Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының аудан, қала тұрғындарымен есепті кездесулері Кентау қаласында жалғасты. Кездесу барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, ел дамуындағы жаңа бағдарламалардың негізгі бағыттары түсіндірілуде. Өңір басшысы тұрғындарға жүргізілген жұмыстардың қорытындылары мен жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы есеп берді. Өңірдің даму көрсеткіштері мен аудан, қалаларды аралау кезінде көтерілген мәселелердің шешілуі бойынша баяндады.
– Біз сіздерге қолайлы жағдай жасап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуіміз керек. Өздеріңізбен биыл ақпан айында кездескен болатынбыз. Сол кезде қаланың маңызды мәселелері көтерілді. Оларды жүзеге асыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, тұрғындар көтерген көпқабатты тұрғын үйдің ауласына «Воркаут» спорт алаңдары осы жылы пайдалануға беріледі. Лоток және дренаж жүйелерін салу мәселесі бойынша 11 ұңғыма қазылып, су бұру бойынша 6 шақырымға монтаждау жұмыстары жүргізілді. Жұмыстар жалғасуда. Қаратау мөлтек ауданына инфрақұрылым жүргізу сұралған болатын. 8 шақырым кәріз жүйесін және 11 шақырым жол салудың құрылысы 1,7 млрд. теңгені құрайды. Бұл бойынша Ұлттық экономика министрлігімен қаржы қарастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын 2024 жылы бастау жоспарланып отыр. Өздеріңіз көріп отырғандарыңыздай, кейбір мәселелерді шешу үшін бюджеттен қаржы қарастыру кезінде қосымша уақыт талап етеді. Бірақ, өзекті мәселелердің барлығы өз шешімін табатын болады, – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандыратын сұрақтарды тікелей облыс әкіміне қойды. Дархан Сатыбалды әр сұрақты мұқият тыңдап, толық жауап берді. Уәкілетті органдардың басшыларына тұрғындардың өзекті мәселелерін шешуді тапсырды.
– Мен проблемалардан хабардармын. Көтерілген мәселелер бойынша шешім шығарылады. Кентаулықтар үшін тағы бір күрделі мәселе – жылыту мәселесі. Әбден тозығы жеткен жылу орталығына жыл сайын қазынадан қыруар қаражат бөлінеді. Кентауды сапалы жылумен қамтамасыз ету үшін 6 жылу қазандықтарын, подстанцияларын, 21 шақырым магистралдық жылу құбырларын, 81 шақырым ішкі орамдық жылу құбырларын қайта құру жұмыстарын 3-кезеңмен жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда 3,8 млрд. теңге бөлініп, 5 шақырым құбырлар жаңартылуда. Дәл қазір сол жұмыстарды көріп, тиісті тапсырмалар бердім. Жылыту маусымына дейін жөндеу жұмыстары толық аяқталуы тиіс. Жылу электр орталығын қайта құру үшін 3 млрд. теңге қарастырылды. Құрылыс жұмыстарын келесі жылы аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Келешекте жылу орталығын газға ауыстыруды көздеп отырмыз, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Түркістан облысы әкімі атап өткендей, Кентаудың даму әлеуеті зор. Шаһарда жаңа кәсіпорындарды ашу үшін индустриалды аймақ құрылған. Аймақ жол, жарық, ауыз су және кәріз жүйелерімен қамтамасыз етілген. Бүгінде ол жерде 4 млрд. теңгенің 11 жобасы орналасқан, 270 жұмыс орны ашылған. 71 млрд. теңгеге 7 өндірісті іске қосу жоспарлануда. Нәтижесінде 1,5 мыңға жуық жұмыс орындары ашылады. Бұл бюджеттің салық түсіміне оң әсер етеді.
Көпқабатты тұрғын үйлер салынып, 377 тұрғын үй сапалы инфрақұрылым жүйесімен қамтылады. Апатты деп танылған 47 кентаулық азаматты тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін 451 млн. теңге бөлініп, баспана сатып алу жұмыстары жүргізілуде. 55 көпқабатты тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
«Ауыл – аманаты» пилоттық жоба аясында сүт, құс шаруашылығы және етті бағытты дамыту бойынша 3 ауыл шаруашылық кооперативтері құрылды. Жалпы 86 мүшеден құрылған кооперативтерден құжаттар қабылданды. 18 жоба 112 млн. теңгеге мақұлданды. 6-шы бағыт «Өз кәсібін бастау» бойынша 18 жоба қаржыландырылды.
Екі сағаттық ашық диалог арқылы өңір әкімі кентаулықтардың сұрақтарына жауап беріп, ұсыныс-тілектерін тыңдады. Кездесудің тікелей эфирі Facebook әлеуметтік желісінде өтті, онда желі пайдаланушылары өздерін қызықтыратын сауалдарын қойды. Облыс әкіміне сұрақ қойған тұрғындар инфрақұрылымды жаңарту жайлы мәселе көтеріп, қаланың тазалығына қатысты сын айтты.
– Иә, дәл қазір «Тазалық – табалдырықтан басталады» – деген қазақ атамыздың тамаша айтылған нақыл сөзі есіме түсіп тұр. Өзін өркениеттімін дейтін кей жерлестеріміз өз үйінің табалдырығына дейінгі ортаны, оны тазалайтын азаматтардың еңбегін бағаламайтыны өкінішті. Қоршаған ортаға құрметпен қарап, жанашырлық жасауды өзімізден бастайықшы. Сонда қазынадан қыруар қаражат кетірудің орнына сол ақшаны әлеуметтік маңызы бар, аса қажет нысандарды салуға жұмсар едік. Солардың санын арттырар ек. Біз тазалық мәселесін жіті бақылап отырамыз. Әр аудан, қалаға барған сайын бұл мәселені өзім көтеремін. Сырттан келген сыншының көзі сүйсініп, өзіміз үшін мақтаныш сезімі ұялайтын ауыл мен көше тазалығы бәрімізге ортақ. Сондықтан тазалықты сақтайық, ағайын! – деді облыс әкімі.
Айта кетсек, Түркістан облысы әкімінің екінші жартыжылдыққа белгіленген халықпен кездесуі кестеге сәйкес басталды. Осы уақытқа дейін Дархан Сатыбалды Түркістан қаласы мен Мақтаарал, Жетісай аудандарында халықпен кездесу өткізді. Кездесу соңында азаматтарды жеке қабылдауы өтті.
«ӘРБІР ӘКІМ ХАЛЫҚТЫҢ ЖАҒДАЙЫН ТҮСІНІП, МӘСЕЛЕСІН ЗАҢ АЯСЫНДА ШЕШІП БЕРУ КЕРЕК»
Түркістан облысы Сайрам ауданында 64 млрд. теңгеге 19 жобаны іске асырып, 614 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Оның 12-сі өңдеу бағытындағы іске асатын жобалар. Биыл 6 айда 6,8 млрд. теңгеге 5 жоба іске қосылып, 155 жұмыс орны ашылды. Күнбағыс майын шығаратын цех, газоблок зауыты, алкогольсіз сусындар шығаратын зауыт, жылыжай құрылысы жүзеге асты. Тағы құны 4 млрд. теңгеге 9 жобаны іске қосу жоспарда, қалған 5 жобаны іске асыру 2024 жылға жоспарланған. Атап айтқанда, сүт өнімдерін өндіретін кәсіпорын ашып, 2 мың ірі қара малға арналған бордақылау алаңын салып жатыр. «Nurym Grоup» компаниясы құрама жем өңдеу зауытын салуды жоспарлап отыр. Жобаның құны 2,5 млрд. теңгені құрайды.
Бұл туралы Сайрам ауданының тұрғындарымен кездесуінде Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мәлім етті. Кездесу барысында облыс басшысы өңірдің даму жоспарлары, Президент тапсырмаларының орындалуы мен халықтың әл-ауқатын арттырудағы нақты қадамдар туралы баяндама жасады. Аудан тұрғындарымен еркін диалог алаңын құрып, жұртшылықтың мұң-мұқтажын, өтініш-шағымдарын білген әкім, халық өтінішін екшеп, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді. Межелі мерзімді де белгіледі.
Сайрам ауданының шаруалары мал шаруашылығы өнімдерімен тек облысты емес, еліміздің басқа өңірлерін, шекаралас мемлекеттерді қамтып отыр. Ауыл шаруашылығында жыл басынан 41,5 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Өнім көлемі былтыр 124 млрд. теңгеге жетті. Бұл облыстағы аудандардың арасында ең үлкен көрсеткіш.
Биыл 6 айда егін шаруашылығында 1,5 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. 53 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Ауданда 69 гектарда жылыжайлар орналасқан, 625 гектарға тамшылатып суғару жүйесі ендірілген, 529 гектарға қарқынды бау егілген. Жыл басынан бері мал шаруашылығында 40 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, былтырғы жылмен салыстырғанда өсім 4,7 пайызды құрады.
Ауданда 1 мыңнан астам мал бордақылау орындарында бір мезгілде 42 мың бас мал бордақылануда. Тәулігіне 3 мыңға жуық мал сойылады. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тікелей тапсырмасымен Қарабұлақ ауылында орналасқан мал бордақылау алаңдары мен мал сою бекеттерінің жұмыстары тексерілді. Құрылған жұмысшы топ малдың қаны мен сүйегін ретсіз тастаудың жолын кесті. Нәтижесінде 11 мал сою орнының санитарлық талаптарды сақтамаған 3-уі жабылды, қалған 8 бекеттің басшыларына мал сою алаңдарын ретке келтіруге 1 ай уақыт берілді.
– Шілде айында Қарабұлақ ауылында жергілікті кәсіпкерлермен кездестім. Мал сою орындарының жұмысын ретке келтіруді, мал қалдықтарын өңдейтін зауыт салуды ұсынған болатынмын. Сайрам ауданының кәсіпкерлерін кейін Түркістанда қабылдап, олардың ұсыныс пікірлерін тыңдадым. Мысалы, 25 гектар жерге мал бордақылау кешені, мал сою алаңы, етті терең өңдейтін цех құрылысы мен қанды өңдеу кәсіпорынның құрылысы басталады. «Nurym Group» компаниясы жобаны іске асыру бойынша қажетті шараларды қабылдауда. Жобаның құны 3,6 млрд. теңге. 70 жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Сондай жобалардың бірі, жеке кәсіпкер, Убаев Жахангир жылына 2 мың тонна қалдықтарды өңдеуге мүмкіндігі бар жобаны іске асыруды қолға алып отыр (құны 1 млрд. теңге). Яғни, ауыл шаруашылығы жануарларын сою кезінде қалған қосалқы өнімдерін қайта өңдеуден өткізеді (сүйек, қан, ішек қарын). Осындай жобаларды іске асыратын кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп, жаңа бизнесті ашуға көмектесетін боламыз. Жалпы, жергілікті әкімдерге қоятын басты талаптардың бірі – жаңа кәсіпорындарды ашып, жұмыс орындарын құру, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға инвестиция тартып, 2025 жылға дейін өнім көлемін 1,5 есеге арттыру жоспарлануда.
Осыған дейін өткен облыс әкімінің есептік кездесуінде көтерілген мәселелердің бірқатары шешімін тапты. Кейбір мәселелерді шешу үшін бюджеттен қаржы қарастыру үшін қосымша уақыт талап етеді. Тұрғындардың ұсыныс-тілектерінің ішінде ауылдардағы ішкі көшелерге асфальт төселді. Жол белгілері орнатылды. Қарасу ауылындағы Жаңақұрылыс аумағына инфрақұрылым жүргізуге биыл бюджеттен 965 млн. теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. Жібек жолы ауылындағы су жүйесін күрделі жөндеуге биыл 100 млн. теңге қаржы бөлінді. Электр тапшылығын шешу үшін Ақсукент ауылынан Қосалқы станциясының құрылысын қаржыландыру мәселесін шешу үшін министрліктермен тиісті жұмыстар атқарылуда. Қарабұлақ ауылындағы ауыз су жүйесінің құрылысына (9,3 млрд. теңге) жобалық құжаттама дайындалды. «Қарасу-Қызылту-Сайрам» жолын жөндеуге (1,2 млрд. теңге) жобалау сметалық құжаттама дайындалып, республикалық бюджетке қаржыландыруға ұсынылды. Сиқым ауылындағы мектепті күрделі жөндеуге жобалық құжаттама дайындалуда.
Сайрам ауданында ішкі өнім көлемі былтыр 242 млрд. теңгеге жетсе, биыл 6 айда 89 млрд. теңгені құрады. Былтыр 15 млрд. теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізіліп, соңғы 5 жылда 5 млрд. теңгеге өскен. Биыл 6 айда құрылыс көлемі 6,5 млрд. теңгені құрады. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 5 жылда 21 мыңнан асты. 29 мың адам жұмыспен қамтылып, 85 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. 2023 жылғы өзіндік кірістер жоспары 10 млрд. теңгені құрады. Былтыр негізгі капиталға 39,5 млрд. теңге инвестиция бағытталса, 6 айда ауданға 22,6 млрд. теңге инвестиция тартылды. Өнеркәсіп саласында жыл басынан 21,5 млрд. теңгенің өнімі өндірілген, оның ішінде 17 млрд. теңгесі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі.
Ауданда ағын су мәселесі өзекті. Каналдардың су өткізу қабілеттілігін арттыру үшін 105 млн. теңге қаралып, 7 каналды күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалау сметалық құжаттама әзірленуде (Аламан, Төменгі Аққала, Бауарық, Әсіл, Теспе, Сай, Жоғарғы Аққала). Сондай-ақ Ақбай-Қарасу каналының күрделі жөндеуіне биыл 131 млн. теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары басталған.
Президент тапсырмасымен облыста бастау алған «Ауыл аманаты» жобасымен мал шаруашылығында 89 жоба бойынша құжаттары мақұлданған.
Биыл 2 мектептің құрылысы жүруде. Қарамұрт ауылындағы мектеп жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі. Жекеменшік мектеп салудан облыста Сайрам ауданы көш бастап тұрған. Былтыр 13 жекеменшік мектеп іске қосылса, биыл 7 жекеменшік мектептің іске қосылуы жоспарлануда. Бұл мектептер жаңа оқу жылында оқушылар қабылдайтын болады. «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы шеңберінде аудан аумағындағы мектептердің мәселесін шешу үшін жаңадан 3 мектептің құрылысы жоспарлануда.
Кездесуде Сайрам ауданының тұрғындары облыс әкіміне ұсыныс-пікірлері мен өтініштерін жеткізді. Қоқыс полигонын салу, ардагерлер орталығын ашу, қоғамдық көлік қатынасын реттеу, жол сапасы, газбен қамту мәселелерін көтерді. Облыс әкімі әр аудан, қала, ауыл әкімдерін халыққа жақын болуды, жағдайды толыққанды білуі, әр мәселені жедел шешуді ескертті.
– Проблеманы ашық айту керек. Шешуді де тұрғындармен бірлесе, ақылдаса отырып шешуге болады. Ортақ шешім қабылдаған жөн. Әрбір әкім халықтың жағдайын түсініп, мәселесін заң аясында шешіп беру керек. Халыққа жақын болуы керек. Халықпен тікелей қарым-қатынаста болуы, жағдайды толыққанды білуі, мәселені жедел шешуі – басты міндет. Елдің тұрмысын жақсарту үшін қолдан келгеннің бәрін жасауы тиіс. Біз үшін әр аудан стратегиялық тұрғыдан маңызды. Халықтың сұранысына жедел үн қатып, елдің мұң-мұқтажына шұғыл шешуге ұмтылыс жасау маңызды. Халықпен бірге, елмен етене араласып, жұмыс жасаңыздар, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ облыс әкімі қабылдауға жазылғандардың сұрақтарына жауап беріп, барлық мәселенің заң аясында шешілетінін жеткізді. Қабылдауға келгендердің дені әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді көтерді.
Облыс әкімінің халықпен кездесулері басқа аудан, қалаларда жалғасын табады.
АСТЫҚТЫ ТИІМДІ БАҒАДА НАРЫҚҚА ШЫҒАРУҒА ЖАҒДАЙ ЖАСАЛЫНБАҚ
Әлеуметтік маңызы бар тауарларды сақтауға арналған қойма – баға тұрақтылығының кепілі болмақ. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Арыс қаласына жұмыс сапары барысында өңірдегі бірегей жобаның құрылысымен танысты.
«MEGA-AGAT» компаниясына тиесілі жобаның құны 4 млрд. теңгені құрайды. Нысан соңғы үлгідегі жаңа технологиямен жабдықталады. Кешеннің тоғыз жол торабы саналатын Арыста орналасуы көптеген мүмкіндіктерге жол ашпақ. Яғни, Еуропаның «А» стандартына сәйкес болатын кешен ерекшелігі – көршілес ТМД елдерінен бөлек, алыс-жақын Азия, Еуропа мемлекеттерімен тауар айналымын күшейту арқылы азық-түлік бағасын тұрақтандыру.
6 гектар аумақта орналасқан қойманың көлемі 17 000 шаршы метрді құрайды. Оның ішінде 14 000 мың шаршы метрі қатты заттар сақтауға арналса, 3 мың шаршы метрі желдеткішпен жабдықталған көкөніс сақтауға шақталған қойма. Яғни кешенге өнімнің тауарлық қасиеттерін жоғалтпай ұзақ уақыт сақталуын қамтамасыз ететін арнайы жабдықтар орнатылады. Соның арқасында, көкөніс қоймасы кәсіпкердің өз өнімін де, көршілес аудандар мен ауылдардағы шаруа қожалықтарының өнімін де ұзақ мерзімге сақтауға мүмкіндік береді. Сол арқылы әлеуметтік маңызы бар ауылшаруашылық өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға жол ашылады.
Сонымен қатар аталған кәсіпорын аумағында құны 600 млн. теңгені құрайтын, сыйымдылығы 9 мың тоннаға шақталған астық сақтау қоймасының құрылысы жүргізіліп жатыр. Жаңа қойма іске қосылғанда, жергілікті диқандар Арыстан алысқа шықпай-ақ, астықты осында сақтап, тиімді бағада нарыққа шығаруға жағдай жасалынбақ. Яғни, жаңа астық сақтау қоймасы арқылы қосымша шығындар азаяды, ол түптеп келгенде бағаның тұрақтануына мүмкіндік беретін болады.
Облыс әкіміне Арыс қаласының өндірістік аймағы таныстырылды. Мұнда болашақта бірнеше ірі өнеркәсіп орындарын ашу көзделген. Халықтың табысын арттыру мақсатында бірнеше жоба қолға алынбақ. Атап айтқанда, қой жүнін өңдеу арқылы биотыңайтқыш өндіру жүзеге асырыла бастады. Мал бордақылау алаңы салынады.
Сондай-ақ Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Арыс станциясының локомотив депосы базасында құрылған ірі теміржол кәсіпорнында болып, теміржолшылармен кездесті. Мұнда бір жылдың ішінде 3 мыңнан астам жолаушылар вагоны мен локомотивке деполық және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жөндеп, техникалық қызмет көрсетуден басқа электровоздарға сервистік қызмет көрсетеді. Кәсіпорында 400-ден астам адам жұмыс істейді.
ШАРДАРАЛЫҚ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ 98 ПАЙЫЗЫ ГАЗҒА ҚОСЫЛАДЫ
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының жергілікті тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету тапсырмасын орындау мақсатында Шардара ауданындағы 10 ауылдық округте орналасқан 25 елді мекеннің 10-ы, Шардара қаласының 10 мөлтек ауданы көгілдір отынмен қамтылып, аудан тұрғындарының 78 пайызын құрап отыр. Бұл көрсеткіш жыл соңына дейін 98 пайызға жетеді деп жоспарлануда.
Сонымен қатар, Шардара ауданындағы Ұзын ата, Алатау батыр, Қызылқұм, Сүткент, Ақалтын, Егізқұм, Достық, Көксу және Қоссейіт елді мекендері мен Шардара қаласындағы 10 мөлтек ауданнан 65 711 тұрғын табиғи газбен қамтылған. Одан бөлек, қаладағы Абай, Қызылжар, Майқала, Ақбала және Төменгі тоғай шағын аудандары мен Тұрысбеков ауылдық округінің Шардара ауылына газ жеткізу жұмысына республикалық бюджеттен 2,8 млрд. теңге бөлінген.
Аталмыш жобаларды жыл соңына дейін аяқтап, аудандағы газ тұтынушылардың көрсеткішін 98 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Ал, газдандырылмаған Айдаркөл қашар және Қуан құдық елді мекендерін табиғи газ көзіне қосу үшін жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптама қорытындысы алынған.