«КҮН КАРМАҒАН БАЛА»

Қоғам Өнер
29 Views

Көрермен залында тыныштық бұзылды – көз жасы үзіліп, төгіліп түсті.
Мен де шыдай алмадым. Жүректегі сезім кедергісіз сырғып, көз жасымен бірге сыртқа ақтарылды. Бұл қойылымның шынайылығы, жан тебірентер шындығы ешкімді бейжай қалдырмады.
Иә, бұл — жай спектакль емес, бұл — жүректен жүрекке үн қатқан үнсіз айқай! Бастапқыда кішігірім білімпаздық пен ізденіс танытып, ғаламторды ақтара жөнелдім, шыны керек афишалар мені де таңырқатты. Жалаңаш баланың бейнесі… Бастапқыда бұл ашықтық жат көрініп, ыңғайсыздық туғызған. Бірақ, расында, біз одан да терең, әлдеқайда маңызды нәрсеге көзіміз жетпеген екен.
Шынайылықтан биік өнер болмайтынын дәлелдеген автор — драматург Сұлтан Раевқа алғысым мен құрметім шексіз! Ол сахна төрінен жүрекке тура жол тапқан сөзсіз шындықты жеткізе алды. Бұл қойылым залдағы әр көрерменнің жан дүниесіне кіріп, ұмытылмас із қалдырды. Тіршіліктің қатігез шындығы — адамның нәзік болмысы мен биік жан дүниесінің арпалысын дәл осылай терең суреттеу тек ұлы өнердің еншісінде.

Иссык-Көл облыстық Қ. Жантөшев атындағы театрдың актерлері өз рөлдерін жан-тәнімен сомдап, шынайы шеберліктің қандай болатынын көрсетті. Бұл спектакль — тағдырдан таяқ жеген, бірақ үміттен бас тартпағандардың хикаясы. Өз баласынан бас тартқан аналардың орнына өзгенің баласына бауыр болған үлкен жүректің иесі туралы қойылым. Бұл қойылым — тек баланың ғана емес, бүкіл қоғамның айнасы! Өткен дәуірдің «соқыр сенімі», жалған тәуелділік, құлдық психология, екіжүзділік пен сатқындық, жағымпаздық сынды ұғымдардың тасасынан мейірім атты асыл құндылықтың сәулесі көрінеді.
ДЦП мен аутизмге шалдыққан бала — қоғамнан шеттетілген, бірақ жүрегінде күннің жылуын сақтаған кейіпкер. Анасының аялы алақаны ғана оны қатігез әлемнен қорғай білді. Бала Күнге сенеді. Бала Махаббатқа сенеді. Бала Жарыққа сенеді. Анасы кеткенде, әлем оның жанарынан сөнгендей болады. Бұл қойылым — адамзаттық ар-ождан туралы. Бұл қойылым — ішкі әлемнің нәзіктігі мен мейірімнің шексіздігі туралы үнсіз әңгіме. Өмірде мейірімді болу – әлсіздік емес, керісінше – нағыз ерлік! Қарапайым мейірім біреудің өміріне Жарық сыйлауы мүмкін.
Күнделікті күйбең тіршіліктің тасасында қалып қойған шынайы сезімдерді еске түсіретін туынды. Бәлкім, Сіздің дәл қасыңызда мейірімге мұқтаж бір жан отыр. Қарап көріңізші… Бұл шынайылықтың сахна төріне шығуына себепкер болған режиссер — Уланмырза Карыпбаев. Ол режиссура әлеміне жаңа тыныс, жаңа көзқарас, жаңа үн әкелді.
Театрдың жетістігі де бекер емес. Бүгінгі күннің мақтанышы — театр ұжымы мен оның жетекшісі Улугбек Маратов. Әкесі — Қырғыз Республикасының Халық әртісі Марат Алышпаевтың өнердегі жолын жалғаған ұлы. Оның еңбегі мен актерлердің жанқиярлық таланты театрды биік белестерге көтерді.
Биылғы жылдың өзінде театр бес бірдей Халықаралық фестивальдің гран-при жүлдесін қанжығаға байлады! Бұл – жай ғана жеңіс емес, бұл – ұлттық өнердің шыңы! Бұл қойылым бізді адам жанының сан алуан түстерін – мұңды, қуанышты, ашуды, өкініш пен үмітті терең сезінуге үйретті. Шынайы өнердің мақсаты — жүректі ояту. Бұл қойылым соны дәлелдеді.

Аида ОРАЛБАЙ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің студенті.
Астана қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *