Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Батырхан Тұрарұлы САҒЫНТАЕВ – 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің куәгері. Алматыдағы Орталық алаңға барғаны үшін жазықсыздан жазықсыз жапа шеккен жан.
Ол 1958 жылы 15 маусымда кезінде Өзбекстанға жалға беріліп, кейіннен Қазақстанға қайтарылған қазіргі Келес ауданына қарасты Бозай ауылында жарық дүние есігін ашқан. Кішкентай кезінен оған токарь болып істейтін әкесі Тұрар мен анасы, үй бикесі Ұғылай перзенттеріне кісінің ала жібін аттамауды, өтірік айтпауды, адал өмір сүруді құлағына құйып өсіреді. Жасы жетіге жеткенде Ғани Мұратбаев атындағы кеңшардың Максим Горький атындағы бөлімшесіндегі (қазіргі Ақтөбе ауылдық әкімдігіне қарасты Жаңа дәуір ауылындағы) Мәншүк Мәметова атындағы орта мектептің табалдырығын аттайды. Кейіннен Абай атындағы кеңшардың Орджоникидзе атындағы бөлімшесіндегі (қазіргі Ошақты ауылдық әкімдігіне қарасты Сәмбет Саттаров атындағы ауылдағы) Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепті бітіреді.
Бозбала көп ойланбастан Шардара қаласындағы кәсіптік-техникалық училищеде (қазіргі тілмен айтқанда, кәсіптік-техникалық колледжде) тәлім алады. Оны тәмамдап, жүргізуші болып істейді. Автодүкеніне мініп алып Ташкенттен Бозайға азық-түлік пен киім-кешек тасымалдайды. Үй-ішімен бірге қарапайым ғана ғұмыр кешеді. Мал шаруашылығының білгір маманы, ағасы Қуаныш Сағынтаевтың жетелеуімен Алматыдағы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтына құжат тапсырғанмен, оқуға түсе алмайды. 1980 жылы әскер қатарына алынады. Қиыр Шығыстың Петропавловск-Камчатск қаласындағы авиация саласы бойынша әскери бөлімде өзінің Отан алдындағы азаматтық борышын өтейді. Әскери шені – сержант болатын.
Туған елге оралып, бұрынғы жүргізушілік мамандығын кәсіп етеді. Тағы да арман қала – Алматыға аттанады. Сондағы Собольев көшесіндегі № 8а үйде тұрады. Арнайы автотранспорт кәсіпорнында жүргізуші болып жұмыс істейді. Алдымен мұғалімдер білімін жетілдіру институтының, кейіннен Қазақ КСР Білім және ғылым министрінің орынбасары Әмірәлиннің жеңіл автокөлігін жүргізеді. «Қалайда жоғары білім алсам, ел-жұртыма пайда тигізсем», – деп армандаған жігіт Владимир Ильич Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының (қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық зерттеу институтының) гидрогеология факультетінің сырттай бөліміне оқуға түседі. Дос-жаран, жора-жолдас арттыра бастайды. Сабағы да, табағы да (тамағы да), қабағы да (көңіл-күйі де) қалыпты күндер күліп, жылдар жылжып дегендей, бәрі де ойдағыдай болатын. Еркін күрестен 62 келі салмақ дәрежесі бойынша КСРО спорт шебері атанған. Кезінде оның Талғат Тұрысбаев, Олег Ким секілді балуандармен бірге боз кілемде өнер көрсеткені бар.
Екінші курста тәлім-тәрбие алып жүрген кезде кенеттен Желтоқсан оқиғасы бұрқ ете қалады. 28 жасар жігіт студент және жұмысшы жастармен бірге сол кездегі астананың Леонид Ильич Брежнев (қазіргі Республика) алаңына бейбіт шеруге шығады. Қасында сол қаланың төл тұрғыны, болашақ қалыңдығы Анар Бекченеева да бар болатын. Ол Алматы халық шаруашылығы институтының кешкі бөлімінде бухгалтер-экономист мамандығы бойынша тәлім-тәрбие алатын. Қазақ КСР Білім және ғылым министрлігінде экономист болып қызмет істейтін.
Сөйтіп қолдарына «Ленин идеясы жасасын!», «Лениндік ұлт саясатының принциптерін құрметтеуді талап етеміз!», «Ешбір ұлтқа, ешбір тілге артықшылық берілмесін!», «Әрбір республиканы өз көсемі басқарсын!», «Әр халыққа – өз көсемі!», «Біз, қазақ, ежелден еркіндік аңсаған!», «Қазақстан – қазақтардікі!», «Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымына жеке мүше болу құқығын талап етеміз!», «Қазақстанға дербестік берілсін!», «Кеңестік Қазақстан жасасын!», «Қазақстан жасай берсін!», «Долой Колбина!», «Ресейге қайт!» деп айғайлап, атойлап шыққан жалынды жастардың қатарына қосылады. Олардың бәрі қолтықтасып жүріп бүгінде егемен еліміздің Мемлекеттік әнұранына айналған Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнін шырқай жөнеледі. Бір кезде көтерілісшілер мен әскерилер, милиция қызметкерлері арасында қанды қақтығыс туындайды. Мұздай қаруланған жендеттер жазықсыз жастарды ұрып-соғып, төбелей бастайды. Самаладай прожекторлар жанып тұрған. Сол кезде жасырын камера арқылы алаңдағы барлық іс-қимыл бейнетаспаға түсірілген екен. Батырхан жазалаушы жендеттердің арасынан Ленин (қазіргі Достық) даңғылы мен Қажымұқан Мұңайтпасов көшелерінің бойында тұратын капитан шеніндегі учаскелік милиционерді шырамытып танып қалады. Өзі удай мас. Ұл-қыз демей ұрып-соғып, шетінен самосвалға тиеп әкетуде.
Көпшіліктің арасында жүргенде аяғы жерге тиместен, өзін бейнебір көкте жүргендей сезінеді. Темір арқау, жуан таяқ, сапер күректердің ауыр соққысы өзгелер секілді Батырханның да басы мен иығына тиеді. Сол жақтағы бірнеше қабырға сүйектері сынып, ес-түссіз құлап қалады. Оған қарайтын жендеттер бар ма?! Пальтосының жағасынан ұстаған күйі тартқылап, мінберге қарай дырылдатып сүйреп, текпешіктен құлатып, жабылып жүріп тепкінің астына алады. Мінбердің айналасына жиналған үш жүздей адамды тізерлетіп отырғызып қояды. Олардың арасында қол-аяғы сынғандар, бет-аузы, мұрны көгеріп, ісінгендер, тағысын тағылар, тағысын сол сияқтылар өте көп болатын.
Кенеттен орыстың бір офицер жігіті жерде отырған қазақтарды дубинкамен ұрып-соға бастайды. «Мұның не?» – деген капитан шеніндегі қазақ жігітіне: «Адамдарымды өлтірді», – деп жала жабады. Намысы жібермеген қандасымыз әлгі орыс әріптесін төбелеп тастайды. Енді бірде «Шаш ал десе бас алатын» қаскөйлер желтоқсаншыларды мәшинеге мал артқандай «автозак» автокөлігіне лақтыра бастайды. Мәшинеге ығы-жығы етіп тығады. Батырхан өзі ғана бас сауғалап қалмастан, «зәбір-жапа көрмесін» деген оймен жүкті орыс келіншекті көлегейлеумен әуре болады. (Ертеңіне ол әйелді полковник шеніндегі әкесі алып кетеді). Сөйтіп оларды Калинин аудандық ішкі істер бөліміне қарай ала жөнеледі. Аталмыш бөлімнің дәлізінде оншақты милиционер ит жетектеп тұр. Құдды бір кинодағы неміс жендеттеріндей түрлері суық, қабақтары қатулы.
Сол Батырхан Желтоқсан оқиғасы бойынша қолға түскен 60 жүргізушінің бірі еді. Ол сырттай бөлімде оқитын Қазақ политехникалық институтынан жалпы есеппен 58 студент құрықталған болатын. Ал Анар кешкі бөлімде оқитын Алматы халық шаруашылығы институтынан 49 студент зардап шеккен екен. Сөз орайы келгенде Батырханның болашақ қалыңдығын Мұхтар Әуезов ауданындағы ішкі істер басқармасына апарып тергегенін де тілге тиек ете кетейік.
