Абдукаххар Хашимович Пайзахметов көпбалалы отбасынан шыққан. Атасы мектепте мұғалім болып істеген. Перзенттерінің осылай шалқып жүргені ата-анасының өздері ішпей-жемей,оқытқаны, балаларының бойына сіңірген тәлім-тәрбиесінің арқасы деп ойлаймыз.Кеңестің қиын кезеңінде тоғыз баланы бірін мединститутқа, бірін пединститутқа,бірін политехникалық, енді бірін автожолдар институтында, тағы бірін мәдениетинститутында оқытып, елге қызмет ететін азамат етіп ер жеткізген олардың ата-анасына алғысымыз шексіз.
Аллаға шүкір, барлық ұл-қызы ата-анасының берген өнегелі тәлім-тәрбиесімен елге адал қызмет етейік деген мақсатта жұмыс істеп келеді. Тәуелсіз ел болғанымызға биыл 28 жыл толып отыр. Тәуелсіздіктің арқасында осындай дәрежеге жеттік. Кеңес кезінде автокөлік, теледидар, жиһаз, кілем, тағы басқа көптеген заттар тапшы, дефицит деген сөз жиі ұшырайтын. Сонда Пайзахметовтер: «Неге біз осылай қиыншылық, жоқшылықта өмір сүреміз, неге молшылық болмайды?» – деп ойлайтын еді. Мұндай ой Абдукаххарды да көп мазалайтын. Міне, енді Аллаға шүкір, ата-бабамыз армандаған Тәуелсіздіктің арқасында еліміз қанатын кеңге сермеп, өсіп, өркендеп, дамып келеді. Бұған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегі зор деп есептейміз.
Өмірде де, қызмет бабында да өсу керек, өну керек, іздену керек. Ешқашан еріншектік пен енжарлыққа жол бермеген абзал. «Әрекет түбі – берекет» деген сөз бар. Сондықтан, ұйқыны азайтып, қозғалысты көбейтуді әдетке айналдырған дұрыс.
Абай атамыздың: «Еңбектің арты – рахат, жалқаулықтың арты – азап» деген даналық сөзі бар. Еңбектің арқасында бақытқа, молшылыққа кенеліп келеді. Туған елге адал қызмет етіп, мыңдаған адамға жұмыс тауып беріп, алғысын арқалап жүрген жайы бар. Әлі де атқарылар жұмыстар көп. Кісінің ниетіміз түзу, ісі адал болса, жолы да ақ болары сөзсіз. Сол жолдан айнымау қажет. Олар осылай ерінбей еңбек еткенінің арқасында осы дәрежеге жетіп отыр. Атқарылып жатқан ізгілікті де игілікті істер тек мал табу мәселесі ғана емес. Мақсат – ұрпақтарына жақсы істерін қалдыру. Мектеп, медресе, жетім-жесірлерге үй салып, қолынан келген ізгі амалдарын жасап, жақсы істер жасап жүр. Алла берекесін берсін!
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында есімі ұмытылып бара жатқан бабаларға арнап ескерткіштер де орнатып отыр. Атқарылып жатқан істер біреуден қорыққаннан емес, артымызда қалар ұрпақ мақтан ететіндей, біз үшін ұялмайтындай болып жүрсін деген ниеттегі оң тірліктер екені даусыз.
Осыдан оншақты жыл бұрын Шымкентте тұрақты жұмыс істейтін сурет галереясы ашылғанын бәріңіз жақсы білесіздер. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында экспозицияларды орналастыруға арналған үй-жайды қаладағы кәсіпкер Абдукаххар Пайзахметов сыйға тартты. Бірнеше жауапкершілігі шектеулі серіктестік ғимаратты қаржыландырды. «Абдукаххар Пайзахметов әкімдікке келді де осы ғимаратты қаланың мұқтажы үшін сыйға беретінін, сонымен қатар мұнда сурет галереясының ұйымдастырылуын қалайтынын айтты. Ол ғимаратты тегін берді, тіпті оның орнына басқа жерден жер телімін немесе өтемақы да сұраған жоқ», – деді сол кездегі Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облыстық мәдениет басқармасының бастығы Айдар Ниязов.
Шымкентте алғаш рет ашылған көркемсурет галереясы енді тұрақты түрде жұмыс істейтін болады. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ашылған галерея ғимаратын шымкенттіктерге кәсіпкер Абдукаххор Пайзахметов сыйлады. Ал бірқатар жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер ғимаратты қайта жарақтандырудың қаражатын көтерді.
Республика Суретшілер одағына күншуақты өңірден 91 адам мүше екеніне қарамастан, Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысында бұған дейін галерея болмаған. Сол себепті де көрмелерін түрлі мекемелердің вестибюлінде өткізіп келген шымкенттік суретшілер галереяның ашылуын қуана құптады. Абай атындағы саябақта орналасқан галерея ғимараты әуелде «Жастар» деп аталатын тойхана болған екен. Бірақ саябақ аумағы өзінің бастапқы міндетін орындауға көшкеннен бастап кәсіпкерлердің көпшілігі өз бизнестерін тоқтатқан. Ал Абдукаххар Пайзахметов өз меншігіндегі ғимаратта көркемсурет орталығының қоныс тепкенін қалаған. Жаңадан ашылған галереяға облыс суретшілері 200-ге жуық жұмыстарын тарту еткен. Сарапшылардың есептеуінше, картиналардың жалпы құны – 27 миллион теңге шамасында. Олар галереяның негізгі қорын құрайды, ал қосымша қойылатын жұмыстар сатылып отырады. Мамандардың пікірінше, бұл суретшілердің жұмысына үлкен серпін беретін болады. Жұмыстарын қайда апарып, қалай өткізу керектігін олар қазірдің өзінде біледі. Галереяда суретшілердің еңбегін сақтайтын арнайы қойма да бар. Сонымен қатар көнерген картиналарды жөндейтін цех та ашылды. Сурет салатын шеберхана да жұмыс істейді. Болашақта әрбір суретшіні насихаттауға арналған жарнама жұмыстары жүргізіліп, каталогтар шығарылады, тақырыптық көрмелер ұйымдастырылады деп күтілуде.
Шымқаладағы «Нұрсәт» шағынауданына шырай беріп тұрған «Rahima-PLAZA» сауда орталығының құрылтайшысы Абдукахар Пайзахметовтің «Алтын сарай», «Гаухар сарай» секілді салтанатты кештер ұйымдастыруға арналған бірнеше нысандардың қожайыны екенінен құлағдар шығарсыздар. Осылайша ол мыңдаған жанды жұмыспен қамтып, олардың күнкөрісіне қолғабыс жасауда.
Абдукаххар Пайзахметовтердің отбасының өзі – кәсіпкер отбасы. Зайыбы, ұл-қыздары да шетінен кәсіпкер. Еліміз үшін қызмет етсе екен деп солардың әрбіріне кәсіпті үйретіп, жол көрсетіп, жөнге салып келе жатқан жайы бар. Осы бейбіт заманда, тыныштықта, татулықта өмір сүріп келе жатқанына шүкір етіп, қадіріне жете білген жөн. Бәріміз жұмыла еңбек етіп, еліміздің өркендеуі жолына өз үлесімізді қосуымыз керек. Әрбіріміз өз кәсібіміздің жоғары деңгейлі маманы болуға атсалысуымыз қажет.
Ол өзі ғана еңбектеніп қоймастан, ұл-қыздарын да кәсіпке баулып отыр. Осылайша Хашим атаның тәрбиесі перзенттеріне, соның ішінде Абдукаххардың тәрбиесі ұрпақтарына, немерелеріне өтіп жатыр. Жалпы, бүгінгі таңда Оңтүстік өңірінде өзінше әрекет жасап, өзінше ізденісте жүрген жастар баршылық. Алайда, ондай жастардың саны онша көп емес. Сондықтан да Абдукаххардай аға буын өкілдері ақылдасып, бағыт беріп, кәсіпкерлікті үйретіп, жастарға жол ашуы керек. Жастар арасында жауапкершілікті жете сезіне бермеу де жиі кездеседі. Ізденіс аз. Қазіргі таңда жастарға бар жағдай жасалған, тек соны ары қарай игеріп кетсе болғаны. Қарастырылып жатқан мол мүмкіншілікті пайдалана білгені дұрыс. Жалқаулыққа үйір болмай, еңбектен аянбау керек. Елбасымыз да жастарға ерекше көңіл бөліп, ағымдағы жылды Жастар жылы деп белгілеуінің өзі де оларға деген зор сенімнің арқасы. Сондықтан, жастарымыз өздеріне артылған сенімді ақтап, еліміздің болашағын жарқын етуге ұмтылғаны жөн.
Жастар жылы да аяқталып келе жатыр. Елімізде бірқатар саяси өзгерістер орын алды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті –Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еліміздің билік тізгінін өзінің сенімді шәкіртіне тапсырды. Әлі де ел болашағына баса назар аударып келе жатқан Елбасымыз әлі де халықпен бірге. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та Тұңғыш Елбасының сара жолын сеніммен жалғап келе жатқан, әлем таныған, тоғыз тілді білетін қайраткер азамат. Елбасының таңдауы бұл кісіге жайдан-жай түспегені белгілі. Абдукаххар Пайзахметов те кезінде депутат ретінде талай игі бастамалар көтерген. Ел игілігін еселеу жолында жігерлі жұмыс жасап келеді. Осыған байланысты Абдукаххардан елге айтар қандай ойыңыз, тілегіңіз бар және 2019 жылы қандай істер іске аспай қалды, келер жылға қандай жоспарларыңыз бар, соларды бөлісе кетсеңіз, – дегенімізде ол былай деді:
Жалпы алғанда, 2019 жылға өкпеміз жоқ. Біз үшін тың өзгерістер мен ізденістерге толы жыл болды. Жайлап алға адымдап, жылжып келеміз. Тұңғыш Елбасымызға айтар алғысымыз шексіз. Көрегендігінің арқасында Мемлекет басшылығына Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтай ер азаматты ұсынды. Жасы егде тартқанына қарамастан өзі де әлі елмен, халықпен бірге қызмет атқарып келеді. Бұл саралықтың, даналықтың көрінісі деп білемін. Алла Тағаланың бізге осындай кемеңгер басшы бергеніне мың қайтара шүкір еткеніміз дұрыс. Адам айтса сенгісіз ен даланы астанаға айналдырған, рухани астанамыз – Түркістанға ерекше көңіл бөліп, облыс орталығы етуінің өзі көрегендігінің бір парасы ғана. Елбасының сара жолы мен сындарлы саясатын «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» бірігіп атқарсақ, еліміздің келешегі кемел, болашағы жарқын болары анық. Алла қаласа, 2020 жыл елімізге жақсылық пен қуаныш, өсу мен өркендеу алып келсін! Тек тыныштық, амандық болсын! – дейміз.
«Ерен еңбек ер атандырады» демекші, Абдукаххар Пайзахметов өте еңбекқор жан. Әрі еңбегі еленіп, бірқатар мемлекеттік наградалармен, атап айтқанда, «Құрмет» орденімен, облыс пен қала әкімдерінің, облыстық және қалалық мәслихаттардың Алғыс хаттарымен, Құрмет грамоталарымен марапатталған. Қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүретін ол кезінде Шымкент қалалық мәслихатының депутаты болып та сайланған. Өзі оқыған мектепке, тұрмысы төмен отбасыларға көмек қолын созудан ешқашан аянып қалмаған. Таяуда Бәйдібек ауданында ашылған Сіргелі Қарабатыр – Тілеуке батыр ескерткішінің ашылуына да өзінің қолғабысын жасаған. Қашан көрсең де жанындағыларды, әсіресе жастарды ерен еңбекке баулып, еріншек, жалқау болмауға үндеп келеді. Қазіргі нарықтық қатынастарға орай тойхана мен сауда-саттық бизнесін өркендетіп отырған жомарт жүректі жанның жан жадыратар жүйелі жұмысына жұрттың бәрі дән риза. Екі сөзінің бірінде «әрекет» дегенді жиі қайталайды. Иә, шынтуайтында да әрекет бар жерде берекет те болатыны баршаға белгілі. Осылайша жалғыз отбасы мүшелері ғана емес, өзгелерді де белгілі бір кәсіпті меңгеруге, ел игілігін еселеуге үндеп жүрген кәнігі кәсіпкер, мақтаулы меценат Абдукаххар Хашимович Пайзахметовтың алдағы кездегі еңбектеріне де толағай табыс тілейміз!
Әділ ҚЫРАН.