1. Президент бизнес өкілдерімен кездесу кезінде кәсіпкердің ел алдындағы әлеуметтік жауапкершілігі туралы айтты. Әлеуметтік жауапкершілікті сіз қалай түсінесіз?
2. Кәсібіңізді дамыту барысында әкімшілік кедергілерге тап болған кезіңіз болды ма?
3. Қанша адамды жұмыспен қамтып отырсыз? Жұмысшылардың орташа жалақысы қанша?
Талғат ЫСҚАҚОВ, «БалТекстиль» ЖШС директоры, кәсіпкер: «КӘСІПТІ ДАМЫТУДА «АТАМЕКЕН» ҚОЛДАУ БІЛДІРДІ»
1. Біздің ұжым алғаш құрылған күннен бастап әлеуметтік жауапкершілік мәселесін басты орынға қойған. Бұл мақсатқа жыл сайын арнайы қаржы бөлінеді және соған сай жұмыстар атқарылып та жатыр. Бір ғана мысал –қайырымдылық шаралары үшін әр жылы ондаған миллион қаржы бөлінеді. 2018 жылы қайырымдылық іс-шараларына 35 миллионнан астам қаржы жұмсалды. 2019 жылы – 50 миллион, 2020 және 2021 жылдары 35 миллион теңгеден бөлдік. Біздің фабрика көмек қолын созатын адамдар арасында тұрмысы төмен отбасылар бар. Зейнеткерлер. Мүгедек балалары бар әйелдерге көмектесу, церебралды сал ауруына шалдыққан балалардың уақытылы әрі сапалы ем алуы үшін де қаржы бөліп тұрамыз. Яғни қамқорлығымызға алған адамдар бар. Одан тысқары, спорт мектебін салуға қаржылай көмек көрсеттік. Мұның бәрін айта берсек, мақтанғандай болармыз. Мұндай әрекетті сөзден гөрі, іспен көрсеткен жөн деп санаймын.
2. «Бал Текстиль» – Орта Азиядағы ең ірі кілем фабрикаларының бірі. Фабрика 2012 жылы құрылды. Әкімшіліктік кедергіге тап болдық, қандай да бір қысым жасалды деп айту қиын. Қайта «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қолдау білдірді. Кәсіпкерлер палатасының басты міндеті де сол емес пе – бизнес құқығын және мүдделерін қорғау. Осындай мүмкіндіктердің арқасында кілем өндірісіне қажетті шикізат тікелей Түркиядан, Бангладештен, Үндістаннан, Ресейден және басқа шет елдерден жеткізіледі. Кілемдер өндірісі «Michel Van De Wiele» жоғары технологиялық бельгиялық жабдықта жүзеге асырылады. Полипропилен синтетикалық жіптер Oerlikon Neumag (Германия), Allma Volkmann, SUPERBA (Франция) өндірісінің соңғы буынында жасалады.
«Бал Текстиль» отандық тауар өндірушілер арасында 2014 жылғы «Алтын Сапа» иегері. «Халықтың үздік тұтыну тауары» марапатымыз да бар. Аймақтағы орта бизнес субъектілері арасында «Үздік салық төлеуші» атанғанбыз. Тіпті Швейцарияның Женева қаласында өткен халықаралық конвенцияда біз «Үздік сапа» аталымында «Алтын Жұлдыз» – ISAQ сыйлығын алдық. Мұның бәрі де отандық бизнесті қолдау мен дамытудың көрсеткіші емес пе?
3. Фабрикада бүгінде 400 адам жұмыс істейді. Қызметкерлеріміздің орташа айлық жалақысы 130 мың теңге. Әрине, әлеуметтік пакет жиынтығы қарастырылған.
Рабиға БАЙТЕМІРОВА,«NAVRUZ PLASTIC» пластмассалық ойыншық фабрикасының директоры: «ҚҰЖАТ ДАЙЫНДАУ ПРОЦЕСІНДЕ ҚИНАЛДЫМ»
1. Меніңше кәсіпкердің әлеуметтік жауапкершілігі деген – бастаған кәсібіңді аяғына дейін жеткізу, ел алдында аяқтан тұрып, халыққа отандық өніміңді жеткізу деп білемін. Шағын кәсіпкерлікті дамыту арқылы елде өндіріс ошақтарын ашуға болады. Өндіріс дамыса Қазақстанымыз алға жылжиды деген сөз. Қазір елімізде өндіріс аз, біз неге отандық кәсіпкерлер ел ішінде өндірісті өсіруге жауапкершілік алмаймыз. Міне, нағыз әлеуметтік жауапкершілік осы!
2. Президент бизнесмендермен бас қосу кезінде әкімшілік кедергілерді жою жөнінде тапсырма берді. Мемлекет басшысының осы пәрмені жүзеге асса, көптеген жаңадан кәсібін бастағысы келетін азаматтарға жол ашылады. Өйткені, кәсіпкерлік салада да қағазбастылық көп. Әсіресе, құжат жағы… Мемлекет бекіткен жауапты мекемелер құжат дайындауда құлшына көмектеспейді. Мәселен, кәсіпкерлік нысанындағы жерін кеңейтіп, қосымша дамығысы келетін бизнесмендер тілегі оңайлықпен орындала кетпейді. Әр түрлі сылтаулар айтып, заңсыз ақша дәмететін жайттар кездесіп тұрады. Парақорлық кәсіпкерлік саланы да дендеп алғаны ақиқат. Мұнан тазармай шағын кәсіпкерліктің қадамы еш уақытта өрге баспайды.
Өз басыма келер болсам, құжат дайындау процесіндеқиналған, кешеуілдеген, кедергілерге тап болған кездерім болды. Қазір қиындықтың бәрі артта қалды. Кәсібім ақырындап дөңгеленіп келеді.
3. 15 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Таңғы 8.00-ден кешкі 18.30-ға дейін, жалақы 80-90 мың теңге көлемінде, күнделікті түскі ас қоса беріледі. Көбінде әйел адамдары жұмыс істейді. Жастар жағы жалқау, жұмыста тұрақтай бермейді.