Мал дәрігерінің аса жауапты міндеті – тағамдық өнімдер арқылы адамға жұғатын аурулардың алдын алу. Сонымен қатар мал ауруларын таратпау, сыртқы ортаны қорғау, ауру малдан алынған өнімдерді залалсыздандыру.
Жұқпалы аурумен ауырған мал ұшасы мен ағзаларын малдәрігерлік-санитариялық сараптамадан өткізгенде, мал дәрігері оның сояр алдындағы және сойғаннан кейінгі балауының ерекшеліктеріне көңіл аударады, малдәрігерлік-санитариялық сарапты үлкен ұқыптылықпен жүргізіп, алынған өнімдерге тиісті баға беруі тиіс.
Лажсыздан сойылған мал ұшасы мен ағзаларындағы патологиялық-анатомиялық өзгерістерді тиянақты тексеруі қажет. Сойылған мал ұшасындағы өзгерістер аурудан өлген мал тәніндегі өзгерістермен салыстырғанда әлдеқайда көмескі болады, тіпті, байқалмауы да мүмкін. Малдәрігерлік-санитариялық сараптау – аса жауапты жұмыс, тағамға пайдалануға болмайтын ауру малдың етін жеп адам ауыруға шалдықса, мал дәрігері заң алдында жауап береді. Осы ретте С.С.Евсеенконың 1884 жылы «Адам медицинасы адамды қорғаса, ветеринарлық медицина адамзатты сақтайды» деген сөзін еске алғанымыз орынды.
Малдәрігерлік-санитариялық сараптауда малдардың жұқпалы ауруларын адам үшін қауіптілігіне қарай үш топқа бөлуге болады:
1) Мал өнімдері (сүт, ет, тағы басқалар) арқылы жұғатын індетті аурулар. Оған топалаң, туберкулез, бруцеллез, аусыл, құтыру, қойдың жыбырлағы (брадзот), қозының анаэробты дизентериясы, ауески ауруы, шошқа тұмауы, некробактериоз, тулеремия, хламидиоз, түйе обасы, маңқа және тағы басқалар.
2) Мал өнімдері арқылы адамға жұқпайтын антропозооноздар (ботриомикоз, стахиоботриотоксикоз, сіреспе және тағы басқалар.
3) Адам ауырмайтын зооноздар, күлдіреуікті ауру, вирустық диарея, шошқаның күлдіреуікті экзантемасы, шошқаның дизентериясы, қатерлі катаралдық қызба, қой мен ешкінің індетті агалактиясы, шошқаның атрофиялық риниті, ешкінің кебенегі, ірі қара індетті ринотрахейті, колибактериоз, сақау, паратуберкулез, пастереллез және тағы басқалар.
Малдың жұқпалы ауруларын осылайша топтау малдәрігерлік-санитариялық срапшылардың аурудың бірінші тобына аса көңіл бөліп, ол аурулардың таралуына баса назар аударып, тиісті шараларды уақтымен жүргізуге мүмкіндік береді.
Ет және ет өнімдерін сараптау. Сойыл жануарлардың ұшасы мен дене мүшелерін тексеру кезінде өлген жануарлардың сау емес екенін қарап анықтауға болады. Қылмыстық және төрешілік соттарда, прокуратураларда, іс жүргізушілік органдарда соттық немесе азаматтық істерді қарастырғанда осы аталған органдар арнайы ветеринарлық сұрақтарды шешу үшін ветеринарлық медицина мамандарын эксперт ретінде тағайындайды.
Осындай күрделі жағдайларды анықтау үшін ветеринарлық экстерттің көмегі мына жағдайларда қажет.
Сойыс алдында, мал сою кезінде, ет және ет өнімдерін сараптау кезінде мемлекеттік ветеринарлық санитарлық қадағалау нұсқау бойынша жүргізілмеген жағдайда;
Еттің шығу тегін анықтау, оның ауру немесе өлген, өлтірілген екені белгісіз болған жағдайда;
Орнатылған стандартқа сай келетін тағам өнімдерінің жарамдылығы төмен өнімдерге немесе жарамсыз заттарға ауыстырылған жағдайда;
Қолданылуға зиянды өнімдерді, ветеринарлық-санитарлық талаптарға сай емес жануартектес өнімдерді пайдаланған жағдайда тағамдық улануға немесе микробтардың денеге таралуына әкеп соқтырған жағдайда;
Сойыс алдында, өнімді жануарларды сою кезінде, ет және ет өнімдерін сараптау кезінде мемлекеттік санитарлық бақылаудың ережеге сай болмауы немесе орындалмауы.
Жоғарыда айтылған бірінші тобындағы жұқпалы аурулар болған жағдайда немесе осы аталған аурулардан ветеринарлық заңнама бойынша ет және ет өнімдері үшін союға немесе тапсыруға қатаң тыйым салынады. Союға арналған жануарларға сойыс алдында міндетті түрде термометрия әдісі жүргізіледі. Ет және ет өнімдерін, шикізаттарды сау жануарлардан алған жағдайда да міндетті түрде ветеринарлық-санитарлық сараптаудан өткізеді, қажет болған жағдайда зертханалық, микробиологиялық, биохимиялық тексерістен өткізеді. Өнім стандартқа сай болса, куәлікте арнайы мөр басылады.
Ауру екеніне күмәнданған жағдайда жануарларды союға қатаң тыйым салынады. Ауру малдарды бөлектеп, ауруын анықтап, диагноз қойғанша оларды бөлек ұстайды. Ауру немесе ауру емесін анықтағаннан кейін ғана ветеринарлық маманның қадағалауымен жануарларды союға жібереді. Амалсыздан сойылған малдың еті ветеринарлық-санитарлық сараптаудан өткізіледі және микробиологиялық, биохимиялық зерттеулер жүргізіледі. Ал, өнім зиянды болған жағдайда оны утильдеуге жібереді. Ветеринарлық-санитарлық сараптау нәтижесінде бұл жағдайлар анықталып, қылмыскер қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Алған етіңіз күмән тудырса не істек керек? Базардан алынған еттен күмәндансаңыз, шағымдануға болады. Бұл үшін аз ғана ет кесіп алып, суға қайнатып көресіз. Сорпасы мен иісінен бұзылған ет екенін аңғарсаңыз, сегіз сағат ішінде базардың зертханасына келіп, кері тексеруді сұрап, шағымыңызды айтасыз.
Бұл жерде сатушының құжаттары мен еттері қайта сарапталады. Егер бұзылған ет екені расталса, ақшаңызды қайтарып береді. Сатушыға шара қолданылады. Айыппұл салынып, түсіндірме жұмыстары жүргізіледі, ал, алты айдың үшінде қайталанған жағдайда ол ет сату құқығынан айырылады.
Қарлығаш ЕШНАЗАРОВА,
Түркістан жоғары аграрлық колледжі «Ветеринарлық арнайы» пәндер кафедрасының оқытушысы.