ДӘУІРДІҢ ДАУЫЛПАЗ, СЫРШЫЛ АҚЫНЫ

Тұлға Әдебиет
942 Views

Әйнектей аяз қысқан

Бабаның баяғы өткен жұрты қайда

Малынған заман қайда мұрты майға?

Қат-қабат ойға түсіп қамыққанда,

Бұршақтап көзден жасың ыршымай ма?

Сары аяз сақылдаған – өмір мынау,

Әйнектей аяз қысқан көңіл – қырау.

Шалқыған айдын көлдей кең дүние,

Көзіме оймақтай боп көріңдің-ау?!

Шықпайды бұрынғыдай күн жадырап,

Бос қалған жүрек төрі тұр қаңырап.

Ішіңде алай-дүлей боран ұрған,

Тағдырың керек сенің кімге бірақ?..

Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Несіпбек Айтұлы

 Айналып тұрған дүние-ай

Барайын десем ел қандай?

Бармайын десем шөл қанбай,

Өзекке түсіп сағыныш,

Өртеніп жүрек жанғандай.

Асайын десем бел қандай?

Үзіліп белім талғандай.

Саудаға түскен сары жұрт,

Сарсаңға күнде салғандай.

Шығайын десем тау қандай?

Басынан бұлты ауғандай.

Аспанның емес жартастың

Көзінен тамшы тамғандай.

Түсейін десем көл қандай?

Сораптап тажал сорғандай.

Сортаңда қалдым сопайып,

Жан едім неткен сормаңдай?

Ішейін десем су қандай?

Ішіне қосқан у бардай.

Қайран да менің қазағым,

Қайғымен егіз туғандай.

Қазайын десем жер керек,

Қазбайын десем көр керек.

Айналып тұрған дүние-ай,

Ай менен күндей дөңгелеп…

Есіл жүрек

Қасарыстым, қайыспадым,

Қинаса да қиын жолым.

Көк темірдей майыспадым,

Көк шыбықтай иілмедім.

Қас дұшпаным келсе жетіп,

Жасымадым, жайнап тұрдым.

Жігерімді семсер етіп,

Намысымды қайрақ қылдым.

Тағдыр талай салмақ салар,

Тіккен туым жығылғанша.

Есіл жүрек ел деп соғар,

Ыстық қаным суынғанша.

Есіңнен кетпес

Жай тауып жаның жайланар,

Желбіреп тұрса бақ туың.

Буынға түсіп, бойды алар,

Ләзаттың татсаң тәтті уын.

Әр саққа жүйткіп жүгірер,

Баса алмай ойың аптығын.

Қайғының белі бүгілер,

Кеудесін керіп шаттығың.

Есіңнен кетпес өлгенше,

Өмірдің сол бір сағаты.

Жүректің оты сөнгенше,

Көңілдің талмас қанаты.

 Жүруші едік

Ішім – көктем, сыртым – күз,

Сағындырдың, сылқым қыз.

Көк аспанды бүркеніп,

Көк жайлаудан гүл теріп,

Жүруші едік, шіркін, біз.

Аспан алыс, жер жақын,

Қайда барсын енді ақын?

Іздей- іздей таппадым,

Бұл жалғанның жәннатын.

Кешкен талай тасқынды,

Жаным аңсар жас күнді.

Көк жотада көп жортып,

Жолдас қылған қасқырды.

Таңғы шықтай мөлдіреп,

Жанарыма жас тұнды…

Кешіргейсің ұлыңды

Қарақшымен қандаспын,

Жемқорменен жолдаспын.

Дәмін таттым солармен,

Жал мен жая, жамбастың.

Бар ма басқа амалым,

Осы болса заманым.

Періштедей пендені,                                                 

Қайдан іздеп табамын?

Іздей білсем алқынбай,

Барлығына халқым бай.

Бірен-сарын бар шығар,

Құмға сіңген алтындай.

Қайран атамекенім,

Сенен қайда кетемін?

Кешіргейсің ұлыңды,

Бармен базар етемін…

Арба сынып, ат өліп

Өтті бастан талай күн,

Өлі үмітке жан бітіп.

Келешекке қараймын,

Қарашығым қан жұтып.

Мұңлы жүрек жаралы,

Өксиді жас баладай.

Дүние көшіп барады,

Алды-артына қарамай.

Қасқырға қой бақтырған,

Мына заман қай заман?

Бірін-бірі лақтырған,

Қара базар айналам.

Арба сынып, ат өліп,

Айдалада қалды арман.

Күрік-күрік жөтеліп,

Қалтырайды тоңған жан.

Қарлы боран соғады,

Қаңыраған ішімде.

Көктем күлім қағады,

Өңімде емес түсімде…

Ағаларды іздеймін

Ағаларым ар жақта,

Бауырларым бер жақта.

Күнде қарап қоямын,

Ажал салған жол жаққа.

Күлімдейді таңғы аспан,

Қара түнге жалғасқан.

Ай мен күнге не дейін,

Қас-қағымда алмасқан!

Маңдайымнан тер төгіп,

Жүрегімнен шер төгіп.

Өмір сүріп келемін,

Күйіп-жанып, өртеніп.

Жаралғанмын адам боп,

Жарқыраймын, жаным деп.

Алғаным көп өмірден,

Жоғалтқаным одан көп.

Жоқ іздеген жоқшымын,

Осы менің нақ шыным.

Қамын жеген халықтың,

Соңына ердім жақсының.

Құлазыған күздеймін,

Ағаларды іздеймін.

Ішке қайғы толғанда,

Жалын шайнап, мұз жеймін.

 Біздің де

Біздің де басымыздан озды заман,

Күндей боп екінтіге тез құлаған.

Тұғырдан түскеннен соң мезгілі кеп,

Сіңірден не шығады созғылаған.

Кезінде белден де астық, таудан да астық,

Сан жықтық алысқанды ақ жамбас қып.

Асауды құлағынан басып мінген,

Қай жерде қалып қойдың, балуан жастық?

Көрген жоқ сұм жалғанды кісі жеңіп,

Өткен күн мазалайды түсіме еніп.

Опасыз дүниеден опық жеген,

Менің де сыртым тірі, ішім өлік.

Биллярдттың тасындай

Қазақ неге кейде осы мұңаяды?

Мұңайғанда шынында кім аяды?

Туған елге батырды тіс- тырнағын,

Кірмелер де басынып қыл аяғы.

Басымызға туғанда шалқыр заман,

Қайықтаймыз толқында қалтылдаған.

Мұғалім қыз қартайды күні бұрын,

Жеткізе алмай айлығын там-тұмдаған.

Жең ұшынан жалғасып дос пен дұшпан,

Шет елдерге көбейді қашқан-пысқан.

Қалжырап тұр шаршаған теңгеміз де,

Қуа-қуа долларды аспанға ұшқан.

Байлығымыз бөтеннің қалтасында,

Қарық болған қазақтың арқасында.

Шырылдайды халықтың шыбын жаны,

Инвестор мен жемқордың ортасында.

Шыбын жаны ұлтымның шырылдайды,

Безбүйректер бірақ та бұрылмайды.

Миллиардтар жүйткіген қолдан-қолға,

Биллиардтың тасындай зырылдайды.

Күлкім келеді

Жоғалған жылқым көп еді,

Тоналған мүлкім көп еді.

Дерегін білсе біреулер,

Хабарын мүмкін береді.

Ұрыдан қорғар ұлықтың,

Тиер ме, шіркін, көмегі?

Арбауға жұртым көнеді,

Алдауға ұлтым сенеді.

Қулардың саны көбейді,

Майлаған мұртын себебі.

Шындық көзі бар болса,

Бәрін де бір күн көреді.

Жоғалған жылқым көп еді,

Тоналған мүлкім көп еді.

Жемқорға жемқор тап берген,

Күреске күлкім келеді…

Көкке жайып қолымды

Туған тілдің омырауынан сүт емген,

Ұрпақтардан үлкен үміт күтем мен.

Бір күндері ашылар деп ойлаймын,

Бір кездегі бұлақ көзі бітелген.

Көзі ашылса күміс бұлақ сарқырар,

Көңі кепкен құба шөлге көп тұнар.

Кәусарына шөлі қанған қазағым,

Бұлттан шыққан күндей болып жарқырар!

Қайта туар көш бастайтын көсемдер,

От ауызды, орақ тілді шешендер.

Ей, келешек, туған тілдің жолына,

Шашу шашып, қызыл кілем төсеңдер!

Көріпкелдер келер күнді болжайды,

Кемеңгерлер айтып кеткен ол жайлы.

Өз елі бар, өз жері бар болғанмен,

Өз тілі жоқ мемлекет болмайды.

Қайран жүрек қанжылайды құсадан,

Қай құдірет тұлпар тілді тұсаған?

Жәрдем сұрап жалбарынсам жараспас,

Көктегі Иса, жер бетінде Мұсадан.

Уа, Мұхаммед, түссін бізге оң көзің,

Кінәлінің жазасын бер, Алла өзің!

Қара түнде көкке жайып қолымды,

Туған тілдің күтіп тұрмын таң бозын.

 Бір жұмбақ балықшы бар

Тіріге жайған торы көрінбейтін,

Бір жұмбақ балықшы бар Өлім дейтін.

Өлуге жаралған соң өкінбейсің,

Көр қазып, жұртың болса кебіндейтін.

Түспесе ықыласы пендесіне,

Тәңірдің кім таласар бермесіне?

Бақидың бас бұйдасын тартып кеткен,

 Көз жетті бұрынғының келмесіне.

Сыйлаған біреуге сор, біреуге бақ,

Тағдырдың өңі суық күрең қабақ.

Шаңдатып,шерулетіп біз де өтерміз,

Қаларын қай қуыста кім аңдамақ?

Ер жігіт еңбек етсе ел мен жерге,

Кедейі қайыр сұрап телмеңдер ме?

Байдың да балпандаған күні бітер,

Тыққанмен қазынасын көрден-көрге.

Қу болсаң қиянатты көп жасаған,

Қашсаң да шыбын жаның қалмас аман.

Шын сүйсең, сені сүйіп сенен де артық,

Құлыңдай құрмет қылар ел де саған!

Су жұқпас қу болсаң да, сұм болсаң да,

Түбінде бір түсесің құрған торға.

Халқыңды зар қақсатып зәтте қылсаң,

Топырақ салатұғын кім бар сонда?

Қай заман

Зар жылаудан жалықпадық,

Кім бар жаны ашыған?

Қазақстан – алып балық,

Шіріп жатқан басынан.

Қадалып тұр қолқасында,

Қанша қармақ балықтың.

Қорқаулардың қалтасында,

Қазынасы халықтың.

Батыр менен бағыланды,

Сұмдық шықты басынған.

Бұл қоғамның қолы қанды,

Жеңге пышақ жасырған.

Көз ашпады ел жазадан,

Зығырданы қайнаған.

Бас айналды даңғазадан,

Мына заман, қай заман?..

 2008 – 2020 ж.

Жүрек жыры

«Үлкейіпті жүрегің» дейді маған,

Түк етпейді, несіне қайғыланам.

Бұлқындырып байқұсты жатыр бірақ,

Тар көкірек қапастан айнымаған.

Мүсіркеме, дәрігер, біле-білсең,

Тыңдағайсың ағаңның тілегін сен:

Кіп-кішкентай адамның қандай жақсы,

Көңілі кең болғаны, жүрегі үлкен.

Жүрекке жүгіну

Пендемін өзімді-өзім қамшылаған,

Кірпіктен көз жасым бар тамшылаған.

Өмірдің сан сапалақ сапарында,

Мен де бір жолаушымын жол сұраған.

Кім берер кезегімді тілегенше,

Ат басын жетер жерге тірегенше!

Алмасып, аударылған дүние бұл,

Орнына біреу туып, біреу өлсе.

Жалғанның көз жеткізген түбіне кім?

Түбіне үңілем де түңілемін.

Шешуін таппаған соң көп жұмбақтың,

Жүрегім, саған ғана жүгінемін.

Жүрегім, өле өлгенше құлмын саған,

Қиынға сенен басқа кім жұмсаған?

Құлыңды кінәлама, жазығы жоқ,

Жүруге келмей қалса бір күн шамам.

Қолыңда тұр ғой барлық өмір сенің,

Әміршім, білемісің шөліркедім.

Қандырып махаббаттың сусынына,

Қарық қып жіберсеңші, көңілшегім?!

06.04.2020 ж

Бейбіт күннің қадірі

Ар алдында есеп берер күн келді!

Зәресі ұшып індет деген дүлейден,

Бүкіл әлем қалтырады үрейден.

Әуежайда қаңтарылып ұшақтар,

Жартастардан аумай қалды сілейген.

Өмір-өлім бетпе-бет кеп тіресті,

Пойыздардың, кемелердің үні өшті.

Мемлекеттер бір-бірмен жауласқан,

Бір-бірінің амандығын тілесті.

Тура келген ажалдан кім бұлтарды?

Адамзаттың көк аспанын бұлт алды.

Шекаралар, көшелер де жабылды,

Терезелер, есіктер де қымталды.

Көңіліне уайым кірген күйінде,

Пақыр да отыр, патша да отыр үйінде.

Бейбіт күннің білмеппіз ғой қадірін,

Ішкен тамақ, мәз боп киген киімге.

Ар алдында есеп берер күн келді,

Қарақшылар, жемқорлар да жым болды.

Ұмытылды соғыстар да кешегі,

Естен шығып кім жеңілді, кім жеңді?

Түскен кезде ауыр тағдыр тезіне,

Шырқырады шайтандардың өзі де.

Тажалдар да тәубасына келіп бір,

Шыбын жаны елестеді көзіне.

Ей, бауырлар, қу дүниеге құнықпа,

Мөңіреме мәнсап деген тұлыпқа.

Қырғын тисе көппен бірге кебінсіз,

Қара жерге кіреріңді ұмытпа!

Адамзатқа келген тосын зобалаң,

Аулақ кетсін,болсын барлық ел аман!

Достық қана бекітеді іргеңді,

Қастық қашан қажетіңе жараған?

Бір-біріңді хан -төредей күтіңдер,

Туғаныңа тапсаң құстың сүтін бер!

Мейірім ғана жеткізеді мұратқа,

Қайырым ғана қабырғаңды бүтіндер!

 2.04.2020 ж.

 Зауал

Қасіретті күн жетті,

Өртенуде өзегім.

Қолдан жасап індетті,

Қырды адамзат өз-өзін.

Жұтар ауа былғанды,

Көк орманды шаң басып.

Шөптің басы уланды,

Өрісінен мал қашып.

Кім бар бізді тыңдаған?

Түтін басты қырымды.

Ақбөкендер мыңдаған,

Қынадай боп қырылды.

Балықтар да теңкиіп,

Жатыр шіріп жағада.

Қарға-құзғын өңкиіп,

Қарық болды шағала.

Жердің беті қуарып,

Жасыл түсін аударды.

Қып-қызыл боп су ағып,

Қап-қара боп қар жауды.

Асқар тауды тұз басты,

Мың жылғы мұз еріді.

Иектеді албасты,

Періштелер жеріді.

Тұншықты бар төңірек,

Інге кірді жыланы.

Аралар да еңіреп,

Құмырсқалар жылады.

Айта алмаймын ашыла,

Кімге пайда, кімге обал?

Тіршіліктің басына,

Төнді әйтеуір бір зауал.

Артады ауыр тағдыр жүк,

Кесірленсе жамиғат.

Саған қатер төндірдік,

Кешіре гөр, табиғат?..

Қос қайғы

Тағдыр салса тас өткелге,

Жанарыңа жас тығылар.

Зарға толы қос өкпемде,

Қос ғасырдың өксігі бар.

Бір өкпемде ел қайғысы –

Аштан өлген, оқтан өлген.

Бір өкпемде жер қайғысы –

Түн ұйқымды төртке бөлген.

Қос өкпемді қысады кеп,

Күндіз-түні екі қайғы.

Бүйте берсе құса жүрек,

Қақ жарылып қақырайды…

Жазығы жоқ көктемнің

Гүлге қонды сан көбелек,

Жылы жақтан қыс тайқып.

Аспан астын әнге бөлеп,

Келе жатыр құс қайтып.

Үйде отырып тұншығамын,

Мына көктем, қай көктем?

Кең дүниеге ынтығамын,

Сыртқа қарап әйнектен.

Қарсы алады кім қуана,

Бұл көктемді жамырап?

Құлазиды мұңлы қала,

Көшелері қаңырап.

Сұмдық індет салған қайғы,

Қызыл өрттей тұр жанып.

Жедел жәрдем айғайлайды,

Жан ұшыра зыр қағып.

Қуат берсін елге мына,

Көктен нұрын төккен күн.

Үйге отырып қалғаныма,

Жазығы жоқ көктемнің…

Таңғы шықтың тағдыры

Жарық дүние жалғасындай,

Ай нұрынан тамды сүт.

Қара түннің көз жасындай,

Мөлдіреген таңғы шық.

Сезетіндей көп тұрмасын,

Дірілдейді тізіліп.

Жел тербесе шөптің басын,

Жерге түсер үзіліп.

Бар тіршілік шөл қандырар,

Төгілгенде таң нұры.

Кімді бірақ толғандырар,

Таңғы шықтың тағдыры?..

 03.04.2020

 Елорда

 Қиқу салмай халық тұрмас

Қайда барсаң қайыршылық, қайда барсаң қудалау,

Шық тамызбас таңдайыңа мына заман тым қарау.

Керісерге толып жатыр, сенісерге табылмас,

Қараңғылық бетін жапса, күндізгі дос түнде жау.

Қиырына көз жетпейтін осыншама кеңдіктен,

Іздегенмен таптырмай тұр еркін тірлік ел күткен.

Қанды қолды қарақшы мен ұры-қары көбейіп,

Ит пен құстың жемі болды азын-аулақ мал біткен.

Мүсәпір мен мұңлықтарды құдай өзі сақтайды,

Қой қораға қасқыр шапса үрген төбет жатпайды.

Қара суға қарны тойған кедей қатты ұйқыда,

Түн ұйқысы төрт бөлінген байдың асы батпайды.

Зауал келсе қарамайды, кім болсаң да жалмайды,

Қысылғанда қусырылып жалмауызға жан – қайғы.

Қиқу салмай халық тұрмас қазынасы тоналса,

Патша қолы таза болмай жұртта маза болмайды.

Көмейдегі қызыл тілді бұлбұл құстай сайраттым,

Сөзін айттым суырылып биіктегі байрақтың.

Тиген жерін осып түсер қасапшының пышағы,

Өткір біткен дән разы қызметіне қайрақтың.

Бал шарапқа балқуменен бос жүргенше масайып,

Қайрақ құсап ел намысын қайрап тұрсақ несі айып?

Тірі жан боп туғаннан соң арпалысқан өмірге,

Тым болмаса туған елге бір жақсылық жасайық!

ҚР мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловамен бірге

 Несіпбек Айтұлының шығармашылығы туралы пікірлер

Несіпбек Айтұлы — поэзия əлемінде өзіндік орны бар, егемен еліміздің жарқын жетістіктерін жыр жолдарымен өрнектеген, талғамы биік оқырманның жоғары бағасын алған ақын, сара сөздің шебері. Қазіргідей сын сағатта халқымызды сабырлы, ынтымақты болуға шақырып, азаматтық үн қосып отырған ақын.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Мемлекет басшысы

Өз жастығы мен жас творчествосына лайық үн аңғардым. Тілі жатық, ойы анық. Өлеңдерінен жасандылық байқалмайды, жастыққа тән от бар. Ағынан жарылып, таусыла талаптану, ізденіс бар. Қайсыбір жастарда ұшыраса бермейтін мүлде бір бөлек сарын еседі.

 Мұкағали МАҚАТАЕВ

Терең ой, ыстық сезім, жалғаны жоқ жақсы үмітке жетелейтін елгезек ақындық өз оқырманын бейжай қалдырмайды. Несіпбек жырлары – биік жырлар, терең жырлар. Бұл жырлардың бойында күзгі шуақ, таңғы сәуле, ойға шомған орман, жеткізбейтін арман, азынаған жел, асқақтаған бел, теңселген көл, тебіренген заман бар. Арманын қуалаған азамат көңіл, тереңге үңілген қария көз, дария ақыл бар.

 Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ

 ….Елдік рухты паш еткен жырлар ғана ұлттык намысты атой салып оятады. Ұрпақтарды бүгінгі тәуелсіздігімізді қадірлеп-қастерлеуге баулиды. Олай болса, Неcinбек шығармашылыгы осы жәйттерден бүгін сақтануға, ұрпақ санасын төл арнасына түсіп, тәуелсіз еліміздің келешегін қалыптастыруға жол сілтейді.

 Фариза ОҢҒАРСЫНОВА

…Yш ұйықтасаң да түсіңе кірмейтін небір асыл теңеулер, оқыс ойлар, ат басындай алтынға бергісіз оқшаy образдар, ең бастысы, осының бәpі ұлттық поэзияның жөргегіне бөленіп, бесігінде тербелуі Неcinбекті каламдастарынан мүлдем оқшаулай түседі.

 Жүрсін ЕРМАН

Сенің поэзияң шабыттың шыңырауының түбіндегі жасынның тұнығына, өлмейтін және өшпейтін, сөзін өлтіруге мүмкіндік бермейтін ақындықтың әбілhаят суына суарылған мәңгілік сипатпен қасиеттеніпті.

 ***

Тағдыр және Әлішердің құдіретті де тұңғиық танымы Несіпбекке өзінің құпиясын ашып, сәтін салды. Мұның астарында таланттың талқысымен қоса азапты еңбек жатыр.

 Тұрсын ЖҰРТБАЙ

Нecinбек Айтұлы халық қазынасына қоса Шығыс пен Батыс әдебиетінің ақ қайнарынан сусындаған, тілі шұрайлы, ойы құнарлы, сезімі сергек, көркем образға бай, серпінді, еркін тынысты елеңдері мен толғау-дастандары арқылы XX ғасырдың соңғы ширегіндегі казақтың өлең өнерін өрелі биікке көтеріскен ат төбеліндей дарындардың қатарынан өз орынын ойып алды.

 Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ

Несіпбек Айтұлының поэмалары алапат дәуірдің тұтас эпикалық энциклопедиясын жасап шыққандай әсер қалдырады.

 Дархан ҚЫДЫРӘЛІ

Несіпбек Айтұлы — əдебиетіміз бен мəдениетімізді байытуға өлшеусіз үлес қосып келе жатқан адуынды ақын, қажырлы қайраткер. «Құланойнақ», «Арқатірек», «Дариға, дәурен», «Сарайымнан шыққан сөз», «Рухымның падишасы», жəне тағы басқа көркем сөзбен көмкерілген мағыналы кітаптарымен поэзияда тың құбылыс қалыптастырды. Əлем жазушыларының таңдаулы шығармаларын ана тілімізде сөйлетіп, талғампаз оқырманның ыстық ықыласына бөленді.

Ақтоты Райымқұлова

Мəдениет жəне спорт министрі

Несіпбек Айтұлы тәуелсіздік пен қазақтың ерлік тарихын, Шоқанша айтсақ, “рыцарлық дәуірді” ең көп жырлаған қаламгер. Тұтас баһадүрлік дәуірдің келбетін көркем сөзбен кестеленген толық картинасын жасаған ақын.

Берік Уәли

ҚР Президентінің баспасөз хатшысы

Несіпбек Айтұлына қазақ поэзиясының бәйтерегі, әрі елдік тұрғыдан кең ойлайтын зиялы азамат ретінде құрметіміз әрдайым жоғары. Бұл кісінің елордамыздың рухани еңсесінің тіктелуіне қосқан үлесі зор.

Несіпбек Айтұлы сияқты ел ағаларының атқарған қызметі – соңынан ерген шығармашыл жастар үшін үлгі-өнеге. Ақын ағамыз шәкірт тәрбиелеу ісін де оңды атқарып келеді.

Алтай Көлгінов

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі

Несағамның жырларын оқып отырсам, мұң мен зарға толы. «Неге олай жазасыз?» деп сұрағым кеп қанша оқталсам да сұрағым келмеді. Шерге толыкөкірегін қозғап, өксік кернеген өзегін толқытып, қайғы мен қасірет торлағанжан жарасын тырнап алам ба деп қорықтым. Әркімнің бір құпия сыры бар ғой,ешкімге қимайтын сол құпиясын өлеңге ақтарған ақынның тағдырын өлеңінен ғанаіздеп, жырынан ғана тануға тырыстым. Сол тұрғыдан алғанда менНесағаңмен «жан доспын» деп айта аламын. Себебі өзім әңгіме қып айтқым келгенкөңілдің кейбір сәттерін Несағам сұлу сөзбен жеткізіп, өлеңге айналдырыпжіберген. Әнге айналған сөздері сөз жоқ классика ғой…

Бауыржан Халиолла

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры

Несіпбек ағаның ертеректе шыққан «Рухымның падишасы» деген кітабы болды. Шағын көк кітап. Ішін түгел дерлік жаттап алған шығармын. Қазақы, ойлы, кестелі «тілге жеңіл, жүрекке жылы» жырлар әлі күнге дейін санамда сайрап тұр. Одан кейін де талай таңдамалы кітаптарын тамсанып оқып, тарихына қандық. Көне сарынды, кең тынысты қаншама эпикалық, лирикалық шығармалардың, қазірдің өзінде халық әніне айналып үлгерген бірнеше әндердің авторы.

Мұхтар Ниязов

Айтыс ақтаңгері, екі мәрте «Алтын домбыра» иегері,

Қызылорда қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *