МЕГАПОЛИС МЕДИЦИНАСЫНЫҢ МЕЖЕЛІ МІНДЕТТЕРІ

Денсаулық Сұхбат
1 151 Views

Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Н. К. Қасымовпен сұхбат

– Нұрлан Кәукенұлы, бүгінде Сіз Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасын басқарып отырсыз. Бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы болып қайта құрылды. Миллион тұрғыны бар Шымкент өз алдына дербес республикалық дәрежедегі қала мәртебесін иеленді. Осыған орай сұхбатымызды өзіңіз басшылық жасап отырған саладағы өзгерістер жайлы әңгімеден бастасақ дейміз.

– Облыс пен қала бөлінгеннен кейін Шымкенттің қарамағына 36 медицина мекемесі берілді. Соңғы 10 жылдың ішінде қалада бірнеше аурухана мен 13 емхана салынғанын жақсы білесіздер. Атап айтатын болсақ, қан орталығы, СПИД орталығы, онкологиялық орталық деген сияқты денсаулық сақтау орындары солардың санатында. Бүгінде медицина саласына келесі жылға арналған бюджетті бекітіп, жұмысты жалғастыру үстіндеміз. Басты мақсатымыз – Астана мен Алматы қалаларындағыдай тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын барынша көтеру болып отыр. Бұл үшін әрине бірталай жұмыстарды жүзеге асыруымыз қажет. Біріншіден, медицина мекемелерінің материалдық-техникалық жағдайын жақсартып, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүйелі жүргізгеніміз жөн. Екіншіден, қаладағы емханаларды жаңартып, жаңғыртуымыз керек. Өйткені, олардың көпшілігі өскелең заманауи талаптарға сай келмейді. Сол себепті ескілерін кеңейтіп, жаңаларын салғанымыз мақұл. Келесі жылы төрт емхананы салып бітіруге тиістіміз. Бұған қажетті қаражат пен құрылыс материалдары жеткілікті.

Тағы бір маңызды мәселе – медицина кадрларының сапалық деңгейін көтеру болып отыр. Бұл үшін отандық және шетелдік білікті мамандардың қатысуымен шеберлік сыныптарын ұйымдастыруды қолға алмақшымыз. Бұның бәрі келешекте өзінің игі жемісін береді деген үміттеміз.

Халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің тиімділігі мен сапасын арттыру мақсатында қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінші қабатына амбулаториялар орнатуды жоспарлаудамыз. Мұнда тәуліктің кез келген уақытында тұрғындарға алғашқы медициналық көмек көрсетілетіндігімен ерекшеленеді.

Бүгінде қаладағы мемлекеттік медицина мекемелерімен қатар 20 жекеменшік медициналық орталықтар жұмыс істейді. Мемлекеттік емханаларға тіркелген адамдардың саны 70 мыңдай болып отыр. Біз бұл көрсеткішті төмендетіп, халыққа қолайы жағдай көрсетуге көштік. Тұрғындар мемлекеттік медицина мекемелермен бірге жекеменшік медициналық мекемелерге де бөлінетін болады. Бұл жұмыс алдағы кезде де өзінің жалғасын таппақ.

Қала халқына көрсетілетін жедел жәрдем мәселесі де өткір мәселе. «Жедел жәрдем» көліктерінің көпшілігі ескірген. Сол себепті алдағы уақытта жүзден астам жаңа автокөліктер алу жоспарда бар. Сонымен қатар колл-орталықтардың қызметін қарапайым халыққа қолжетімді ету жолында жұмыс жасаудамыз.

Әдетте, ауру-сырқаулардың түрі көп екені белгілі. Осы орайда жүрек-қан аурулары бірінші орынға шығып отыр. Автокөлік апатынан, сан түрлі ұрыс-керістердің салдарынан орын алатын жарақаттар екінші орында. Қатерлі ісік аурулары – үшінші орында тұр. Міне, біз осы сырқаттардың санын барынша кеміту жолында жұмыс жүргізудеміз. Атап айтатын болсақ, өскелең заман талабына сай білімді де білікті медицина мамандарын даярлауға жіті мән берудеміз. Астана, Алматы, Қарағанды, тағы басқа қалаларда, сонымен қатар шетелдерде білім алып жүрген жергілікті жастарды Шымкентке жұмысқа шақырудамыз. Кардиология саласы бойынша тәжірибелі медицина мамандарын даярлау бүгінде аса маңызды болуда. Сан түрлі инсульт ауруларымен сырқаттанушылардың саны көбеюде. Сол себепті инсульт орталықтарын ашқалы отырмыз.

– Шымкент қаласында университет клиникасын салу жоспарларыңызда бар көрінеді. Осы жөнінде тереңірек айтып өтсеңіз.

– Медицина мамандарын даярлап шығаратын жоғары оқу орындарымен бірге медициналық академия клиникасын немесе университет клиникасын салу жоспарлануда. Сөйтіп, болашақ медицина мамандары жоғары оқу орындарының қабырғасында жүріп-ақ өздерінің білімі мен біліктілігін арттыратын болады. Тәжірибе жинақтап, қолдарына диплом алғаннан кейін кез келген медицина мекемесінде жұмыс істеуге икемді болып шығады. Мұндай клиникаларды мегаполисімізде де салу көзделген.

