КЕК (РОМАН)

Әдебиет
358 Views

(Жалғасы. Басы өткен сандарда).

– Ой, мынаң антұрған қоймады ғой. Алдымен осы сұмның көзін жояйын! Сендер де әр солдатты көздеп атысты бастаңдар! – деді Омарбек тістеніп.

Үңгір алдында адамның белінен келетін табиғаттың өзі жаратқан ұзыннан-ұзақ созылған жартас бар. Омарбек те, қалған жігіттер де сол қабырға қорғантасқа кеуделерін тіреп, қаруларын алға кезеніп, жатып алған. Төмендегі солдаттар бұларды дәлдеуі қиын, ал бұлардың қорғанысы мықты. Еламан бір шоқы тастың қалқасынан анда-санда басын жоғары қарата қылтитып қойып, қақсап тұрған. Ол тағы бірдеңе айтпақ боп, басын және тағы бір рет тас панасынан қылтитып шығара бергенде, аңдып отырған Омарбек мылтығының шүріппесін басып қалды. Еламан қақ шекесінен тиген оқтан жалп етіп құлаған бойы төменге қарай домалап кетті. Қасындағы орыс әскерінің бастығы мұны көргенде заматта солдаттарына бұйырды:

– Огонь! Никого не жалеть! Огонь, со всех винтовок!

Сол-ақ екен, үңгір маңайын сандаған мылтықтың гүрсілі басты. Жылтыр тастар мен құз беттеріне тиген оқтардың шыңылы мылтық даусынан бір кем естілмейді. Үңгірдің арт жағындағы қора іспеттес тас ойықта қамалған аттары шыңғыра кісінесіп, шеттерінен секіре шапши бұлқынды. Тас ойықтың үңгір жақ бетінде аттарды оған кіргізіп, шығарып тұратын дәлізсымақ ойы бар еді. Дәліз ат қораның есігі іспеттес. Адырбайдың жігіттері аттар шығып кетпесін деп дәліз-есіктің аузына үш-төрт жуан ағаштарды көлденең тосып қаша етіп қойған. Айналадағы қалың тарсыл-гүрсілден қатты үріккен аттар аздан кейін сол қашадан жанұшыра секіріп, сыртқа ұмтылды. Екі-үш ат секірген соң олардың тұяқтарына ілінген көлденең ағаштар құлап, дәліз-есік ашық қалды. Ойнақтап шыққан аттар төменге қарай жүйткіді. Сол бара жатқан бойларында, үш-төртеуі оққа ұшып, жансыз денелері ылдиға домалады.

Омарбек тобындағылар жылқыларға қарауға, оларды тоқтатуға шамалары болмады. Солдаттардың винтовкалардан төккен оқтарының жаңбырша жауғаны сонша, бұлар қорғантастан бастарын асырып, мылтық атулары да мұңға айналды. Оның үстіне бұл қазақтардың дені, дерлігі бұрын мұндай соғысты көрген де, мұнша мылтық дауысын естіген де емес. Көбісінің алғашқы атыста-ақ, жүректері ойнап, бойларын үрей құшқан. Сонда да әрқайсысы ел кезіп, түн жортқан, барымта мен түрлі ұрыс-төбелесті бастан өткергендер ғой. Сөйтіп, Адырбектер анда-санда болса да, қорғантастың әр жиегінен бас қылтитып, төмендегі әскерилерге оқ жаудырып қойып отырды. Алайда уақыт өткен сайын үңгірдегілердің тарапынан атылған оқтың даусы сирей берді, сирей берді…

Қазақтардың осылай осал тартқан кезін пайдаланған текпішекті жолдағы солдаттар тас-тасқа бой жасыра бірте-бірте үңгірге жақындай түсті. Арада көп уақыт өтпей-ақ, олар үңгір аузына қырық-отыз қадамдай жақындады. Енді кім болса да көрінген жауды оп-оңай көздеп, демде атып түсіретін шақ туды. Омарбек осынау қым-қиғаш атыс үстінде тек жауды аңдумен болып, қасындағы жігіттердің не боп жатқанына бұрылуға шамасы келмеген. Бір қараса, оң жағындағы үш жігіт сұлап жатыр. Сол қол жағындағы Адырбай мен Орал да сілейіп түсіпті. Тек Толымбай мен бір жігіт қана тірі екен.

– Толымбай, – деп айқайлады Омарбек таусыла. – Түгел қырылып қалыппыз ғой, бұл қалай болғаны?!

– Қалай болғаны дерің бар ма? Басқа не айтам? Соңғы оғымыз қалғанша, атысып өлейік. Басқа не істей аламыз, Омарбек ішінен: «Бәріміз өлсек, мұратымыз да бірге өледі. Мына шаһидтердің арманын еш болмаса қалғанымыз іске асырайық, тірі қалуымыз керек» деп ойлады. Сөйтті де асығыс тіл қата:

Құздағы жолмен төбеге қарай асып кетейік! – деді кіжіне тістеніп. Омарбектің «құздағы жол» деп тұрғаны үңгір үстінде төніп тұрған құздың қия қабағындағы бір адам ғана жылжып жүре алатын ескі сүрлеу. Биік құз-шоқыны айнала болымсыз сілемденген ол жол аса қауіпті. Негізі, ол жол емес, құз-шоқының адам жалғызаяқтап әрең ілініп жүруге ғана болатын құлама жиек. Сол тұстармен кеудеңді құз қабырғасына жабыстыра, қолыңмен де бұталардан ұстап аяқтарыңды қожыр қайларға абайлап тіреп жүре алсаң, сонау шың басынан бір-ақ шығасың әрі қолға түспей құтыласың. Омарбек бұл қияметтің «қылкөпір» өткеліне ұқсайтын азапты жолмен баяғыда бір рет өткені бар… Ең жақсысы бергі қабақ бой жасырып солдаттарға көрінбей өрлеуге мүмкіндік тудырады.

Бұл кезде текпішекті жолмен жақындаған солдаттардың алды үңгір аузындағы ашық алаңға шығып қалған. Қазақтар бір мезет оқ атуды тоқтатқанға, сірә, бұлардың бәрі өлді деп ойлағаны-ау, сірә? Ашық жерге еш бұқпантайламай шығып келеді. Алдындағысы осылардың басшысы болуы керек, жанындағылардан киімі де, қаруы да өзгеше. Орыс әскерлері мұндайларды көмәндір, немесе әпитсер дейтінін Омарбек біледі. Омарбек мылтығын кезеніп, ажалына асыққан немені атып салды. Әпитсер шалқасынан түсті. Қалғандары жата-жата қалды да, арттағы тас шоқысына қарай бауырларымен төмен қарай жылжып жөнелді. Толымбай заматта екеуін де атты да, бір демде жер жастандыра салды.

– Көмәндірлері өлген солдаттар енді жуық арада бас көтере қоймайды. Осыны пайдаланып, құзға өрмелейік, — деді Омарбек. Өз ішінен: «Ой, Құдай, қиын кезде достарын тастап кетті деп бізді кінәләма. Өлгеннің артынан өлмек жоқ қой», – деп қапаланды.

ҚҰЗ БАСЫНДА ҚАСҚАЙҒАН ТАУТЕКЕ

Құз басына жалғыз Омарбек қана аман шықты. Толымбай да, жанындағы жігіт те үңгір тұсында жоғары құзар-шыңға өрмелей бергендерінде-ақ оққа ұшты. Төменде жаздың аптап ыстығы басталып, күн шыжып тұрса да, құз басы салқын. Бұлар бірнеше күн түнеген үңгір іші де салқын-тұғын. Ол жерде кеш түсе, жеңіл күпі оранып жататын. Үстіндегі күпісін бағанағы атыс үстінде шешпеген еді. Құз басына өрмелегенде де, сол бойы жүре бергені тәуір болыпты.

 Бұл құздың теріскейіндегі жазықты қазақтар, ал, күнгей беттегі тауы көп, тегісі аз алапты қырғыздар жайлайды. Ол жақта да билік басында орыс ұлықтары отыр. Күллі қазақ даласы мен тау-тас жайлаған қырғыз, тәжік халқын, сондай-ақ бұл таулардың сонау көз жетпес батыс бетіндегі құмды алабын мекен еткен түркпен даласын мына отаршыл патшаның зұлымдары дәл қай уақытта жаулап жүргендері Омарбекке белгісіз, бірақ бұл баяғы, жігіт шағында сол жақтарға кіре тартып, керуен бастап жүргенде, аталмыш өлкелерді де орыс әскерилері билейтінін көрген.

Патша әскерлерінің өзі туып-өскен Жетісу өлкесін қалай жаулап алғанын бала кезінде ауыл қариялары көп айтатын. Айтуларынша, жаулаушы әскерлер мұнда алдымен теріскей жақтан келіпті. Семейден өтіп, Қапал маңын жаулапты. Қапалдан асып, Үшалматының тура ортасындағы жазықтан ағаш қала тұрғызыпты. Сол ағаш қаланың негізінде бүгінгі Верный пайда болыпты.

Ол кезде Жетісудың батыс өлкесін Қоқан хандығы билейді екен. Уақыт өте келе, мұнда орыстың әскерилерімен қатар, қарашекпен-переселен мұжықтары да көбейіп, билігі нық орнапты. Ұзынағаштың түбінде Қалпақыскый деген жандаралы қоқандықтармен соғысып, бұл жерден оларды қуып жіберіпті. Кейін Шорнайып деген жандарал шығып, күллі Самсы төңірегін, Тойшыбек бекінісін, Меркі, Құлан, Әулиеата, Түлкібас, Шымкент өңірлерін орысқа қаратыпты.

Содан бері Жетісу мен Ташкент, арғы жағындағы тәжік-түрікпен жері орысқа өтіпті. Орыстар бұл алапты «Түркістан өлкесі» деп атайды. Өз заманының жағдайын және айналадағы жағдайдан біраз хабары бар Омарбек, патша үкіметі Түркістан өлкесін облыстарға бөліп, ал облыстарды ішінара үйездерге бөлшектегенін жақсы біледі.

(Жалғасы бар).

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, қоғам қайраткері,

«Әділет. Рухани жаңғыру» газеті

редакциясының алқа төрағасы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *