Медиация қазақстандықтардың санасында ұлы құндылықтарды — бірлік, тұрақтылық, толеранттылық, патриотизмді нығайтады. Медиация — біздің көпұлтты халқымыздың татулығы мен келісімін сақтаушысы. Аталған саланың идеялық мазмұны этносаралық қатынастар мен жалпыұлттық бірлік саласында бейбітшілік пен келісімді сақтауға бағытталған.
Жыл сайын 5 тамызда ҚХА аясында «Бірыңғай республикалық Медиация күні» республикалық акциясын жаппай өткізу дәстүрге айналды.
Осы мерекеге орай, Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы медиация кеңесінің мүшелерімен және кәсіби медиаторлармен ZOOM платформасы арқылы онлайн форматта кездесу өткізілді. Кездесу барысында мерекелік құттықтаулар жолданып, алдағы уақытта атқаратын жұмыс жоспарлары талқыланды. Сондай-ақ, мұндай онлайн форматтағы кездесу еліміздің басқа өңірлерінде де ұйымдастырылып, оған қаламыздың медиаторлары да қатысты.
Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан 5 медиация кабинеті ашылған. Жалпы Шымкент қаласы бойынша барлығы 52 кәсіби және кәсіби емес 55 медиатор бар. Оның ішінде Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесе жұмыс жүргізетін кәсіби медиаторлар – 4, кәсіби емес медиаторлар – 8 адамды құрайды. Биылғы медиациялық қызметтер тарапынан қандай жұмыстар атқарылды? Әрбір отбасы шағын мемлекет. Ендеше шаңырақтың тұтастығы – елдің тұтастығы. Ел бірлігі мен ынтымағына ықпал етуші — тату-тәтті отбасылар қатарының көбеюі деп білеміз. Отбасы және қоғам тыныштығы, тұтастығын сақтауда қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы медиация институтын дамыту бағытында қалалық және аудандық соттармен бірлесе түрлі деңгейдегі іс-шара өткізіп келеді.
Елімізде жарияланған төтенше жағдай кезеңінде қалалық ассамблеяның медиаторлары «Онлайн медиация» форматына көшіп, азаматтарға «Facebook» әлеуметтік желісінің «ZOOM», «Whatsapp», «Skypе» платформалары арқылы даулы мәселе бойынша кеңес берді, оның ішінде неке және отбасы қатынастарына қатысты даулар болса, кейбірі қарыз ақша, еңбек даулары және түрлі азаматтық құқықтық қатынастардан туындаған дауларды құрайды.
Сонымен қатар осы мереке қарсаңында «Бірлігі бекем ел» телебағдарламасы аясында қаламыздағы медиациялық орталықтардың жұмысы туралы «Ұлтаралық келісім — тұрақтылық негізі» айдарымен түсірілім жасалып, «Ontustik» телеарнасынан көрермен назарына ұсынып келеді.