– Облыс пен қала бөлінгеннен кейін медицина саласында қандай мәселелер туындады?

– Елбасының Жарлығына сәйкес, облыс пен қала бөлінгеннен кейін бұрынғы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы тағайындаған бас дәрігерлердің көпшілігінің жас мөлшері зейнеткерліктен асып кеткен көрінеді. Олардың кейбірінің орнын жас буынға берудеміз. Алайда, тәжірибесі мол кейбір іскер жандарды жастарға тәлімгер ретінде ұстап отырмыз.

– Елімізде сыбайлас жемқорлықпен күрес жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Соған қарамастан, бұл саладағы өрескелдіктер тыйылар емес. Бас дәрігерлер де пара алу үстінде ұсталып жатыр. Осы жөніндегі пікіріңізді білсек дейміз.

– Елбасының жыл сайынғы Жолдауларында медицина саласындағы жұмыстың сапасын көтерумен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы белсенді күрес жүргізу мәселелері жиі айтылады. Бұл жұмыс бізде де жүйелі қолға алынған. Мәселен, №4 емхананың басшысы пара алу үстінде құрықталғандықтан қызметінен босатылды. Негізінен оның ісі бойынша шешімді сот шығарады. Жалпы, сыбайлас жемқорлықпен күрес тоқтаусыз, ұдайы жүргізілетін жұмыс болғандықтан мұндай қатерлі індетті жою – біздің басты міндетіміз болып қала бермек.

Басты байлық саналатын – денсаулықты сақтау жолында жұмыс істейтін ақ желеңді абзал жандарға мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қамқорлық аз емес. Жыл сайын айлық жалақылары көтерілу үстінде. Біліктілігін кө-тергісі келсе, еліміздің кез келген қаласына, тіпті шетелге барып та келе алады.

– Сіздерде жас мамандарды жұмысқа қабылдау шаралары қандай жолмен жүзеге асады?

– Медицина мамандарын жұмысқа қабылдау шаралары конкурс арқылы жүзеге асырылуда. Талапкерлер арнайы комиссияның сараптауынан өтеді. Бұл жерде тамыр-таныстық пен сыбайластық ешқандай рөл ойнамайды. Дәрігерлер конкурс бойынша тағайындалатын болғандықтан, комиссия мүшелері талапкерлердің білім-біліктілігін әділ сараптауға талпынады.

– Бүгінде барлық салаларда Елбасы бағдарламасына сәйкес цифрландыру шаралары жүзеге асырылуда. Медицина мекемелері де бұдан тыс қалмаса керек…

– Қазіргі таңда цифрландыру саясаты қолға алынуда. Мұны қағазсыз ақпарат деп те жүрміз. Бұл бағытта да көптеген жұмыстар атқарылуда. Медицина саласына қатысты кітаптарды электрондық жүйеге көшірудеміз. Қарапайым халыққа арнап көптеген мобильді қосымша шығару үстіндеміз. Осылайша дәрігер мен науқас арасындағы байланыс арасындағы байланысты нығайтудамыз. Елбасымыз айтып өткендей, болашақта «Ауруларды басқару» деген сияқты бағдарламалар қолға алынбақшы. Бізде белгілі ауруларға қажетті дәрі-дәрмектер базасы бар. Бұл жұмыстар емханалар мен дәріханалардағы кезекті кеміту үшін жүргізіліп отыр. Медицина мекемелерінің 74 пайызы компьютермен жабдықталған. Облыс кезінде осы саланы дамыту үшін қалаға 1300-ге жуық компьютер алу көзделген екен. Бірақ, ол алынбай қалған. Мен бұл басшылыққа жаңадан тағайындалғандықтан, ол жайында ештеңе айта алмаймын. Ол мәселе Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасына тиісті болып отыр.

– Жалпы мегаполистің бас дәрігері ретінде қала тұрғындарына денсаулық сақтау жөнінде қандай тілек айтар едіңіз?

– Дамыған елдерде адамдар өз денсаулығы үшін күресе біледі. Осы орайда адамдар ең алдымен салауатты өмір салтын берік ұстану керектігін тілге тиек еткім келеді. Адам денсаулығын жақсартудың тоқсан пайызы өздерінің қолында екенін ұмытпағаны жөн. Қалған он пайызы медицина саласының үлесіне тиеді. Өркениетті елдерде вакцинаға айрықша мән беріледі. Мәселен, АҚШ-та вакцина салынбаған адамдар жұмысқа қабылданбайды екен. Ал, бізде бұл мәселеге жүрдім-бардым қарайды. Сырқаты меңдеп, әбден асқынғанда барып, аурухана жағалайды. Сол себепті айтарым, басты байлық – денсаулықтары мықты болсын. Алдағы келе жатқан Тұңғыш Президент күні құтты болсын! Ел мен Елбасымыз аман, жұртымыз тыныш ғұмыр сүрсін!

Сұхбаттасқан Қ. БОТАБЕК.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *