Ләйлә КАМАКОВА: «ӨЛЕҢ – МЕНІҢ АЙНЫМАЙТЫН ҒАШЫҒЫМ!!!»

Сұхбат
18 Views

Ләйлә Бақдәулетқызы КАМАКОВА 1977 жылы 18 наурызда Семей (қазіргі Абай) облысының Аякөз ауданындағы Қарақол ауылында дүниеге келген. Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистикафакультетінің түлегі. «Қос қарлығаш» атты жыр жинағы жарық көрген. Бірқатар өлеңіне әсем әуенді әндер жазылған.

Әлем халықтары Жазушылар одағының, Түркі әлемі Жазушылар одағының, Қазақстан Авторлары қоғамының мүшесі. «Қазақстан Авторлары қоғамының лауреаты», «Қазақстан Республикасы мәдениеті және өнер саласының үздігі» медальдарының, Бірінші дәрежелі Дипломының иегері.

– Ләйлә Бақдәулетқызы, сыр-сұхбатымызды туған жеріңіз, өскен өңіріңізден бастасақ дейміз…

– Кезіндеатағы дүркіреген, алақандай ауылдан үш бірдей Социалистік Еңбек Ері шыққан асылтұқымды мал шаруашылығымен айналысатын «Қарақол» кеңшарында туып-өстім. Ауылдынебәрі 27 жасында Аустралия мен Жаңа Зеландия елдерінде тәжірибе алмасып,шаруашылыққа тигізер қасиеті бар, өнімділігі жоғары етті-жүнді «Солтүстікқазақ мериносы» тұқымын шығарған ғалым – Ерғазы Тәңірбергенұлы, ауылдың өркендеуіне аянбай еңбек етіп, руханиятына зор үлесін қосқан Тұрсын Махметовсынды мықты азаматтар басқарды.

Сол ауылдың орта мектебінен білім алдым. Әркімнің туған жері – өзіне жұмақ. Кіндік кесіп, балдәурен балалық шағым өткен туған топырағым – ерекше қымбат, айрықша ыстық. Кей кезде Шығысымның сықырлаған сары аязын сағынып қаламын.

«Қарақол, суыңды ішіп, өсіп едім,

Тербеткен бақытымды бесік едің.

Киелім, қасиеттім, бойтұмарым,

Ақ ордам, туған жерім, несібелім!»

«Керетін қиялымның желкендерін,

Сағындым ауылымның тентек желін.

Қаланың қолдан қойған сұлулығын

Табиғи келбетіңе теңгермедім», –

деп жырлаған екенмін. Жырлай да беремін.

– Ләйлә ханым, Шығыстың шынарына баланатын осы бір айрықша атты, ерекше есімді Сізге кім қойған? Мәжнүннің Ләйлісі, Жұматай Жақыпбаевтың Ләйләсі, атақты «Дос-Мұқасан» ансамблі шырқайтын «Ләйлім шырағы» дегендей…

– Құдабай атам құлағыма азан шақырып, атымды Ләйлә деп қойыпты. Өзіме ұнайды. Жұмсақ естілетін нәзік есім. Атам жүйрік ат мініп, ит жүгірткен, қасқырды құрығымен-ақ соғып алатын саяткер адам болған. Әжемнің есімі – Айша.

Жоғарыда айтылған шығармалар кейіпкеріндей болмасам да маған арналған бірталай өлең-жырлар бар. Тіпті, арнау күй де жазылған.

– Мектепте қандай оқушы болдыңыз? Ұстаздарыңыздан кімдердің есімі айрықша? Алғашқы өлеңдеріңізді қашан жаза бастадыңыз?

– Мектепте ұқыпты, тиянақты, тәртіпті оқушы болдым. Ұйымдастырушылық қабілетіммен танылғанмын. Қазақ тілі мен әдебиеті пәніне деген махаббатым айрықша тұғын. Әсіресе, еркін тақырыпқа шығарма жазу қатты ұнайтын. Ондай кезде еркін көсіліп, тіпті, тақырып бойынша арасында өлең де жазып жіберетінмін. Әдебиетке қызығушылығымды арттырған осы пәннен дәріс берген Райгүл Жолдыбайқызы, Бейбіт Зиядаұлы сынды ұстаздарым еді. Райгүл апайымның сабақ түсіндіруі, киім киісі, жүріс-тұрысы, қимыл-қозғалысы, тіпті, сөйлеген сөзіне дейін ерекше әсер беретін. Өте білімді, тап-тұйнақтай адам еді. Сабақты жанын беріп түсіндіретін. Нағыз ұстаз қандай болады десе, сол бір мейірбан жанның бейнесі көз алдыма келеді. Әдебиетке деген қызығушылығымды оятқан аяулы ұстаздарым – осы кісілер… Алғашқы өлеңдерімді сол мектеп қабырғасында жүргенде (10-11 сыныптарда) жазып бастадым. 

– Қай ақынға еліктейсіз? Сіз ұнататын ақындар? Есенғали Раушановтың «Қыздардан ақын шықпайды әнші, күйші болмаса», – деген пікірімен келісесіз бе?

– Ешкімге еліктемеймін. Өлеңге арнайы баулыған ұстазым болған жоқ. Қанмен келген қасиет. Әкем поэзияға жақын болды. Бізге өлең кітаптарды жиі оқытып, тыңдайтын. Ата-анам мерзімді және Орталық басылымдарды жаздырып алып тұратын. Жастайымыздан «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), «Қазақ әдебиеті», «Жетісу», «Правда», «Известия», газеттері мен «Жалын», «Жұлдыз», «Қазақстан әйелдері», » Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат»), «Ара», «Шмель», «Огонек», «Человек и закон» журналдарын оқып өстік.

Поэзияда өзіндік ерекше қолтаңбасын қалдыра білген ақындарды айрықша құрметтеймін. Мінезді ақындарды жақсы көремін. Абай Құнанбаев, Махамбет Өтемісұлы, Мағжан Жұмабаев, Қасым Аманжолов, Тоқаш Бердияров, Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергеновтен бастап, Мұхтар Шаханов, Темірбек Медетбек, Фариза Оңғарсынова, Есенғали Раушанов, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Гүлнәр Салықбаева сынды ақындардың өлеңдерін сүйіп оқимын.

Есенғали ағамыз «Қыздардан ақын шықпайды…» деген сөзді тура мағынасында айтпаған болса керек. Әйел заты дүниеге ұрпақ әкелуші болғандықтан, оның мақсаты – өлең жазу емес, ұрпақ өрбітіп, тәрбие беру дегенді меңзеген сияқты.

Ақындық қасиет – кез келгеннің бойына дари бермейтін, әркімге бұйыра бермейтін бақ. Қыздардың қабілет-қарымы, пайым-түйсігі, суреттеу шеберлігі, ой ұшқырлығы, сөз байлығы, қиял тереңдігі, сезімталдығы – ер азаматтардан әсте кем түспейді. Қыздардан да айтулы ақын шығатынын алдыңғы буын ақын әпкелеріміз де, қазіргі буын замандас ақын қыздарымыз да дәлелдеп жүр.

– «Өмірде ақындардың бәрі жалғыз», «Ақындардың бәрі бақытсыз», «Ақынның жанын ақын ғана түсінеді» деген ұғымдар жайлы не айтасыз?

– Ақындардың әлемі өзгеше. Жұрт көрмегенді көріп, жұрт сезбегенді сезу – бізге берілген айрықша қасиет. Негізінде олар жайлы айтылғандардың бәрі рас нәрсе. Бірақ, мойындағымыз келмейді.

– Өлеңдеріңізді кейде неліктен жігіттердің атынан жазғанды жақсы көресіз? Шығармаларыңызды әлеуметтік желіге саласыз ба? Шығармашылық кеш өткізіп көрдіңіз бе?

– Иә, анда-санда ер адам кейпіне еніп, жазатыным бар. Әсіресе, Махаббат тақырыбына келгенде. Ол ер азаматтардың жанын терең түсініп, ішкі сезімін, тебіренісін образды күйде бере алатынымда шығар, бәлкім.

2022 жылы Ардақты әпкем екеуіміздің шығармашылығымызды қамтыған тұңғыш жыр жинағымыз – «Қос қарлығаш» кітабы жарық көрді. Әкеміздің құрметіне арналған кітаптың бұлай аталуында да өзіндік себеп бар. Әкеміз әпкем екеуімізді «қос аққуым», «қос қарлығашым», – деп еркелететін. Атымды осы қос қызым шығарады дейтін.

» Келген сайын бақыт сыйлап шадыман,

Қыздарым жүр өмірімді ұзартып», –

деп жырлайтын еді.

Алда жеке-жеке жыр жинақтарын шығару ойымызда бар.

Өлеңдерімді сирек те болса фейсбук желісіндегі парақшама салып тұрамын.

2022 жылы туған жеріміз – Қарақол ауылының 90 жылдық мерейтойында алғашқы туындымыздың тұсауын кестік. Естен кетпес бұл оқиғаның туып-өскен өлкеміздің мерейлі тойына тұспа-тұс келгеніне қуандық. Сол жылы киелі Сыр елінің курортты аймағы – Жаңақорған жерінде шығармашылық кешіміз өткен болатын.

– Қазақ поэзиясының қазіргі деңгейін қалай бағалайсыз? Жас ақындар шығармашылығы жайлы не айтасыз?

– Қазіргі қазақ поэзиясы жаңа бір сипатта дамып, өрлеп келеді.

Жаңа ғасырда әдебиетіміз рухани жағынан қайта түледі десе болады. Поэзияда тақырыптық жағынан, өлең құрылымы жағынан оң өзгерістер болып, ұлттық әдебиет өз келбетін айқындауда. Постмодерн дәуіріндегі ақындардың шығармаларындағы ізденіс, талпыныс, ой еркіндігі, стиль алуандығы, өлеңді түрлі формада ұсыну – сананың жаңғырып, талғамның өзгергенінің айқын көрінісі.

«Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабатын» – демекші, кейбір жас толқын еліктеуге ұрынып жатады. Жаттандылық пен бірізділікке бой алдырады. Тақырыптың мағынасын ашпай, ойын қиюластыра алмай қиналады. Алайда, поэзия әлемінде соны соқпақ сала білген ерекше сөз саптауымен, тосын теңеулермен, ой тереңдігімен сүйсіндіретін ақындар да баршылық. Ұлттық поэзияға сүбелі үлес қосқан Ұлықбек Есдәулет, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Серік Ақсұңқарұлы сынды ақындарымыздың өкшесін басып келе жатқан жаңа жас толқын – Ақберен Елгезек, Қалқаман Сарин, Танакөз Толқынқызы, Ерлан Жүніс, Бауыржан Бабажанұлы, Ершат Қайболдин, Бақытжан Алдияр сияқты жас ақындар легін айтуға болады.

– Сүйіп оқитын кітаптарыңыз? Ұнататын әнші, сазгер, биші, күйші, актёр, спортшыларыңыз кімдер?

– Біздің кезімізде қалта телефоны, интернет деген болған жоқ. Сондықтан да кітап оқуға деген ынтамыз зор тұғын. Кітап оқудың ләззаты мен рахатын сезініп өстік.

«Парасат майданы», » Аласапыран», Қан мен тер», «Атаукере», «Ақиқат пен аңыз», «Махаббат қызық мол жылдар», » Дүниеғайып», «Өмірзая», «Ақан сері», » Тазының өлімі», тағы басқа кітаптарды айрықша ұнатып оқыдық. Жақында оқыған кітаптарым: «Дүние ғапыл», «Сүлейлер өткен соқпақпен», «Райымбек – киелі жолдың иесі», » Ұлттың ұлы ұстазы», «Әуезов әлемі» шығармалары.

Біз ес білгелі анамыздың аузынан жиі естіген халық әндері мен сал-серілердің, Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Әсет Бейсеуов, Ескендір Хасанғалиев сынды сыршыл сазгерлердің әндерімен сусындап өстік. Сондықтан да Батыстың даңғазасынан гөрі қазақы болмысты әндер жаныма жақын. Классикалық әндерді тыңдағанды ұнатамын. Ермек Серкебаев, Әлібек Дінішев, Бибігүл Төлегенова, Нұржамал Үсенбаева, Майра Мұхамедқызы, Димаш Құдайбергеновтың, дәстүрлі әншілер – Жүсіпбек Елебеков, Мәдениет Ешекеев, Қайрат Байбосынов, Рамазан Стамғазиев, Еркін Шүкіманның әндерін ықыласпен тыңдаймын. Күй өнерін ерекше бағалаймын. Құрманғазы, Тәттімбеттен бастап, Секен Тұрысбеков, Қаршыға Ахмедияров, Айгүл Үлкенбаеваның, сондай-ақ, өзімнің досым, талантты күйші – Аршын Кәсімбайұлының күйлерін сүйсініп тыңдаймын. Бала кезімде радиодан тыңдаған күйлерді есту қабілеті арқылы домбыраға салатын әдетім болған.

«Бабалардан қалған өнер жүйелі,

Аңыз, тарих жалғасқан бұл күй еді.

Қобызымның ішегінде кие бар,

Домбырамның қасиетті тиегі».

Спорттың мұзда мәнерлеп сырғанау түрі мен көркем гимнастиканы тамашалағанды жақсы көремін. Қазақ елінің намысын қорғап, рухымызды көтеріп, көк туымызды желбіретіп жүрген спортшылардың бәріне жанкүйермін десем болады.

– Сіздің жақсы көретін хоббиіңізді білуге бола ма екен?

– Хобби дегенде, кез келген адамда белгілі бір нәрсеге қызығушылық болады ғой. Кітап оқығанды, тарихи, деректі кино көргенді, әдеби, танымдық сюжеттер тамашалағанды ұнатамын. Түрлі ас мәзірлерін дайындағанды жақсы көремін. Мүмкіндік болса табиғат аясына шығып, жаратылыспен етене сырласқанды, рухани демалғанды жаным қалайды.

– Отбасы, бала тәрбиесі туралы не айтасыз? Рухани құндылықтарымыз неліктен жоғалып барады деп ойлайсыз? Обал-сауап, мейір-шапағаттың азаюына не себеп болып отыр?

– «Отан – қуат, отбасы – шуақ». Жанұя деп аталатын жарасым мен сыйластық орнаған жып-жылы ұяда мейірім шуағын көріп өскен бала ешқашан жаман адам болмайды. Бала бойындағы ар-ұждан, адамгершілік қасиетін, мәдениетін, ақыл-ойын қалыптастыратын – осы шағын ғана мемлекеттегі тәлімді тәрбие екені даусыз. Ата-ана – қашанда балаға үлгі-өнеге көрсете білуі керек. Осы орайда біздің әкеміз – Бақдәулет Камаков пен анамыз – Рая Жұмабекқызының перзенттеріне берген тәлім-тәрбиесінің жемісті мол болды дер едік.

 «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің», – деп бекер айтылмаған ғой. Ұлын ұлтжанды, ермінезді, қызын инабатты, ибалы етіп тәлімді, парасатты тәрбие беру, бойына рухани ұлттық құндылықтарды сіңіріп өсіру – кез келген ата-ананың міндеті һәм парызы деп білемін. Сол себепті бала тәрбиесіне ешқашан салғырт қарауға болмайды деп ойлаймын.

«Отбасының тірегі – әке деген

Аялаған сәбиін, мәпелеген.

Адамдық қасиетті үлгі етіп,

Ұл-қызын биіктерге жетелеген.

Тілейтін амандығын баласының,

Сақтайтын жанұяның жарасымын.

Шырайын шаңырақтың кіргізетін

Ана деген ол – сенің жанашырың».

Берекесі мен бірлігі, мейірімі мен ынтымағы жарасқан отбасының босағасы да берік болмақ. Ұлттық құндылықтарымыздың қаймағы бұзылмай сақталуы, оның өркендеп өсуі ұрпаққа беретін тәлім-тәрбиемізге тікелей байланысты. Қазір әлемде, қоғамда болып жатқан өзгерістер жас баланың санасына тез әсер етеді. Еліктеу сезімі пайда болады. Бірақ, жаңа заманның талабына сай бейімделумен қатар ұлттық құндылықтарды көздің қарашығындай сақтау қажеттігін ұмытпауымыз керек. Ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр мен имандылықты, обал-сауапты, адами қасиеттерді, рухани құндылықтарды біліп өскен бала – келешекте мықты тұлға болып қалыптасатыны айдан анық. 

– Жалпы өмір, өлең, өнер жайлы не айта аласыз?

– «Өмір – шыңға шыққанмен бірдей. Асықпай шығасың, зымырап түсесің», – деген екен француз жазушысы Ги Де Мопассан.

«Өмір – егес, тартысы көп дүрбелең,

Тылсым, терең әрі неткен күрделі ең!

Келбетіңді келгенінше қолымнан

Суреттеуге талпынамын жырменен.

Өмір – түлкі кейде сылаң қағатын,

Қызықтырып мың әуреге салатын.

Сызданатын кейде итеріп кеудеден,

Іш тартатын тауып кейде жарасым.

Өлшегендей қас пен көздің арасын

Өте шығар бес күн қысқа ғанасың.

Бетпақдала киігіндей ойқастап,

Ей, өмірім, қайда зулап барасың?! –

деп өмір мәнін өлеңге арқау еткенім бар.

Өмір деген – сенің бар болуың.Кеудеңдегі лүпілдеп тұрған жүрегің.

Өмір – жаратқанның берген сыйы. Сондықтан, аманатқа қиянат жасамауымыз керек.

«Өмір – ұзақтығымен өлшенбейді, мазмұнымен өлшенеді».

Ал, өнер мен өлеңге келетін болсақ, адам баласының бойында сан алуан өнер бар. Тек соны танып, біліп, ары қарай ұштастыра білген абзал. Өзім үшін ақындық – құдірет, өлең – кие болып саналады. Осы бір азабы да, ғажабы да қатар жүретін өнер иелерінің пешенесіне терең түйсік, аса сезімталдық қасиет жазылған болса керек. Өлең – пәк, мөлдір, таңғажайып әлем. Ақын қалам ұстаған сиқыршы іспетті. Болмысты жан-дүниесімен сезініп, шексіз, шетсіз поэзия әлемін еркін шарлайтын, төрткүл дүниенің кілті бір өзінің ғана қолында тұрғандай азат рухты жан иесі дер едім. Ақын жаны – тылсым әлем. Ақын деген – Өмірдің өзі!

Ол – көктем жыр төгілген бүршігінен,

Ол – найзағай жасқайтын күркірімен.

Ол – қоңыр күз жанарын бұлтқа шылап,

Аспанның тамшылайтын кірпігінен.

Бақыт деген – ақынның ғұмырында,

Ол – бақытты толса да жыры мұңға.

Өлең — ғұмыр, өлең – кие ақын үшін

Қағидасыз сиятын бір ұғымға.

Ақындардың қара да көзіне сен,

Жанын оқы, тап-таза сөзіне сен!

Артық айтқан болмаспын егер де мен

Ақын деген – Өмірдің өзі десем!!!

«Әдебиет – ардың ісі!» десек, ақындық та адалдықты, ар-ұятты, шынайылықты, әділдікті талап етеді. Қазір қолдан ақын болып жатқандар бар. Ақын болып қалыптасу емес, ақын болып туу керек. Адам өз-өзін алдаған болса, жұртты да алдай алады деген сөз. Жасандылыққа бой алдырмаған, жаны таза, намысы мен ұятын кірлетпеген қаламгердің

сезімі мен жан толғанысынан, түйсік сезімталдығынан ғажап туындылар дүниеге келері хақ.

Өлеңіммен көктем болып бүр жардым,

Гүл жайнадым қырқасында қырлардың.

Таңғы шыққа тұнығымды жасырып,

Күн көзінде мың құбылып нұрландым.

Өлеңіммен нөсер болып селдеттім,

Самал болып аймаладым, жерді өптім.

Айлы түнде манаураған ғаламды,

Өлең-жырдың бесігінде тербеттім.

Өлеңіммен теңіз болып тасыдым,

Тереңінен тердім сөздің асылын.

Өлең – менің айнымайтын ғашығым,

Ал, өмірім – менің алтын ғасырым!!!

– Ләйлә ханым, өтінішімізді қабыл алып, әсерлі сұхбат бергеніңіз үшін Сізге ризашылық сезімімізді білдіргіміз келеді.

– Әбеке, Сіз де рақмет!

Сұхбаттасқан

Әбдісаттар ӘЛІП,

журналист, ақын, аудармашы, Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі, республикалық «Шымкентім, шырайлым!» әдеби-көркем альманағының Бас директоры – Бас редакторы.

Шымкент – Алматы – Шымкент.

14 ақпан 2025 жыл.

Р.S. Сыр-сұхбат әлеуметтік желі арқылы алынды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *