КӨЛІК САЛАСЫНЫҢ КӨРНЕКТІ ҒАЛЫМЫ

Сұхбат
12 Views

Қазақстанның жоғары білім беру жүйесінде өзіндік орны бар, ғылым мен өндірісті ұштастыра білген көрнекті ғалымдардың бірі – Нұрақов Серік Нұрақұлы. Оның саналы ғұмырының басым бөлігі Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен тығыз байланысты.

Серік Нұрақұлы еңбек жолын 1968 жылы бастап, осы оқу орнында аға оқытушыдан профессорға дейінгі барлық кәсіби сатылардан өтті. Ол 1970–1996 жылдары доцент, ал 1996 жылдан бері профессор қызметін атқарып келеді. Ұйымдастырушылық қабілеті мен басқарушылық тәжірибесінің арқасында кафедра меңгерушісі (1989–1996), факультет деканы (1974–1986, 1998–2000) және Құрылыс, көлік және сәулет институтының директоры (2000–2001) сияқты жауапты қызметтерді абыроймен атқарды.

2004 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін университет жанындағы «Құрылыс және көлік үдерістерін механикаландыру, автоматтандыру және технологиясы» ғылыми-зерттеу және жобалық-құрылымдық зертханасының директоры қызметін табысты атқарып келеді. Сонымен қатар, «Көлікті пайдалану және жүк қозғалысы мен тасымалдауды ұйымдастыру» кафедрасының профессоры ретінде жас мамандарды даярлауға зор үлес қосып жүр.

Ғалымның ғылыми-педагогикалық қызметі ауқымды әрі мазмұнды. Ол тек Қазақстанда ғана емес, шетелде де бәсекеге қабілетті жоғары білікті мамандарды даярлауға ықпал етті. Оның жетекшілігімен 10 техника ғылымдарының кандидаты мен PhD докторлары, сондай-ақ көптеген инженерлер мен магистрлар тәрбиеленіп шықты. Бұл – ұстаз еңбегінің нақты нәтижесі әрі ғылымдағы сабақтастықтың айқын көрінісі.

Серік Нұрақұлы ғылыми зерттеулерге де ерекше мән берген. Оның авторлығымен 500-ден астам ғылыми еңбек жарық көрген, оның ішінде 15 монография мен 15 оқулық бар. Бұл еңбектердің бірқатары мемлекеттік тілде жазылып, отандық ғылымның дамуына елеулі үлес қосты. Сонымен қатар, ол 50-ге жуық өнертабыстың авторы ретінде өндірістік саланың дамуына да ықпал етті.

Ғалымның құрылыс және көлік саласындағы нормативтік базаны жетілдірудегі еңбегі де ерекше. Ол 10-нан астам құрылыс стандарты мен нормативтік-техникалық құжаттарды әзірлеуге қатысып, 92 құжатқа түзетулер енгізуге, сондай-ақ оларды мемлекеттік тілге аударуға атсалысты. Бұл – еліміздегі техникалық құжаттаманы жүйелеу мен дамытуға қосылған маңызды үлес.

Сонымен қатар, Серік Нұрақұлы 20-дан астам ғылыми-зерттеу және инновациялық жобаларға жетекшілік етіп, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға елеулі үлес қосты. Оның ғылыми жұмыстары көлік жүйесін тиімді ұйымдастыру, тасымалдау үдерістерін жетілдіру және өндірістік технологияларды жаңғырту мәселелеріне бағытталған.

Серік Нұрақұлының өмір жолы – жас ғалымдар мен студенттер үшін өнеге. Ол – тек білікті ұстаз ғана емес, ғылымды дамытушы, өндірісті жетілдіруші, ұлттық кадрларды тәрбиелеуші тұлға. Оның еңбегі ел игілігіне бағытталған табанды қызметтің жарқын үлгісі болып табылады.

Бүгінгі таңда мұндай ғалымдардың тәжірибесі мен тағылымы жас буын үшін аса құнды. Өйткені ғылым мен білімнің дамуы – ел болашағының кепілі. Ал осы жолда аянбай еңбек етіп жүрген тұлғалардың бірі – Серік Нұрақұлы Нұрақов. Біз ғалымнан «Әділет» газеті үшін арнайы сұхбат алған едік.

 

«ҒЫЛЫМ ШЕКАРА ТАНЫМАЙДЫ»

 

– Серік аға, өмір бар жерде өмірбаян бар. Қашан және қай жерде дүниеге келдіңіз?

– Мен 1939 жылдың 1 қаңтарында Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданының Құйған ауылында дүниеге келдім. Туған жерім – хош иісті даласы мен гүлге толы шалғындары бар, Ертістің салқын самалы есетін, алыстан Алтай тауларының сілемдері көрінетін ерекше өңір.

Балалық шағым оңай болған жоқ. Әкем Сталинград түбіндегі шайқаста қаза тапты, көп ұзамай анам да дүниеден өтті. Мені Нұрақ ағам тәрбиеледі. Ол білімді, рухани бай адам еді. Кішкентай кезімнен бастап оқу-білімге деген сүйіспеншілікті бойыма сіңірді.Әр тоқсан соңында менің табель-күнделігімді асыға күтіп, бағаларымды мұқият қарап, шын қуанып отыратын. Сол сенім мен қолдау мені алға жетеледі. Соның нәтижесінде мектепті күміс медальмен аяқтадым. Мектептегі достарыммен де әлі күнге дейін байланысымыз үзілген жоқ.

– Техника ғылымына келу жолыңыз қалай басталды? Сізге кімдер әсер етті?

– 1956 жылы Алматыдағы Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының механикаландыру факультетіне оқуға түсіп, 1961 жылы үздік бітірдім. Сол кезде академик М.Р. Алшынбаев мені болашағы бар студент ретінде байқап, аспирантураға шақырды.Дегенмен мен алдымен өндірісте тәжірибе жинақтауды жөн көрдім. Бұл шешіміме ешқашан өкінген емеспін. Себебі дәл сол кезең мені шыңдады.Өз туған өлкеме пайдамды тигізгім келіп, Күршім ауданындағы «Қалғұты» совхозына жолдама алдым. Сол жерде механик-бақылаушы болып бастап, кейін Өскемендегі конденсатор зауытында бас маман деңгейіне дейін өстім.

1968 жылы Целиноград инженерлік-құрылыс институтына конкурс арқылы қабылданып, ғылыми-педагогикалық жолым басталды. Осы салаға шамамен 60 жыл өмірімді арнадым.1971–1974 жылдары Ленинградта аспирантурада оқып жүргенде ғылыми жетекшім, профессор М.Н. Лебедев менің ғылыми бағытымды анықтауға үлкен ықпал етті.Кейін 1996 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті құрылды. Сол университетте әлі күнге дейін еңбек етіп келемін.

– Сіздің ең маңызды ғылыми жетістігіңіз қайсы?

– Мен үшін ең үлкен жетістік – нақты бір жоба емес, шәкірттерім. Көп жылдық еңбегімде көптеген жас мамандарды тәрбиелеп, бағыт бере алдым.

Олардың көбі ғылымда, білімде, өндірісте, бизнесте өз орнын тауып, үлкен жетістіктерге жетті. Қоғамға пайдасын тигізіп жүргенін көру – мен үшін ең үлкен марапат.

– Жас ғалымдарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Қазір мемлекет ғылым мен білімге ерекше көңіл бөліп отыр. Ғылымның маңызы күн сайын артып келеді.Әрине, сұранысқа ие, болашағы бар мамандық таңдау маңызды. Бірақ ең бастысы – өзің сүйетін істі табу. Шынайы жетістік пен жаңалық тек өз ісін жақсы көретін адамнан шығады.

– Ғылым мен өндіріс байланысын қалай нығайтуға болады?

– Ғылыми жұмыстар өмірде қолданылатын, нақты сұранысқа ие болуы керек. Сондықтан өндіріс пен ғылым тығыз байланыста болуы тиіс.Осы тұрғыда дуальді білім беру жүйесі өте маңызды. Студенттер ерте бастан өндіріс ішінде тәжірибе жинауы керек.Мен мұны өз немерем Даниялдың мысалынан көріп отырмын. Ол Францияда оқып жүріп, оқу барысында алғашқы бөлшектерін жасап үлгерді. Нағыз маман осылай қалыптасады: білім, тәжірибе және қызығушылық арқылы.

– Жасанды интеллект пен автоматтандыру туралы пікіріңіз қандай?

– Жасанды интеллект адамға қарсы емес, керісінше, адаммен бірге жұмыс істеуі керек.Адам қателесуі мүмкін, ал жасанды интеллект дәлдік пен жылдамдықты арттырады. Бірақ оның да шектеулері бар. Сондықтан ең дұрыс жол – адам мен технология арасындағы тепе-теңдік.

– Ғылыми жолыңыздағы ең үлкен қиындық қандай болды?

– Қиындық көбіне зерттеуден емес, оны жүзеге асыру жағдайынан туындады. Біз күрделі кезеңдерде жұмыс істедік.Сонда да мен әрдайым адалдық, тәртіп және табандылық қағидаларын ұстандым.Өмірімдегі ең үлкен тірек – жұбайым Чекаева Галиабану Гисметовна болды. Ол – ғалым, педагог, ұзақ жылдар кафедра басқарған тәжірибелі ұстаз. Оның еңбегі еліміздегі информатика саласының дамуына үлкен үлес қосты. Нақтырақ айтсам, Целиноград мемлекеттік педагогикалық институтында «Математиканы оқыту әдістемесі» кафедрасын 20 жылдан астам уақыт басқарды және жоғары білім беру саласының ардагері болып табылады.Оның жетекшілігімен 1985–1986 жылдары кафедрада «Информатика» атты жаңа мамандықтың қалыптасуы басталды. Бұл бағыт кейіннен қазіргі Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Ақпараттық технологиялар факультетінің негізіне айналды.

– Халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың маңызы қандай?

– Ғылым шекара танымайды. Халықаралық байланыс – дамудың негізгі факторы.Бірлескен жобалар, тәжірибе алмасу, конференциялар – бәрі ғалымның деңгейін көтереді. Мен өзім де көптеген шетелдік әріптестермен жұмыс істедім.

– Алдағы 10-20 жылда техника ғылымы қалай өзгереді?

– Алдағы жылдары инженерия мен ғылым түбегейлі өзгереді. Олар бір-бірінен бөлек емес, біртұтас жүйе ретінде дамиды.Жасанды интеллект, автоматтандыру, цифрландыру, ақпараттық технологиялар үлкен рөл атқарады. Бірақ соның бәрінің негізінде іргелі білім қала береді.

– Әңгімеңізге рахмет!