыны бөтелкедегі арақты шығарып, көгал үстіне дастарқан жайды.
Омарбек олардың неге аялдағандарын енді түсінді. Бағана ас үстінде бастықтарынан қорқып іше алмаған арақтарын енді кең жерде, әрі аяқтарын еркін жаза отырып ішіп алмақшы. Махоркаларын орап еркін көсіле, қаннен-қаперсіз дастарқан басына дөңгелене жайғасты. Бір-бір стакан арақты ішкен соң әлденелерді даурығыса айтысып, қарқ-қарқ күлісті. Іштеріндегі біреуі көп сөйлегіш екен. Жол бойында да аузы жабылмаған. Қазір де тоқтамай бірдемелер айтып, жанындағыларды көңілді күлкіге қарқ қылып отыр.
Омарбек олардан көзін алып, шалқалай жатты. Төбеде бір қыран қалықтап жүр. Бос әлемнің азат құсы. Шіркін-ай, қыран қандай бақытты. Ол ұрысатын, дауласатын ешкім жоқ. Ал мына жер бетінде бір-бірімен итше ырылдасып, бөріше қырқысатын тек адам ғана… Бұл осылай ой кешіп жатып, адам бостандық пен еркіндіктің қадірін тек бұғауда немесе қамауда болғанда ғана білетінін енді тағы ойлады. Өмірінде мұндай шарасыздығына налып, терең бір күрсінді. Дәл қазір босармын-ау деп ойламаған. Қиялына алмаған шаруа!..
(Жалғасы бар).
Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,
жазушы, қоғам қайраткері,
«Әділет. Рухани жаңғыру» газеті
редакциясының алқа төрағасы