КӨЗ

Әдебиет
675 Views

КӨЗ

Шытырман оқиғалы қылмыс хикаясы

Бәрі апай-топай көзді ашып-жұмғанша тез бітті. Иығына қара былғары сөмкені іліп алып келе жатқан еңгезердей жігітті қатарласа берген кең иықты, төртбақ қара жон арқасынан темірмен бір ұрып құлатты. Қасындағы шләпілі тор-тор костюм-шалбар киген қылқи мойын тыриған көзілдірікті арық шалды ішінен бір періп ұшырып түсірді. Әп-сәтте екеуі екі жерде домалап жатқанда төртбақтың жанындағы шегір көз алақтаған жолдасы қара сөмкені ала сала, ұзыннан жатқан еңгезердей жігітті келтек сойылымен және бір періп өтті.

Екеуі тапырақтай жүгіріп, әне-міне дегенше көше айналып кетті.

Бұрышта бұларды күтіп тұрған шетелдік жеңіл машинаның алдына төртбақ, ал артқы орындыққа Шегір көз отырды.

– Айда, бас қане! – деп дудар бас шофердің тамағына істік финка пышағын тақаған Шегір айқай салды. Артында отырған төрбақ қара сом темірді алып:

– Қиқ етсең мынамен басыңды бір-ақ ұрып қақ айырамын, – деп ысылдады да барар жерлерін айтты.

Дүр етіп машина ытқи атырылып кетті.

– Әй, оңбаған? Қазір бәрі сені іздейді, нөмеріңді көрді. Әй, дударбас, мына екеумізді сұрағандарға біреуінің беті тыртық, ақсаңдайды, ал екіншісі күміс тісі бар ақ шашты егде кісі деп айт. Түсіндің бе, ей, малғұн! Әйтпесе сені бүкіл бала-шағаңмен бауыздап, ана Сасықкөлге тас байлап, лақтырып жібереміз. Түсіндің бе ей, қайтала қане! – деген Шегірдің бұйырғанын кекештене айтып берді.

– Әй, дударбас, сенің үйіңнің, жұмысыңның бәрі бізге белгілі. Егер мен айтқандай айтпасаң түгел қырып тастаймын. Біліп қой.

Есі шыққан шофер машинаны ызғытып, қисық-қисық жерлерді аралап, Яссауи көшесіне келіп тоқтады.

– Ал, Асқар, тура теміржол вокзалына тарт! Бізді сонда апарып түсіріп кеттім дерсің, – деп тамағына тақаған істігінің ұшын тигізіп-тигізіп, қызарта сызып тастады.

– Пышақ тақап қорқытты де. Біреуі сары, біреуі қызыл бет деп бізді басқаша айт. Мә, ал! – деп екі жүз долларды алдына лақтырып тастап, екеуі сып етіп шығып кетті. Мініп келген иномарка көзден таса болысымен жол жиегіндегі ағаш қалқасында тұрған ескі «Жигули» машинасына отырып, оталдырып қала сыртына шықты. Асықпай киімдерін ауыстырып киіп, Жарастың таудағы ағаш арасындағы саяжайына барып, көз байланғанша сонда отырды.

Қараңғылық үйіріле қалаға түсіп, «Горный гиганттағы» клуб маңында бұларды күтіп тұрған Жарасты тауып алды.

Көзі алақ-жұлақ етіп өз-өзінен қалшылдап-дірілдеп тұрған ол машинаға кірісімен:

– Сендерден кейін полицейлер қаптады. Бәрінен сұрақ ала бастады.

Күзетшісін ондырмапсыңдар, есін жимай, тұра алмай қалып, жедел жәрдем алып кетті. Ал анау шетелдік бай көзілдірігі сынып, түк көрмей қалыпты. Сендер мінген машинаны тауып, жүргізушінің айтуынша фоторобот жасатыпты. Екеуіңе түк ұқсамайды, – деп асыға-аптыға жағдайды айта бастады. Басын ары-бері бұрған сайын көзілдірігі электр жарығына жарқ-жұрқ ете қалады.

– Шәлтік, түсіндік, тоқта – деп шегіркөз мұның аптығын басты. Енді

бір-біріміздің нақты аты-жөнімізді атамаймыз. Жарас сені Шәлтік дейміз. Ахмет досымызды Боксшы деп, мені Рецедивист деп атайсыңдар.

– Рецедивист десек қауіпті қылмыскер екенің бірден білініп қалады.

Сондықтан да сен бұрынғыдай бізге Шегір боласың – деп төртбақ ой айтты.

– Иә, Шегір деп қана атаймыз, – деп Жарас күңк етті.

– Ал, енді миллионер мырзалар табыс құтты болсын! Үшеуміз титтейімізден бірге өскен, арамыздан қыл өтпеген доспыз. Қазір бұл олжамызды апарып жақсылап тығып, жасырамыз. Тек мына артындағы шу басылған соң, екі миллионнан евроны бөліп аламыз. Қымбатты достарым, енді бұл байлық бізге өлгенше жетеді. Тек сабыр сақтап, тілімізге ие болайық, – деп Шегір машинасын қаладан шығарып, тау жолына салды.

– Тұтас мен айтқандай ма екен? – деп Шәлтік сөмкені сипап қойды.

– Дәл солай, досым. Екеуіңнің де еңбегің ерекше зор. Рақмет сендерге!

Ал, Боксшы, досымызға ашып көрсетші, – деп рульде отырған Шегір масайрады. Шәлтік былғары сөмке ішіндегі бума-бума евроларды ұстап, сипап, иіскеп мәз-мейрам.

– Қарашы әлі иісі бұрқырап тұр. Бес жүздіктен екен – бұл ең қымбаты.

– Біз жаңа Боксшы екеуміз сенің дачаңда мұның бәрін алып, тап-тұйнақтай санап қойдық. Тұп-тура алты миллион евро. Бұл енді әрқайсымызда бір миллиардтан теңге бар деген сөз, – деп Шегір «Жигулиін» тырылдатып, Алматының тау жақ бетіндегі «Горный гигант» ауылынан өтіп, өркеш-өркеш белдерге тіреле тоқтады.

Үшеуі сыртқа шығып, Боксшы бүйірі тоқ сөмкені иығына асып, бәрі Шегірдің соңынан ерді.

Жалғыз аяқ жол биік дөңес үстіне шығарды. Шілде айының мақпал жып-жылы түні қап-қара қанатын жайып келеді. Шығыстағы шың басынан толған ай көтеріліп, әлсіз ақжібек сәулесін себезгілейді. Майда толқын самал тау аңғарынан саулап, сан түрлі шөп басын билетеді. Еңісте самаладай жарқыраған қала кешкі ойын-сауық құшағында, тіршілік қамында, маңдайында екі көзін шырадай жандырған машиналарда сан түрлі адамдар, түрлі-түрлі тағдырлар зырғып кетіп барады…

Жота үсті жыпырлаған, қалқиған бейіттер. Әр мүрдеден әруақтар шыға келетіндей көңілге үрей әкеледі. Әсіресе мұндайды көрмеген Шәлтік жан-жағына алақ-жұлақ қарайды, елес-сұлба кезіп жүргендей құлағына ыңқылдаған-күрсінген жандар үні шалынғандай есі шықты.

Қалың кепкен қурайларды шытыр-шытыр сындырып Шегір қорымның арғы бетіне шығып барып бір-ақ тоқтады. Мыжырайған кірпіші құлаған төрт-бес ескі бейіттің бірінің ішіне кірді де:

– Міне, осы жерге жақсылап жасырамыз. Бүгін шілденің он бесі ме, қыркүйектің он бесі күні үшеуміз осында келіп алып кетіп, қақ бөліп аламыз.

– Бүгін түк алмаймыз ба сонда? – деп Шәлтік мұрнының астынан күңк етті.

– Жоқ. Бұл банктен шыққан ақша, номері бар. Қазір алып жұмсасақ болды қолға түсеміз. Сабыр сақтайық. Ұсталсақ он бес жылға сотталамыз. Білдіңдер ме? Сондықтан да тып-тыныш екі айға шыдайық. Мұны ұры-қарылар құдықтың түбіне шөгіп жату – «лежать на дно» – дейді. Абыр-сабыр басылсын. Шәлтік сенің басың компьютер ғой, ойластырып қой. Мына қаржыны бөліп алған соң, шетелге аударып, сол жаққа біраз уақыт кетуіміз керек. Мысалы мен Ресейге, Боксшы Қырғызстанға кетпекші. Сен қайда барасың?

– Мен бе? Мен Өзбекстанға, Ташкенттегі әкемнің генерал досына барамын, оның баласы да полковник.

– Дұрыс. Мына қаржыны сіңіріп, игеріп алуымыз қажет.

– Өзбекстанда әпке-жездем де тұрады.

– Шәлтік, сен осы жоспардың жөн-жосығын ойла. Біз ол жақта көп тұрмаспыз, қаржыны реттеп, дұрыстап алған соң, уақыт өткізіп қайта келуімізге де болады, – деп Шегір томпақ бейіттің бүйіріндегі топырақты алып, ар жағында дайындап қойған шұңқырға сөмкені тығып, үстін топырақпен жауып, шыммен бекітіп, жалпақ таспен бастырып тастады.

– Бұл жер ескі молалар, ешкім келіп араламайды. Үшеуміз де мына төмендегі «Горный гигантта» өстік қой. Мына араны бес саусақтай білеміз. Қой қайтайық, – деп Шегір мен Боксшы үсті-бастарын қаққыштады.

Еңістегі машинаға келіп отырғаннан кейін Шегір:

– Ал, миллионер мырзалар! Операция сәтті аяқталды. Енді тып-тыныш жасырынып жатуымыз керек. Әсіресе олар Боксшы екеумізді көрді ғой.

– Мен бір айға демалыс алып, үйде отыра тұрам, – деді Боксшы.

– Анау сендер мініп кеткен иномарка машинасының бұйрабас шоферін банкке дедектетіп алып келіп, аралатты. Соның айтуымен фоторобот жасатыпты, ұрылардың бірінің мұрты бар, екіншісінің шекесінде тыртығы бар, мүлде басқа адамдар, – деп Шәлтік көңілденіп бүгінгі көрген-білгенін айта бастады.

– Шәлтік, сен өзің шыжбалаңдамай өте сақ жүр. Біз бүгіннен бастап арақ-шарапты татып алмайтын боламыз. Арақ ішкен жан ақылын бірге ішіп, ләйліп, сырын айтып қояды. Шәлтік, түсіндің бе? Егер қандай қиындық болса да бір-бірімізді сатпаймыз. Сатқан, уәдені бұзған адамды бауыздап тастаймыз, – деп Шегір ысылдады.

– Тілін жұлып, мойнын бұрап, басын қақ айырамыз, – деп Боксшы кіжінді.

– Шәлтік, егер біз жайлы бықсыған әңгіме, не бір қиын жағдай болса

Боксшыға жолығып, айтарсың. Түсіндің бе? Телефонмен бір-бірімізбен әзірше сөйлеспейміз. Әсіресе, сенің телефоның тыңдалады, – деп таптап-таптап айтып, Шәлтікті үйіне бір көше жеткізбей түсіріп кетті.

– Өте қорқақ. Бірақ ақшаны өлердей жақсы көреді, – деді Боксшы оның соңынан қарап.

– Егер мәселе туып жатса маған келерсің, – деп Шегір өзінің тұрып жатқан мекен-жайын айтып берді.

– Мен үйден шықпаймын, бір айға демалыстамын ғой, – деп Боксшы үйінің тұсында Шегірдің арқасынан қағып түсіп қалды.

Шегір жолдан бір бөтелке арақ, тамақ алып келіп, пәтеріне кірісімен стаканға жүз елу грамдай құйып алып, тік тұрған күйі тартып алды. Колбасадан қарпып бір-екі кесілген түйірін аузына сала, шайнаңдай жүріп, бөтелкенің қайта тығынын тығындап, тоңазытқышқа салып қойды.

Тәтті жымиып, қиялданып кеткенде шегір көздері жалт-жұлт етіп, көкжасылданып, шоқтай тұтанып тұрды.

* * *

Қуанышы қойнына симай Шәлтік тапырақтап асыға үйіне кірсе, келіншегі әлі келмепті. Тоңазытқыштан пельмен алып, пісіріп жеп, диванға жайғасып телевизор көрді.

Кешелі бері үрейленіп есі шығып, түнде жөнді ұйықтай да алмап еді, көңілі жайланып, рахаттана керіліп, қалтасында екі миллион евросы бар жандай өз-өзіне мәз болып жатып, қалғып, қалың ұйқы ұйығына сүңгіді. Сарт-сұрт еткен әлденеден оянса, есікті өз кілтімен ашып әйелі кіріпті.

Құлын мүшесі бұзылмаған ол бұратыла басып, өз бөлмесіне өте шықты.

– Сен қайда жүрсің? Сағат он екі болды, жұмысың сағат алтыда бітеді емес пе? – деп міңгірлеп еді, шешініп жатқан әйелі айылын жимады.

– Сен не ренжіп тұрсың ба? Ана Риманың қызының туған күнін кафеге барып тойладық. Подругам ғой, бірге жұмыс істейміз. Ай, әбден биледік-ау, – дегенде үстінен арақ-шарап иісі бұрқырап тұрды. – Сен неге жиын-той, би дегенді ұнатпайсың осы? – деп бұған бұрылғанда екі беті албырап, көзі шамшырақша жанып, тіпті әдеміленіп кетіпті.

– Өзбекстанға барып тұрсақ қалай болады осы?

Сылқым келіншегі жібек күлгін ішкөйлегін шешіп жатып, тоқтай қалып, бұған таңдана қарап қалды.

– Сен шын айтып тұрсың ба?

– Әпке-жездем Ташкентте ғой. Үлкен бизнес-жоба бар сол жақта істейтін. Ақшаның астында қаламыз.

– Сен ақылдысың, осыны жасасаң нағыз данышпаным деймін, – деп келіп мұның бетінен шөп еткізіп сүйіп алды. – Ана дачаны қашан сатасың?

– Хабарландыру бердім, арзан сұрайды, сатамын ғой, жаным, – деп елпілдеп кеткен Шәлтік оған әппақ халатын әперіп кигізді.

– Тездетіп сат енді. Өзбекстанға өзің жеке барып, бизнесіңді жүргіз, ал мен мына жақтағы сұлулық салонын кеңейтейін. Бірігіп тіршілік жасамасақ болмайды енді Жоржик, – деп былқ-сылқ басып ваннаға кіріп кетті.

Мұның шын аты – Жарас, ал келіншегі анда-мұнда еркелеткенде ғана, қолына уыс-уыс пұл ұстатқанда өстіп «Жоржик» деп наздана қалатын әдеті бар. Мәз болып, көңілі көлдей шалқып, төсегіне күліп кіріп, көзілдірігін шешіп қойып, ақ сазандай келіншегін ынтыға күтті.

Әппақ қардай орамалға оранып шыққан келіншегі қасына теріс қарап жатып алды. Бұл ұмсынып аялай сипалай бастап еді, – Жоржик қойшы, мен бүгін қатты шаршадым. Ұйықтайықшы, – деп әйелі мұның құшақтаған қолын ары итеріп, бөлек жамылғыны жамылды.

Қараңғыда көзі жыпылықтап Шәлтік оның бұл қылығына түк ренжіген жоқ. Енді екі айдан соң миллионер болар сәтін ойлап, рахаттана керілді. «Сол кезде сен менің қолымды ғана емес, әуелі аяғымды сүйесің. Сенің бар арманың – байлық, ақша ғой. Көпірген буда-буда ақшаның буымен төрт құбылаңды толтырып тастап, баладан бала таптырып, үйге қадап отырғызып қоярмын» – деп ұйықтап кеткен келіншегіне қызыға қарап, тұншыға күлді.

* * *

Үйге кіргенде екі баласы да ұйықтамапты, бәрі жапатармағай Боксшының алдынан шықты.

– Папа, маған не әкелдің? Қашан велосипед әпересің? – деді үлкені.

– Пап, маған «айпат», – деді кенжесі жармасып.

Ар жақтан қарны шермиіп қалған келіншегі шығып, балаларына:

– Қане, барыңдар әкелерің шаршап келді, – деп қуды.

Жуынып-шайынып, қуырған макарон мен туралған памидорды қосып, ашқарақтана жеді. Жүзі бозарыңқы, шаршаңқы келіншегі:

– Ет бітіп қалыпты, – деді бәсең үнмен.

– Сәл шыда жаным, бәрі де болады – деп күйеуі желпінді.

Қажып, жүдеп кеткен әйелі қыз кезінде қандай еді, міне аз жылда маңдайына әжім түсіп, алжа-алжасы шыққан әйелге айналыпты. Боксшы бір жылы сөз айтқысы келіп:

– Қарызға қаржы таптым. Міне, – деп қалтасынан екі бума долларды алдына тастай салды.

– Мынау қанша? – деп мұндай ірі пұл ұстап көрмеген ол бұған таңдана, таңқала қарады.

– Жиырма мың доллар. Ертеңнен бастап бір айға жұмыстан демалыс алдым, жаңа үйге көшеміз, – деп еді баяу әрең қозғалып жүрген жары ұшып-тұрып мұны құшақтай алып, шөп-шөп сүйді.

– Ақыры дегенімізге жеттік қой жаным – деп көзі жасаурап, күйеуіне қыз кезіндегідей наздана еркелей тіл қатты.

– Сен ұнатқан сол үш бөлмелі пәтерді аламыз. Көшуге дайындала бер.

– Жаным, мен саған өлердей сенемін ғой. Сен мына балалар үшін бәрін-бәрін жасайсың. Сені қатты сүйемін ғой мен, – деп өсіп кеткен ішіне қарамай күйеуінің кірпікше тікірейіп тұрған шашын, күн мен жермай иісі аңқыған арқасын аялай сипалағанда көз жасы төгіліп кетті. Ар жақтан балалары келіп, әке-шешелерінің мына қылықтарына таңдана қарап сәл тұрды да, бұларды жармаса құшақтады.

«Бұдан асқан қандай бақыт бар! Мына бүлдіршіндерім ертең бәйтерек боп биіктеп, қанатын жайып бізді қуанышқа бөлеп тастайды ғой!» – деп Боксшы көңілі тасып, болып-толып тұрды.

(Жалғасы бар).

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, қоғам қайраткері,

«Әділет. Рухани жаңғыру»

газеті редакциясының алқа төрағасы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *