«КӘСІПКЕРЛЕР МЕН ИНВЕСТОРЛАРДЫ ҚОЛДАЙМЫЗ, КӨМЕКТЕСЕМІЗ»

Экономика Қоғам
108 Views

Түркістан облысының аудан, қалаларында маңызды инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Олардың құрылысы, инфрақұрылымына әкімдік тарапынан тұрақты қолдау көрсетіліп жатыр. Кезекті жобалардың жүзеге асырылу барысы Түркістан өңірлік инвестициялық штаб мәжілісінде тағы да талқыланды. 20-ға жуық жобаның жай-күйі сараланып, жұмыстары таныстырылды.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды әр жоба бойынша кәсіпкер мен жергілікті әкімдердің және жауапты басқарма басшыларының есептерін, ұсыныстарын тыңдады. Инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Жұмысты кешеуілдеткендерге сын-ескертпе айтып, нақты тапсырмалар жүктеді.
– Үлкен болсын, кішкентай болсын, барлық жоба назардан тыс қалмауы тиіс. Қадағалаңыздар, қолдаңыздар. Жол картасын немесе жұмыс жоспарын хаттамаға енгізіп, әкімдік өз міндетін, кәсіпкерлер өз міндетін уақтылы орындасын. Жерді алып, жұмыс істемейтін болса, жер мемлекетке қайтарылады. Кейбір жобалар кешігіп жатыр. Үйлестіру керек. Облыста мақта-тоқыма кластерін дамытып жатырмыз. Ірі 4 зауыт ашылады. Солардың өнімдерін өткізу мәселесін қазірден зерделеп, жоспар құра берген жөн. Жоба басталғаннан әр мекеме өзі жауапты сала бойынша жедел әрекет етіп, проблемаларды шешіп отырсын. Біздің бағытымыз – зауыттар мен өндіріс орындарын ашу. Кәсіпкерлер мен инвесторлар да өз мәселелерін жасырмай айтсын. Қолдаймыз, көмектесеміз, – деді Дархан Сатыбалды.
Мәжілісте «TAIQONYR QYSHQYL ZAUYTY» ЖШС-нің Созақ ауданындағы күкірт қышқылын өндіру зауытының, Созақ ауданында 2 кезеңнен тұратын уранды қайта өңдеу кешенінің құрылысы барысы талқыланды. Инвесторлар жағдайды баяндады. 2026 жылы жүзеге асатын 2 жоба арқылы 700-дей жұмыс орны ашылады. Шардара ауданында жүгері дәндерін терең өңдеу зауытын «Казкрахмал» ЖШС іске асыруда. Жергілікті бюджеттен сыртқы инфрақұрылымды жүргізуге 200 млн теңге бөлінді Түркістан облысының мемлекеттік сатып алулар басқармасы тарапынан сыртқы инфрақұрылым жүргізу бойынша мердігер компанияны анықтау үшін конкурс жарияланған. Жоба толық іске қосылса, 500 жұмыс орны ашылмақ.
«Beibars-Bottlers» ЖШС Түлкібас ауданында ауыз су және түрлі-түсті сусындар өндіру зауытын салып жатыр. 96 адам жұмыспен қамтылады. Қазіргі таңда электр мәселесі бар. Өңір басшысы бұл түйткілді шұғыл шешуді тапсырды. Мердігерге тиісті ұсыныс беріледі.
Төлеби ауданында логистикалық орталық салу және жүк тасымалдарын ұйымдастыру жобасын «Monotrans» ЖШС жүзеге асыруда. 190 адам жұмыспен қамтылады. Ал Кентау қаласында өнеркәсіпке арналған металл конструкциялары, металл бұйымдарын шығаратын зауыт құрылысы аяқталғанда 80 жұмыс орны ашылады.
Түркістан қаласындағы «Turkistan» арнайы экономикалық аумағында полимерлі құбырларды, пластмассадан жасалған бұйымдарды шығаратын ірі-тораптық зауыт салынуда. 80 жұмыс орны құрылады. Ал Төлеби ауданында «KAZPLAST» ЖШС-нің тігін фабрикасының құрылысы аяқталып келеді. Биыл ашылатын фабрикада 150 адам жұмыспен қамтылады. Сауран ауданында қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу өндірістік кешенінің құрылысы аяқталып, пайдалануға беру актісін алу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Арыс қаласында теміржол вагондарын жөндеу жобасын «АВЛРД» ЖШС жүзеге асыруда. Жобаны іске қосу 2024 жылдың екінші жартыжылдығында жоспарланған. 50 жұмыс орны құрылады. Түлкібас ауданында қуаттылығы жылына 5000 тонна жеміс өңдеу цехын «Түлкібас Жеміс Жидектері» АӨК іске асыруда. Жеңілдетілген несие арқылы қолдау көрсету мәселесі назарға алынды.
Сайрам ауданында мақсары майын шығаратын зауыт, етті қайта өңдеу, мал сою цехы және бордақылау алаңы, арнайы техникаларды, кузовтарды құрастыру зауыты салынса, Қазығұртта цемент зауытының құрылысы жүріп жатыр. Ордабасы ауданы мен Арыс және Түркістан қалаларында шетел инвесторлары арқылы жобалар жүзеге асады.

ФЕРМЕРЛЕР МӨЛШЕРЛЕМЕСІ ТӨМЕНДЕТІЛГЕН НЕСИЕГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗЕ АЛАДЫ
Аграрлық несие корпорациясы көктемгі егін егу және күзгі жиын-терім жұмыстарын қаржыландыруды жалғастыруда. Елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Бұл мәселеде көктемгі егін егу жұмыстарын тиімді және уақтылы жүргізу үлкен рөл атқарады. «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның еншілес компаниясы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ өз қызметін біртіндеп жақсартуда және аграрлық секторды қаржыландыру көлемін ұлғайтуда.
Мәселен, 2021 жылы «Кең дала» бағдарламасы аясында көктемгі егін егу және күзгі жиын-терім жұмыстарын жүргізуге жеңілдікпен несие беру көлемі 70 млрд. теңгені құраса, 2022 жылы оның көлемі екі есеге артып, 140 млрд. теңгеге дейін жетті. Соңғы үш жылда Корпорация жыл сайын көктемгі егін егу және күзгі жиын-терім жұмыстарын жүргізуге 140 млрд. теңге көлемінде қаржы беріп келеді.
Егер алдыңғы жылдары несиелер қысқа мерзімге беріліп, оларды 1-желтоқсанға дейін өтеу қажет болса, қазір қаржыландыру орта мерзімді болып өзгерді. Яғни, қарызды өтеу мерзімі ұзартылды (қазіргі уақытта қарыздардың 50% өтеу 1-желтоқсанға дейін, қалған 50%-ын келесі жылдың 1-наурызына дейін төлеуге болады). Бұл фермерлерге астықты барынша ұтымды бағамен сатуға мүмкіндік береді.
Бюджеттік несиелеу есебінен бөлінген 140 млрд. теңгеден бөлек, қосымша қаржыландыру 300 млрд. теңгеге ұлғайтылды. Бұл ҚР Президентінің тапсырмасын орындау аясында Үкіметтің, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның және «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның қолдауымен іске асырылды. Көктемгі егін егу және күзгі жиын-терім жұмыстарын қосымша қаржыландыру есебінен 4,0 миллион гектар егіс алқабы қамтылатын болады. Фермерлерді қаржыландырудың жаңа шарты бұрын-соңды болмаған және бұл механизм фермерлер үшін маңызды бірқатар мәселені шешеді.
Бірінші. Қарыз алушылар үшін жеңілдетілген жылдық сыйақы мөлшерлемесі 5% деңгейінде болады. Бұған дейін фермерлер пайыздық мөлшерлемені қысқарту үшін және субсидия алу үшін жергілікті жерлердегі ауыл шаруашылығы басқармаларына жүгінуге, жаңа міндеттемелерге қол қоюға, қаржының бөлінгенін күтуге мәжбүр болған. Бұл олардың қаржылық жағдайларына кері әсер етіп келген. Енді мұндай әурешілік болмайды. Осы өнім шеңберінде корпорация тиісті мемлекеттік субсидиялау ережелеріне өзгерістер енгізуге бастамашы болды. Соның арқасында фермерлер үшін барынша тиімді және ыңғайлы жағдайлар жасалды. Яғни, фермер қандай да бір қосымша рәсімдерсіз мөлшерлемесі төмендетілген несиеге қол жеткізе алады.
Екінші. Көп жағдайда агроөнеркәсіп кешенінің субъектілері Корпорацияға несие алу үшін жүгінген кезде кепілдік жетіспеушілігі проблемасына тап болады. Бұл проблеманы ауыл шаруашылығы саласының кәсіпкерлері мен қоғамдық ұйымдары көптен бері айтып келеді. Мемлекеттік қолдаудың жаңа механизміне сәйкес фермерлердің «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша алған қарыз сомасының 85%-ын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры кепілдендіретін болады. Осылайша, көктемгі егін егу жұмыстарын жүргізуге қаржы қажет кезде шаруалар алатын несие сомасының 15%-на кепілдік қойса жеткілікті.
Мемлекеттік қолдау шаралары тұрақты негізде ұсынылады. Фермерлерді қолдау және олардың қызметтерін үнемі жақсарту Аграрлық несие корпорациясының басты міндеті. Мәселен, өткен жылы астық егетін өңірлердің фермерлері қолайсыз ауа райының салдарынан зардап шекті. Бұл бірінші кезекте олардың қарыздарын төлеу міндеттемелерін орындау мүмкіндіктеріне кері әсер етті. Оларды қолдау үшін жалпы сомасы 56 миллиард теңге болатын қарыз төлемі кейінге шегерілді.
Биыл Мемлекет басшысының су тасқынынан зардап шеккен фермерлерді қолдау жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Аграрлық несие корпорациясы мен оның еншілес компаниясы «ҚазАгроҚаржы» АҚ клиенттер үшін төлемдерді кейінге шегеру шартын бекітті.
2024 жылғы кестелер бойынша барлық төлемдер 2025 жылдан бастап қаржыландыру мерзімінің соңына дейінгі төлемдерге теңдей бөлінеді. Ал 2024 — 2025 жылдары қарыз мерзімі аяқталатын жобалар бойынша қызмет бағытына байланысты 24 айға дейінгі мерзімге шегерілетін болады. Су тасқынынан зардап шеккен фермерлерге несие төлемдерін кешіктіргендері үшін айыппұл мен өсімпұл есептелмейді.
Аграрлық несие корпорациясы мен «ҚазАгроҚаржы» жұмысты жылдамдату мақсатында аз ғана құжат негізінде өтінімдерді қараудың жеңілдетілген процесін бекітті. Кеңес алу үшін және «Кең дала 2» бағдарламасына өтінім беру үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның облыс орталықтарындағы филиалдарына хабарласу қажет.
Қосымша ақпаратты Agrocredit.kz сайтынан оқи аласыздар немесе 5353 Call орталығына Kcell, Activ, Beeline және 8 701 006 19 91 телефон нөміріне Tele 2, Altel абоненттерімен хабарласып, біле аласыздар.

ШАРУАЛАРҒА 5 ПАЙЫЗБЕН НЕСИЕ БЕРІЛЕДІ
2024 жылы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына алғаш рет 5% жеңілдікпен 400 млрд. теңге көлемінде қосымша қаражат бөлінді. Несиелер «Кең дала-2» бағдарламасы бойынша бөлініп, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалдары, несие серіктестіктері және екінші деңгейлі банктер арқылы іске асырылады.
2021 жылдан бастап бағдарлама операторы – «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын тікелей жеңілдетілген несиелендіруге 140 млрд. теңге көлемінде бюджет қаражаты бөлініп келген. «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ арқылы форвардтық сатып алу бағдарламасын жүзеге асыруға тағы шамамен 40 млрд. теңге қарастырылған. Егінді несиелендіруге барлығы 180 млрд. теңге бөлінді.
Биылғы жылы қолда бар қаржыландыру көлеміне «Кең дала-2» бағдарламасы бойынша қосымша 400 млрд. теңге тарту мүмкіндігі бар. Бұл мақсатқа «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ желісі бойынша 300 млрд. теңге тартылады.
Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен несие ала алады. Несие мерзімі – 12 айға дейін. «Кең дала-2» бағдарламасына өтініштер 29 сәуірден бастап қабылдануда.
Бүгінгі таңда 600-ден астам шаруа қожалығы жалпы сомасы 46,6 млрд. теңгеге өтінім берді, бұл 425 мың гектар егіс алқабын несиемен қамтуға мүмкіндік береді. Белсенді жұмыс жалғасуда, АНК филиалдары өтініштерді демалыс күндері де сенбі және жексенбі де қабылдайды.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жеңілдікті несиелендірудің қосымша көлемін қамтамасыз ету үшін субсидиялаудың қолданыстағы тетіктеріне өзгерістер енгізуді көздейді.
Біріншіден, фермерлер 5 пайыздан аспайтын жеңілдік мөлшерлемесі бойынша несие алады, бұл пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға қаражаттың болуына байланысты емес.
Екіншіден, несиелер бойынша кепілді қамтамасыз ету жағдайын жақсарту үшін несие шарты сомасының 85% мөлшерінде кепілдік тетігі қарастырылған.
Несиелерді арзандату үшін және кепілдік беру тетігіне республикалық бюджеттен 60 млрд. теңге, оның ішінде купондық сыйақыны субсидиялауға — 45 млрд. теңге, қарыздарды кепілдендіруге — 15 млрд. теңге, сондай-ақ жергілікті бюджеттердің қаражаты есебінен 37,3 млрд. теңге бөлінеді.
Қарыз алушы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-дан кепілдік алуға, ал қарыздың қалған сомасына және сыйақыға «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның кепілдік саясатының талаптарына сәйкес қамтамасыз етуді ұсынуға құқылы. Немесе қарыздың толық сомасына АНК кепіл саясатының талаптарына жауап беретін кепілді қамтамасыз ету. Екінші деңгейлі банк арналары бойынша қаржыландыру кезінде екінші деңгейлі банктердің кепіл саясаты қолданылады.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ КӘСІПКЕРЛЕРІМЕН КЕҢЕС ӨТКІЗДІ
Ол үшін тиісті стандарттарды әзірлеу қажет. Вице-премьер Серік Жұманғарин Түркістан облысының кәсіпкерлері көтерген мәселелерді шешу жолдарын талқылау үшін мемлекеттік органдармен кеңес өткізді.
Фермерлер айтқан негізгі мәселелер: басым дақылдарды (мақсары, мақта, жылыжай) субсидиялауға қосымша қаражат бөлу, гектарына 80 кг норматив кезінде нақты енгізу нормасы гектарына 200 кг құрайтын мақта үшін минералды тыңайтқыштарға нормаларды қайта қарау. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізу үшін арзандатылған дизель отыны шығынының нормативін қайта қарастыру. Енді бұл мәселелерді ауыл шаруашылығы және қаржы министрлігі бірлесіп шешетін болады.
Жылыжай өсірушілердің жаңа құрылыс және өндіріс технологияларын енгізетін шаруа қожалықтарының жылыжайларын салуға инвестициялық субсидиялар алу мүмкіндігі туралы мәселесі қажетті стандарттарды әзірлеуді және жаңартуды талап етеді. Мұны ҚР СИМ Техникалық реттеу және метрология комитеті ҚР АШМ және Түркістан облысының әкімдігімен бірлесіп жүзеге асырмақ.
Айналмалы және фронтальды әрекет ететін бүрку машиналарын өндіруші «BNK Group Kazakhstan» басшысы вице-премьермен кездесуде отандық кәсіпорынға салық жүктемесін азайту туралы мәселені көтерді. Ал «Қайып ата» компаниялар тобының жетекшісі Сырым Ертаев – аустралиялық әдіс бойынша 50 мың бас мал бордақылау алаңын салу үшін қымбат импорттық жабдықты әкелу кезінде кедендік баждар мен ҚҚС төлеуден босату мүмкіндігі туралы айтты.
Мемлекетке қажетті осындай ірі жобаларды қолдау үшін Үкімет арнайы тетіктерді қолданысқа енгізген. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі қысқа мерзімде «BNK Group Kazakhstan» компаниясымен өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімді пысықтайды, бұл кәсіпорынды жиынтықтауыштарды әкелу кезінде және дайын өнімді өткізу кезінде ҚҚС төлеуден босатуға мүмкіндік береді. Ал СІМ Инвестициялар комитеті «Қайып ата» тобымен және өңірлердің басқа да кәсіпорындарымен жабдықтарды әкелу кезінде инвесторларды кедендік баждар мен ҚҚС төлеуден босату үшін инвестициялық келісімшарттар жасасады.
Түркістан облысында көтерілген өзге мәселелер мен проблемалық жобаларды ҚР АШМ қаржы институттарымен бірлесіп пысықтайды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *