МЕГАПОЛИСТЕ ҚОРДАЛАНҒАН ПРОБЛЕМА ЖЕТЕРЛІК

Қоғам
960 Views

Қоқыс шығаруға алты айға келген төлемақыны төлеуге өзімнің келіспейтінімді білдіріп, арызданғанмын. Бұған төмендегідей жағдай себеп болған:

Өткен 2017 жылдың соңында 2018 жылдың қаңтар айы үшін толық төлем төлетіп, енді сол төлем жетпейді деп қайта есептеп, үстіне қосымша тағы 200 теңге сұраған. Төлемнің 2017 жылмен салыстырғанда бірден 200 теңге көтерілгені қалай?

Бүкіл еліміз бойынша, ҚР Ұлттық Банк белгілеген теңгенің құлдырауы жылына 5-7 пайызды құрайды және бүкіл елімізде өз үстемдігін жүргізеді. Олай болса, қоқыс тасудың төлемі бірден 33 пайызға қандай себеппен өсіп отыр?

Әлде, біздегі теңгенің жылдық құлдырауы 33 пайызды құрай ма?! Өзімнің арызымда қоқыс тазалайтын мекеменің құрылымын, бүкіл шығындарының сметасын сұрағанмын. Бұл сұранысыма жауап берген жоқ. Бізде қоқыс шығару бағасы қандай нормалар негізінде есептелетінін білгім келеді. Коммуналдық төлеуші ретінде менің бұл сұрақтарға толық жауап алуға құқығым бар. Мені «2018 жылға дейін бар-жоғы төрт адамға төлем төлеп келгенсіз, кем төлегенсіз» деп, айыптайды. Бұл жерде өз кінәмді көріп отырған жоқпын. Себебі маған қанша төлемге түбіртек келсе, уақытында төледім, отбасы мүшелері толық осы үйге тіркелген.

Әр кез қоқыс шығаратын адамдардың қалай жұмыс істейтінін бақылаймын. Үш адам бір «КамАЗ» жүк көлігімен бір көшенің екі бетіндегі төрт үйдің қоқысын артуға екі минуттан артық уақыт жібермейді. Жүк көлігі 5-10 шақырым жылдамдықпен жүріп отырып, екі жағынан екі адам, үстінде бір адам осы жылдамдыққа ілеседі, қоқысты арта алады. Шамамен бір сағатта жеті шақырым жол жүріп, осынша жерде орналасқан үйлердің қоқысын артып үлгереді. Жеті шақырым жерде 160 метрден (көшенің екі бетін қосқанда) 7000 метр : 40 = 175 үй. Көшенің екі бетінде орналасқан 175 үйді бір сағатта тазалайды. Бір күнде – 8 сағатта 175х8 сағат = 1400 үйдің қоқысын шығарып үлгереді. Аптасына бір рет, айына төрт рет қоқыс шығарады. 1400 х 4рет = 5600 үйдің қоқысын шығарады. Сонда әр үйден айына орташа есеппен 600 теңге жинағанда 5600х600 теңге = 3360000 теңге қоқыс шығаратын жүк көлігі төрт күн ішінде 3 360 000 теңгенің жұмысын атқарады. Осыдан кейін мынандай заңды сұрақ туындайды: Аталған мекемеде қанша қоқыс шығаратын жүк көлігі бар? Бұл жүк көліктері бір ай бойы жұмыс істегенде, қанша жұмысшы (қоқыс шығаратын) жұмыс істейді, ай сайын қанша жалақы алады? Мекеменің бір айлық қаржы айналымы, жылдық айналымы қанша теңгені құрайды? Тарифтерді шығарарда уақыт есептеулер (хрометраж) қалай есептеліп, нормасы бекітіледі? Бұдан әрі «КамАЗ» жүк көлігінің бір айлық құны қанша тұрады (ішінде барлық көлікті жөндеу, жанар жағармаймен қамтамсыз ету, жылдық ақылы демалысы кіреді)? Егер төрт күнде бір жүк көлігі 3360000 теңге табыс әкелсе, онда барлық жүк көліктері қанша табыс әкеледі? Міне, қоқыс шығару нормасы осындай нақты есептеулерге сәйкестендіріліп, негізделіп шығарылуы тиіс сияқты.

Коммуналдық төлемдерді есептегенде өздерінің пайдасына қарай қателесетінін сеніммен айта аламын. Табиғи газдың 1000 текше метрі үшін төлемақының ең арзаны – Атырау облысында – 8012,78 теңге. Ең қымбаты – Алматы облысында – 36451,6 теңге. Ал бізде – 34475,2 теңге. ҚР Энергетика министрі К. Бозымбаевтың 2017 жылғы 5 мамырдағы №164 бұйрығы бойынша табиғи газды таратудың бағалары белгіленген 2018 жылдар арасында көтерме бағамен сатылу бағасы Түркістан облысында – 21648 теңге, Жамбыл облысында – 21197 теңге. Бізде 2017 жылғы шілдеге дейін «Омега – ХХІ век» ЖШС табиғи газ таратты. Осы жылы шілде айына дейін жазда әр үйге айына 150000 теңгеге дейін төлем төлеу туралы түбіртек жіберді. Айқай-шу шыққаннан кейін атауын өзгертіп, «РКЦУ – Шымкент» ЖШС болып қайта құрылды. Осының алдындағы серіктестікте жұмыс істейтін адамдар жұмыстан шығып, қайтадан соңғысына кірді. Ал, Электр энергиясын тасымалдаушы «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС тіпті шығындарды есептегенде екі санды көбейтпей-ақ бір санды жазып, теңдік белгісін қойып, үшінші санды шығара береді және бұл өте береді. Тізе берсек өздеріне қарай қателескен қателері жетерлік, тіпті қамтамасыз етумен айналысатын «Оңтүстік Жарық» ЖШС ашып алады. Қаласа ашады, қаламаса жабады. Құрылымында сатып алынған электр энергиясы жетпей қалған күнде электр энергиясын сатып алу үшін деп құрылымға ендірген заңды тұлға, бес жылда 1 кВа электр энергиясын сатып алмаса да өзінің үлесін алып келген. Коммуналдық төлемді белгілегендегі шығындарды есептеу «жыры» мұнымен таусылмайды.

Жаңадан берілген жерлерге жеке өздеріне ешқандай жобасыз тартылған желілер, ГАСК-мен, ГИП-пен келісілген бе, оны ешкім білмейді. Ұзына бойы шұбатылған электр бағаналары қалай болса солай орналасқан, бәрі бір трансформатордан ток алады, трансформатордың қуаты жете ме, жетпей ме, оған ешкім жауап бермейді, 220 кВа бере алмаса да әр кВа 20-25 теңгеден төлем төлейді. Кейде ол трансформатор ешкімнің балансында болмайды. Оған біреу ақша жинау үшін «еге» болады. Неге толық қуатты электр энергиясын бере алмаса да толық төлем талап етеді? Ал заңда егесіз мүліктің барлығы әкімдік балансында болуы керек қой, бұл талап неге орындалмайды? Егесіз трансформаторлардың ашық-шашық жатқанынан адам өлімі орын алғаны да белгілі. Табиғи газ бен ауыз су тарату да осындай жолмен жүргізіледі.

Әшейінде жобамен салынған желілерге рұқсат алу үшін табаныңнан тоздырады. Жобада жоқ желілерге рұқсатты қалай жылдам алады, оның қандай себебі барын ешкім білмейді. Халыққа қыста қажетті көмірдің бағасы аспандап, Шымкентте бір тоннасы тіпті 25000 теңгеге дейін жетті! Әдейі қыс толық түскенде кешіктіріп әкелініп, жанжал шығаруға шамасын келтірмей, Шұбаркөлде бір тонна көмірді вагонға арту бары-жоғы 4500 теңге құраса, сонда әр тоннасына 20000 теңге қайдан қосылып отыр? Осы ақшаның өзіне оны тәуліктеп күтіп әзер сатып алады. Наразылық білдірсең онда көмір алмайсың. Бұл да қасақана жасалғандай болып көрінеді. Бұрынырақта, бір баррел мұнай 100 АҚШ долларын құрағанда бензиннің 1 литрі 40 теңге тұрған. Ал енді мұнайдың бір барелі 40 АҚШ долларын құрағанда бензиннің бір литрі керісінше, 160 теңге құрайды.

Жақын шетелден асып келген күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарлары кеденде қанша тұрады, біздің нарықта қанша тұрады? Бұл да түсініксіз жәйт. Осы жылы ақпан айында, шақырған «жедел жәрдем» мәшинесі 1-1,5 сағатта келді. Себебі, шақыртушылар көп, үлгере алмайды деп жауап берді. Тұмаудың өршіп тұрған кезінде осылай кешігуі дұрыс па? Бізде, «Достықта», кардиолог дәрігерге көріну үшін кемі бір ай кезекте тұрасың. Айта берсең, «жыр» таусылмайды. Қоғамдық көлік қаласа жүреді, қаламаса жүрмейді, тіпті, сенбі, жексенбі күндері бір-ақ автобус жүретін кездері болады, бұның ешқандай құпиясы жоқ. Неге бұлай десең, «Мен жүріп жатырмын, маған айтпа, сөйлей берсеңдер, бәріңді түсіріп кейін кетем», деп өзіңді қорқытады, амалсыз көнесің.

Жүргізушінің, кондуктордың кім екенін, қайда қоңырау шалып шағымдану керек екенін көрсететін мәлімет атымен жоқ. Автобустардың қызмет көрсету сапасы да сын көтермейді. Қорыта айтқанда, мегаполистің осындай проблемалары қашан өз шешімін табатын болады?

Лес ДҮЙСЕНҰЛЫ,

«Қадірменді қариялар» қоғамдық бірлестігінің заңгері.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *