КӨШ КӨЛІКТІ БОЛСЫН!

Жастар
1 532 Views

КӨШ КӨЛІКТІ БОЛСЫН!

Сүйінші!

Облыс Түркістанға көшеді екен!

Көшсе

Руханият қаласына барып,

Мәртебесі өседі екен.

Елбасы – көреген!

Ордалы Оңтүстікті

Рухани жаңғырып,

Жемқорлықты,

Парақорлықты,

Түрлі-түрлі қорлықты

Қойсын деп

Түркістанға әдейі көшіріп отыр.

Сөйтіп,

Абыройымызды өсіріп отыр!

Хош,

Жансейіт інім,

Сонда көшуді неден бастау керек?

Өзімізді рухани дайындап,

Баяғы ескі әдетті тастау керек.

Жас шенеуніктер,

Қайсыбір,

Қызмет-байлыққа мас шенеуніктер

Қылтың-сылтыңды қоясыздар.

Бес уақыт намаз оқып,

Дәретпен жүресіздер.

Неге күлесіздер?

Бұл – Шымқала емес,

Түркістан – Түркілердің ордасы.

Хандар, билер, қолбасы,

Зиялылар сонда жатыр.

Мәслихат мәнімен

мәслихаттассын,

Тендерлер тең ойнасын.

Әсіресе, заң органдары

Баб пен тармақтарға абай болсын,

Басқаша қалай болсын.

Неге?

Түркістан – Екінші Мекке!

Бұрын обал-сауапты

Екі иықта екі періште жазушы еді,

Енді шариатпен «бабтар» жазады,

Арғы-бергіні қазады.

Құтылуға дәрмен жоқ,

Таныстардан пәрмен жоқ.

Құдайдың құдіреті

Осы

Облыс Түркістанға көшеді дегелі

Жүрегім лүпілдеп,

Оң қабағым бүлкілдеп,

Менде күндіз күлкі,

Түнде ұйқы жоқ.

Жансейіт інім!

Киелі Түркістанға көшу оңай емес,

Сонда қалай көшесіздер?

Аттың жалы, түйенің қомында ма,

Ол қалған!

Шетін айтсам сезесіздер,

Атеистік әдетті қоясыздар.

Күзге қарай

Құран бағыштап, мал соясыздар,

Ат шаптырып, күресесіздер.

Қане

Осы сөзімнің қайсысы жалған.

Арысы – Түркі елі,

Берісі

Алты Алаш ағайын келеді,

Келмегені құттықтап хат жібереді.

Кім біледі…

Бабтар қолдаса

Сіз министр болып,

Орынбасарлар әкім болып,

Әлі-ақ мұрат-мақсатқа жетесіздер.

Айтқаным айтқан,

Осыдан көресіздер…

Әрине, бұл әзіл,

Әзілдің түбі – зіл.

Көш көлікті болсын,

Керуен көрікті болсын,

Ақ жол!

Ералхан ЖЫЛҚЫАЙДАРҰЛЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *