МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР СЕНБІЛІККЕ ШЫҚТЫ

Қоғам
1 110 Views

Облыс орталығындағы барлық басқарма қызметкерлері бір кісідей ат салысқан сенбілік – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай ұйымдастырылған. Мемлекеттік қызметкерлер қала көшелерін күл-қоқыстан тазалап, ағаш түптерін әктеді. Демалыс аймақтарының айналасында абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Игі шараға ұйытқы болған Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мен «Жасыл аймақ» мекемесі және Түркістан облысы бойынша Экология департаменті.

Жыл сайын қоршаған ортаны қорғау мақсатында өңірде елді мекендерді жасыл желекпен көмкеру тұрақты түрде жүргізілуде. Бұл жолғы сенбіліктің де мақсаты сол – табиғат ананы аялап, шаһардың тазалығын сақтау. Өскелең ұрпаққа үлгі көрсету.

Облыста биыл 1031 гектар жерге 471 мың дана көшет егу жоспарланған. Бүгінгі таңда 778 га жерде 404 мың дана көшет егілген. Түркістан қаласының экологиялық ахуалын жақсарту үшін де «Жасыл аймақ», «Жасыл белдеу» бағдарламалары аясында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, биыл шаһарда 1235 гектар жерге 1387,0 мың дана көшет отырғызылған.

Өңірде сондай-ақ, көктемде 1247 гектар жерде мәдени орман алқабы құрылған болатын. Түркістан қаласын көгалдандыру үшін қажетті көшеттермен қамтамасыз ету мақсатында «Жасыл аймақ» КММ-інде 300 га жерде орман питомнигі орналастырылды. Ол жерде қазір 1030,5 мың дана көшет өсірілуде.

Табиғат сыйлаған байлықты күтіп-баптау, қорғау және өсімін молайту жұмыстары тоқтамақ емес. Қазіргі таңда аймақта 3 млн. 131 мың гектар орманды дала жері бар. Оның ішінде орман алқабы 11 мың гектарға ұлғайып, 1 млн. 615 мың гектарға жетті. Биыл орман қорындағы 11 500 га жерге мәдени орман екпелерін (сексеуіл) егу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

Айта кетерлігі, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты мекемелердің питомниктерінде 7,1 млн-ға жуық әртүрлі ағаш-бұта өсімдіктерінің көшеттері күтіп-бапталуда.

Әділ ҚЫРАН.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *