АТА ТЕГІМІЗДІ ҚАЗАҚЫ ҚАЛЫПТА ЖАЗА БІЛЕЙІК

Мәселе Қоғам
1 048 Views

Ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге де 27 жылдан асып отыр. Осы уақыт аралығында егемен елімізде ұланғайыр ізгілікті де игілікті тірліктер жүзеге асырылды. Еліміздің экономикасы өркендеп, халықтың әлеуметтік, мәдени, тұрмыстық ахуалы күн санап артып келеді. Қазақстанның Халықаралық аренадағы абыройы асқақтап, беделі биіктей түсуде. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында төрткүл әлем қазақ деген халық бар екенін танып, біліп отыр. Осылардың бәріне шүкіршілік еткен халқымыз ертеңгі күніміздің бұдан да жарқын болатынына бек сенімді.

Елбасымыздың жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры», тағы басқа да бағдарламалық мақалаларында қазақ халқының саяси-идеологиялық, мәдени өсу деңгейін арттыру жөніндегі міндеттері мен талаптары айқын аңғарылады. Бүгінде тіл, діл, дін, тарих, руханият мәселелеріне жете көңіл бөлінуде. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл мәртебесін иеленді. Орыс тілін – ұлтаралық қатынас тілі ретінде дамыта түсу көзделген. Халықаралық аренаға шығып, өзге де өркениетті елдермен экономикалық, сауда-саттық, бизнестік байланыстар жасау үшін ағылшын тілін терең меңгеру қажеттігі де алға тартылуда. Әрине, көп тіл білгеннің ешқандай зияндығы жоқ. Бірақ, егемен еліміздің атын, мемлекеттік тілін иеленген қазақ тіліне деген құрметіміз бөлекше болуы керек. Осы орайда, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін» деп бекерден-бекерге айтып отырған жоқ. Өзіміз шүлдірлеп өзге тілде сөйлеп жүрсек, басқалар не істемек?! Міне, осылардың бәрін терең сезінетін, ой елегінен өткізетін кезең келді.

Заңғар жазушымыз Мұхтар Омарханұлы Әуезов: «Ел боламын десең, бесігіңді түзе!» деген даналық сөз қалдырғанын бәріңіз жақсы білесіздер. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымызды сақтаумен қатар оны өскелең заман талабына сай дамытып, жаңғырта білуіміз керек. Осы орайда көңілге кірбің түсіретін мына бір жайтты айтпай кетуге болмайды. Өкінішке қарай әлі күнге дейін ата тегімізді қазақы қалыпта дұрыс жаза алмай келеміз. Мәселен, көпшілігіміз ата тегіміздегі -ов, -ев, -ова, -ева секілді орыс тілінен енген жалғаулардан арыла алмаудамыз. Жеке куәліктері мен төлқұжаттарында аты-жөні орысша жазылған қандастарымыз да аз емес. Армяндардағы -ян, грузиндердегі -дзе, -швили, украиндардағы -ко, сербтердегі -ич, түрік туысқандардағы -оғлы жалғауларына қарап, әуесің келеді. Ұлт пен ұлыстың аты, тілі, түрі, сөзіне қарап, олардың кім екенін айқын аңғаруға болады. Сол секілді қазақтар да өздерінің ата тегіне -ұлы, -қызы, -тегі деп жаздырса, құба-құп болар еді.

Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы өзінің командирлері: «Момышев» деп шақырғанда олардың алдарына бармай қойғанын бәріңіз жақсы білсеңіздер керек. Бойына қайсарлық рух қонған Баукеңнің: «Мен үш нәрседен қорқамын: бірінші, немере, шөберелеріне аңыз, ертегі айтып бере алмайтын ата-әжелерден; екінші, сәбилеріне «Бесік жырын» айтып бере алмайтын келіндерден; үшінші, екі қазақтың басы қосылғанда бір-бірімен басқа тілде сөйлегеннен» деген даналық сөзі ешқашан жадымыздан шықпауы керек. Сол айтқандай, біздің бәріміз өз елімізді, жерімізді шынайы сүйетін нағыз отаншыл, ұлтжанды патриот болсақ, ең алдымен туған тіліміз – қазақ тілін айрықша құрметтеуіміз керек. Сөйтіп, ата тегімізді қазақы қалыпта жазғанымыз жөн болмақ демекшімін. Сіздердің де бұл ұсыныс, пікір, тілекті дұрыс қабылдайтындарыңызға сенімдімін.

Бауыржан ШЕРТАЙҰЛЫ,

ауыл биі.

Келес ауданы,

Түркістан облысы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *