КЕК (РОМАН)

Әдебиет
335 Views

(Жалғасы. Басы өткен сандарда).

анша солдатпен алысты, қаншауын атып жер жастандырды, қанша уақыт жұлысты, ол жағы беймәлім, бір кезде өзіне жабылған бірнеше жаудың қоршауынан шыға алмай, арманда қалды. Бір солдат мылтығының дүмімен желкеден соқты, біреуі арттан құлатып іштен тепті, тағы бірі бастан, беттен соқты, қалғандары да қарап қалмай, төпелеп берді. Сансыз соққыдан талықсып кетті. Көз алдында біреудің жүзі мұнарланып көрінді. Басын шайқап-шайқап жіберіп еді, есі қайта кірді, енді өзіне үңілген солдаттың бет-жүзін анық көрді. Таныс солдат, бірақ қай жерден көргені есінде жоқ. Ол сұмырай қазақшаға судай екен. Мұны бәрі жабылып байлап, матап тастағанда, бетіне үңіле үн қатты:

– Таныдың ба, конокрад? Анада мені атпай кетіп едің, енді мен өзіңді атам… Жо-жоқ, қазір атпаймын. Абақтыға қамап, әбден қинап барып атам!

Есіне түсті. Анада Сабылтайдың асын да жапатармағай өзіне жабыла, ұрып-соғып, арбаға таңған солдаттардың басшысы ғой. Жолда Адырбай бастаған жігіттер Омарбектің өзін босатып алғанда, бұлардың бәрін атқызбай, байлап-матап тастап кеткен. Нәлеттің жирен мұрты да сонда осылай жыбырлап жиіркенішті көрініп еді.

– Енді таныдым. Бірақ мен сол кездегі сен сияқты жалынып, өкіре жыламаймын. Не істесең де қыңқ десем, қанеки.

– Әлі талай бақырасың, конокрад. Әзірше «батыр» бола бер.

Жирен мұртты офицердің адамдары байлаулы Омарбекті жерге алып ұрды. Мұның тұла бойын ашу мен ыза, кек пен намыс буды, бірақ денесін тұтас шандылған арқаннан босана алмай, аһ ұра ары-бері аунақшыды. Бұл ары-бері аунаған сайын жанындағы қарауыл солдаттар «Лежать тихо»! деп бас-көз демей соққылайды. Омарбекке жанына тәніне тиген таяқ емес, жүрегін күйдірген, бүкіл өкпе, бауырын езген өкініш өте ауыр тиді. Қайран ер, амалының жоқтығынан іштей қатты булығып, тістеніп шерменде күй кешті.

Жан-жақта не боп жатыр екен деп, басын көтерді. Орыс солдаттары маңайдағы жан-жаққа қашқан қазақтарды қуалай ұстап, болмаса атып, қырып жатыр. Қолға түскендерді желкелеп әкеп, мұның жанына байлап-матап жатқызады. Ұсталғандардың көбісі жаралы, бірінің тұла бойын, бірінің денесін, енді бірінің бет-ауыздарын қан басқан. Біреулері ыңырсуда, біреулері қыстыға солқылдап жылауда, біреулері еріндерін тас жымқырып, жанына батқан жараға шыдап, үн шығармай сіресіп жатыр. Қолға түскендердің бәрі Омарбекті таниды, тек бет-ауыздары бұзылғандарын болмаса, бұл да бәрін таниды. Іштерінен біреулері айқайлады:

– Омарбек сардар, ендігі күніміз не болмақ?!

– Ойбай, жаным, қиналдым ғой! Бұдан да оқтан өле салғаным жақсы еді…

– Қап, Құдай-ай, нем бар еді, сендерге еріп? Одан да майданға кеткенім тәуір ме еді…

– Атаңның басы, табар едің ол жақта тәуір нәрсені! Одан да осы жерде өлгенің жақсы…

– Патшаның адамдары еш аямайды дейді, қорқамын ит кәпірлердің қорлығынан…

Әр сарбаз өз өкінішін әрқалай білдіріп, аһ ұрып жатты. Уақыт өткен сайын жақыннан атылған мылтық даусы да, солдаттардың айқайы да бәсеңсіді. Есесіне, мылтық гүрсілі, әскерлердің дабырасы алыстан естіліп, бірқанша мезгіл басылмай тұрды. Бір кезде әйтеуір айналада мылтық үні сап тыйылып, тыныштық орнады. Бірақ жазалаушылардың бір-біріне айқайлай сөйлегендері үдеді. Жендеттер Омарбектер жатқан жерге әрқайсысында пар-пар ат жегілген арбаны әкелді. Пулеметтер, оқ-дәрі тиелген арбалар еді. Оларға байлаулы жатқан қазақтарды артты. Арбаға салғанда жарақаттарын ауырсынып ыңыранған, ойбайлаған сарбаздарды «Не кричать! Ни звука!» деп мылтықтарымен соқты, қолдарымен ұрды. Бұғауға түскен сорлыға не шара қылсын, басына салғанға көнген кейіппен тірі өлік болып жеткен.

Бар нәрседен үміті үзілген басшы сардарлар күрсінуден басқаға шарасы қалмаған…

Омарбек намыстан жарылардай, ашудан өлердей боп, мына дүниеден безердей құлазыған…

Тұтқындағы сарбаздарды да сан түрлі сұмдық ой шырмаған…

Арбалар Верныйды бетке алғанда кеш те батты. Омарбек сәл-пәл арба үстінен басын көтеріп, бағана соғыс өткен далаға көз салды. Көзіне батып бара жатқан күннің алқызыл арайы далада шашылған қазақ жігіттерінің өлі денелерінен аққан қызыл қанмен астасып, жер-дүниенің бәрі қып-қызыл түске боялып кеткендей көрінді. Ақиқатында, сол күні күллі Жетісу даласы қызыл қанға бөккен болатын…

Жазғы кештің түсуі ұзақ болса да, бір уақытта айнала түн қараңғылығына оранды. Аспанда сансыз жұлдыздар жарқырап тұрса да, айдың жарығындай сәуле төкпейтінін Омарбек бүгін сезгендей. Содан ба, оған қазіргі айсыз түн қапастай көрінді. Жаны да, тәні де ауырып, жүрегі езілді. Бір оның емес, арбадағылардың бәрінің де тұла-бойларын қара қапас қайғы басқан, ой-саналарын да айықпас уайым, шексіз қасірет торлап алған.

АЛМАТЫДАҒЫ АБАҚТЫДА

Бұл қала Үлкен Алматы, Кіші Алматы деп аталатын екі өзеннің ортасындағы жазықта тұрғызылған. Верный Омарбектің бала кезінде шағын ғана қала болатын. Ол кезде мұндағы ең еңселі үй губернатор үйі мен татар мешіті еді. Уақыт өте келе, әр жақтан көшіп келген орыс мұжықтары тау беттегі жазыққа қоныс салып, қала аумағы үлкейді. Аттары әр түрлі көшелер де көбейді. Ең үлкен көше – «Татарлар көшесі» деп аталады. Осыдан бес-алты жылдай бұрын бұзылып, екі қабатты болып қайта салынған губернатор үйі де, ең үлкен базар да, майда-шүйде дүкендер де, арақ-сыра қайнататын, жүн тоқитын, сабын шығаратын, етік-мәсі тігетін, жалпы, адам өміріне қажетті нәрселердің бәрі шығарылатын, зат-бұйымдар саудаға түсетін орындардың бәрі осы көшеде орналасқан. Алыстан көрінетін әр күн сайын төбесіндегі қоңырауының даусы жер жаратын үлкен шіркеу де осы көшеді.

Омарбектің естуінше, бағзы заманда бұл Верныйда қазақтардың үлкен қала-қонысы болыпты. Жібек жолы бойына орналасқан бұл шаһар Алмалы, Алматы деп аталып, сәулеті кеңейген шағында жаугершілікте қирап, бұзылып кетіпті. Міне, сол қиранды қаланың үстінен орыс әскерилері осы бекіністі тұрғызған. Мұндағы тұрғындардың басым көпшілігі орыстар, одан соң татарлар. Бұл жерге алдымен орыс патшалығының басқыншы орыс әскерилері орнығыпты. Одан соң Ресей жақтан қарашекпенділер көптеп көшіп келген. Қазақтар қарашекпен деп орыстың кедей мұжықтарын айтады. Бірақ олар қазір кедей емес, жергілікті қазақты тонап, әбден байыған. Қазақтардың арасында күнін әрең көріп жүрген кедей-кембағал көп болса, олардың жоқшылықтан өлейін деп жүрген бірі жоқ. Көшіп келгендер Жетісу өңірінде бір ғана Бернойда емес, бүкіл өлкеге жайылып, қаншама селолар тұрғызып тастаған. Кешегі көтерілісте сондай селоларда тұратын орыс мұжықтары әскерлерге жақтасты, қолдарына қару алып, солдат қатарында қазақтарға қарсы соғысты.

Билік солардың қолында. Бүгінде қала-селолардағы күн көрісі нашар делінетін орыстың өзі кез келген қазаққа үстем. Мұсылман делінетін татардың өзі кейде солардың сөзін сөйлейді. Сөйлемегенде қайтсін, татар деген халық бағзыдан орыстың қол астына өткен халық екен. Бүгінде көбіне соның тілінде сөйлеп, мұсылмандар арасында тілмәштықты көбіне солар атқарады.

Молдалары да орыс саясатын жақтап сөйлеп отырады.

Омарбектің бір орыс досы бар. Жетісуға жастайынан келген ол қазақша судай сөйлейді. Сол айтатын: «Мұнда ауып келген орыстардың көпшілігі таза орыс емес. Олар – аты қазаққа ұқсас – Дон казактары. Казактар жауынгер, соғысқұмар халық. Патша үкіметі казактарды қазақтардың жерін жаулау үшін көп пайдаланған. Мына әскерлердің барлығы казактар. Олар соғыс кезінде ешкімді аямайтын, тек өз командирлерінің бұйрығына ғана бағынатын және әскери өмірге әбден берілген, нағыз қатал солдаттар».

Мұны естіген Омарбек, бәрібір, казак дегеннің кім екеніне онша ой бөлмейтін. Ол үшін казак не, орыс не, бәрі де қазақ жерін жаулаған, тонаған, озбыр бір басқыншы сары жұрт. Сол әскерилер Бернойдағы Татарлар көшесінің аяқ жағына үлкен әскери горнизон салған. Мұсылмандардың білуінше, бұл гарнизон – орыс үкіметінің күллі Жетісу жерінің қорғанысын қамтамасыз ететін үлкен орталық. Бұған сонау қытаймен шекаралас жатқан Жаркент, Нарынқол-Шарын жақтарындағы әскери бөлімдер де бағынады екен.

Осы гарнизонмен жапсарлас салынған қала полициясының ғимараты тұр. Ғимараттың бір шетінде дуалдары берік, төбесіне қатар-қатар бөренелер тасталып, араларына қалың топырақ төселген, былайша айтқанда, ішіне қамалған адам еш жерін бұзып шыға алмастай етіп тұрғызылған түрме бар. Бүгінде бұл абақты іші қамалған қазақтарға толған. Абақтыға сыймағандарды сыртта айналасынан күндіз-түні қарулы қарауыл кетпейтін шарбақ-қамауға қамаған. Түрме ішінде ең ауыр жазаға тартылатындарды қамайтын ұра іспеттес зындан бар. Жертөленің айнала дуалына ешкім қолымен бұзып ала алмайтын қабат-қабат жалпақ тастар қаланған. Едені де тас. Тас үстіне қамыс төселген. Полицейлер қамалған адамға бір жақсылық жасауды ойлаған болса, едендегі тастың үстіне осы қамысты төсегені. Бірақ қапас жөртөле еденіндегі тастың сызы мен суығы – қураған әрі сынып майдаланған, кейбірінің түгі қалмай қоқымға айналып кеткен қамыстан өтіп кетеді. Мұнда қамалғандар үшін тағы бір қиындық – осы, яғни, жерге кұйрық басқанда, керіліп жатқанда өн бойына тастың ызғары өтіп, тұла бойларын қақсатып жіберетіні. Ал өн-бойы жылынбаған адамда жөнді ұйқы да болмайтыны хақ. Ұйқысы бұзылған адам әр уақытта шаршаңқы, жүйкесі тозған, одан қалды, қамаушының айтқанына тез көнетін, зорлап таңған қылмысын тез мойындайтын жанға оп-оңай айналып шыға келеді. Оның үстіне тергеу үстіндегі көрген қорлық, жеген таяқ, жүйкені қаритын сұрақтар мен сауалдар да азап. Содан ба, зынданға тасталған жүйкесі нашар, қуат-күші осал, жігері төмен адамдардың көпшілігі жынданып кетеді немесе уақытынан бұрын есінен адасады. Кейбірі өзіне-өзі қол салады.

Омарбекті солдаттар алғашқы күні-ақ осы зынданға қамаған. Өзімен бірге ұсталған Нүкені де осында жатқызды. Басқа сарбаздарды қайда тықты, қайда жіберді, екеуіне белгісіз. Бұлармен бірге басқа жақтарда соғысқан, әсіресе, Нарынқол-Шарын жақтағы көтеріліске қатысқан жігіттер де жатты.

Нарынқолдық Аталық деген жігіт жүдә әңгімешіл екен. Басына түскен ауыртпалықты елемей, бұлармен таныса салысымен-ақ, көсіле жөнелді. Айтуынша, патша жарлығы шыққан кезде ауыл молдасымен бірігіп, ауыл-ауылдардағы болыстарға барып, жігіттерді майданға жібермеуді өтініпті. Болыс-старшындар бұларды тыңдамақ түгілі, қайта өздерін жау көріп, ояздың «пөлісейлеріне» ұстап беріпті. Содан пөлісейлер молда екеуін қалаға жаяу айдапты. Жолда қапысын тауып, айдаушы пөлісейлерді ұрып жығып байлап тастапты да, қол жинап жатқан Ұзақ батырға барып қосылыпты. Ұзақпен бірге бір айдай сапта болып, соңғы соғыста қолға түсіп, осында әкетті.

Айналасы он шақты ғана қадам тар қапас жөртөледе әңгімеден басқа ермек жоқ. Одан бөлек Омарбек Ұзақ батыр туралы һәм Қарқара жақтағы көтеріліс жайында терең білгісі келіп, Аталықтан сұрады:

– Албандар көтерілісінде Ұзақ батыр қанша қол жинады?

– Ұзақ батыр бастаған қолға шамамен үш мыңға тарта жігіт жиналды. Бірақ бізде қару жағы тапшы болды ғой. Сонда де екі рет қаладан келген отрядтардың бетін қайтардық. Екі соғыста қанша жігітімізден айырылдық. Кейін Ұзақ батыр қолды Шарынның арғы жағындағы Беласу жазығына көшірді. Осы жердегі соғыста ғой жеңіліп жүргеніміз. Жеңілмегенде қайтейік, орыс отряды бізді зеңбірек-пүлімөттерімен атқылады. Ержүрек сарбаздар сонда да үш-төрт күн берілмей, қатты соғысты. Кейін отряд әр жаққа шашыраған топ-топ қолдарды жеке-жеке шапты.

– Жәмеңкені көтеріліс қызбай жатып, орыстар атып өлтірді дегені рас па?

– Ақиқатында, Ұзақ батырмен бірге елді алғаш көтерген Жәмеңке жәкем еді. Екі арыс бастаған қазақтар алдымен Қарқараның етегіндегі Қабан-Қарағайда жиналды. Кейін жиналған қол Ақбейіт тауына қарай жылжыды. Өйткені Ақбейіт он үш болысқа тараған Албандар қонысының ортаңғы тұсы ғой. Ұзақбайдың баласы Монай батыр Қарқара жәрмеңкесін басқанда, Жәмеңке жәкем соған көмекке аттанған. Соған бара жатып, Асы жайлауында орыс өтрәдімен соғысып, сол жерде қолға түскен. Ақбейітте жатқан біз оны уақытысында есітпедік. Ал Жәмеңкені Бернойдағы осы абақтыға әкеп қамаған орыстар оған у беріп өлтіріпті. Сөйтіп, қайран асыл ер арманда кетті. Бірақ біз қолдан келгенше, оның кегін алдық. Ой, иә, кегін алдық деймін-ау, бәрібір, ойлағанымызға жете алмай, пұшайман күйге түсіп отырысымыз мынау…

Аталық қатты қамығып, әңгімесін жалғастырмай үнсіз отырып қалды. Тек Омарбек: «Сендер жақта көп ел қытай асып кетті дейді ғой. Қанша ел ауып кетті?» деп тағы бір сұрақ бергенде ғана қайта сөйледі, Ол айтып жатты, оны естіген қамалушылар сілтідей тынып, бірі аһ ұрды, бірі көзіне жаса алды, бірі жабырқады. Азалы әңгімеден көкіректеріне мұң, көңілдеріне қайғы түспеген ешқайсысы болмады. Бәрі Аталықтың әңгімесін жүректері қарыла, жандары күйзеле тыңдады.

Аталықтың әңгімесінше, Жәркенттің бергі тарапындағы Кетпен болыстығындағы Алтын Емел аумағындағы ел әу бастан-ақ көтерілісшілерге қосылмаққа ниеттенген. Бірақ әп дегенде бастары қосылмай, қосылса да, қару таппай әрі-сәрі күйге түскен, патша ұлықтарымен әуелде алыстан, кейін жақыннан қаржасуға бекінген жұртты Жәркенттен шыққан өтрәд тез басып, бас көтермекке талпынғандарды қырып тастаған.

Берной бастығы Фольбаум «Қыбыр еткен жандарды отқа өртеңдер, жыбыр еткен ауылдарды жермен-жексен етіңдер, көкірек ұрған еркек, байбалам салған ұрғашы қалмасын! Солдатқа оқты көзін қадаған бала да – ертең жау, бақырайған көзін, үн шығарған кеңірдегін жұлып алыңдар!

Ақыл айтқан шалды, қақсаған кемпірді ат табанына салыңдар, кәрі бастары қайта көтерілмесін! Жүкті болған, екіқабат қатындары қарсыласса ішіндегі қысық көз, жалпақ бет боп туылатын азиятымен бірге қылыштың астына алыңдар!» деп бұйырыпты. Осыдан кейін жазалаушы өтрәд жолында кездескен ауылдарды отқа ораған, алдынан шыққанды бала демеген, шал демеген, ер-әйел демеген. Шетінен атқан, шапқан, қырған. Жас балаларды, бөбек, сәбилерді мылтық ұшына бекітілген найзамен шаншып ойнаған. Ең қорлығы екіқабат әйелдердің ішін жарған, қызылшақа нәрестесін найзамен іліп лақтырған. Шал-кемпірді ат омырауымен соқтырып жаныштап жайратқан, жарамды жігіттерді айдап апарып тізіп қойып зеңбірек аузына таңып, байлап қойып атып, пәрша-пәршесін шығарған.

Әбден шошынған ел Құлжа жолы арқылы таудың арғы бетіндегі ертеден Албан-Суандар шоғырланған Көкжота, Айғыржал деген жерлерге ауа бастаған. Бірақ ауғынды ауылдардың көпшілігін орыс әскері діттеген жерлеріне жеткізбепті. Қашқан ауылдарды арттарынан қуып жетіп, болмаса асу-жазықтарда күтіп алып, қырып отырған. Соған қарамай, ел қытай асуын тыймапты. Көтеріліс басталмай жатып, Нарынқол-Шарынның маңындағы Құрман, Әлжан, Айт. Қожмамбет, Бөдеті болыстықтарындағы, Талдының маңайындағы Ақсу-Шарын, Кетпен, Қарақыстақ, Қосағаш елдерінің қанша адамдары Іле-Құлжа ауып кетіпті. Текелі жақтағы Матай наймандардың да мыңдаған адамы қытайға қарай босқынға түсіпті. Сөйтіп, қанша заманнан бері іргесі сөгілмеген, туырлығы тілінбеген қайран қару-қайратсыз ел, табан астында патшадан түңіліп, жарлығынан бүлініп, сергелдеңмен бірі жолда қырылып, бірі арғы бетке әрең асып үлгеріпті.

Өзі көріпті: Бернойдан келген мықты әскер Ұзақтың сарбаздарын талқандағаннан кейін Қарқара мен Асы жайлауындағы соғысқа араласпаған, тіпті болыстары патша жарлығын орындауға жан-тәндерімен кіріскен ауылдардың адамдарын да қырған. Күдерті ауылында жиырмаға жуық жас балалардың бастарын кесіп, есік алдындағы сырыққа ілген. Адамдарын малдарымен қоса, тіпті, иттеріне дейін түгел атып, бәрінің өліктерін бір жерге үйіп кеткен. Мал мен жанның, оған қоса, жүндері салбыраған иттердің бір жерге жиналған өліктерінің көрінісі сұмдық жаман болады екен, ал жаздың ыстығынан тез бұзылып, жидіген мәйіттердің иістері ат шаптырым жерге жайылып, шалғыны жайнаған, тоғайы жайқалған қайран жайлаудың жері мен ауасын ластаған.

Шелектен Нарынқолға қарай асатын Торайғыр тауының етегінде Жалаңашта отырған албанның Сүйерқұлынан тарайтын рулар көтеріліс алдында бір той өткізген екен. Тойда ауыл сыртындағы жазықта алтыбақан ойыны үшін бірнеше бақан ағашы тұрғызылыпты. Той тараған кезде ел ішінде дүмпу басталып, сол алтыбақанның ағаштары бұзылмаған күйінде қалып кетіпті.

Бір айдан кейін орыс отрядтары сол маңдағы көтерілген қазақтарды қырып жойып, қантөгістен аман қалған жұрттың бәрін жаңағы алтыбақан ағаштары орнатылған жазыққа жиыпты. Содан ақ патшаның бұйрығына бағынбаған елдің адамдары былай жазаланады деп, жұрт ішінен кәрісі бар, жасы бар, ер-әйелі бар отыз шақты адамды іріктеп алып, көптің көзінше оларды әлгі бақан ағаштарына дарға асыпты.

Орыс өтрәдінің бастығы «Бұлар да ертең үкіметке оқ ататын банды болады» деп көпшілік ішінен он жастың о жақ бұ жағындағы жиырма шақты баланы тағы да іріктеп алып, дарға іліпті. Ең сорақысы, патша жендеттері дарға асылған өліктерді де қазақтарға бермей, бірнеше күн қатарынан салбыратып қойыпты. Бір-екі күн өткенде өз адамдарын дар ағашынан босатып алайын деп барған біреулерді сырттан арнайы қарауылдап жүрген орыс солдаттары атып өлтіріпті. Ал өліктер жидіп-сасып, талайға дейін дардан алынбаған. Алдыртпаған. Ақырында керосин шашып, бақандарымен қоса өртеп жіберген!

Мына жігіт өзі әуелде ұстатпай бір топ батыр жігіттерді қасына алып қашып жүргенде, бір ауылды қырып келе жатқан он шақты солдаттарды қапыда басып, тегіс өлтіріпті. Тау аралап жүрген екі полицейді ұстап алып, екеуінің де белдерінен арқан байлап атқа сүйретіп қинап көздерін жойыпты. Верный мен Жаркенттен келген екі отрядпен жүз жігітімен үш күн бойы соғысып, ақырында жеңіліс тауыпты. Үш жүз жігіттен аман қалған жиырма шақтысын мынаның өзімен қосып өтрәд қолға түсіріпті.

(Жалғасы бар).

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, қоғам қайраткері,

«Әділет. Рухани жаңғыру»

газеті редакциясының алқа төрағасы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *