Ертең бірінші сәуір, күлкі күні!
Бір минут күлген адамның өмірі бір жылға ұзарады екен. Дұрыс-ақ! Сонда қалай күлеміз, кімге ұқсап күлеміз? Бүткіл ауыл болып оның жолдарын іздестіре бастадық. Бізге керегі уайымсыз, ашық-жарқын беделді күлкі болатын. О,Жаратқан! Беделді күлетін мырзаларға сұрау салып қай жерлерге бармадық. Бізде уайымсыз ақ көңілімен күлетін азаматтар бар ма, өзі? Бар екен! Ол қымбатты министрлер! Көп ойланбастан мәдениет министріне ұқсап, қол бұлғасып мәдениетті күлуге тырысып едік дым шықпады. Шықпағаны ауылымыз мәдениетті көрмеген ғой. Қайта шуласа беріп күлкіміз айғай-сүреңге айналып бірнемеге ұқсап кеткендей болды. Алайда, бізде министрлер біреу емес көп. Бәріміз ойласып оқу министріне еліктеп күлеміз деп шештік. Осы министрге ұқсап күлгенде білікті болуға ұмтылып, не үшін күлгеніміздің себеп-салдары, айы-күнін жорналға тіркеп енді күле бастап едік, Жаратушы абыройсыз етейін десе амал бар ма, күлкіміз сап тыйылды. Өздеріңіз де біліп отырған боларсыздар мектеп, бақшадағы үш тілділік орыс, ағылшын тілдері есімізге түскенде қайтігі жүрегіміз жарылмақ? Ал біздің қалай да күлуіміз керек. Ауыл болып ах ұрдық. Енді кім қалды? – деп күрсіністік. Ох! Әлеумет министрі бар екен. Басқа-басқа тап осы министрге ұқсап уайымсыз күлуді қатырамыз деп ойлағанбыз. Неге? Әлеуметтік жағдайлар туралы арыз-шағымымыз бітпейтіндіктен оның ашық-жарқын, беделді күлкісі бізге бұрыннан таныс болатын-ды. Хормен ауыл болып күлдік те аузымызды баса қойдық. Олай болғаны Қадырқұлдың жиырма мың теңге пенсиясы есіне түсті. Шәмшәгүлдің баласының пальтосы жыртық. Жол жөнделмеген. Ауыз су – лай. Тағысын-тағылар. Осындай халде қандай күлкі? Керісінше жылап отырғандарды байқап қалдым. Ал ертең бірінші сәуір. Айналайын ауыл тым болмағанда күлмесе де езу тартуы қажет. Адам қысылғанда қай-қайдағысы еске түседі деген рас шығар.
Мен иіссу, әлдебір шұлықтардың қорабындағы денесін жалаңаштап бір көзін шашымен жауып күліп тұрған сұлуларды білетінмін. Соны мысалға алып оу, күлудің не қиындығы бар? Тым болмаса соларға ұқсап күлейік деп едім, дым өнбеді. Өнбегені олардың күлкісі жай жарнама екен! Өзім де түсінбей қалдым. Сонда қалай бізде бәрі жақсы деп БАҚ, телеарналарда өтірік күлуге бола ма деп ойлап едім. Бір түйсігім болады дейді. Оны білген біз емес беделді күлуді қатыратын министрлер ғой. Олай болса айналайын министрлерімізге ұқсап біз де бірінші сәуірде уайымсыз күлейік. Күлкі денсаулыққа пайдалы дейді…
Ералхан ЖЫЛҚЫАЙДАРҰЛЫ