КИЕЛІ КЕЛЕСТІҢ ДАРХАН ДАЛАСЫ

Таным Тарих
23 Views

«Келес даласы» аталып, көркем безендірілетін кітапқа Сіздерде үлес қосыңыздар. Келес даласы – 5000 жылдық тарихы бар Қазақ ұлтын құрағанру, тайпалар өсіп-өнген ұлан-байтақ жеріміздің құрамындағы өзіндік ерекше орныбар киелі аймақ.Осы өңір тарихшыларымыз бен археологтарымызды күткеніне көп жылдарболды. Бұл «сеңнің» орнынан қозғалғанына көп бола қойған жоқ. Сіздердің белсене қатысуларыңызбен осы даланың тарихы түгелдене түссе екен дейміз.

Келес даласы шекарасының шығысы мен батысы Қазығұрт тауы мен Сырдария өзенінің арасында созылып жатыр. Солтүстік шекарасы Отырар, Арыс аудандарымен шектессе, оңтүстігі Ташкент қаласы мен Шыршық өзеніне дейінгі елді мекендерді қамтыған. Бұл аталған аумаққа Ташкент пен Ташкент облысына қарасты аудандардың елді мекендері мен Түркістан облысының Келес және Сарыағаш аудандары және Қазығұрт ауданының орталығы кіреді. Адамзаттың қайта дамып, өскен жері ретінде Қазығұрт тауының тарихы, әулие-әмбиелері де енеді.

Соңғы екі ғасырда өзгерген еларалық шекараны құрметтей отырып, Келес даласына жататын өте ертедегі, сонымен қатар орта ғасырлардағы және бүгінгі күнге дейінгі тарихи оқиғалар мен сол жерлерде жасаған танымал қандастарымызды еске алып, есімдерін жаңғыртып, осы кітабымызға енгізсек деген ойымыз бар. Еліміз бодандықта болған кезінде, 1928 жылы алғаш рет өз алдына әкімшілік-аумақтық құрылымға айналғанына, яғни тарихшыларға ертеден белгілі Келес даласының атын жаңғыртып, Келес ауданы құрылғанына 100 жыл толатынынан үш жыл алдын, анығырағы 2025 жылы осы кітап жарық көреді деп үміттенеміз. Сол кезде қазіргі Келес және Сарыағаш аудандарының бірге алғаш рет аудан болып құрылғанына 100 жыл толған мерекені бірге атап өтудің мәні мен мақсаты айқындалады деп ойлаймыз.

Кітаптың негізіне қаламгерлер – Қалаубек Тұрсынқұлов, Жақыпбек Аяш, Момбек Әбдәкімұлы, Ілесбек Байжан және осы жолдар авторының Келес даласының тарихына қатысты жазған кітаптарындағы мәліметтер сарапталып пайдаланылады. Бұрын ескерілмеген немесе байқалмаған дәйек-деректер, аргументтер мен фактілер қосылады. Сіздерден келген тарихи мәліметтер мен фотосуреттердің таңдаулылары енгізіледі. Коммуна, колхоз, совхоз жұмысшы, қызметкерлерінің өмірлерінен түсірілген, жеке адамдардың альбомдарында және мемлекеттік архивтерде сақталған фотосуреттер кітаптан орын алады. Кең-байтақ еліміздің басқа аймақтарында мемлекеттік қызметте және түрлі оқу орындарында, өндіріс, денсаулық, мәдениет салаларында қызмет еткен және қазір де қызмет етіп жүрген Келес даласынан шыққан қайраткерлер, ғалымдар, ақын, жазушы, журналистер, тағы басқа да көптеген қызметтерде жүріп атақ, абыройға ие болған жерлестеріміз туралы да толымды материалдарды оқитын боласыздар.

Төменде Келес даласына тікелей немесе жанама қатысы бар тарихтың кейбір тұстарын еске түсіріп, осы тарихи оқиғаларға қосатын, жұрт біле бермейтін қандай аргументтер мен фактілеріңіз бар деген сұрақты қоямыз және өздеріңіздің білетіндеріңізді қосыңыз дейміз.

– Нұх Пайғамбардың кемесі Келес даласында өскен ағаштан жасалған. Шеңгелді темір жол стансасы маңында тасқа айналған сол ағаштардың сары жаңқаға айналған қалдықтарын қазір де көруге болады.

– Нұх Пайғамбардың тұңғыш немересі – Түрікке ұрпағың өсіп-өнсін деп Тұран ойпаты берілген. Осы кең-байтақ жердегі Қазығұрт тауының күн батысынан Келес даласы басталады.

– Қазақтың арғы аталары – Қас-сақ тайпалары жайлаған ұлан-байтақ аймақтың бір бөлігі – Келес даласына, осыдан 2550 жылдай бұрын басқыншы болып келген, парсының Кир патшасының кесілген басын Тұмар ханым (Томирис) мес тола қанға батырып тұрып: «Сусағаның қан болса, қанып іш», – деп мысқылдаған екен.

– Сол уақытқа дейін жеңіліп көрмеген, әлемді жаулап келе жатқан Александр Македонский (Ескендір Зұлқарнайын) осыдан 2300 жылдай бұрын Сырдария өзенінен өтіп, Келес даласымен Қазығұртты бетке алғанда алдынан шыққан Қас-сақтың әскербасы Ор Келес баһадүр оның әскерін талқандап, Александр Македонскийдің өзін аяғынан жаралап, жаудың бетін қайтарған.

–600 жыл бойы Ислам әлеміне қорған болған, Османлы империясын құрған Қайы (Қаңлы) тайпасының билеушісі Сүлеймен патша қарамағындағы 50 мың шаңырағын бастап, Шыңғысхан жорығының алдындағы жылдардың бірінде осы Келес даласынан көшкен. Түркиялықтардың Қазақстанды атажұртымыз дейтіні сондықтан. Олар атажұртының құрметіне 1953-жылы Бурса провинциясындағы бір ауданды Келес деп атаған.

–Қазақ тарихындағы айрықша тұлға, философ, ақын Асанқайғы бабамыздың осыдан 550 жылдай бұрын «жерұйық» іздеп жүріп Екі Келес пен Талас өзендерінің ортасындағы жер мен елді көргенде шабыттана айтқан сөздерін, халқымыз шығармалықпен жетілдіріп, жаңғыртып келе жатқаны – біздің мақтанышымыз.

–Өзара билікке таласып, 1627 жылы өзінің қазағын қырған Есімхан мен Тұрсынхан Түркістан мен Ташкент арасындағы Келес даласын талай рет кесіп өткен.

–1643 жылы шығыстағы шекарамызға қалмақ басып кіргенде Салқам Жәңгір ханға көмекке ұмтылған қандасымыз, Самарқан билеушісі Жалаңтөс баһадүрдің 20 мың қолы Сырдария өзенінен өткенде оларды күтіп алып, ас-суын беріп, кем-кетігін толтырған да осы Келес даласының халқы.

– Бүкіл Қазақ елін қан қақсатқан, «Елім-ай» деп жоқтау айтқызған, 1723 жылы басталған «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» аталған соғыс кезінде Шығыстан, Сарыарқадан, Алатаудан, Қаратаудан жансауғалап қашқан ағайындардың біразын өз бауырына алған – Келес даласының Сырдария өзенімен шектескен аймағындағы Алқакөл ауылы.

– Босқан халық өткел іздеп, Келес құйғанындағы Сырдарияның астынан салынған өткел (туннель) жолмен арғы бетке өтіп, Жызақ, Самарқан жақты бетке алған.

–«Ақтабан шұбырындыға» ұшыраған үш жүздің көптеген руларынан құралған қазақтардың шағын қолы Келес құйғанына жақын жерде тұрған қалмақтың әскер құрамына алғаш рет қарумен қарсы шығып, жеңіске жеткен соғыс 1725 жылы болған. Осы соғысқа 17 жасында қатысқан Бердіқожа «Бала батыр» атанған. Тарихта Шанышқылы Бердіқожа батыр атанған жерлесіміз, 60 жылдай аттан түспей елінің азаттығы жолында қалмақпен, қырғызбен, қоқандықтармен жүзден астам ірілі-ұсақты шайқастарға қатысып, 1786 жылы 78 жасында жауымен жағаласып жүріп шейіт болған. Оның биіктігі 12 метр сағанасы Сарыарқада тұр.

–Осыдан 200 жылдай бұрын қоқандықтардың салық жинаушы қырықтан астам басқыншысын басшысымен қоса-қабат ажал құштырған батыр Тінікей қыз, өзі жерленген 15 сотықтай жерді (зират) әліге дейін қорғап жатыр. Небір қуатты трактор мінген тракторшылар, совхоз директорларының айтуымен осы жерді егістік жерге қосам деп өздері ақылынан алжаса жаздаған оқиғалар болған. Қазір ол жерге ешқандай тракторшы жоламайды. Қайта қасиетті әруаққа Құран бағыштайды. Алланың құдіретіне тән береді. Келес аудандық жер комитеті сызған, сол «соқаның тісі батпайтын» жер орналасқан, Қошқарата ауылдық округінің картасына қарасаңыз, бір әулінің орнындай жердің «игерілмей» жатқанын көресіз. Айналасындағы басқа жерлерді жұрт еншілеп алып бау, бақша өсіруде.

–1807 жылы қоқандықтар басып алғанға дейін екі ғасырдай оңтүстік қазақтарының орталығы болған Ташкентті 1865 жылы орыс басқыншылары қоқандықтардан тартып алған. Империяның отарлау саясатына байланысты көп артықшылық құқықтарды иеленген Түркістан генерал-губернаторы К.П.Кауфман 1866-1882 жылдары «жарты патша» атанып, бүкіл Түркістан өлкесін билеп, төстеді. Осы «жарты патша» ерекше құрмет көрсеткен Келес даласына қатысы бар ұлы тұлға болған.

Бүкіл түрік әлемінің пірі – Қожа Ахмет Ясауидің жолын ұстанған, сопылық ілімнің шыңына жеткен, әулие – Етжемес Ешан ата (1833-1913). Түркістан генерал-губернаторы К.П.Кауфман ауырып, империяның небір мықты деген дәрігерлерінің емі қонбай, өзіне өлім қаупі төнгенде осы кісінің еміне амалы жоқтықтан жүгінген болатын. Өзін емдеп жазғандағы әулиеге тән кереметтерін көріп, Ешанның Алланың сүйікті құлы екенін мойындаған. Патша өкіметінің Ислам дініне қарсы ұстанған саясатына қарамай, генерал мұсылман ретінде намаз оқитын болған. Ешан базар елді мекенінде алты күмбезді, бір мезгілде 3000 адам намаз оқи алатын үлкен мешіт салдырған. Сол мешіт өткен ХХ ғасырдың отызыншы жылдарында коммунистер тарапынан бұзылған.

–1980 жылы сол мешіттің орнына халықтың қаржысына Ешан баба деп аталған мешіт салынған. Бұл – коммунистер билігі кезінде Қазақ жерінде алғаш салынған мешіт. Сол мешіттің жанындағы Ешан базар бүгінде елге қызмет етіп тұр.

–Бұрынғы «Сары Қаңлы» елді мекеніндегі (қазіргі Жүзімдік ауылдық округі) ескі қаланың бір пұшпағы, осындағы Шоқан Уәлиханов атындағы жалпы орта білім беретін мектептің астында қалған. Оған куә сол білім ордасының құрылысын жүргізген Келестің құрметті азаматы Әжіхан Нұржанов еді. Осы елді мекенді археологтар мен антропологтар зерттесе, бұл қаланың негізі 1500, мүмкін 2000 жыл бұрын қаланғаны дәлелденуі ықтимал. Себебі ежелгі Қаңлы мемлекетінің алғашқы астанасы – бұл жерден жарты күндік жерде. Бұл қала сол мемлекеттің екінші қаласы болуы әбден мүмкін.Қаңлы мемлекетін құрғандар – қазіргі қазақ ұлтын құраған ру, тайпалардың арғы аталары.

–Келес өзенінің өн бойында, әсіресе оңтүстік жақтағы биік беткейлерінде көне қыстаулардың орны көп. Бастауын Қазығұрт тауынан алатын Келес өзенінің арнасы батысқа бұрылған тұстан басталып, Сырдария өзеніне дейін созылып жатқан төбелер тізбегі талай сырды бойына жасырып жатыр. Төбелердің астынан қазылып, біршама қашықтықтарға созылған жасырын өткел жолдардың іздерін бала кездерінде көрген қариялардың әңгімелері әртүрлі ойларға жетелейді. Орта ғасырларда осы төбелердің үстімен еларалық шекаралар өткен дейді кейбір деректер.

–Келес құйғанындағы «Күлтөбе» мен «Мыңтөбе» туралы да аңыз-әпсаналар көп. «Мыңтөбенің» үш төбесін қазған Түркістандағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінен келген археолог жерлесіміз Бағдәулет Сыздықов, «Тек қана топырақтан тұрғызылған нысанда біздің жыл санауымызға дейінгі III-IV ғасырлардағы тұрмыс, салттың белгілері сақталған», – дейді. Осы археологтар тобы соңғы екі жылда «Күлтөбеде» қазба жұмыстарын жүргізуде. Қазірше анықталғаны бұл нысандардың V-VI ғасырларда Қаңлы мемлекетінің иеліктері болғаны.

–Келес даласындағы халық 1807 жылдан Қоқан хандығының, 1865 жылдан патшалық Ресейдің, 1917 жылдан коммунистік режимдегі Ресейдің, жалпы 184 жыл бодандықта болған. Осы жылдар бедерінде өз еркіміз өзімізде емес тұғын. Орыс билеушілері қазақтарға: «Тарихың жоқ», «Тілің отбасы, ошақ қасына ғана жарайды», «Құдай жоқ, дінің бекер», – деп келген. Жерімізді иелену үшін отаршы мемлекеттер халқымызды қырып, жою үшін барлық әдіс, айласын іске қосқан. Білімділерді жоспарлы түрде жойған. Қалған аш халық айдауына көніп, құлдық өмір сүруге мәжбүрленген.

–1917 жылғы «Жылантақыр жұты» мен оның зардабынан асып түскен 1922 және 1932 жылдарғы қызыл империя қолдан жасаған ашаршылықтардан бар қазақтың жартысынан көбі қырылған. Мұндай жауыздық этногеноцидпен теңестірілуі тиіс. Бұл жағдай Келес даласында да айна қатесіз қайталанған.

Енді бір сәт Келес даласындағы жағдайды өз көздерімен көрген Майлықожа ақынның ұлдары – Асан (1864-1921) және Исабек (1895-1935) ақындардың жазғандарын оқиық.

Асан ақын «Жылан, Жылқы жылдары» өлеңінде былай депті:

Байлықтың бас амандық – бастығы екен,

Өлгенде «ой, бауырым» деу – мастық екен.

Жарлылық, жалаңаштық ештеңе емес,

Жаһанның ең жаманы – аштық екен.

Исабек ақынның «Екі Келес» термесінде айтқаны:

Ақыл, естен айырылып,

Біреуге біреу соқтықты.

Нормалап ауқат үнемдеп,

Көре алмадық тоқтықты.

Утилсырья жинатты,

Ескі-құсқы,боқтықты.

Залог, налог көбейіп,

Проценттеме көп шықты.

Ұят-аят тіпті жоқ,

Әкесін бала жеп шықты.

Жанашыр жан қалмады,

Жер астынан жік шықты.

Бүгін бірін тындырсақ,

Даяр тұр бірі ертеңге.

Жалт қарасақ төніп тұр

Белсенділер желкеңде.

Сыймаса да, сыйса да,

Сал көтіңді керсенге.

Қайдан тапсаң одан тап,

Қаратпаңыз ертеңге.

Берсең бүгін төрт теңге,

Төлерсің ертең бес теңге.

  • Қазақты өз жерінде жоғалтудың басқа да жолдары іске қосылып жатты. Сауатты қазақтарға жала жауып, «халық жауы» деп ұстату, итжеккенге айдату және оларды атудың жасырын «социалистік жоспары» болған. Оны орындау кейбіреулерге «абырой» әперген.
  • 1925 жылы Жаушықұм, Үштөбе, Алтын шағын болыстықтарын Байқабыл (кейін Келес деп аталған) болыстығына қосып ірілендірген. Орталығы – базарымен, жәрмеңкесімен аты шыққан Ешан базар ауылы болған.1928 жылы оған Болат (қазіргі Сарыағаш ауданының аймағы) болыстығы қосылып, бүкіл Келес даласы бір әкімшілік аймаққа айналып, Келес ауданы құрылған.
  • Сол кездегі шекарамыз Ташкент түбіндегі жарқабағы көп «Қарақамыс» өзенінде болған. Батыс жағындағы Бозсу алабы да Ташкент қазағы оязына қарасты Келес болыстығына (кейін аудан болған) қараған. Сол жылдардан бері қазақ-өзбек шекарасының Келес даласы тұсында шектескен жерлерінде көптеген қиянаттарға орын беріліп келген. Одан кейінгі ондаған жылдар бойы өзбек шекарасы Келес даласының қырларына қарай мысық табандап жылжи берген, жылжи берген. Бір кездері сөз болған Ташкенттің екінші аэропорты Дарбаза аймағынан салынғанда қазіргі Келес даласы (Келес, Сарыағаш аудандары) қолдан шығып кетуі әбден мүмкін еді. Орта Азия темір жолына қараған Шеңгелді стансасы мен жалға берілген Бозай аймағын тәуелсіздік орнағаннан кейін қайтарып алудың өзі сөзбұйдаланып, бірнеше жылға созылғаны бұл сөзімізді растай түседі.
  • Париж Коммунасы үлгісінде Қазақтар арасында алғаш ұйымдастырылған «Келес Коммунасы» ұжымдық шаруашылығы 1923 жылы пайда болған. (Көп өтпей колхозға айналған). Оны құрған Тасбау Борашев, идеологиялық жетекшісі Зиябек Рүстемов тұғын. Бұл шаруашылық аздаған жылдың ішінде табыстары артып, мәдениеті өскен. Сауатсыздықты жою үшін қысқа мерзімді оқулар ұйымдастырған. Өздері өндірген мақтаны мемлекетке өткізу үшін 400 түйелік керуенмен «Қызыл ту» темір жол стансасына (қазіргі «Сарыағаш» стансасы) апара жатқан көрініс, қазақ біріксе қандай күш болатынын көрсеткен. Еңбектегі жеңістерін тойлағанда Ташкенттен үрмелі оркестр шақыртқан.Тойханадан алыстағы қонақтарға палау салынған легенді атпен тасыған. Ұжым өркениет жетістіктерін өмірге жедел енгізіп жатты.Ауылға трактор, велосипед, патефон, кино, фото келіп, қараңғы халықтың көзін ашқан. Қазақ Коммунасының бұл жетістіктері Ташкент, Шымкент, Түркістан аймақтарына ертегідей болып елестеген.
  • 1928 жылы Ташқазақ уезі (Ташкент қазағы уезі) Бүкілодақтық Атқару комитетінің қаулысымен жойылған. Осы құзырлы органның қаулысымен Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасына қарасты Сырдария округінің жоғарыда аталған Келес болыстығы аумағында сол жылғы 17 қаңтарда тікелей республикаға бағынатын Келес ауданы (қазіргі Келес, Сарыағаш аудандары түгелімен, ал Өзбекстанның «Бозсу» аймағын және Қазығұрт, Шардара аудандарының бірнеше ауылдарын қамтыған) құрылған. Алғашқы жылдары аудан орталығы – Ешан базар ауылы болған. 1935 жылдан Келес ауданының орталығы – темір жолы бар, 755 тұрғын жасайтын Сарыағаш селосына ауысқан. Ешан базар елді мекені 1945 жылдан Абай базар деп аталған. Ұлы ақынымыздың есіміне қосылған «базар» сөзі 1961 жылы алынып тасталған. 30 мыңнан астам халқы бар аудан орталығы бүгінде – Абай ауылы деп аталады.
  • Тұрар Рысқұлов өзінің Иосиф Виссарионович Сталинге жазған хатында Қазақстандағы атқарылып жатқан жұмыстарды, асығыстық және көзбояушылық деп бағалаған. Келес ауданында (Сарыағаш ауданы енші алмай тұрғанда) 142 колхоз ұйымдастырылғанын және оларды кейін 35 колхоз-гигантқа біріктіргенін мысалға келтірген.
  • Келес ауданында Кеңес Одағының Батыры атағын алған жалғыз ғана азаматымыз – Лесбек Жолдасов болған. Ұсынылған, бірақ Батыр атағы берілмегендері екеу. Олар – Тұрдымұрат Әзімбаев пен Аманша Меңдіғалиевтер. Батырлар бұдан да көп болуы әбден мүмкін. Мұны айтып отырғанымыз, орыстар біздің бабаларымыздың «Отаным» деп соғысқанын, жан қиғанын орынды бағалаған жоқ. Оларды отар елдің адамы, орыстың құлы деп санаған. Бұған мыңдаған мысалдар келтіруге болады. «Жабуды жаба тоқыған» компартиялық саясаттың арқасында халық бұл саясатты түсінбей келген. Түсінгенімен қолдан келер қайран жоқ тұғын.
  • Мәскеу соғыстан шаршаған еңбекші халықтың еңсесін көтеруді мақсат етіп, 1947 жылғы еңбек табыстары үшін 1948 жылы көптеген еңбек озаттарына Социалистік Еңбек Ері атағын берген. Олардың қатарында біздің Келес ауданындағы «Қызыл әскер» колхозынан үш еңбек озатына, мақта өсірушілер – Бәйбек Ермеков, Рыскүл Махатова, Пілтан Мамыровқа, «Социалистік Қазақстан» колхозының мақташысы Оразкүл Бектұрғановаға және «8-гвардия» колхозының жылқышысы Жарылқасын Тілеубаевқа сондай жоғары атақ беріліп, Ленин ордені қоса-қабат тапсырылған тұғын.
  • 1917-1991 жылдар аралығында орыс коммунистері билеген Кеңестік Социалистік Республикалар Одағында бодандығында болғанда 1950 жылға дейін бүкіл Қазақ елі сияқты Келес халқы да басты байлығы – халқының (қазағының) жартысынан көбінен айрылған. Олардың орнына орыстарды әкелген. Соғыстан кейінгі жылдарда Кавказдан, тағы басқа жақтардан Келеске көптеген өзге ұлт пен ұлыс өкілдерін жер аударған. Осылай жасаудың басты мақсаты – жердің иесі болып саналатын – қазақты өз жерінде азшылыққа ұшыратып, орыстандыру және шоқындыру болған.
  • Патшалық Ресейде 1917 жылы төңкеріс жасап, билікке келген орыстың большевиктік партиясы оңтүстікте жасайтын қазақтарды отарлаудың сан түрлі жолдарын қарастырған. Бұрынғыдай «бір ру — бір болыс» жүйесімен 1925 жылға дейін басқарып келген. Одан кейін руларды бір-біріне қосып, іріленген болыстықтар жасаған. Кең-байтақ Келес даласындағы Алтын, Жаушықұм, Үштөбе болыстықтарын Байқабыл (кейін Келес деп аталған) болыстығына қосқан. Орталығы – базарымен, жәрмеңкесімен аты шыққан Ешан базар ауылы болған. Біраз уақыт өткен соң оған Болат болыстығы (Сарыағаш аймағы) қосылған. Аталған болыстықтар орналасқан жер көлемі қазіргі Келес, Сарыағаш аудандарының көлемінен асып түсетін еді.
  • Кеңестік империяның елді басқару талаптарына сай 1928-жылы аудан мәртебесін иеленген Келес ауданы осы болыстықтарды қарамағына алған. 11 жылдан кейін, дәлірегі 1939 жылы Сарыағаш ауданы енші алып, бөлек шыққан. Осылайша Келес даласында екі аудан 24 жыл қатар өмір сүрген.
  • 1963 жылы 2 қаңтарда КСРО-ның дара билеушісі Никита Сергеевич Хрущевтің солақай саясаты, теріс реформасы кезінде көптеген облыстар жойылып, олардың аумақтары өлкелерге, аудандар жойылып, өндірістік басқармаларға біріктірілген. Осы кезде Келес және Сарыағаш аудандары жойылып, орнына орталығы – Сарыағаш елді мекені болған Сарыағаш өндірістік басқармасы құрылған. Келес ауданының аумағы осы басқармаға біріктірілген.
  • 1964 жылғы Кремльдегі төңкерістен кейін бұрынғы облыстар мен аудандар ішінара аздаған өзгерістермен қалпына келтірілген. Сол жылдың 31 желтоқсанында қазіргі Келес ауданының аумағын түгел қамтыған Абай, Ақтөбе, Коммунар, Ленин жолы және Чапаев селолық советтеріне бұрынғы (1928 жылы құрылған, 1956 жылы жойылған) Қызылқұм ауданының Шардара, Жаңа Шардара селолық советтері мен Сырдария поселкасы қосылған.

Бір жыл бұрын қысқарған Келес ауданының аумағы осылайша қалпына келтірілген. Аудан орталығы – бұрынғыдай Абай ауылы болған. Бірақ аудан атауы Келес емес, Бүкілодақтық екпінді құрылыс аталған Шардара ГЭС-інің «құрметіне», билік басындағылардың қалауымен (дұрысы жағымпаздануымен) Шардара ауданы деп аталған. Сол жақтағы екі селолық совет пен поселке халқы Сырдарияның арғы бетін жағалай автомобильмен жүріп, Жетісай, Киров, Мақтаарал аудандарынан өтіп, одан ары Өзбекстанның Шыназ ауданын аралап, «Жалдама» ауылы арқылы төрт-бес сағаттан астам жол жүріп, аудан орталығы – Абай ауылына жететін және қайтатын еді. Мұндай әурешілік төрт-бес жылға созылған.

  • Қазіргі Шардара ауданы 1969 жылы қазан айында алғаш рет осы аумақта 1928 жылы құрылған, 1956 жылы жойылған Қызылқұм ауданының аумағында ұйымдастырылған. Соңғы Жарлықта жазылғандай, аудан орталығы – Абай ауылынан Шардараға көшірілген жоқ. Атауы ғана кеткен. Абай ауылынан бір басшы немесе бір үстел мен орындық Шардараға апарылған жоқ. Аудандық «Өскен өңір» газетінің де атауы кеткен. Бір журналист немесе баспахананың бір шрифты да әкетілген жоқ. Жаңадан ұйымдастырылған Шардара ауданы басшылары да, басқалары да жаңадан болған.

Соған қарамастан Шардара аудандық әкімдігі тарихи жағдайларды бағамдай алмаған жазғыштардың сөздеріне сеніп, 2019 жылдың 22 қарашасында «Тамыры терең, тарихы ерен Шардара» тақырыбымен облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізген. Онда Шардара ауданының алғаш құрылған уақытын 1969 жыл емес, 1964 жыл деп өзгертіп, ауданның 55 жылдық мерейтойын тойлаған. Шындығына келгенде тарих мүлде басқаша тұғын.

  • Архивтік құжаттарға қарағанда, қазіргі Шардара ауданы аумағында 1928 жылы Қызылқұм ауданы атауымен алғаш рет аудан құрылған. Орталығы бүгінде жасанды «теңіз» астында қалған Ақтөбе ауылы болған. Кейіннен Ақтөбе ауылын Шардара деп атаған. 1951 жылы аудан құрамында Жаңа Шардара, Қызыл ту, Сталин, Шардара, Шымқорған, Еңбекші аталған алты ауылдық кеңес болған. 1953 жылы аудан орталығы – Шардара ауылы жасанды «теңіз» астында қалатын болғандықтан, оны Мақталы ауылына көшірген. 1954 жылы «теңіздің» одан әрі етек жаюына байланысты ауылдық кеңестерді бір-біріне қосып, көптеген өзгерістер жасалған. 1956 жылы 27 сәуірде Қызыл ту ауылдық кеңесі Мақталы ауылдық кеңесіне қосылған. Бұдан соң Қызылқұм ауданы таратылып, оның аумағы Киров ауданына қосылған.

Қазіргі Шардара ауданының аумағында алғаш құрылған ауданға үш жылдан кейін, яғни 2028 жылы 100 жыл толады. Кезінде парсылардың қол астында болғандығымызды үнемі еске түсіріп тұратын Шардара (Төрт қақпа) сөзін қолданыстан алып тастап, аудан алғаш ұйымдастырылғандағы атауын Қызылқұм деп ауыстырса, ұтымды әрі әділетті болар еді.

1928 жылы Келес даласында құрылған Келес ауданының 1964-1969 жылдардағы тарихын Шардара ауданының тарихына «сүйреп» апарып телігендері – ешқандай қисынға келмейтін ұят тірлік. Келес даласындағы Келес ауданы төрт-бес жыл Шардара деп аталғанымен, орталығы –бұрынғыдағыдай Абай ауылы болған. Шардаралықтар осындай шешім шығарыпты деп, Келес ауданы өзінің аумағының тарихын өзгертіп жазған жоқ, жазбайды да. Солақай сайқал саясаттың көрінісі деп қана есептейді.

Келес ауданы 1997 жылы жойылып, аумағы 20 жылдан астам уақыт Сарыағаш ауданы құрамында болған жылдары Шардара ауданындағы бай-бағландар Келес даласының батыс жақ аймақтарын сатып алып, өздерінің ауданына қосу әрекеттерін де жасаған. Солай болған жағдайда Келес ауданы өзінің аумағындағы тарихи «Алқакөл», «Ащыкөл», «Қалғансыр», «Найманкөл», «Көздікөл», «Бекбота», «Қылыштың қыры», «Бандыүңгірсай», «Байғабыл» елді мекендерінен айырылып қалған болар едік.

  • Айтпақшы,1988 жылы Келес ауданы екінші рет таратылып, аумағы Сарыағаш ауданына қосылған. Келесі 1989 жылы қос аудан бөлініп, Келес ауданы қайтадан қалпына келтірілген.
  • Қазақ елі Тәуелсіздік алғаннан кейін, 1997 жылы Келес ауданы үшінші рет таратылып, аумағы тағы да Сарыағаш ауданына қосылған. 21 жылдан кейін, яғни 2018 жылдың 5 маусым күні қайтадан қалпына келтірілген.
  • Халық аузындағы Әулие Ет жемес Ешан атаның Келес, Сарыағаш аудандары деген ұғымдардың жоқ кезінде айтқан: «Бұл ел үш рет бөлініп, үш рет бірігеді. Содан соңғы бөлінуден кейін өз алдарына ел болып кетеді», – деген көрегендік сөзі дәл келді. Енді сол айтқан болжамның дәл келгенін көрсетейік.Келес ауданының таратылып, Сарыағашқа қосылған уақыты: 1963, 1988, 1997 жылдар. Бөлініп, қалпына келген уақыты: 1964, 1989, 2018 жылдар.
  • Ұзақ уақыт зарыға күткен шешімге қол қойылған 5 маусымды – КЕЛЕС АУДАНЫНЫҢ КҮНІ ретінде жылы сайын аталып өтілетін мереке болса игі. Қазір ауданда Абай, Ақтөбе, Алпамыс батыр, Бозай, Бірлесу, Бірлік, Біртілек, Жамбыл, Жүзімдік, Қошқарата, Ошақты, Ұшқын ауылдық округтеріндегі 150 мыңға жуық халық егін егіп, мал бағып, шағын-шағын өндіріс орындарын ашып, еңбек етуде.

2018 жылдан бастап Келес ауданының тұтас тарихы ескі және жаңа жылдармен толықтырылуда. Келес ауданының жаңа басшылары қызмет атқаруда. Келес даласының атын жаңғыртып отырған Келес ауданының тағдыры – солардың қолында. Ауданның экономикасы мен мәдениетінің өсіп, өркендеуіне және халықтың әлеуметтік жағдайына осы азаматтар тікелей жауапты екені баршаға белгілі. Келес тарихын зерттейтін болашақ тарихшылар қазіргі аудан басшыларының жұмысына оң баға беретін ізгілікті де игілікті жұмыстар атқарылса екен деген ізгілікті де игілікті тілегіміз бар.

Қымбатты оқырман қауым! Сіздерді «Киелі Келес даласы» депаталатын кітапқа белсене атсалысуға шақырамыз. Қолдарыңызда бар аса құндымұрағаттық мәлімет, естелік, фотосуреттеріңізбен бөлісе отырыңыздар, ардақты ағайын!

Оңғар ИСАЕВ,

журналист, өлкетанушы, аудандық «Келес келбеті» газетінің жанындағы ақын Тоқаш Бердияров атындағы әдебиет және өнер бірлестігінің мүшесі, Келес ауданының Құрметті азаматы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *