(Жалғасы. Басы өткен сандарда).
Бұл Шегір кім еді өзі?
Шиқандай қызыл сары баланы күзетші перзентхана ауласынан тауып алды.
Екі-үш айлық сәби емізігін бүлк-бүлк сорып қояды да шырылдай жылайды. Май тоңғысыз жаздың маужыраған түнінде бүкіл аурухананы бір айналып келіп телевизор көремін-ау деп жайбарақат аяңдап келе жатқан күзетшіге ағаш түбінен нәрестенің жылаған даусы естілгендей болды. Дереу барып қараса, ораулы сәби жатыр.
Қалбалақтай көтеріп, перзентханаға дедектей жүгірді. Кезекші дәрігер, медбикелер абыр-сабыр жиналып, бөбекті шешіп алып, тексеріп ары-бері аунатып қарай бастады.
– Бұл қайдан келген бала?
– Кім лақтырып тастап кеткен?
– Екі-үш күн бұрын ғана туылған нәресте ғой…
– Қой, басшыларды шақырайық! – десіп перзентханалар абыр-сабыр болып, жаңа табылған баланы шомылдырып, емізікпен қолдан тамақтандырып еді, әбден ашыққан ол қақалып-шашалып қомағайлана резеңке емізікті жұтып алардай емген бала терлеп кетті.
– Ашқарақ екен.
– Әбден қарны ашқан қой.
– Жоқ, мынау кейін берместің асын тартып жейтін жан болады, – десті нәрестені күтіп, тамағын беріп жүргендер өзара әңгімелесіп. Милиция, перзентхана бастығы келіп, бала табылған жерді аралап тексеріп, қағаз толтырып, түн жарымына дейін жүріп алды.
Күзетшіні ерткен жас лейтенант милиционер бүкіл аурухананың темір қоршауын айналып шығып, үш жерінде адам кіріп-шығатындай тесік барын анықтап, протокол жазып, мына сәбиді кім әкеп тастағанын анықтамаса басшылары жауапты болатыны ескертіп, қағаз толтырып беріп, жаздың ерте ататын таңы сыз беріп, шығыс жақ бозамық тартқан кезде ғана кетті.
Ертеңіне күзетші завхоз екеуі темір қоршауды жамап, тесіктерін бекітіп, әуре-сарсаңға түсті.
Шаршап-шалдыққан ол үйіне келе жығылып, ұйықтап, ертеңіне кешке жұмысына келсе табылған нәрестенің анасынан әлі еш хабар-ошар жоқ.
Түнге қарай лейтенант келіп, екеуі қоршау ішінде жасырынып, біреулер келе ме деп аңдумен болды.
Қызылшақа қомағай сәби қайта-қайта бажылдап жылайды, дауысы зәрдей ащы. Санитар, медбикелер қайта-қайта аузына емізік тосады.
Жаңа босанып жатқан орыстың ірі денелі толық келіншегі:
– Ана жаңа табылған баланы беріңдерші, мына қызым бір емшегімнің сүтін де толық еміп тауыса алмайды, – деп төсіне алды.
Перзентханда жаңа туған әйелдердің сүтін сауып емізетін болды.
Апта өтті, он күн болды, ашқарақ баланың анасынан да, кім әкеп тастағаны да белгісіз, табылмай қойды.
Ақыры, бұл қызылсары ұзын нәрестені Есіктегі бөбектер үйіне жөнелтті.
Ондағы жасы келіп қалған етжеңді орыс кемпір директоры:
– Бұл баланың аты неге жоқ? Туғаннан кейін бір апта ішінде есімі жазылған құжаты болуы керек! – деп сілкініп сөгіп, алып келген күзетші мен милицияны қайтарып жіберіп, екі қолымен жағын сүйеп отырып:
– Бұл баланың аты-жөні – Борис Иванов болады, туған жері осы қала, әке-шешесі белгісіз деп метіркесін толтырыңдар – деп тапсырма беріп, шыр-шыр жылаған сәбиді тәрбиешіге өткізіп берді.
Борис… Боря екі жыл бөбектер үйінде болып, одан кейін балалар үйіне ауыстырылды. Алтыға толғанда Бағанашылдағы жетімдер қатарына қосылды.
Ашуланса, не қуанса бір көзі қылиланып кететінін көрген балалар оны «Шегір» деп атап кетті.
Қолының жыпсымасы бар оны талай мәрте ұрлық үстінде ұстап алып ұрып-соқса да, тәрбиеші-басшылар ұрысса да әдетін қоймай, көшеге шығып, бірдеңелерді қағып кетіп, талай мәрте милицияға түсті. Қағынған оны Ташкент көшесіндегі балалар колониясына өткізіп, мектеп бітіре алмай жырынды алаяқ, әккі қалтақағарға айналды.
Бүкіл өмірі – кісі аңду, ұрлық-қорлық, абақты…
Қайта-қайта сотталып, түрме өз үйіндей болып кетті. Қашан мол олжаға қарық болар екем деп еркіндікке шығысымен өзі тәріздес сыбайластарымен үй тонауға аттанады, аңқау кісілерді зар қақсатып, тыққан пұлдарын қақшып алады.
Мол байлыққа кенелеміз деп ұрлық жасаса болды, қолға түсіп, абақтыдан бір-ақ шығады, одан зонаға айдалады.
Мерзімі бітіп, соңғы рет еркіндікке шығар кезде Қанжар желімше жабысты. Айтқанын бұлжытпай орындағанына разы болса керек, ол да босасымен мұны тауып алды.
Бас ауыртпай бір сәтте жүз жиырма мың долларды санап қолына ұстатып, тонап алған олжаны тепе-тең қақ бөліп берді.
Міне, мұндай ірілік пен серілікті күтпеген ол Қанжарға қияметқайым күніне дейін ризалығын айтумен болды.
Қанжар болса Шегірді сынап көрдім ғой, енді ұлы жорыққа бірге аттанар жолсерігім осы болар деп, ішке бүккен сырын жайып салды.
– Ақшаның бәрі банкте. Сол жағын ойластыруымыз керек, – дегенде:
– Банк тонаймыз ба сонда? – деп сасып қалды.
– Жо-жоқ. Қалтақағарлар лып-лып етіп жеңіл жүріп, жеңіл ойлайсыңдар. Біз өсіп, көтеріліп, сері ұрылар тобына қосылдық. Түсіндің бе? – деп жөн-жоспарын айтқанда оның басының қатты істейтініне таң қалды.
– Мен Петропавловскіге барып келген соң, екеуміз осы істі ойластырып, өле-өлгенше жететін ақшаның астында қаламыз, – деп сырын айтып аттанған Қанжардың жоспарын өзім-ақ істесем қайтеді деген жаман ой басынан шықпай қойды.
Орайы келіп Шәлтік банкир табылды, Боксшыға қарыз пұл беріп тұсап қойды.
Алты миллион евроны жотадағы бейітке жасырып көміп тастаған соң, санасына сумақай ойлар жыланша ширатылып, бойын түгел орап алды.
– Мына жыпылық көз Шәлтік пен дүлей-күшті Боксшы қалай ғана осыншама мол байлықты мұнымен тепе-тең бөліседі. Олар түк істеген жоқ қой, біреуі миллионерді көрсетті, біреуі он минутта екі адамды екі ұрып құлатты да адам сенгісіз екі миллион евроны бөліп алмақ па? Ұзаса он мың, тіпті жүз мыңын алса бір жөн, ал ол көлеңкесінен қорқатындарға қалай осыншама қазынаны беріп қоймақшы? Бұл байлық – тек өзіне ғана тиесілі. Бәрі – өзінікі! Енді қайтпек?..
Ібіліс иектеп, шайтан азғырып, ол сан түрлі сұрқия жоспарлар құра бастады. Екеуінің де көзін құртып, жоқ қыла ала ма? Бұл өте ауыр, қиын қылмыс!
Ана тыққан дүниені жасырып жеке өзі ғана алып қашайын десе, ұсталары хақ. Онда бәрінен таза айырылады, қалған өмірі түрмеде шіриді.
Не істеген жөн? Анау ашықауыз балапандай екі сыныптастарына ештеңе татырмай, есебін тауып, бәрін тек өзі алып кетіп, ғұмыр бойы қызығын көруі керек.
Сан алуан ой сапырып, ақыры осындай шешімге тастүйін бекінді.
«Жигулиін» тырылдатып «Горный гигант» ауылын басып өтіп, ұрлап тыққан қаржылары жатқан жотаға қарай жан-жағына қыли көзімен сумаңдай сұқтана қарап қойып, Шегір алып-ұшып келе жатты.
* * *
Бұл оқиға ертеде болған еді.
Қарғабай тумысынан жұмыртқадан жүн қырыққан өте сараң. Ешкімге бармайды, ешкімге ештеңе бермейді, жан баласымен араласпайды.
Ақыры өз ел-жұртына симай бір-ақ түнде көшіп кетіп, бөтен ауылдың шетінен жер алып, там соға бастады.
Биік дуалмен жан-жағын қоршап, екі сиыр, оншақты уақжанына қора салуға іргетасын қазып жатқанда күрегі әлденеге шақыр-шұқыр тие берді. «Бұл не болды екен?» – деп әлгі жерді айнала қазып көрсе қос құлаштай жалпақ тас, оны мықшыңдай топырағын аршып, аударып кеп жіберсе ар жағы үңгірдің аузы. Кісі бойы сиятындай үңгір ішіне шам алып кірсе қат-қат жиналған алты қап сап-сары жарқыраған алтын және бір бұрышында жиһаз-мүлік. Қаптар ыдырап, ұстаса сөгіліп түседі, қымбат киіз үй мен жиһазы да әбден тозған, мүк секілді үгіліп, ұстасаң күлге айналып, түкке жарамай қалған.
Қарғабай осы үңгірді жалпақ таспен қайта бекітіп, үстіне қора соғуға кірісті. Дәл жаңағы жердің үстіне өзі жатып демалатын төсек жасап, түнде сонда жатып ұйықтап жүрді.
Үңгірдегі кесек-кесек сап-сары жарқыраған алтындарды төсегінің астына тасып әкеп, бетіне жұқа тақтайлар жауып, үстіне текемет, киіз, көрпе төсеп, өзі сол жерден күндіз-түні шықпайтын болды.
«Там саман үйден жүрегім қысылады, осында малдарды қарап жатамын» – деп біржола қора бұрышына көшіп алды.
Бұл тапқан қазынасын тірі жан баласына көрсетпей, тек жарым түнде тұрып, төсегінің астындағы көрпе-текеметті ашып тастап, қызыл-күреңденіп жатқан алтындарды аймалай, аялай сипап, ет пісірім уақыт әрқайсысын жеке-жеке ұстап, кеудесіне басып, тамашалап, қайта қат-қатымен төсек астына тығып тастайтын әдет тапты. Рахаттана ұйықтап, өз-өзіне мәз-мейрам болып, дарбазасынан сыртқа шығуды біржола қойды. Әйелін ұрып-соғып, ақыры бала-шағасымен төркініне жіберіп, ажырасып кетті.
Жуас әйелі екі баласымен бір мәрте қайта өз аяғымен келіп «Қарғабай-ау, мына екі ұлымыз барда қайда сиямын? Бәрін қойып, осыларды ойлайықшы» – деп еді екі көзі шоқтанып алған күйеуі долданып ол байғұсты көк ала қойдай, көк шымшықтай сабап қайтарып жіберді. Елірменің емі жоқ, шырылдап жылаған балаларына да жібімей, жолатпай, қоқиланып кіргізбей зар еңіретті.
Жалғыз өзі дуал ішінде күйбеңдеп, күлге аунаған тауықтай үсті-басы кір-қожалақ, салым-салымы шығып, жуынбай, моншаға түспей, жаман қолқа қабар иістеніп, сақал-мұрты репейсіз кеңірдегіне шейін тікірейіп өсіп, шала-естеніп, қорадан шықпай, етке үймелеген шыбындай төсек төңірегін сипалап, соның үстіне жатып, ырқ-ырқ мәз болып күлетін мінез тапты. Алтынның буы адамды алғаш арқыратады, артынан сандырақтады.
Әлдекімдер қақпа тықылдатып жолыққысы келсе олжасының буы ма, жоқ бойына жайылған уы ма, аспандап, тәкәпарланып, ай-шай жоқ бас салып ірі-ірі таспен ұрғандай ауыр сөздер айтып, қайта келместей, мүлде көрместей етіп жіберетін өркөкірек болып алды.
Қара суық күз түскенде мінез-құлқы мүлде өзгерген Қарғабай өз-өзімен сөйлейтін, мырс-мырс ырсылып күлетін, көзінен жылт-жылт сиқыр от ұшқындап, дуал-қоршауын біртіндеп қалап, биіктете-биіктете қамал ғып тастады.
Күнде төңірегін айналып сумақайлана тінте қарап, тышқан тұрмақ құмырсқа кіре алмастай таспен қалап, балшықпен сылап, темір-терсекпен бекітіп, жантері шығады.
Қар аралас жаңбыр жауып, ағаштардың жапырақтары сарғайып, күзгі желкем желге саулай ұшып төгіліп жатқан сәтте дуалды қарап жүрген Қарғабайдың үстінен ысылдай, пырылдай әлденелер ұшып өткендей болды. Алақтап аспанға қарайды, түк жоқ, дереу алтын жатқан қораның есік-терезесін тас қып бекітіп, төсегінің астын тексерсе бар қазына баз қалпында көздің жауын алып нұрланып, құлпырып, жайнап жатыр.
Құмарлана уыстап, сипап, сылап көзінің сұғын қандырып, иіскеп, көп уақыт әрқайсысын салмақтап елжірей қарап, шоқиып отырып қалды. Сол сәтте қолқа жүрегін суырғандай қақ төбесінде әлденелер сәби болып шыңғыра жылап, қара дауылдай пысылдап, ырсылдап, бірде пыр-пыр етіп, байғазыдай сұңқылдағанда төбе шашы тік тұрды. Далаға атып шықса күздің алғашқы қары жапалақ-жапалақ жауып тұр екен. Ары-бері жүргіштеп, алақ-жұлақ қарап, ештеңе көрінбей тым-тырыс болған соң қайта орнына келіп, жайғасып, түнге қарай төсегін қалыңдау етіп салып жатты.
«Енді мұнда шам орнатпаса болмас, ертең соны қолға алуым керек» – деп Қарғабай төсек астынан ып-ыссы пештің буы ұрғандай бусанып, рахаттана керілді.
– «Ана үйдегі таразыны әкеліп, соған салып, бәрінің салмағы қанша болатынын есептеп қояйыншы. Бұл ауылда, бұл ауыл ма екен-ау, бұл өлкеде менен дәулеті асқан жан бар ма екен? Бұл байлығымның шетін көрмегендер толып жатыр-ау. Кім маған пар келеді, кім теңесе алады? Бәрі жыбыр-жыбыр құмырсқа емес пе. Ал, мен күн шұғыласындай алтынға оранған асыл перзент сонау алты қат аспанға, шыбын-шіркейдей қаптаған, жыбырлаған пенделеріңнің үстінен қарап жүрген алтын арайлы, ай тұлғалы бекзада емеспін бе? Қара жер бетіндегі адамдар бір-біріне айланып, байланып қалған, бірінсіз бірінің күні жоқ. Ит тірлікпен күнделікті қарын қамымен зыр қағып жүрген мүсәпірлер мүскіні қандай? Ал, бұл қап-қап, қат-қат алтыны барда бәрін сатып ала алатын, бәрін жасайтын, айтқанын істететін асыл қазынаның иесі, бүкіл осы жердің киесі емес пе?
«Айналайын батырым, көп болса егер алтының, не керек саған елің-жұртың, бала-шаға қатының?» – деп сақ-сақ есіріктене мәз. Ішіне ібіліс-жын кіріп, құлағына шайтан сыбырлап, есі кіресілі-шығасылы, есіл дерті, көкейінің тескені – тек өзі басып жатқан сарыала алтын ғана болып қалды. Есік-терезені тұмшалап жауып, сол жарқыраған кесек-кесек қойтұяқ, тайтұяқ алтындарды аударыстырып, түгендеп, бөбегіндей сылап-сипап, көзі тоймай ұзақ-ұзақ сұқтана қарап отырады. Қара жерді басып жүргенін ұмытып, күреңіте сан түске құлпырған олжа елесіне бүгіліп, елжірей сипап, қиялы аспанға шарықтап, қилы-қилы ойларға беріліп, жалғыз өзі отырып алып ыржаң-ыржаң, сақ-сақ күледі. Осыншама ен байлығымен ауылды, ауыл ғана емес, осы өлкені түгел сатып алса, еркектерін – құл, әйелдерін – күң етіп таңның атысы, күннің батысы мұның малын бағып, егінжайын өсіріп, шаруасын істетіп қойса. Өзі байбатша болып анау асқақтаған тау үстіне тірі жан бара алмас жерге алтын күмбезді үй салып, қамал етіп төңірегін қоршатып қойса… Қарғабайды менсінбей, жүре сөйлесетіндерді жандайшаптарына дүрелетіп, тізерлетіп алдында тізіп қойса… Осының бәрін жасауға қазынасы жетеді, әлі Қарғабайдың кім екенін білмейсіңдер? Көресіңдер көздеріңе көк шыбын үймелейтіп, құрдай жорғалатып қоямын бәріңді…
Төсегінің астында тығулы жатқан асыл тастар не деген құдіретті, ол ашпайтын қамал жоқ, оның алдында пенде біткеннің бәрі мүсәпірленіп, қол қусырып, белі бүгіліп құл болып шыға келеді».
Өзі тізерлеп, түні бойы алтындарын аударып-төңкеріп әр кесегін алақанымен аялап, кеудесіне басып, көзімен ішіп-жеп, мейірлене қарап, жанарларын сарқа суарып, таң атқанда барып орнынан тұрды. Ұзақ қадалып отырғаннан аяқтары ұйып, белі сырқырап, қиралаңдап кесел келген шөккен түйедей бірден денесін жазып тұрып кете алмай, тәлтіректеп, мең-зең болып, басы айналып әзер ес жиды.
Өзі қу сүйек болып жіңішкеріп, тозған шүберектей бет-аузы қарайып, жүргенде басы қалтаңдап, өз-өзінен күліп, әлденелерді айтып жүретін, кейде даусы қатты шығып кететін диуанаға айналды.
Шалықтап не істеп, не қойғанын білмей қоршауын қарап, күні бойы есеңгіреп төсегінің үстінде ұйқылы-ояу жатады да қояды.
Түнге қарай төсегінің астын ашып, қат-қат үйілген сары жылтырақтарына шаттана күліп, көзін аудара қарап тұрғанда әлдене су-су етіп, пырылдаған бірдеңелер ары-бері зу-зу етіп өте берді. Қолына түскен айырмен әлгілерді ары-бері ұрып жасқап, аласұрды. Алтындарының бетін жауып та үлгермей пырылдаған, зу-зу ұшып жүрген нәрселерді қуа-қуа борша-борша терлеп, әлі құриды.
Ашық жатқан қазынасына қарай тап-тап берген әлгілердің қып-қызыл көздерін, сумаң-сумаң еткен қанталаған ұшы қос айыр ұзын тілдерін көріп «Бұлар алтынға құмартқан жын-шайтан шығар. Олар мынаны жұтып-жұтып алып, самұрыққа айналып, басқа әлемге ғайып болып ұшып кетейін деген ғой. Жоқ сендерге қазынамның бір түйірін де бермеспін» – деп қызыл көз, айыр тіл сумаңдаған екі бәлекетпен қан майдан ашып, шайқасып кетті. Қора ішінде әдемі әтір иісі аңқыды.
Пыр-пыр етіп айналып ұшқан бұлар – қабырғаларында көрінбес қанаттары бар ұшатын ағайынды қызылбауыр қос жылан болатын. Бұлар – осы алтын көмбенің күзетшісі, киесі еді. Қысқа қарай күн суытқанда жер астындағы көмілген қазынаға бармақтай тесік індері арқылы кіріп, алты ай қыс бойы алты қап алтын үстінде жатып, буына балқып, маужырап ұйықтайды Ал, жазғытұрым шығып, көкте ұшып жүріп, сырттай бақылап, жан адамға тигізбей қадағалап жүретін.
Таудан-тауға пырылдай ұшатын көзге көрінер-көрінбес ақ қанатты бұлар – жұпар атты жыландар болатын. Жүрген, ұшқан ізінде, тұрған жерінде ерекше әдемі иісі аңқып тұрады. Алтынға шомылғаннан денесінен жұпар әтір иісі бөлінеді…
Үш жүз жыл бойы өздері күзетіп келген байлығын Қарғабай қазып алып, төсегінің астына тығып, ұйықтайтын болғанын бақылап жүрген олар далада қар жауып, күн суытқан соң меншікті мекеніне жетіп, қыс бойы ұйықтауға келген беттері еді.
Алтынға ауырған адам айыр ала жүгіріп айнала ұшқан ұшқыр қос жыланды түні бойы қуып, ұрып жықпақ болып, жан тері шыққанша аласұрды. Оқжыландар су-су етіп көзін ашып-жұмғанша қора ішінде шыр айналып, айыр соққысын өздеріне тигізбей, жұпарын шашып, сынаптай сырғып, зуылдап ұшқаны-ай…
Жаз бойы аш-жалаңаш жүргендіктен әл-дәрмені құрыған Қарғабай шүмектеп терлеп, тұрып кетуге әлі келмей еңбектеп барып алтындардың үстіне жата кетті:
– Бір түйірін бермеймін! Кетіңдер, жоғалыңдар! – деп қолын сермеп, – алғашында айқайлап, одан күші таусылып, ерні ғана жыбырлап, күбірлеп: «Бермеймін, бермеймін!» – деп сұлқ түсіп жатқанда екі оқжылан атылып келіп екі көзіне ұп-ұзын қып-қызыл екі айыр тілін оқтай қадап, сора жөнелгенде Қарғабайдың жаны үзіліп кетіпті.
Көрші ауылдағы әйелі: «Қаһарлы қыс түсті, күйеуім байғұс аштан өліп, суықтан тоңар. Қой жүріңдер, балаларым!» – деп ержеткен екі ұлын ертіп үйлеріне келсе қақпаны іштен өріп, кірпіш қалап жауып тастаған. Айқайласа, ұрып соқса ешкім жоқ, еш дыбыс естілмейді.
Дереу дарбазаны бұзып кірсе, үй есігі тарс жабық, аузындағы құлпын әуелі тот басқан.
Жүгіріп қора есігін ашып кеп жібергенде ішінен лақ етіп кемпірқосақ шуағы төгіліп шығып, жұпар иіс төңіректі алып кетті. Іле пыр-пыр еткен алтынбауыр, аққанатты екі қарыстай қос жылан ұшып шығып, зеңгір аспанға тік көтеріліп, тұп-тура күнге қарай атылып, қызыл шапағына сіңіп жоқ болды.
Қора ішінде төсекте жатқан Қарғабайдың екі көзі жоқ, қуыс шұңқыр болып ойылып қалыпты. Асты толы сары алтын үстінде жан тапсырған соры қалың әкесін көріп, екі ұлы ел-жұртын шақырып:
– «Мына алтынды бөліп алыңыздар, әкем байғұс бұл қазынаны кенеттен тауып, алтындерт деген ауруға ұшырап жынданып өлді. Байлық опа бермейді, у ішсең де, су ішсең де еліңнен артық ештеңе жоқ» – депті ұлдары.
Ел-жұрты Қарғабайдың шүңірейген екі көзінің орнын туған жерінің топырағымен толтырып, жерлепті. Алты қап алтынды балалары алты алашқа теңдей етіп бөліп беріпті.
Орасан байлыққа кенеттен оңай жеткен жанның екі көзі шелденіп, басы жын-шайтанның ұясына айналып, көкірегі тас бітеліп, сезімі түгел оталып, ісіп-кеуіп жүретін тұлып болады да қалады.
Біреу дәулетіне мақтанып, кеппеленіп, кесірленіп, есіп сөйлей бастаса: «Е-е, мынау алтындертке ұшыраған екен ғой, – деп ел-жұрты әлгіден аулақ қашатын болыпты. Алтындертке ұшыраған жан екі көзі түк көрмейтін көрсоқыр болып ерте жан тапсырады деседі.
Қарғабай жатқан бейіт үстінен су-су етіп әлденелер елес боп ұшып, түнге қарай жылт-жылт еткен жарық жанып, өшіп тұрады екен. Алтындерттен өлгендердің мүрдесін ордалы жыландар мекендейді дейді.
Иә, алтын өзі шірімесе де талай басты шірітеді.
* * *
Қалың шөп басқан ескі бейіт толы жота үстіне шығып, күншығыс беттегі әнеукүні олжаларын тыққан жерді оңай тапты.
Боксшы қоршау кірпіші жартылай құлаған мола ішіне жүрелей отыра қалып, жер тырмалаған ит секілді топырақты жан-жағына шашып, арсы-гүрсі пысылдап қазып аша бастады. Ары қазды, топырағын түйір қалдырмай бері қазды, ішінде түк жоқ. Осы шұңқырға көмілген сөмке ұшты-күйлі жоғалған. Жан-жағына алақтап Боксшы орнынан атып тұрып, бейіттің төңірегін бір айналып шығып, әр жерге шұқшия қарады.
Қайта келіп өзі ашқан шұңқырға қайта үңіліп, қолымен сипалап, былғары үлкен сөмке жоқтығына таңданып тұрды да, қаны басына шауып, долданып шыға келді. Жанында сүмірейіп басын салбыратып тұрған Шәлтікті бас салып, ішінен ыңқита бір перді. Анау топырақ шашылған бейіт үстіне шалқалай құлағанда үстіне секіріп мініп, бүркіттей бүре түсті. Әп-сәтте құртша ирелендеген оның тамағынан қос қолдай ұстап, қылқындыра бастады.
– Әй, Шәлтік! Тыққан ақша қайда? – деп ызбарлана ысылдады.
– Ағатай! Мен білмеймін!
– Өтірік соқпа! Шегір сұмпайының ақылымен сөмкені алып кеткенсіңдер. Егер осы ақша табылмаса мына молаға сені көміп кетемін. Білдің бе? Менің босқа айтпайтынымды, айтсам аяғына жеткізбей тынбайтын сойқан екенімді білесің! Айт қане, жаныңның барында!
– Ойбай түк білмеймін! Көрген де жоқпын, білген де жоқпын.
– Шәлтік сен сандалма! Шегір сенсіз түк істей алмайды. Мұндағы евроның бәрі бес жүздіктен. Оны түгел алып кете алмайды, бірден ұсталады. Оны банктен майдалап долларға, теңгеге аударып алу үшін сен керексің. Екеуің қосылып мені алдап жүрсіңдер, – деп езіп, қылқындырып, үстіне жатып тұншықтырып, өлімші етіп сұрақтың астына алды.
Шәлтік қақалып-шашалып, зар жылап «Білмедім, көрмедім» деген сайын Боксшы құтырды.
– Албасты екі сұмырай бірігіп, мені жоқ қылып, бәрін иемденіп кетеміз дегенсіңдер ғой, ә? Айт жаныңның барында, қайда апарып жасырдыңдар? Бар бәле екеуіңде, ымы-жымдарың бір.
Банкир тұншығып, жүрегі тарс жарылып өліп кететін шығармын деп ойлаған. Ақыры қалжырап, шаршады ма, мола үстіне отыра кетіп:
– Әй, сен өлімтік бәрін білесің. Ана антатқыр Шегір сұрқиямен ауыз жаласып, бәрін екіге бөліп алмақ болдыңдар ғой. Ол бола қоймас. Көрерсің, ол кісі жалдап алдымен сенің көзіңді жояды да, анау Сасықкөлге тас байлап лақтырып жібереді.
– Ағатай-ау, мен Шегірді баяғыда осы жерден кейін көрген емеспін!
– Бәрі өтірік. Осы көрге сені тірідей көмемін. Айтқаным айтқан! – деп арыстанша арс еткенде бадырақ көзі көк-жасылданып жарқ ете қалды.
– Түк білмеймін өзім де таңқалып отырмын, – деген бүкшиіп жыламсыраған Шәлтікке:
– Жүр кеттік, оңбаған! – деп арқасынан тоқ еткізді.
Машина қасына келгенде Шәлтік жасқана қарап еді Боксшының дәу екі көзі қып-қызыл, қанталап тұр екен…
Қала ішіне келген соң қалта телефонмен Шегірге хабарласты. Жерді тескен алаяқ телефонын да жасырып түрмеде өзіне алып қалғанына таңқалған Боксшы бірден:
– Анау қайда? – деп дікілдеді.
– Сен саспа! Мен ұзаса бір жылға сотталармын. Содан босап келген соң қылдай бөліп аламыз. Уәде – уәде! Саспа, сабырлы бол!
– Қайда ол?
– Қорықпа, өте мықты жерде! Бәрі ойдағыдай болады! – деп телефонын үзіп жіберді. Кішкенеден кейін қайта-қайта теріп еді, біржола өшіріп тастапты.
– Әй, Шәлтік, тіліңе абай бол! Егер Шегір екеуің ананы қайда тыққандарыңды көрсетпесең өз қолыммен қылқындырып өлтіремін! Түсіндің бе, ей, малғұн!.. Ойлан да ертең кешке маған бәрін айтып көрсет!
Мыж-мыжы шығып, тартып тастаған темекі тұқылындай Шәлтік үсті-басын қаққыштап, сенделіп, үйінің төңірегінде бүкшиіп дел-сал салбырап түні бойы жүріп шықты.
Боксшы да есік алдындағы сәкіде отырып алып, басын қос-қолдай қысып, ойсоқты боп, жынданды дерсің.
Шеберханадағы неміс бастығынан жиырма мың долларды екі айға қарыз алған, ай сайын банкке төлейтін кредиті бар. Үйіне жиһаз, дүние алмаққа әйелі әке-шешесінен үш айға деп үйлерін банкке қойдырып, он бес мың доллар алып қуанып жүр.
Титтейінен қағынған Шегір қанышер алдымен енді мұны жоқ қылып, ақша беріп бір қарақшыға көзін жойдырады. Ақшасын майдалап, долларға аударған соң Шәлтікті де жаһаннамға жібереді де, алты миллион евроны өзі басып қалмақ қой. Шетел асып ада-күде ізін жасырып, адастырып кетпек.
Жоқ, олай бола қоймас!
Ертеңіне салып ұрып, Шегір жатқан абақтыға барып, онымен кездесуге жазылды.
Шегірдің айласы ма, жоқ, тергеуші әйтеуір созып-созып келіп, жолығуға рұқсат бермеді.
Екі күннен кейін Шәлтікті қала сыртына алып шығып, тағы мыжғылады. Шөпиіп, жақ жүні үрпиіп азып-тозып кеткен ол:
– Мен ештеңе көргем жоқ, білмеймін! – деп зар қақты.
– Шегірмен түрмеде жолықтым, Шәлтікпен бірігіп тығып қойдым, – деді ғой.
– Ол сұмырай өтірік айтады! Білмеймін!
Күнде Шәлтікті алып шығып төмпеш-теп, қорқытып қанша сұрап тергесе де, «Түк білмеймін» дегеннен танбады.
Алғаш ұрлап алып шығысымен үшке қақ бөліп алғанда, дәл осылай болмас еді. Шегірдің құрған қақпанына қалай түсіп қалғанын аңғармады ғой.
Сансырап, ішіне өрттей өкініш, күйік, өшпенділік жиналған захор Боксшы не істерін білмей жын қаққандай аласұрды. Көзі жыпылықтаған банкир бәле бәрін біледі, тек тісінен шықса, басы кететінін ұғып, өтірік мүләйімсіп дымбілмес болып жүр.
Жараланған арыстандай жанын қоярға жер таппай түн ұйқысы төрт бөлініп, қан жұтты. Неміс бастығы нотариуске бекітіп барып, екі айға деп қарыз пұл берді. Қайын жұрты енді үйсіз қаңғып қалғалы тұр. Не істейді? Екі айдан кейін қарық қыламын, миллионер болып шыға келем деп айдай сеніп жүргенде қарабет болды ғой.
Шегір көзі қылиланып бір қанышерге ақшаны үйіп беріп, мұны өлтіріп, сұмырай жоқ қылуға тапсырма беріп те қойған шығар? Өтірік күліп банктен шыққан инвесторды тапа-тал түсте тонатып, ақшаның бәрін бір тиынын шығармай жасырып көмдіріп, екі ай бойы шу басылғанша бұған тиіспейміз дегеніне айрандай ұйып сеніп қалды ғой. Енді көмбені ашып, бар қаржыны қақшып алып қайда әкетті, кімге берді, не істеді? Бәрі жұмбақ, құпия?!
Қалтасында көк тиыны жоқ қарызға белшесінен батқан Боксшы үш бөлмелі үйіне де, келіншегі несиеге алып толтырып жатқан жиһазға да, асыр сап мәз болған балаларына да қарауға мұршасы болмай, не істерін білмей сансырап кетті. «Горный гигант» ауылының тау жағындағы жотадағы ескі қалың бейіттерді аралап, анада өздері тыққан моланы қайта бір қазып, аршып қарап шығады. Кешкілік банкирді жұмыстан тосып алып, мыжғылап, ұрғылап, қылқындырып сұраққа алады.
– Шегір пәтер тонап жатқанда қолға түсіпті. Жақында соты болады екен, – дегенде:
– Сен мұның бәрін қайдан білесің? – деп баданадай екі көзін ежірейтіп арс ете түсті.
– Гуляның жұмысындағы Жанна деген келіншектің күйеуі подполковник, полиция бастықтарының бірі. Сол айтыпты әйеліне. Гуляға Шегірді үлкен коммерсант, бай бизнесмен деп таныстарғанмын ғой. Подполковник бар былығын жайып салыпты, алты рет түрмеде отырғанын, баукеспе ұры екенін, аты-жөні Барыс емес, Борис Иванов деп жазылатынына дейін айтып беріпті. Жанна Гуляның сырлас құрбысы, сыр жасырмай, бәрін айтып тұрады.
– Сен бәле бәрін біледі екенсің ғой. Шегір менімен соткамен де сөйлеспейді, кездескісі де келмейді. Сот қай күні болатынын анықтап біліп бер. Түсіндің бе? Саған оқу өтіп кеткен, Шегірдің шынжырлаулы күшігісің, қалай жұмсаса солай шапқылайсың. Көресің, бірінші сенің көзіңді құртады. Одан да маған ақшаның қайда екенін айтсаң, екеуміз де тірі қаламыз, ал оны…
– Боксшы, оны өлтіресің бе?
– Жоқ, ол мәңгібақи жоқ болып кетеді. Білдің бе? Айт, ақша қайда, қай жерде жатыр? – деп Шәлтікті қозыны бас салған аш бөрідей бүре түсті. Көзі жыпылықтаған байғұс торғайдың балапанындай шырылдады да қалды.
– Олла-біллә, білмеймін!
– Айтпасаң ажалың менен! Бәрібір оны таппай тынбаймын! – деп кемпірауыздай қысқан саусақтарын банкирдің қылдырықтай тамағынан әзер ажыратты…
– Әй, сүмелек ана әйеліңе айтып, соттың қай күні болатынын біліп бер! – деп ызалана ызбарланып әзер босатты.
(Жалғасы бар).
Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,
жазушы, қоғам қайраткері,
«Әділет. Рухани жаңғыру»
газеті редакциясының алқа төрағасы