(Соңы. Басы өткен санда).
Алматыдай ғажап, көркем қала әлемде жоқ-ау. Жылдағы демалысымды осы әппақ қар басқаншыңдары көкке шаншылған Алатау баурайында аунап-қунап өткізіп, рахаттанадемаламын.
Медеуге бара жатқан жол бойында көкорай шалғын, қалың ағаш көмкерілген МВД санаториінде жеке ақсарай люкске орналастым. Енді жаңа кітабымның қолжазбасын қарап шықпақпын.
Түскі асқа барғанда асханада Досов ағамды кездестіріп, мәре-сәре болып қалдым. Мақсат Досов министрліктен түсіп қалып, МВД училищесі бастығы болып жүріп, зейнетке шыққан. Жанындағы жеңгем – баяғыдағы әңгелектей дөңгеленген сұлу келіншек бұл күндері тым толық, ыңқыл-сыңқылы көп, әзер жүріп-тұратын кәужіреген кемпірге айналыпты. Ағамның көмірдей тұнық қара шаштары сиреп, Алатаудың құз-шатқалдарындай ағарып, көзілдірігінің астындағы екі көзінің жиектері қызарып, жиі жаусарай беретін болыпты. Бірақ қырым ет жимаған сыптығырдай тіп-тік қалпы, жүрісі ширақ, тек құлағы сәл-пәл тосаң тартқан.
– Біз үш күннен кейін шығамыз. Осыған тегін жолдама берген соң келіп қалдық. Бәйбішенің қан қысымы көтеріліп, жүре алмай қиналып жүр. Министр болып тұрғанда осы санторийді Үлкен кісіге кіріп, өзім сұрап салдырған едім. Қарашы, қандай керемет жерге орналасқан, тау жақ, арқыраған өзен мынау. Абай көшесінен жоғарғы жақ қалың тоғай, ну орман болатын. Көкорайға малынған осы жерді таңдап, мына нән қарағай, шыршаларды кестірмей өзім қатаң бақылап жүріп бітірткен едім. МВД қызметкерлерінде жүйкеден жүйке жоқ, күндіз-түн шапқылап жүрген асыл азаматтар ғой. Солар рахаттанып демалсын дедім. Айтпақшы, бүгін ораза басталыпты. Кешкі асты ішпей біздің палатаға кел, ауызашар беремін, – деді көкем жанындағы столға отырғызып.
Қырғауылдыда тұратын күйеубаласымен медик қызы мол дастархан жасапты. Жасы келген бір кісі мақамдап құран оқыды.
Сылқия тойған астан кейін аға екеуміз сейілдеуге далаға шықтық. Кешке қарай Алматының тау жағы таңғажайып қой, шіркін! Алатауымнан аңқылдақ ақ самал ақтарылады, тұла бойыңды ұлпадай сылап, жұпардай сипап, жандүниеңді анау жарқыраған жұлдыздардан да жоғарылатып жіберетін қасиеті-ай! Шайыры аңқыған нән ағаштар жол беріп, тротурардың екі шетінде сақшылардай тізіліп қалыпты. Кәусар ауасы кеуде сарайыңды ашып жіберетін тымық іңірде ары-бері көп жүрдік.
– Жаңағы құран оқыған кісіні таныдың ба? – деп сұрады генерал көкем.
– Жоқ, көрмеген адамым сияқты.
– Сен оны көргенсің… Ол сені бірден таныды. «Баяғыда енесінің жанында құлағы едіреңдеген құлындай тыпыршып тұрған, мұны сол кезде кім десем, Сіздің туысыңыз екен ғой» – деді. Есіңде ме, баяғыда мен министр болып тұрғанда әлгі аса қауіпті қанішерді атқан азамат. Онда сержант болатын, қазір отставкідегі майор. Бұларды сыртынан – жендет, палачь деп те атайды. Жоқ, бұлар тапсырманы мүлтікіз орындаушы МВД қызметшісі. Мына жігіт құралайды көзге атқан мерген, бірден көздеген жеріне дәл тигізеді де, сеспей қатырады. Сабырлы, қан қысымы бір өзгермейді, бұлар дәрігердің үнемі бақылауында болады ғой. Ерекше тапсырма орындайтын бұл бөлімнің қызметкерлері елмен араласпайды, қатаң сұрыптау, іріктеуден өтеді, сырт бейнесі, бет-аузында есте қалатын ерекшеліктері болмауы тиіс. Бұлар төменде – подвалда отырады, сонда жаттығатындықтан подвальниктер-көртышқандар деп те атайды, жалпы сапқа тұрғызбаймыз. Мәскеуден өте құпия тапсырма түседі, Совет Одағының бір жерінде мемлекетке аса қауіпті мынандай жанды сездірмей жою керек! Дереу жаңағы подвалдағы сарбаздың біреуіне ерекше тапсырма беріп сапарға жібересің. Бәленбай күннен кейін жай киіммен кеткен ол «Тапсырма орындалды!» – деп келіп тұрғанда, он күн, кейде жиырма күн демалыс береміз, шенін жоғарлатып, сыйақы жазамыз. Міне, мына жігітте сондай мықты азаматтың бірі, білімі – колледж ғана бітірген, бірақ тындырымды. Жан баласымен араласпайды, дос-жараны жоқ, тұйық, бұйығы. Майор шеніне дейін көтердім. Бес баласы бар екен, бір ұлы үйленгенде отставкіге шыққан кезінде шақырды. Туған-туыстарының көзінше әбден мақтадым, қатты риза болды. Меккеге барып, қажы болып келді. Міне, бүкіл санаторийде демалушылардан сол ғана ораза ұстапты. Егінді жегідей жеп құртатын арам шөпті жұлып тастайды ғой, сол сияқты елге зор зиян, орасан қауіп келтіретіндерді білдірмей көзін жою осындай мықты жігіттерге сеніп тапсырылатын. Нариман сен де ана баяғы сержант, бағанағы майорды танымапсың, ғой, – деді генерал ағам күбір-күбір сөйлеп, нән ағаштардың көлеңкесінде арлы-берлі жүріп, серуендегенімізде.
Ертесіне кешке мен ауызашар бердім. Келінім балам екеуі қой сойып, пісіріп әкепті. Бабымен сылынып піскен басты Мақсат көкеме, жамбасты құран оқыған кісінің алдына қойдым. Майор құйқылжыта әуеніне келтіре құран оқыды да, тамақ ішіп бітпестен жатып бір шаруам болып тұр деп, кетіп қалды. Генерал екеуміз терренкурде бір сағаттан аса жүрдік.
Аңқылдаған самал өзеннің сылқ-сылқ күлкісіне көміліп, құлдилай соғады. Жазғы ымыртта жалбыздың, қара бүлдіргеннің ашқылтым иісі бұрқырайды.
Медеу сайы көркем ғажаптығын көрсетуге қызғанардай, қара-көлеңкемен қымтана бастапты. Аспанға ақ маржандай жарқырап шыға келген сан миллион жұлдыздар жерге тамып-тамып түсердеймың-мың жерден жымыңдап еркелейді.
Көптен көкейімде жүрген нәрсені сұрап қалғым келді:
– Аға, баяғы хатты бердіңіз бе?
– Қай хатты? Е-е, анау жетпіс бесінші жылғы қылмыскердің көк дәптері ме? Жоқ, бермедім. – Бұл кісінің есте сақтау қабілеті сұмдық, ештеңені ешуақытта ұмытпайтынына таңқаламын.
– Неге, бермедіңіз аға? Онда ешқандай криминал, құпия нәрсе жоқ еді ғой.
– Беруге болмайды. Заң солай. Заңнан аттауға болмайды. Ол көк дәптерді құжаттарына тіркеп, архивке өткіздік. Біреу-міреу іздесе содан табар.
Екеуміз де үндемей өзен жағасына келіп тұрдық. Су шолп-шолп сылқылдап аққан үнімен сезіміңді қытықтап ойнағандай. Бұрқаған тамшылардан шашуын шашып, ақкүмістене асыға жүйткіп ағады. Алыстан қырғауыл қоразының құрқұлы естіледі. Өзен аңғарында әредікте салқын жел желпіп өтеді.
– Қалам ұстаған інімсің ғой. Саған бір көлеңкемдей ойымнан шықпай қойған құпия жағдайды айтайын. Онда мен бір облыстың милиция бастығымын. Облыстың прокуроры, соты үшеумізге түрмеге баруға Мәскеуден тапсырма келіп түсті. Бір азамат кісі өлтірді деген үкіммен жиырма бір жылға сотталып, тоғыз жылын отырғанда, шын басқа қылмыскер табылып, бәрін мойындаған. Сағат онда түрме бастығының кеңсесінде отырдық. Быршып толып кеткен подполковник сұраған құжаттарды алдыртып, терлеп-тепшіп есі шықты. Алғашында өзін тергей ме, қамауға ала ма деп зәресі ұшыпты. Құм жоталардың арасына салынған бұл ескі түрме қаладан тым алшақ, басшылар көп келе бермейтін көптің көзінен жыраққа орналасыпты. Бұл облысқа менің ауысып келгеніме екі-ақ ай, прокурорға бір жыл, ал сот төрағасы бес жылдан бері сонда істеп келеді. Кабинетке сотталған жанды алдырттық.
Бас киімін шешіп, босағада тұра қалған оның кейпін көріп қырық жаста деп ойламас едім, шашы түп-түгел ағарған, екі ұрты солған, күрек тісі жоқ бейне кәужіреген шал тұрғандай көрінді. Прокурор, одан кейін сот төрағасы сөйлеп, бұл кісінің еш жазығы жоқ, толық ақталғаны жөнінде үкімді оқып, қолына берді. Анау екі парақ қағазды ары-бері аударыстырып тұрып-тұрып: «Менің тоғыз жылғы уақытымды немесе 2376 қайран есіл күндерімді кім қайтарып береді?» – дегені. Ол жылар, айқайлар, балағаттар деп, біз бәріне іштей дайындалып келгенбіз. Бір қарасақ үшеуміз әлгіні қаумалап, кешірім сұрап жатырмыз. Шашы аппақ қудай құр сүйек оны алып шығып, енді ауылына үйіне тарттық.
Үш-төрт машина сау етіп, есігінің алдына жетіп барғанда үйден қолында ожауы бар әйел, үйелмелі-сүйелмелі үш ер бала шығып, таңдана қарасып қалды.
Егде сот төрағасы:
– Осы үйдің отағасы жаламен сотталыпты, сол кісі толық ақталды. Міне, облыстық сот, прокурор, милиция бастықтары бәріміз Сіздерден кешірім сұрап келдік, – деп артқы машинадан түсірілген отағасын қаумалап әкеп табыс еттік. Қолында ожауы бар әйел селк етіп талып түсті, су шашып әзер есін жиғыздық. Үш ұл әкесіне жабысып еңіреп, жылап жүр, әкесі байқұс оларды қапсыра құшақтап алған. Әйел есін жия салып күйеуіне асылып ойбайды салды дейсің…– Баяғыда сот болғанда «Егер мен қылмысты болсам, бірден атып тастаңдар еш қылмысым жоқ» – дегеніне сенбей мұны соттап жіберіп едіңдер, сормаңдайлым, асылым-ай» – деп көз жасын көл қылып, еңірей боздап жылағанын айтпа. Озандаған қалпы қолындағы ожауын тастауға шамасы келмей айқайды салып, гөй-гөйге басқанын естіп, көршілер жиналып қалды. Түрі қату күміс сақалы кеудесін жапқан сұлу кескінді ақ қалпақ киген бір қария: – «Сендер начальник болсаңдар, клубқа бүкіл елді жинап, солардың көзінше ақталғанын айтып, кешірім сұраңдар. Екі парақ қағаздарыңды не қылайын» – дегені. Ертесінде ауданға айтып, клубқа ел жинап, бәрінің көзінше түрмеде жазықсыз отырған мүсәпірден кешірім сұрадық. Ел бірінен кейін бірі сөйлеп әлгіні мақтап ала жөнелді, совхоз директоры жаңа трактор беретінін, звено жетекшісі болатынын да айтты. Жазықсыз жапа шеккен ол туралы, оның адами қасиеті жөнінде, заң орындарының осыншама жауапсыздығын бетімізге басып кінәлап сөйлеушілер көп болды. Әсіресе, алдын әппақ күміс сақал көмген ақ қалпағын шешпей трибунаға шыққан ақсақал қолындағы таяғымен сахнада отырған біздерді көрсетіп: – «Мына жаламен сотталған баурымыздың барлық шығынын орнына келтіресіңдер. Үшеуіңнен осыны ар сотына саламын. Болмаса Мәскеуге аттарыңды атап жазамыз да отырамыз. Бұл – бір. Екінші осында жазықсыз тоғыз жыл адам көрмеске барып келген інімнің үйіндегі келінім отыр. Міне, нағыз адал жар, ардақты ана осы келінімдей-ақ болар! Тұра қойшы қарағым. Тоғыз жыл бойы күйеуін күтіп, ақ екенін құдайдай зарлап айтудан танбады. Жиырма бір жылда кім бар, кім жоқ демеді, жарының ақ төсегін ардақтап, балаларын бағып-қағып, ассуын, ішер тамақ, киер киімін қамдап, жұмысын істеп, түрмедегі күйеуіне жыл құрғатпай барып тұрды. Міне, нағыз ана! Нағыз адам! Киелі жердің қызы еді, біздің елдің қасиетті келіні екеніңді баршаға үлгі еттің қарағым! Саған Алланың нұры жаусын!» – дегенде зал толы халық ду қол шапалақтап жіберді. Көңілі бостары жылап та отырды.
Қара жерге кіруге тесік таппай әбден қиналып, біз үшеуміз де жер болып шықтық. Москва арқылы ізденіп тоғыз жылғы жазықсыз тартқан жәбір-жапасының төлемін дұрыстап алып беруге заң жолымен уәде еттік.
Облыс орталығына түнде жеттік. Қалаға кіре беріске тоқтап, машиналарымызды қаңтарып қойып, жол бойынан әрірек барып үшеуіміз ақылдаса бастадық.
Ақыры мынандай келісімге келдік.
Прокурор осы бүгінгі істі былықтырғандарды түгел тергеуші, соттан бастап жауапқа тартады. Сот төрағасы жазықсыз сотталған жанның тоғыз жылға еңбекақысын қосымша өндіріп беретін болады. Ал, мен оның бір ұлын оқуға түсіріп, дипломын алып беруге, қамқорлық жасауға келістім. Ана екеуі бір жылға жетпей-ақ уәдесінде тұрды. Істі жүргізген тергеушілер мен судьялар түгел қызметінен босатылып, тергеуге алынды. Сот бізбен бірге қосылып Мәскеуден қуып жүріп өтемақысын өндіріп, мол қаржыны аударып беріп, оған жәбірленуші жанұя өзге қажеттерімен бірге жаңа үй салып алды. Мұнда менікі қиынға соқты, тұңғышы аттестат алысымен қай оқуға баратынын біліп, ректормен сөйлестім. Жатақханаға орналастырып, бар жағдайын бес жыл бойы сыртынан қадағалап жүрдім. Ақыры диплом алып, еліне мұғалім болып оралды. Кейін министр болғанда облыс басшысына айтып әлгіні мектеп директорлығына тағайындаттым. Мұның бәрін өзіне, үйіне сездірмей, ешкімге білдірмей сыртынан істеп, «уһ» дедім ғой. Әкесі байғұс кейін-кейін мұнда қайтыс болғанын естідім. Сол шашы әппақ қудай ағарып кеткен жанның «тоғыз жылғы уақытымды кім қайтарып береді?» – деген міскін бейнесі көкірегімнен кетпей, түсіме де кіріп жүрді. Қаншама қылмыскер, сотталушы, небір қилы-қилы оқиғаларды көрдік қой. Бірақ осы бір жайт көлеңкемдей қыр соңымнан қалмай еш ұмыта алмай-ақ қойдым. Бұл бүкіл өміріме сабақ болды, әр нәрсенің ақ, қарасын ажыратып алуға тырысатын болдым.
Біздерде жүрек жоқ, мейірім-шапағаттан жұрдай деп ел өсектейді. Жоқ, олай емес. Жаңағы құран оқыған майор айтады: «Соңымнан әлдекімдер тысырлап аңдып жүрген сияқты, көлеңкем болып баяғылар кезектесіп күзететін секілді алағызып, жүрегім байыз таппайтын жайға душар болдым. Меккеге де бардым, ораза-намазды да қаза қылмаймын. Соңымда қалбақтап ілесіп сыбыр-күбір етіп аңдып жүргендердің үнін бұлдыр естимін, қарасам сұлбасы жалт етіп көрінбей кетеді. Невропотолог, психолог дәрігердің талайына көрініп, қаралдым.– «Әлі жиырма бестегі жігіттей дыңдайсыз, ешқандай ауытқу, ауру-сырқау түк жоқ деп шығарып салады», – деп сырын айтты.
Нариман, сені қасыма жұмысқа шақырғанымда келмегенің дұрыс болыпты. Сенің мінез-құлқың судай тұнық, адал қалпың бізге жарамайды екен. Әлгі көк дәптерді сұрай бересің. Оның әйелі, балалары фамилия, аты-жөндерін ауыстырып, намысқа шыдамай басқа облысқа көшіп кетті. Ал, сен ол қанышердің сухитына сенесің.
Сыр ашып, біраз нәрсені ақтарып салдым. Қой қайтайық, жеңгең жатып қалған да шығар, – деп генерал ағам өздері жеке жатқан аппартамент үйге беттеді.
Алматының қара барқыт мақпал түнінде санаторийде ой қаумалаған мен денем тоңазығанша ары-бері кезіп жүріп алдым.
* * *
Келер жылы жазғытұрым Досов көкем аяқ астынан қайтыс болды.
Иықтары жарқыраған генералдар мен шенділер қарақұрым қаптап Офицерлер үйіне симай салтанат өткізіп, оркестрмен қаралы марш ойнап, Алматының көшесімен алып жүрді. Кеңсайға апара жатқанда шұбырған машина нөпірі бүкіл жолды жауып тастады.
Ел жапатармағай жерлеп, әп-сәтте жас топырақ басқан бейіт төңірегіне қаралы қауым самсап отыра қалып, қала имамы құран оқыды.
Жұрт тарай бастағанда өмірі көзіне жас алмайтын емендей тіп-тік әкем бүгіліп, «Бауыр-е-ем! Бауырым!» – деп қарлыға дауыс сап жылап жібергені. Мақсат көкемнің небір шуақты мінездері есіме түсіп, енді сол бір жан мәңгілікке кеткені ме деп мен де көзіме еріксіз жас алдым. Сары топырағы дегдіп кеппеген мүрде басында жақын туған-туыстары ғана қалдық.
– Ел қырық қадам ұзап кетті ме? Енді бұл кісі о дүниелік. Бұл аруақ көкеміз тірілерден тек құран дәметеді,– деп көнетоз курталы біреу күнқағарын баса киіп, көк шөпке отыра қалып, құран оқи бастады.
Таныс дауыс, мақамына шейін білетін бұл кім екен деп бұрылып қарасам – былтырғы санаторийдегі майор. «Иә, Алла, Досұлы Мақсат пендеңіздің біліп істеген, білмей істеген күнәлары болса кешіре гөр» – деп құранды мәнерлеп оқып бітіріп, бір шөкім топырақты іліп алып, бейіт үстіне себезгілеп тастады да, бұрылып жүріп кетті.
Мені анық көрсе де көрмегенсіген кейіп танытты… Баяғы ел көзінен таса жүруге тырысатын әдеті.
Сол бір жанның бет-бейнесін көз алдыма нақты елестете алмаймын. Бұлдыр-бұлдыр көптің бірі, көлеңке іспетті бұл адамды кейін, содан қайтып кездестірмедім.
Өмірде өткізіп алған кешірілмес күнәң – сүметіліп соңыңнан қалмайтын жарбиған көлеңкең екен-ау…
Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,
жазушы, қоғам қайраткері, «Әділет. Рухани жаңғыру»
газеті редакциясының алқа төрағасы
Мамыр, 2020 ж.
Ақжар.