Тергеу амалдары жүргізіліп, Батырхан бір түн сонда қонып қалады. Ертеңіне сынған қабырғасының салдарынан жүрегі мен өкпесі қысылып, демалуы қиындай түседі. Содан 18 желтоқсан күні сағат 14.05-те Алматыдағы қалалық №4 клиникалық ауруханаға жеткізілген. Орын жетіспегендіктен, аурухананың дәлізінде (коридорында) жатуына тура келген. Оған көкірек қуысының оң жағы ұрып-соғылған, ішек-қарыны сырқырап-сыздап жарақаттанған деген нақтама (диагноз) қойылады. (Негіз: Ф. 708. Оп. 128. Д. 30. Л. 31). Сөз орайы келгенде біз бұл мәліметті «Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағаты» мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары К. Алимгазинов 2016 жылы 11 наурызда қол қойған ФЛ (С-05-16) 034 арнайы ресми хаты бойынша келтіріп отырғанымызды тілге тиек ете кетейік.
Дәрігер мұның жүрек тұсына ауырғанды басатын дәрі қосылған үлкен ине шаншиды. Басы мен бет-аузы доп-домалақ шар кейпінде ісінген. Беті қисайып кеткен. Көзі жұмылып, түк көрмей қалған. Ешқандай қозғалыс белгілері байқалмайды. Сөйтіп жиырмашақты күн көзі ашылмай жүреді. Тамақтың өзіне жетектеп апарады. Сол кезде: «Сендер досымды өлтіргенсіңдер!» – деген бір орыс жігіті оны әрі өтсе де, бері өтсе де теуіп кетіп, балағаттап жүреді. Көзі ашылғаннан кейін Батырхан: «Досыңды өлтіргенің жайлы дәлелің бар ма?» – деп әлгі жігітпен алысып, екеуі кәдімгідей төбелесе кетеді. Сөйтіп, оны қайта бас көтермейтіндей етіп сабасына түсірген екен.
Содан не керек, Батырханның үрейленген ата-анасы балаларын үйлеріне алып қайтады. Бірер күннен кейін прокурорлар оны қайтадан Алматыға әкетеді. Сөйтіп Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің (МҚК-КГБ) қызметкерлері, біреуінің аты-жөні шамасы Абдуллаев болса керек, жертөлеге түсіріп: «Қайда болдың, не істедің?» – деп екі апта бойы әбден сұрақтың астына алады. «Қылмыстық істер кодексінің 60, 65 баптарымен сотталасың. Егер кінәңді мойындасаң, жазаң жеңілдейді», – деп алдаусыратады. 1987 жылғы 13 қаңтар күні ақтөбелік қос тергеуші орыс жігіт оны Мир (Қазіргі Бейбітшілік) көшесінде жайғасқан Бас прокуратураға алып барады. Оған тағы да таусылмас сұрақ қойылады. Бас кейіпкеріміз тағы да есін жоғалтып қояды. Қанша қиналса да, зәбір-жапа шексе де Батырхан міз бақпай тұра береді. Алаңда болғанын мойындамайды. 17 күн бойы «Целинный» кинотеатрының маңындағы қалалық ішкі істер басқармасының түрмесінде отырады. Сол жерде бет-аузы түгелдей қан-жоса, қос қолын қабырғаға байлап қойып сабаған қандас бауырымыздың жантүршігерлік ащы дауысын талай рет есіткен. Өзі азаптанып жүрсе де оның мән-жайын сұраған Батырхан «Крышасы кетіп қалған», – деген жауап есітеді. Бірер күннен кейін әлгі жігіт көрінбей кетеді. Тергеуден түк таппағаннан кейін Батырханды босатуға мәжбүр болады.
Институтына барса, онда кезекті сессияның сәті екен. Бір орыс апай:
– Осыншама уақыт қайда жүрдің? – деп оған дүрсе қоя береді.
Бұл түрмеде отырғанын айтады. Апайы оның себеп-салдарын сұрайды. Сонда Батырхан:
– Алаңнан ұстап әкетті. Бірақ ешқандай қылмыс жасаған жоқпын, кінәлі емеспін. Жазығым жоқ, – деп бар шынын айтады. Оған апайы:
– Қалайша өзіңді кінәсізбін деп санайсың. Кінәсіздердің бәрі ешқайда кетпестен сабақта отыр. Ал сен қаншама күннен бері себепсізден-себепсіз сабаққа келмегенсің. Саған бұл институтта орын жоқ. Қайтып келмей-ақ қой, – деп аудиторияның есігін нұсқайды. Осылайша Батырхан амалсыздан оқудан шығуға мәжбүр болады.
Оқудан қуылғанымен ару Алматыны қимаған Батырхан жүргізушілік кәсібін атқарумен бірге әділет жолын іздестіре бастайды. Жазықсыз жапа шеккен жандарға жәрдемін аянып қалмайды. Сөйтіп жүргенде аса құдіретті деген Кеңес Одағы тарап, халық әрі-сәрі күй кешеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өзге республикалар секілді Қазақстан үшін де қиын соққаны әсте жасырын емес. Тәртіпсіздіктер мен қылмыс өрши түскен. Батырхан мен оның жақтастарының нағыз белсенділік танытатын кезеңі осы тұс. Спортпен етене шұғылданғанының арқасында қиын-қыстау кезеңде ешкімнен таяқ жеген жоқ. Бұған қоса орынсыз зәбір-жапа шеккендерді қанды шеңгелден аман-сау алып қалып та жүрді.
Содан Оңтүстік өңіріне, дәлірегі Шымкентке оралған ол «Ордабасы» индустриалдық аймағында менеджер, коммерциялық директор болып жұмыс істейді. Желтоқсан оқиғасы кезінде Л. И. Брежнев атындағы алаңда бірге болған зайыбы Анар екеуі Ерлан, Нұргүл, Данияр, Айдос, Бақдәулет, Байдәулет, Жандос есімді ұл-қыздарды, Руслан, Әмина, Саян секілді сүп-сүйкімді немерелерді тәрбиелеп-өсіріп, олардың жай-күйін жасап жүрген жағдайы бар. Ол өзін «желтоқсаншымын», «батырмын», «патриотпын» деп әсіре дәріптеуден аулақ.
Батырхан Сағынтаев Астанада 12 мемлекет өкілдерінің қатысуымен «Қазақстандағы Желтоқсан көтерілісінің тарихи және Халықаралық маңызы» тақырыбында өткен Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның жұмысына қатысып қайтты. Сол басқосуда оған «Желтоқсан ақиқаты» патриоттық қозғалысы республикалық қоғамдық бірлестігінің Оңтүстік Қазақстан облыстық және Шымкент қалалық филиалының төрағасы деген куәлік салтанатты жағдайда тапсырылған. Шымкент қаласындағы Қаратау ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұлов ерлі-зайыпты желтоқсаншылар – Батырхан Сағынтаев пен Анар Бекченееваны арнайы қабылдап, оларды «Желтоқсан – ел есінде» «Желтоқсанның 30 жылдығы» естелік медалімен марапаттады.
Өкінішке орай, Желтоқсан оқиғасына (көтерілісіне) әлі күнге дейін толыққанды баға берілмей келеді. 1993 жылы Қазақстан Республикасының Парламенті қабылдаған «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заңға желтоқсаншыларды енгізбей, шеттетіп тастаған. Қоғамдық ұйымдардың, жекелеген азаматтардың арыз-шағым, талаптарынан кейін Президенттің Жарлығы бойынша қабылданған заңда бұларға тиесілі жеңілдіктер жоқтың қасы. Өйткені ол заң тек сталиндік кезеңде қуғын-сүргінге ұшырап, бүгінде зейнеттегі адамдарға ғана арналған болып отыр. Ал Желтоқсан оқиғасы (көтерілісі) кезінде сотталғандардың кілең 21 мен 30 жас аралығындағы жастар екені мәлім. Олардың зейнетке шығуына әлі біраз жыл бар. Қазірдің өзінде денсаулығынан айырылып, жұмысқа жарамсыз болып қалған жігіттер бұл заңның шапағатын көру-көрмеуі екіталай.
Міне, сондай жандардың бірі Батырхан бауырымыз дер едік. Сол оқиға (көтеріліс) кезінде түсірілген бейнетаспалардағы бірнеше кадрлардан оның алғашқы қатарда тұрғанын байқауға болады. Демек, алаңға шыққан. Ішкі істер органдары мен Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитеті қызметкерлерінің тарапынан тергелген ол бүгінде толық ақталған. Мұның үстіне Батырхан сияқтылар жалғыз емес, мыңдап саналуы мүмкін. Сол себепті Желтоқсан оқиғасына қатысушыларға лайықты мәртебе мен жеңілдік берілсе екен деген үміттеміз.
Әзірше білетініміз мынау ғана. Алматы қалалық мәслихаты өздерінің 2014 жылғы 15 сәуірдегі №210 шешімімен мереке күндері мен атаулы даталарға байланысты өзгелермен бірге желтоқсаншыларға да әлеуметтік көмек көрсетуді ұйғарыпты. Тәуелсіздік күні Желтоқсан оқиғасына қатысып, қылмыстық, әкімшілік жауапқа тартылып, кейіннен ақталған азаматтарға 20 000 теңге көлемінде бір реттік жәрдемақы беріліп келеді. Алайда, еліміздің өзге өңірлерінде, соның ішінде Шымкент қаласында да мұндай игі бастаманы іліп әкетейік деушілер табылмай отырғаны тым өкінішті. Әйтпесе, 20 000 теңге деген не өзі тәйірі!
Қашанда тарихқа құрметпен қарауымыз қажет. Онсыз болашағымыздың баянды болуы екіталай. Біз еліміздің Тәуелсіздігі жолында өз өмірін құрбан еткен желтоқсаншылардың алдында әрдайым тағзым етіп, басымызды игеніміз жөн. Ал бүгінде жанымызда жүргендерінің айрықша мәртебесін заң жүзінде бекітіп, оларға тиісті әлеуметтік және медициналық көмек көрсетіп, құқықтық жағынан қорғалуын қамтамасыз етуіміз керек. Желтоқсаншылар жайлы еске алу кітабын шығарсақ, қанекей! «Желтоқсан тағылымдары» тақырыбында «дөңгелек үстел» мәжілістері мен қаншама ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізсек те артық етпейді. Осылайша «Қазақстан тарихы» оқулықтарында Желтоқсан оқиғасына (көтерілісіне) айрықша мән беріліп, оның қоғам өміріндегі мән-маңызын айқындай түсуге болады. Ең бастысы – оларды еліміздің Тәуелсіздігіне сүбелі үлес қосқан батырлар санатына қоса білсек. Желтоқсаншыларға шынайы жанашырлық көзқарас танытып, оларға моральдық және материальдық көмек көрсетуден аянып қалмауымыз керек демекшіміз. Тек сонда ғана әлі күнге дейін басы ауырып, балтыры сыздайтын, қан қысымы кей күндері екі жүзге дейін көтеріліп кететін Батырхан секілді талай бауырларымыздың сауабына қалар едік. Сөз орайы келгенде, оның өзінің: «Енді біз, қалған желтоқсаншылар бір-бірімізді жоғалтып алмайық! Араласып тұрайық, өзара қарым-қатынаста болайық!» – деген ұранды ұстанатынын естеріңізге сала кетейік.
Батырхан Сағынтаев желтоқсаншылардың жетекшісі ретінде аз тірлік істеп жүрген жоқ. Әріптестеріне тіркеуге алып, оларға арнайы куәлік таратуда. Желтоқсан оқиғасының 30 жылдығына орай мерейтойлық медаль мен ту жасатты. Роза Ерманова, Бейбіт Төлеметов, Болысбек Ермаханов, тағы басқа әріптестерімен бірге оқу орындарында сан түрлі кездесулер өткізіп, жастарды отансүйгіштік пен патриотизмге баулып жүр. Сол бір қасіретті күндер мен оның зардабы жайында кітап шығару да ойында бар.
Ұзын сөздің қысқасы, атына заты сай болған Батырханды кешегінің куәгері, бүгінгінің батыры деуімізге толық негіз бар. Бауырымызды асқаралы алпыс жасқа толған мерейтойымен шынайы құттықтап, оған ұзақ та бақытты ғұмыр, зор денсаулық, толағай табыс тілейміз!
Әбдісаттар ӘЛІП.
Шымкент қаласы.